Біздің түлектер Қытай Университеттеріне емтихансыз қабылданады

admin 2017-11-27 Қысқаша

Біздің түлектер Қытай Университеттеріне емтихансыз қабылданады...

Жарнама орны

Сапалы әрі білікті мамандарды даярлауда соңғы жылдары көзге түсіп жүрген оқу орындарының бірі – Халықаралық қазақ-қытай тіл академиясының колледжі. Жақында осы оқу орнының директоры, профессор Талғат Мамырұлымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Ұлан: Оқу орындарыңыз қашан ашылды? Білім берудегі басты ерекшеліктеріңіз қандай?

Талғат Мамырұлы: Біздің колледж 2008 жылы ашылды. Мұнда қытай тілін оқыту әлемдік стандарттарға сәйкес жүргізіледі. Колледж түлектері диплом алғанға дейін қытай тілінің ІV дәрежелі тестінен өтуге міндетті. Бұл сыннан сүрінбей өткендер Қытайдың беделді жоғары оқу орындарына ешқандай емтихансыз түсе алады.

Ұлан: Колледж қандай мамандарды даярлайды? Оқу ақысы қанша?

Талғат Мамырұлы: Негізінен аударма ісі және туризм саласының мамандарын даярлаймыз. Оқу ақысы – 230 мың теңге. Барлық мамандықтарда қазақ, орыс, қытай және ағылшын тілдері тереңдетіліп оқытылады. Сонымен қатар, қытай тілін үйрететін 3, 6, 12 айлық тіл курстары ашылған.

Ұлан: Бұл колледжге түскісі келетін талапкер қандай сыннан өтуі керек? Қытай тілін білуі міндетті ме?

Талғат Мамырұлы: Жоқ, міндетті емес. Біз талапкерлерді 9 және 11-сыныптан кейін қабылдаймыз. 9-сыныптан кейін келгендер 3 жыл, ал мектепті бітіріп түскендер 2 жыл оқиды. Оқуға түсу үшін әрбір талапкер белгіленген міндетті пәндерден тест тапсырады. Ол тесттің мазмұны министрліктің ережелерімен бекітіледі. Одан соң тілді меңгеру қабілетін байқаймыз. Көбінесе мектепте ағылшын тілі оқытылатын болғандықтан, біз де осы тілден емтихан аламыз, әңгімелесіп көріп, баланың қарымын бағамдаймыз.

Ұлан: Колледж шәкірттері үшін қандай жағдайлар жасалған?

Талғат Мамырұлы: Колледж  оқушыларының жазғы тіл жетілдіру тәжірибесін Қытайда өткізу жолға қойылған. Жыл сайын шәкірттеріміз Үрімжі, Чунцин, Ухань, Гуанчжоу, Пекинде тілдік тәжірибеден өтеді. Сондай-ақ, колледж бірқатар шетелдік оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Яғни, Ұлыбританиядағы «International Hоuse London» орталығы, Шыңжаң қаржы университеті, Гуанчжоу кәсіби-техникалық институты, Гуанчжоу қытай тілі мен мәдениеті колледжі, Гуандун өлкелік туризм колледжі секілді бірқатар оқу орындарында біздің шәкірттердің білім алуына мүмкіндік зор.

Колледжде интернет желісіне қосылған компьютер сыныптары, лингафон, мультимедиалық кабинеттер бар. Әр кабинетке шетелдерден хабар алып, тілдік тәжірибені жетілдіру мақсатында спутниктік теледидар қондырғылары орнатылған. Алыс қалалардан келетін шәкірттер үшін биылдан бастап жатақхана мәселесі бір жолға қойылатын болады.

Ұлан: Әңгімеңізге рахмет!

Колледжге түсу үшін қажетті құжаттар:

Жеке куәліктің көшірмесі;

Орта білім жөніндегі аттестат немесе жалпы негізгі білім туралы куәлік;

ҰБТ сертификаты (11-сынып бітірушілер үшін);

Медициналық анықтама № 086;

Сурет 3х4 (4  дана);

Өзі жайлы қысқаша мәлімет;

Әскери комиссариаттың куәлігі (азаматтарға);

Мекен-жайы: Алматы қаласы, 5-ықшам ауданы, 45 а.

Байланыс телефондары: 8 (727) 239-54-20, 239-54-68.

Сұхбаттасқан Ботакөз МАРАТҚЫЗЫ

(«Ұлан», №18. 06.05.2014)

Оралмандар Қазақстанға қандай үлес қосты?
Базарәлі ӘРІПҰЛЫ: "Қызай ана "қоғамдық қорының мақсаты биік

Ұқсас тақырыптар