Іліп әкететін сәт келді

Admin2 2018-01-19 Қысқаша

“Атлант мұхитының ар жағында қаңтар айының 18-күні ресіми Вашингтон уақытымен сағат 11:...

Жарнама орны

   image.jpeg

“Атлант мұхитының ар жағында қаңтар айының 18-күні ресіми Вашингтон уақытымен сағат 11:00-де Қазақстан республикасы қызметіне кіріскен БҰҰ қауыпсіздік кеңесінің отырысы басталды. БҰҰ деп аталатын халықаралық мәртебесі аса зор ұйымда Елбасы кезекті рет ана тілінде, яғни қазақ тілінде сөйледі”-деп қуана хабарлайды Абай.кз. Өзі де сол сапарда жүрген Дәурен бауырымыздың қуанышы мен өрекпіген сезім толқынысы осы сөйлемнен-ақ бұрқырап тұр. Шынымен де шүйінші сұрарлық хабар. 

Қасиетті тіліміз мұнан бұрын да осы мінберден айшықты әуезімен әлемге тараған-ды. Бірақ ол жолы қазақ қоғамы күткендегідей тебіреніс байқатпаған. Жайшылықта “ана тіліміз өрге баспады, Елбасы сөйлесе ел болып ере кетер едік” дейтін ағайын; Елбасының аузынан шыққан әрбір тіркесті—мейлі ол бөгде тілде айтылсын—хадис аяттарындай тәсбірлеп, уағыздап жөнелетін билік өкілдері; Қазақ тілінің әлем тілдері деңгейіне көтерілуіне күдікті бауырлар осы сәтті ұтымды пайдаланып, Ана тіліміздің сілкінісіне қозғау салсақ қанеки.

Елбасы анау мінберден БҰҰ қауыпсіздік кеңесінің кезекті төрағасы салауатындағы елдің басшысы есебінде Қазақ тілінде бостан-босқа сөйлемегені тіптен анық. Оның символдық мәнінен бұрын, онда Елбасының Ана тілге деген сарқылмас махаббаты мен еліне яғни біздің бәрімізге емеуірінді базынасы жатыр. Мынау қым-қиғаш халықаралық жағдайда, әсіресе ел ішіндегі қазіргі тілдік ауанда Елбасының да бірден Қазақ тіліне көшу турасында өз қыйындықтары барын бағамдауымыз ләзім. Демек, БҰҰ төрінен қайталай қазақ тілінде сөйлеп, өте-мөте тиісті мәлімдемені қазақ тілімен жария етуін ана тілінің көсегесінің көгеруіне басқаша тәсілмен қозғау салу, жұртты, қазақ қауымын Ана тілдің дамуына атсалысуға шақыру деп түсінсек жарар-ды. Ендеше, Елбасымыздың бастамасын қуаттап, “елбасылардың төрінe” шыққан Ана тілімізді бір серпілтіп, әрқайсымыз өз жеткен мінберімізде қазақ тілінің әуенін асқақтатайық.

   Құрмет Қабылғазыұлы 

Jebeu.kz 

 


Балапан Рабатов: Поэзияның өзі музыкамен туыс
Бәсекеге қабылетті ұрпақты қалай қалыптасырамыз?