Еренқабырға етегіндегі ел

admin2 2018-06-04 9 ℃ Қысқаша

Моңғолия Республикасының Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісі, тарих ғылымының доктор...

c2b46a6244a61e9cfe43ae55852cdfa4.jpg

Моңғолия Республикасының Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісі, тарих ғылымының докторы, саясаттанушы Зардыхан Қинаятұлымен әңгіме

– Зардыхан аға! Таяуда сіздің «Мерей» баспасынан жарық көрген «Жылаган жылдар   шежіресі» атты кітабыңызды Моңғолиядағы қазақтардың арғы-бергі тарихынан мол хабар береретін елеулі еңбек деп бағалауга әбден болады. Бірақ мұнда өзіңіз туралы өте аз айтасыз. Бұны сөз етіп отырған себебіміз, жұртшлықтың   көкейінде: «Моңғолия қазақтарының өмірін соншалык, жетік білетін бұл адам кім? Оның аталмыш ел-жұртқа қандай қатысы бар?» – деген   сұрақ туары сөзсіз. Сондықтан оқырмандарға өзіңізді қысқаша таныстырып өткеннің жөн деп ойлаймыз.

– Пәленбайдың ұрпағымын, алтынның сынығы едім деп жұртты дүрліктіретіндей ештеңем жоқ. Қамшының сабындай ғана қысқа, қарапайым өмірбаяным бар. 1916-1917 жылдары атажұрттан аластатылған көп қазақтың бірінің баласымын. Әкем қазіргі  Шығыс Қазақстан облысының Зайсан өңірінде туыпты. Өзім 1940 жылы Моңғолияның Қобда аймағында дүниеге келіппін. Орта мектепті бітірген соң Улан-Баторағы мемлекеттік университетті, Мәскеудегі Қоғамдық ғылымдар академиясын тәмамдағам. Философия ғылыының кандидаты, тарих ғылымының докторы деген атақтарым бар. Осыған дейін көпшілік, ғылыми-зерттеу және үкімет орындарында қызмет істеп келдім. Бес баланың әкесімін. Олар Моңғолия, Түркия елдері мен осы өзіміздің Қазақстан астанасында қазіргі заманға лайық білім алып, ержетіп келеді.

– Ойлап қарасақ, Европа мен Азиядағы, Америкадағы шетелдік қазақтардың ішіндегі жоғары лауазымға іліккен қандасымыз сіз ғана сияқтысыз. Оған 90-шы жылдардың бас кезінде Моңғолия Үкіметі Министрлер Кеңесі Төрағасының және сол ел Парламенті басшысының орынбасары болып істеген қызметтеріңіз анық дәлел бола алады. Енді осы жөнінде айтып өтсеңіз.

– Иә, мен 1990-1992 жылдары өзің айтқан лауазымдарды атқарғаным рас және бұл қызметтерге жеткенімді сол елдегі «партия мен үкіметтің әкелік қамқорлығының арқасы» немесе мықтылығымнан дей алмаймын. Қамқорлыққа келсек, оның қызығын менен гөрі көп көргендер, ал мықтылықты сөз етсек, маған дейін де талай мықтылар аз болған жоқ. Неге екенін білмеймін, өз басым «социалистік» деп аталатын бұрынғы жүйе ұзақ өмір сүре алмайтынына 80-ші жылдары көз жеткізе бастадым. Осынау ой-пікір төңірегінде моңғолдың бір топ зиялы ғалымдары топтаса бастадық. Партияға және үкіметке қоғамды демократияландыру бағытты бағдарламасын ұсындық. Біздің бұл ниетімізді сол кезде жаңадан құрыла бастаған саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер қызу қолдады. Сөйтіп Моңғолияда 1990 жылы демократиялық бетбұрыс басталды. Сол кезеңде өткен Парламент сайлауында біздің жаңа көзқарасшыл топтар хуралдан 42 процент дауыс жинады. Осылайша өмірге әрқилы саяси бағыттағы адамдардан жиналған коалициялық басшылық жүйесі келді. Олар бізді үкімет билігіне шақырды. Мен жоғарыдағы өзің айтқан тұғырға осындай жолмен іліккен едім.

Бұрыңғы жүйеден қу сүлдері ғана қалған қоғам өмірі бір-екі жылда төрт аяғынан тең басып кетуі мүмкін емес еді. Осы жылдары еліміздің саяси-әлеуметтік жағдайы өте ауыр болды. Экономикада әлсіреу, тұйыққа тірелу басталды. Жаңа бетбұрыстың жемісін бірден көре қояды екенбіз деген көпшілік қауым ол ойлары әзір орындала қоймайтынын сезген соң өліара кезеңдегі бар кінаны демократияға жапты. Мұны бұрынғы басқарушы партия қалт жіберсін бе?... Олар халық психологиясында пайда болған осы өзгерісті асқан шеберлікпен қағып ала қойды. Сөйтіп 1992 жылы өткізілген кезектен тыс Парламент сайлауында МХРП билік басына қайтып келді. Моңғолдарда: «Кісінің кісісі жегенше өзіңнің итің жесін», – деген әнтек дөрекілеу эгоистік бір мәтел бар. МХРП сонысына басты. Басқа партия, бөлек ұлт адамдарының барлығын дерлік қызметінен босатты. Осыдан кейін біз жай-жайымызға кете бардық. Міне, мен содан бері дипломатиялық қызметтемін. Бұл қызметпен тағдыр айдап атамекендегі еліме келдім. Оған дән ризамын.

Қазір ойлап қарасам тұғырда тұрған сол екі жылым із-түзсіз кетпеген сияқты. Оларды саралап айтар болсам былай. Бірінші, демократиялық жаңа Конституцияны өмірге әкелу арқылы коммунистерді марксизм-ленинизмінен қош айтқыздық. Демократиялық, нарықтық жаңа қоғам құрылымын халыққа, тек халықа ғана емес-ау «қайтпас, қайсар» МХРП мүшелерінің өздеріне мойындатқыздық. Екінші, қарапайым қазақтың бір баласы менің күллі моңғол жерінде 90-шы жылдары өмірге келген демократиялық жаңа бетбұрыстың ой тастаушысы, рухани дем берушісі болғандығым, сол мемлекетің «Моңғол елі» деген аталы атауының өмірге қайта келуіне хал-қадірімше үлес қосқандығым. Үшінші, Баян-Өлгей қазақтарының атажұртқа бет бұрған көшін тікелей бастамағаныммен сол сеңді қозғалтуға себепші болып, 1992 жылға дейін көштің басын кері бұрғызбағаныма дән ризамын. Жұмыр басты бір пенде үшін осынау үш игілікті істің өзі жеткілікті деп айтсам қателеспеспін, сірә.

– Өзіміз сөз етпек болып отырған «Жылаған жылдар шежіресі»   кітабын жазу идеясы қалай туды? Оны қай жерде бастап, қашан аяқтадыңыз?

– Бала кездегі көрген көріністер еш ұмытылмайды екен. Мен моңғолдардың ортасында өстім. Жасыратын несі бар, кішкентай күнімізде «хассақттығымыз» (қазақ-тығымыз) үшін талай теперіш көргенбіз. Сонда отбасымыз қалайша өстіп бөтен ортаға тап болғанына таң-тамаша қалатынмын. Бірде әкемнен осының жайын сұрағанымда: «Қайтесің балам... есейген соң өзің де түсінесің», – деген де қойған-ды. Тегімді, жерімді білсем деген сол бір арман алға жетеледі ме, жоқ әлде жазмыш солай ма білмеймін, кейін Улан-Батордағы мемлекеттік университеттің тарих факультетіне оқуға түстім. Аталмыш кітаптың бірінші бөлімін жазу міне, сонда студент кезімде-ақ есімде болды. Осыған байланысты шама-шарқымша материал жинақтап, тарихи оқиғаларға қатысы бар көнекөз қарттардың сөздеріне құлақ түріп жүрдім. Шығарманың екінші бөлімі халықтың жүрек қалауымен өзінен-өзі туды, ол Моңғолиядан Қазақстанға бет алған ұлы көш еді. Ал үшінші бөлім Алматыға келген соң туған ой-толғамдарым ғой. Біз Моңғолия қазақтары, оның зиялы тобы мұнда аяқ басқанда бұрын-соңды ойламаған көптеген жәйттердің куәсі болдық. Ең алдымен Қазақстан туралы бұрын біздің кітаптан оқығандарымыз бен атамекенде қалыптасқан бүгінгі өмірдің арасында көптеген алшақтық жатқанын аңғардық, ұлтымыздың дәстүр-салты, тілі мен мәдениеті, қандастарымыздың жан-дүниесі түбірімен дерлік өзгерген. Бұл айырмашылықтың жақсылығын жоққа шығармай отырып айтқанда біздің қазағым деп аңсап келген еліміз, қазақы ортамыз славянданып, орыстанып кеткен. Кенеттен өз көзіңе өзің сенбейтін оқиғаларға тап боласың. Тап боласың да ренжисің, мұңаясың. Осының барлығы қазақ қалай ел болып, қайтіп күн көреді деген толғаныстарға әкеліп тірейді. Кітаптың үшінші бөлімі осылай туған ой, арманымның ұшқындары деуге болады. «Жылаған жылдар шежіресін» 1993 жылы Ташкентте бастап, 1994 жылы Алматыда тәмамдадым.

– Сіз бұл еңбегіңіздің Моңғолия Республикасының елшілік үйінде өткен тұсаукесер рәсімінде қазақ тілінде тұңғыш рет жарық көрген туындыңыз екенін айтып қалдыңыз. Сонда осыған дейін баспа бетін көрген 4 монографияңыз қай тілде жазылды деп ұғамыз және оларда қандай тақырыптар қамтылған еді?

–  Ғалым деген бойтұмарың болғасын қандай салада, нендей қызметте жүрсең де одан еш қол үзіп кете алмайды екенсің. Бірақ мен архив осы екен деп көне қолжазба жастанып, сарғыш қағаз сүзген «бөлме Робинзоны» емеспін. Түйгенімді өмірден түйдім, жазғанымды өмірден жаздым. «Жылаған жылдар шежіресі» кітабын қоспағанда 4 монография, 80-ге жуық тарихи-политологиялық мақалалардың авторымын. Кітаптарымның барлығы да моңғол тілінде жарық көрді. Негізгі тақырыбым – ұлт мәселесі, отансүйгіштік проблемалар, әлеуметтік қисын сезім талғамдары. Соңғы жылдары көбінесе саясаттану мәселелерімен шұғылданып келемін.

–  Сіздің   кейбір  мақалаларыңыз кезінде Жапония, АҚШ, Гонконгте жарық көрді деп естиміз. Ол қандай дүниелер?  Бұларда нендей тақырыптар   көтерілген еді? Осыларды білуге болмас па екен?

– Менің бірер моңғол азаматымен бірлесіп 1987 жылы жазған: «Жаңа бетбұрыс: Моңғол елінің даму мәселелері» деп аталатын мақалам кезінде Ресей, Жапония, Гонконг, АҚШ-та жарық көрді. Ал Италияның «Репаблика» журналы болса олардан үзінді алып басты. 1992 жылы АҚШ-тың «Америка» журналында «Социализм және демократия  туралы ойлар» атты сұхбатым шықты. Гонконгте жарық көретін «Фар истерн экономик ревью» журналында да мақала, баяндамаларымнан үзінділер беріліп тұрды. Сондықтан ба екен Италияның «Репаблика журналы бірде мені «моңғолдың Ельцині» деп атап қалғаны үшін тек Моңғолиядағы ұлтшылдардан ғана емес, сондағы коммунистерден де сөз естіп, опық жегенім бар. Жасырып қайтемін, Моңғолияға Ельцин болу тек таза қанды моңғолдардың маңдайына жазылған жазмыш, бейнет екен. Оны итальяндықтар қайдан білсін. «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол»,- деген қазақтың аталы сөзі осындайдан шықса керек.

– «Жылаған жылдар шежіресі» кітабында Коминтерн уәкілі Тұрар   Рысқұловтың Моңғолиядағы 1924-1925 жылдарғы қызметі туралы деректер де ұшырасады. Сол елдегі қазақтар өмірінің зерттеушісі ретінде сіз бұған қосымша осы тұлға туралы тағы қандай жаңа фактілер мен ой-тұжырымдарды айта алар едім деп ойлайсыз?

– Сіздер Тұрар ағаның 1924 жылғы қазаннан 1925 жылғы маусымға дейін Коминтерннің бас басқармасының Моңголиядағы уәкілі болып қызмет атқарғанын жақсы білесіздер. Есептеп қарасаңыз бұл онша көп мерзім емес. Бар-жоғы 9 ай ғана уақыт. Соның өзінде ол кісінің онда атқарған ісі қыруар. Партия қатарындағы топшылдық қақтығысты реттеу, Моңголияның төңкерісшіл Жастар одағының жұмысын жолға қою, банк, ақша жүйесін құрудан бастап, монғол халқының алғашқы Негізгі заңын өмірге әкелуге дейінгі  үлкен-үлкен істердің басы қасында Тұрар Рысқұлов болды. Бұл туралы Моңғолия азаматы, тарих ғылымының докторы Мініс Әбілтайұлының   «Тұрар Рысқұлов Моңғолияда» (Алматы, «Қазақстан» баспасы, 1994 ж.) атты еңбегінде дәйекті баяндалады. Қайраткер аға жөнінде соңғы жылдары Моңғолияда да біраз  мақала жарық көрді. Мен  мұнда  олардың бәрін жіпке тізбей, тек сіздің сауалыңызға байланысты төмендегі үш деректі айтпақпын.

Бірінші. Тұрар Рысқұлов КСРО Сыртқы істер министрі Г.Чичериннің тікелей тапсырмасымен Қытай генералы Фан-ю-Син арқылы моңғол және қытайаралық қарым-қатынастарды реттеу мақсатымен ханьсу жұртына баратын үкімет делегациясының құрамында моңғол қазақтарының князі Қазақбай деген бүркеншік атпен 1925 жылғы маусым айында Қытай еліне барды. Ол тұста қытайлар моңғолдарға шивей тобының қытай тектес бес тайпасының бірі деп қарайтын. Делегацияның алға қойған басты мақсаты Моңғолияның егеменді ел ретінде Қытай мемлекетімен пәрменді қарым-қатынас жасауына жол ашу еді. Бірақ бұл сапарда делегацияның діттеген міндеттеріне жетуі мүмкін емес болатын. Өйткені, Гоминьдан үкіметі Моңғолияны жеке ел деп танымайтын. Олар оның дербестігін тек 1945 жылы 20 қазанда ғана Моңғолияда өткізілген бүкілхалықтық плебисциттің қорытындысы арқылы мойындағанын білесіздер». Тұрар Рысқұлов міне, жоғарыдағы қиын сапарда аталмыш делегацияның саяси жетекшісі болыпты. Ол оның қорытындысы туралы кезінде МХРП Орталық Комитетінің саяси басқармасында баяндама жасаған.

Екінші. Тұрар аға Моңғолияның Халық Ұлы Хуралының алғашқы құрылтайында осы елдің тұңғыш Негізгі Заңы туралы бес дүркін жарыс сөзге шығып, қорытынды мәжілісте Коминтерннің атынан құттықтау сөз сөйледі. Моңғолдың бұрынғы астанасы «Урга»-ны «Улан-Батор» атандырды. Бұл кісінің сол жолғы еңбегі одан кейін де із-түзсіз кеткен жоқ. Аталмыш елдің астанасы, міне, 70 жыл бойы «Улан-Батор» атымен келеді. 1992 жылы қабылданған жаңа Негізгі Заңда да Моңғолия астанасы сол бір байырғы атауымен қалды.

Үшінші. Тұрар Рысқұловты Коминтерн алғаш қанша уақытқа Моңғолияға жұмсағаны беимағұлым. Бірақ 9 айдан кейін мезгілсіз шақыртылып алынады. Деректерге қарағанда ол өзі қайтамын демегенге ұқсайды. Осыған орай мен мұнда кері қайтарылудың басты себепкері төңірегінде мынадай өз ой-болжамымды айтқым келеді. Моңғолияға алғаш келген кезден бастап Тұрар Рысқұлов пен Коминтерннің Иркутскідегі Шығыс бөлімінің уәкілі Ринчино Элбэгдоржның және Ресей елшісі Васильевтің араларындағы көзқарастары үйлеспеген тәрізді. Есіңізде ме?... Қызылдар қайсыбір елде төңкеріс жасау үшін сол ұлттың өкілдерін айдап салып отырды ғой. Мысалы, Шығыс Түркістандағы революцияны ұйымдастыруға қаншама қазақ жіберіліп, қаншасының сүйегі сонда қалды. Сол сияқты Моңғолиядағы қызыл төңкерісті жасауда буряттар мен қалмақтар елеуді рөл атқарды. Солардың бірі бурят Ринчино Элбэгдорж еді. Ол бұрынғы жұмысшы социал-демократ, кейін әсер МХРП-мың мүшесі және Дүниежүзі моңғолдарының біріккен мемлекетін құру мақсатындағы «Панмонголизм» қозғалысы көсемдерінің бірі саналатын. Моңғолдармен  діні – тілі бір, оның үстіне аталмыш елде 1920 жылдан бері тұрып келе жатқан бұл адамның беделі мұнда өте үлкен болатын. Ринчино Элбэгдорж ол кезде біржақты большевиктік бағытта болды. Ал Тұрар Рысқұлов оның кейбір пікірлерімен келісе алмады. Орайы келгенде айта кету артық болмас, Тұрар Рысқұлов көшпенділердің меншігі, келешектегі жүргізілетін коллективтендіру туралы және банк жүйесі төңірегінде Ринчино Элбэгдорждан басқаша бағытта болды. Қазақ Рысқұловтың бұл беталысы бурят Элбэгдорж мен орыс Васильевке ұнамады. Ақырында олар: «Рысқұлов мәселені шешуде өз бетімен кетеді. Моңғол үкіметінің ішкі ісіне араласуда», – деген шағым түсірген. Мәселе МХРП-ның саяси басқармасында қаралып, Тұрар Рысқұловты кері қайтарып алу жөнінде Коминтерннің бас басқармасына хат жолданады. Тұрар аға осылайша 1925 жылғы маусымда еліне қайтқан. Кетерінде ол өзінің атқарған ісі, кері қайтарылғанының себептері мен мәні туралы ештеңені бүкпей ашық жазып, МХРП Орталық Комитетіне хат қалдырған. Осы құжатты оқығанда бұдан басқа да көптеген жайларға қанығуға болады.

– Кітабыңызда Тұрар Рысқұловтан кейін 20-шы жылдардың аяғында Моңғолияға КИМ атынан Шәріп Өтепов, Абай Қасымов сияқты   ағаларымыздың барғанын факт ретінде айтып өтесіз. Шәріп Өтеповтің ол жақтағы атқарған жұмыстарынан біз жақсы хабардармыз. Себебі бұл кісімен көзі тірісінде Алматыда кездесіп әңгімелесіп, біраз нәрселерге қаныққан жайларымыз бар. Ал Абай Қасымов жөнінде не білесіз? МХРП архивінен қазақтарға қатысты дерек іздеп жүрген кезіңізде осы кісі туралы көзіңізге ештеңе түспеді ме?

– Өткендердің жортқан жолы, атқарған ісі және аты мен түсі туралы елеп-ескеріп сұрап отырғаның   азаматтығың, Жанболат! Иә, мен 1972 жылы  Улан-Баторда Шәріп Өтеповпен жолығып, ұзақ әңгімелестім. Ол кісі маған өзінің «Дала қызы» повесіне қолтаңба қойып берді. Маған Тұрар Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметі туралы материалдар жинаттырып алды. Кейін естеліктерін оқыдым. Онда ол өзінің Сухэ-Батор елінде атқарған ісі, сондағы көрген-білгендері туралы толық жазган екен.

30-шы жылдары Қазақстаннан Моңғолияға арнайы жіберілген Абай мен Шәріп, Кенжебек пен Бердіқожа сияқты адамдар туралы моңғол қазақтарының арасында алыпқашпа әңгімелер көп-ақ. Абай Қасымов пен Шәріп Өтепов Моңғолияға КИМ-нің, Кенжебек ОГПУ-дің, Бердіқожа және басқалары Оқу-ағарту халық комиссариатының (Наркомпрос) тапсырмасымен келген екен. Абай Қасымов пен Шәріп Өтеповтің зайыптары сол кездегі МХРП-ның әйелдер бөлімінде кеңесші болыпты. Абай жастар ұйымының шараларынан басқа партиялық жұмыстарға да қолғабысын тигізіп тұрыпты. Ал Кенжебек 1934 жылы шекара бойындағы әскери тапсырманы орындап жүріп, Моңғолиядағы жергілікті қазақтардың қолынан қаза тапты. Мәйіті Қобда аймағының орталығынан екі шақырым жердегі елеусіздеу төбенің етегінде жатыр. Маған мұны бір моңғол қариясы 1967 жылы әдейілеп апарып көрсеткен еді. Кенжебектің есімі Тұрар ағаға қойылған «Қазақбай» сияқты бүркеншік ат болуы да әбден мүмкін. Әйтеуір қазірге дейін Моңғолиядағы қазақтардың арасында «Кенжебек» аты атала қалса жылаған бала уанып, қариялардың қабағы қарс жабылып түнеріп кететіні шындық.

Абай Қасымов Моңғолияда жүрген кезінде осы ел Ішкі істер министрлігінің (ол кезде Ресейден міндетті түрде кеңесшілер болатын) тапсырмасымен Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысына қатысушылардың арасында саяси-ағарту жұмысын жүргізуге жұмсалады. Онда жүргенде Моңғолияға қайта өтетін жол жабылады да ол Қазақстанға Үрімші арқылы оралады. Мұнда келген соң: «Біз сені Моңғолияға жіберген едік. Неге Қытайдан келдің?» – деген сауалға жауап беруге тура келеді. Бұл жұмбақты шешу үшін Қазақстанның ОГПУ-і Моңғолиядан Абай Қасымов туралы анықтама сұратады. Бірақ 1937-1938 жылдарғы ішкі істер органдарындағы бас көтеретіннің барлығы дерлік атылып, архивінің көптеген материалдары құртылған Моңғолиядан ешқандай хабар болмайды. Сөйтіп есіл азамат «қытай жансызы» деген жалған жаламен Қазақстанда атылған деп естиміз, 1965-1967 жылдары Қобда аймағында қызмет істеп жүргенімде сондағы ішкі істер бөліміне қатысы бар бір моңғол қарттың ұлының аты Абай еді. «Сіздерге қазақтың ұлы Абайының аты қалайша тез жеткен?» – деп сұрағанымда әлгі қария: «Ж-о-қ, мен ұлыма ақын Абайдың емес, осында бірге істеген қазақ сургагчының (ұстаз) атын қойған едім», – дегені бар. Абайдың Баян-Өлгейдегі қазақтармен де туыстық байланысы бар деседі. Білетіндер толықтырып айта жатар, бұл азамат туралы әзірге менің естігенім осы.

– Сіздің біз сөз етіп отырған кітабыңызда Моңғолияда жүріп халқымыздың атын шығарған атақты ұшқыш, даңқты генерал С.Зайсанов, түйе балуан Қожақапан, Моңғол Халық Республикасының Батыры М.Ікей сияқты қандастарымыздың аты-жөндері аталып өтіледі. Басқа мәлімет жоқ. Енді осы олқылықтың орнын мына сұхбатымыз арқылы толтырсақ деген ой бар. Бұған қалай қарайсыз?

– С.Зайсанов Моңғолияда аты аңызға айналған адам. 1965 жылы біз екі студент генерал Зайсанов туралы мақала жазуға бел буып, жолығу үшін үйіне барғанымыз бар. Орыс әйелі мас екен, табалдырығынан аттатпады. «Ол сендерге соншалық қажет болса, әскери госпитальда өлгелі жатыр. Сонда барыңдар», – деді. Жүрегіміз қан жылаған біз ауруханаға қарай құстай ұштық. Генералдың сөйлеуге шамасы жоқ, тек жанарына жас алатын ғана халде жатыр екен. Басы-қасында не туысынан, не жанұясынан ешкім жоқ. Жарықтық ауруханада медбикенің қолына ғана қарап қалыпты. Тағдырдың тәлкегі-ай десеңізші... Бұл адам Моңғолияның кешегі Әуе қарулы күштерінің бас қолбасшысы, даңқты генерал Зайсанов дегеннен еш елес жоқ. Қазақтың бір қатқан қара шалы. Біз осы кездесуден кейін газетке «Әуе қыраны» атты деректі очерк жазып бастырғанымыз бар.

Генерал Зайсанов қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан өңірінде өмірге келіп, 9-10 жасында татар саудагерлерінің лаушысы болып жүріп, моңғол жерінде қожайындарынан көз жазып қалады да, сондағы бір ауылға асыранды бала болады. Қобда, Улан-Баторда бастауыш білім алып, Кеңестер Одағында әскери ұшқыштар училищесін, содан соң оның жоғарғы курсын бітіреді. 1939 жылы Халхин-Гол шайқасында әскери тәжірибесінің молдығымен, ұшу кезіндегі асқан шеберлігімен көзге түсіп, жапондардың талай ұшақтарын жер қаптырады. Ол 1941 жылы Кеңестер Одағындағы Ұлы Отан соғысына баруға сұранады. Бірақ маршал Чойбалсан: «Сен бізге керексің», – деп жібермейді. Кейін Зайсанов Моңғолия Әуе қарулы күштерінің бас қолбасшысы болып тағайындалып, генерал-майор лауазымына ие болады.

Әуе қыраны кезінде Моңғолияның батысынан шабуыл жасаған Гоминьдан әскерлеріне де қырғидай тиіп, тәубесін алдына келтірген. 1943 жылы 10 қазанда Баян-Өлгей қазақтарының бір тобы Шыңжаңға қарай босады. Сонда үкімет көштің алдын бомбалап тоқтатуға Зайсановты жұмсайды. Бірақ ол бұл тапсырманы орындаудан үзілді-кесілді бас тартады. Зайсановқа Батыр атағын беру туралы әр кездері талай рет ұсыныс жасалған. Өкінішке қарай қаһарман ұшқыш оның иегері бола алмай-ақ дүниеден өтті.

Өмірінің соңғы жылдарында жан жалғыздығынан жәбір көрді-ау деймін, 50-ші жылдары басқалқа іздеп Қазақстанға келіпті. Бірақ ол кезде Мәскеуде тұратын Шәкір Жексенбаевтан басқа бірде-бір генералы жоқ атамекенге оның басы сыймапты. Жылай-жылай кері қайтқан. Сөйтіп бұл кісі 1965 жылы дүние салды. Қазір Зайсановты білетіндердің қатары сиреп, есіл азаматтың аты ұмытылуға жақын-ау, сірә, деп ойлаймын іштей.

Енді Ікей туралы айтайын. Ол моңғол қазақтарының арасынан шыққан жалғыз батыр немесе батыр атағына ие болған жалғыз адам. 1939 жылы Халхин-Голда жапондармен болған теңдессіз ұрыста аға лейтенант, бөлімше командирі Ікей ерлікпен қаза тапқан. Денесі сол шайқас болған өңірге жерленген. Иншалла, ол азаматтың атқарған ісі ұмытылған жоқ. Қазір Баян-Өлгей аймағының бір мектебі Батырдың атымен аталады. Туыстары, ұрпақтары баршылық.  

Сіз балуандар туралы да сұрадыңыз ғой. Қазақтар сияқты моңғол, жұрты да аса күресқұмар халық. Олар «Даншиг долон Наадам» деп аталатын аламан мерекесін міне 800 жылдан астам уақыттан бері үзбей өткізіп келеді. 1206 жылы ұлы қаһан Шыңғыс ханды Хэрленнің кең жазығында алғаш рет хан көтерген ұланасыр тойда оның інісі Хасардың жауырыны жерге тимеген деседі. Моңғолдардың боз кілемдегі белдесуді қадірлейтіні соншалық, күш сынасқан кезда мерейі үстем болған балуанның күресте шыққан ащы терін саусағымен іліп алып еріндеріне жағатын салты бар.

Осы ел қазақтарының арасынан даңқты екі балуан шықты. Оның бірі күрестегі еңбегіне орай «Мемлекеттің тірегі» атағын алган Әбдіқажы да, екіншісі өзіңіз атын атаған әйгілі Қожақапан.

Қожақапан досы Қаһарман балуан екеуі жастықтың желігімен істі болып, Улан-Батордағы орталық түрмеге айдалады. Абақтының жалаң қожайыны (атаманы) жанына жолауға адам жаны түршігетін балуан Лама деген қара күш иесі екен. Ол түрмеге жаңа ғана түскен екі қонаққа: «Қоржындарыңдағыны алдыма әкеліп қойыңдар», – дейді. Қазақ жігіттері қожайынның әміріне көнбейтін сыңай танытады. Сонда балуан Лама орнынан түрегеліп: «Шыбын жандарыңнан түңілген неғылған бейбақсыңдар?» – деп Қожақапанның жағасынан алады. Қожақапан балуан Ламаны қазақша күрес тәсілімен жамбасқа алып атып жібереді. Содан кейін олар дос болып кеткен деседі.

Қожақапан бірде түрменің мал қорасындағы шөпті күзетіп түрғанда маяга түскен құнан өгізді мүйізінен алып қашадан асыра лақтырып жібереді. Мұны көргендер өз көздеріне өздері сенбей аң-таң қалады. Күш атасы төңірегіндегілерге осылай танылады. Ол сол жылы Моңғолиядағы аламан күреске бір-ақ рет түсіп, «Мемлекет лашыны» атағына ие болады. Алып күш иесі түрмеден босап, еліне қайтқан соң астанадағы аламан жарыстар мен дүбірлі байқауларға баруға қолының қысқалығынан мүмкіндігі болмай жүріп-ақ дүниеден өтті. Амал қанша, жоғарыдағыдай жарыстарға енді бір-екі рет қатысқан болса ол Моңғолияның түйе балуаны атанар ма еді, қайтер еді?!

– Әр халықта басқа бір халықтың тұрмыс-тіршілігін, тарихын зерттеген, соған жанашырлықпен қарап, өмірін арнаған зиялылар болған және ол алдағы уақытта да бола береді. Осы тұрғыдан алып қарағанда, моңғол ғалымдары арасында біздің қазақтар туралы жылы сөз айтқан, халқымыздың өткеніне құрметпен қараған адамдар бар ма? Бар болса кімдер? Олардың бұл бағытағы қандай еңбектерін атап айтар едіңіз?

– Моңғолдар бір кезде Шыңғыс ханның атақ-даңқымен күллі Азия тарихының тарланы саналып келді ғой. Бірақ соңғы 70 жыл оларға да ұлы  қағанның атын атауға мүмкіндік бермегенін білесіздер. Шыңғыс ханның тұсындағы моңғолдардың тарихын өздері емес, өзгелер жазды. Қынжылатынымыз сол, ол жазбаларда Шыңғыс ханның даңқын көтеремін деп көршілес басқа елдердің, тайпалардың тарихын бұрмалау орын алып келді. Тарихшылар қазақтың керей, найман, меркіт, қоңырат, жалайыр сияқты белгілі руларын моңғолға теліп келгендіктен қазақ үлкен ел болған, оның өзіндік мәдениеті бар дегенге мән бермеушілік тарихта, соның ішінде моңғол тарихында дағдыға айналды. «Шыңғыстың өзі қазақ екен, қазақты  қазақ еткен де Шыңғыс екен», – делінетін біздің кейбір тарихшыларымыздың орашолақ   пікірлері де қазақ  тарихына, халқымыздың ұлттық стратегиясына салқынын тигізбесе пайда беретін тұжырым емес. 1995 жылы Семей өңірінде өткен Абай тойына барып қайттым. Жолсерігім: «Шыңғыс ханды алғаш хан көтерген жер осы», – деп бір жалаңаш төбені көрсетті. Қайсыбіреулер Шыңғыс хан қазақ даласында жерленген деп те айтып жүр. Меніңше осы желбуаз сөздердің барлығы шындыққа еш жанаспайтын аңыз, ертегі ғана.

Иә Шыңғыс хан 1218-1220 жылдары Хорезм жорығын үйлестіру үшін қазақ жерін басып өткені рас. Сол сапарда Семейді басса басқан шығар, ақ киізге отырып Қарауылтөбеге шықса шыққан шығар, бірақ моңғолдар қағанды қазақ жерінде қайта хан көтерді деген қисынға келе қоятын ұғым емес. Келді, хан сайланды дегеннің өзінде қазақ тарихы одан не ұтпақшы? Осындай даңғазамен біз керісінше қазақта бас ие болмаған, іргелі ел ретінде өмір сүрмеген, басқаның арқасында күн көрген деген сандыраққа өзіміз жол ашып беруіміз мүмкін.

Ал енді тікелей сіздің сауалыңызға оралар болсақ, моңғол ғалымдарының арасында қазақ тарихының қайсыбір тұстарына үңіле қарағандар баршылық. Ондай топқа Ц,Жамсрано, Ш.Нацагдорж, Н.Ишжамцыларды жатқызар едім. Ц.Жамсрано өзінің «Халха, хассақтың шығу тегі туралы» (1937 ж.), Ш.Нацагдорждың «Халха тарихы» (1963 ж.), Н.Ишжамцының «1755-1758 жылдардағы Әмірсана, Чингунжавтың қозғалысы» (1962 ж.) атты еңбектерінде қазақтардың Қобда асуы, Абылай хан мен Әмірсананың байланысы жөнінде біршама баяндалған.

Жоңғарлардың тегі батыс моңғолдардан. Олар туралы материал моңғолдардың өздерінен гөрі шүршіт пен қазақта молырақ кездеседі. Осы бір қиын түйіннің ұшығын тауып, кем-кетігін толтыру қазақ және моңғол тарихшыларының алдында тұрған үлкен міндет деп білемін.

Қазақ-моңғол тарихының көптеген мәселелері әлі күнге дейін болжам төңірегінде қалып отыр. Тарихқа жорамал жүрмейді. Моңғол мен қазақ ежелден көрші, ертедегі ұлы көшпенділер ұрпақтарының сарқыны екені рас. Бірақ этнос жағына келсек бірі түріктен, екіншісі шивей тобынан тарайтын бөлек тайпалар. Сондықтан моңғол мен қазақ тарихының аражігін әлі де айыра түскен жөн бе деп ойлаймын.

– Алтайдың ақиық ақыны әрі ғақылшысы Ақытқажы Үлімжіұлы Қарымсақов... Бізге ол кісінің аты мәлім болғанымен өмірі, өлеңдері әлі беймағұлым. Осы турасында не айтар едіңіз?

– Әрине мен Ақытқажыны Абай дей алмаймын. Абай қазақ өлең сөзінің патшасы болса, Ақытқажы Алтай мен Қобдаға ғана аты шыққан ақын, ғақылшы, діни ғұлама.

Оның өлең-жырлары міне ғасырға жуық уақыт бойы Қобдадағы қазақ қауымына рухани нәр беріп келеді. Ол бірде Асанқайғыға, бірде қаздауысты Қазыбекке, тіпті кей тұста Абайға да ұқсайды. Ақытқажы Алтай өлкесінде Абайдан 20 жыл кейін туылып, Абаймен замандас, тағдырлас өмір сүрген адам. Ол тек ақын, ағартушы ғана емес, ұлтының тағдыры, елінің бас бостандығы үшін жанын қиған күрескер. Бұл кісі 1940 жылы 73 жасында Цэн Шицай жендеттерінің қолынан қаза тапты. Өзіңіз байқап отырған шығарсыз, Ақытқажының өмірінің бастамасы Абайға, ақыры Шәкәрімге ұқсайды.

Бұл ақынның «Жиһанша» қиссасы 1897 жылы Қазанда басылыпты. Оның 10-ға жуық өлең-жырлар жинағы кейін Шыңжаң, Моңғолия баспаларында жарық көрді, Керей елі ішінде Ақытқажының «Абақ-Керей шежіресі», «Алтай толғауы», «Сейфүлмәлік» дастанын жатқа айтатындар көп кездеседі.

Ақытқажы біздің бүгінгі өміріміздің көптеген тұстарын Асаңқайғыша алдын-ала болжап, ел болып өмір сүру үшін өзара бірлікте болып, жұмыла еңбек етіп, білім-ғылым үйреніп қарекет қылуға шақырған. Оның осыдан 80 жыл бұрын жазған мына бір өлеңіне ден қойып көрелікші.

Көтер енді басыңды,

Өнерге көндір жасыңды!

Сенен басқа халықтың,

Ұйқысы шайдай ашылды!...

 

Осы жолдарды бүгінгі біздің өмірімізге сай келмейді деп кім айта алады?! Ақытқажы дүниедегі дүйім қазақтың ақыны. Өкінішке қарай ол әдебиетімізден әлі күнге дейін өзінің лайықты орнын ала алмай келеді.

– Қазіргі қызметіңіз. Мұндағы сізге жүктелген міндеттер. Елшінің біздің республика туралы пікірі. Өзіңіз қазір не жазып жүрсіз?

– Мен бұл күнде Моңғолияның Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісімін. Саяси мәселелер, ғылым, білім саласындағы қарым-қатынастар жұмысымен айналысамын. Қазіргі елшіміз бұрын Моңғол елінің Премьер-министрі болған парасатты адам. Қазақстан туралы өте жақсы пікірде. Бұл өз алдына жеке әңгіме ғой. Ал, «Не жазып жүрсіз?»-деген сауалыңызға келсек, Моңғолиядағы 1987-1990 жылдардағы демократиялық бетбұрыстың қыры мен сырын ашып көрсететін «Қансыз қақтығыс» атты еңбегімді моңғол тілінде жазып бітірдім.                                                     

Егер тағдыр жазса болашақта моңғол архиві, оның төл тарихындағы моңғол-қазақ тақырыбына байланысты құжаттарды сүзіп, өз халқымыздың тарихының кәдесіне жарата алсам менің азаматтық бір парызымның орындалғаны деп білемін. Жасым елуді еңсеріп келеді. Көші-қон, аумалы-төкпелі заман болса мынау. Қолымнан келсе аянар ештеңем жоқ.

«Жылаған жылдар шежіресін» оқып отырғанда өзіңіз кейде арманшыл жанға ұқсайсыз. Сонда нені армандайсыз және ойлаған ойларыңыздың орындалғаны болды ма?

– Армансыз болу сайтан ісі демей ме... Әрине өзгелер сияқты менің де арманым көп. Шіркін, қазақ ел болып, арғы-бергіміз қауқылдасып қауышатын күн туар ма екен деп армандаушы едік. Тағдыр ол күнге де жеткізді. Тәубе! Туыстарым атамекенге оралды. Осының өзі арманымның орындалғаны емей, немене?!

Біздер Моңғолия қазақтары жат ел, бөгде ортада қазақы ортаны аңсаумен өмір сүрдік. Әлі де халқымыздың жамандығын жасырып, жақсылығын асырғымыз келеді. Бірақ атамекенде барлығы да өз орнында екен десем, шындықты бұрмалаған болар едім. Өйтуге менің арым бармайды. Өз ұлтының тағдырына бей-жай қараушылық, топшылдық, рушылдық сияқты келеңсіз мінез-құлықтардан қазақ мұнда да арыла алмапты. Кейбір туысқандарымыз өзгенің алдында құрдай жорғалап, өз қандасын көргенде менсінбей паңдана қалатынын қайтерсің.

Қазақстан өміріне жаңа Негізгі заң, президенттік билік келіп жатыр. Бұл еліміз үшін сөз жоқ дұрыс қадам. Елбасының жар құлағы жастыққа тимей жанұшырып жүргенін білеміз. Қолында қаншама билік болғанымен, жалғыз адам қай жағымызға жетеді. Мемлекеттік құрылымдағы әбден орын теуіп алған орта буындағы бюрократтардың мұртын балта шабар емес. Президенттік билікке сүйеніп, Президент емес солардың билік балы күшейе түсуі әбден ықтимал.

Мен құр айғайды жаным сүймейтін адаммын. Бірақ қалай екенін білмеймін, 1986-1992 жылдары буырқана оянған қазақтың ұлттық сезімінің жібі босап, тоқмейілси бастағандаймыз ба, қалай? Бүгіндері дүркіреген қазақы тойды айтпағанда, дүбірлеп басталған көш, еңсесін көтере бастаған тіл, өркендеп бүршік жара бастаған дәстүр-салттың соңы сиырқұйымшақтанып бара жатқан сияқты. Көш неге кері бұрылды? Қазақ тілін үйренуде неге серпін жоқ? Басым көпшілігі жергілікті халықтан құралатын ауылдағы күйкі тіршілікте неге елеулі өзгерістер болмай жатыр? Өзің ойлап көрші, мұның барлығы қазағым, елім, жерім дейтін кімді болсын ойландыратын жайлар емес пе? Осының бәрін ойлай-ойлай, халқымызды алда әлі де талай-талай тар жол, тайғақ кешулер күтіп тұр-ау деп алаңдаймын.

 

Жанболат Аупбаев.

«Таңғажайып тағдырлар».

Астана, 1995 , 178-193-бб.

Jebeu.kz

 


104-жасқа келген ақсақал Андрей Воронның өсиеті
Талғат Кеңесбаев: Мен өзімнің арымнан ғана қорқамын