Өзбекстанмен барымызды бірге базарлайтын кез келді

turdybek 2018-01-04 Қысқаша

Өзбекстанмен барымызды бірге базарлайтын кез келді Ежелден ауылы арала...

Жарнама орны

                            Өзбекстанмен барымызды бірге базарлайтын кез келді

 20170313110519.jpg

Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас ағайын жұрттың Өзбекстан билігіне Шафхат Мирзиеев мырза келгелі барыс-келісінің жаңа серпін алғаны байқалады. Мирзиеев мырза таққа жайғасқан бір жылдың (2016 жыл 14 желтоқсан) жүзінде елімізге төрт дүркін сапармен келген екен. Ел президенттері алты мәрте кездесіпті. Бұл енді өте жақсы көрсеткіш.

Жасырары жоқ, Кеңес заманынан келе жатқан Өзбек-Қазақ бақталастығы екі елдің егемендігінен кейін сейіліп кете қалған жоқ. Өңірдің төріне ұмтылыс екі жақтың да күн тәртібінен түспеген тақырып. Өзағаң жан санымен кіндік Азияның ноқта ағасымын деп сезінсе, біз экономикалық әлеуетімізбен аймақтың ту ұстаушысымыз деп келдік. Өзбекстан реформаның “біртіндеп ілгерлеу” жолын тұтынса, біз “бірден алмасу” бағытын құп көрдік. Өзбектер бізді орысшыл, батысшыл, өзге мәдениетшіл деп қараса, біз оларды тым дәстүршіл, керенау, заманға қырсыз деп сөктік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Орта Азия одағын құрып, өзара септесу қарекетін жасағанымызбен, ол да осы түсініспеушіліктің кесірінен немесе түсініктің алшақтығынан адырам қалды. Мұндай жағдай былайғы жұрт емес, екі ел басшыларының арасында да ашықты-бүркемелі сақталып келді. Соның кесірінен Ислам әка тұсында Өзбек елімен дүздөңбегіміз жарасып кете қоймағаны белгілі.

Каримовтың бақилық болуымен қортындыланған билік алмасуы алдындағы жорамалдардағыдай Өзбекстан халқын да, сырт көзді де аса дағдарта қойған жоқ. Әуелідесең әлем көз тігіп отырған Орта Азиядағы билік өткермелеудің біршама сәтті нұсқасы болды деуге тұрарлық оқиға болды. Бұл анау күткендей айқай-шудан ада, мамыражай өтуімен ғана емес, жаңа басшының ел күтпегендей жаңашыл бастамаларымен де есте қаларлық жағдай саналды. Табаны күректей 20 жыл (1996 жылы  Джизак обылысының әкімі болғаннан бастап) жоғары билікте болған, мұның 13 жылын бас минстр салауатымен алдынғы президеннтің пәрменін адалап келген адамның өзі шекпенінен шыққан және дағдыланған жүйенің тәбиғатына сая бермейтін жаңашылдыққа жол ашуы тосын сезілгені шындық. Оның жаңашылдығы көршілермен қатынастағы соны және жылы ұстанымымен қатар, ел ішілік әлеуметтік-экономикалық үдерістерге мейілінше жаңаша әм талапшыл көзқараспен келуінен білініп отыр. Мысалы, Каримов тұсында мүлде қырғиқабақ жағдайдағы Қырғыз-Өзбек қатынасының прагматикалық тұрғыдан көршілік силастық және кеңесе келісу сипатына ойысып бара жатқанының куәсі болып отырмыз. Екі ел шекарасы бекемделіп (85%-і тиісті келісіммен шегеленді), шекаралық өткелдер ашылуымен қоймай, арадағы даудың алаңы болған Оштың өзінде біріккен зауыт салынғалы жатыр.

 

C1A7D923-9466-4665-9A98-C5DFEB595255_w1023_r1_s.jpg

Аталмыш елдің елімізбен қарым-қатынасынан да ұқсас нышанды байқап отырмыз. Мысалы, Мирзиеев билікке келіп көп өтпей-ақ шекаралық тауар өткізіліміндегі кедергілерді жойып қана қоймай, жаңа өткізу беккеттерін ашты. Кейбір импорт тауарларына акцизді төмендетуге шешім қабылдады. Ертекөктемде Ташкентте екі ел кәсіпккерлеріне арнап Өзбек-Қазақ бизнес форумын ұйымдастырды. Мамыр айында Шымкентте өткізілген Ташкент өндірушілерінің көрмесіне қатысуға 230-ға жуық кәсіпорындарын жұмылдырды. Көрші елдің мұндай игі қадамдарына біз әу бастан мүдделі едік. Сондықтан да оның оңды емеуірініне ықыласты ден қойдық.

Өзара түсінісушілік пен мәміленің нәтижесінде, науырыз айында Алматы-Ташкент,  Самарқанд-Ташкент-Астана бағыттарында алғашқы пойыздар жолға шықты. Шілде айында 2006 жылы жабылған Ташкент-Термез автожолы қайта іске қосылды. Сырдария өткізу бекеті ашылды. Өңіраралық ынтымақтастық форумы тұрақты өткізіліп тұратын бодып келісілді. Келіп жеткен 2018 жылды Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп өткізетін болдық. Ал екі ел кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстардың жанданғаны сонша, бір жыл ішінде екіжақты сауда айланымы 1 млрд доллардан 2 млрд-қа бірден өсіпті. Осы қарқынмен қазір мақсат етілген 2 млрд долларды құрайтын сауда айналымын 2020 жылға қарай 5 млрд-қа жеткізу аса қыйындық тудырмаса керек.  

Өзбекстанда билік ауысқан бұл жылдың екі бауырлас елге сыйлаған ең ізгі табысы: санадағы бетбұрыс—елдер қатынасын ниеттес, мүдделес, қарымдас бағытқа жұмылдыру—десек, экономикалық алым-берім, мәдени алмасу, гуманитарлық араластық, дипломатиялық  мәмілелестік, бұқаралық барыс-келіс үрдісіндегі бүгінгі жеткен жетістіктеріміз екі елдің де көмескі әлеуетінен әлдеқайда алшақ жатқанын лайығында бағамдаудың мезгілі жеткен сияқты.

Мейлі көрші отырсын, мейлі алыстан аңсассын, кез келген екі елдің бір біріне аңсарын өзара зәруліктері тудыратыны белгілі. Қазақстан мен Өзбекстан да бір біріне тым керек елдер. Біз үшін Өзбек елі 32 миллн тұтынушы нарқымен бағалы. Біз экономикамызды шикізаттық  бағыттан өңдеушілік бағытқа бұруды мұрат тұтып, инновациялық-индустриялық жобаларды жедел іске қосып жатқан елміз. Демек бізге үлкен жеткізуші нарығы керек. Ішінара өндірушілердің өнімдерінің өзіндік құнын қазіргі халық санымен мүлде ақтай алмай отырғандығы әмбе ақталмайтындығы экономика теориясымен де, өндірісті елдер әмәлияттарымен де дәлелденген нәрселер. Нарық болған күнде бізде өндірілген тауарлардың басқа “піскен нарыққа” болмыс-сапасымен бірден қабылдана қоюы екіталай. Осындайда сапалық-технологиялық, психологиялық-эстетикалық, транзиттік-тасымалдаушылық тұрғысынан өнімдерімізді жақын қабылдайтын нарыққа мұқтажбыз, ол алдыменен осы кіндік Азия нарығы болуға тиіс. Осы нарықтың ауданын Өзбек ағайындар құрайды.

94984CA6-4962-4B59-A72B-8A6B4E19B589_cx0_cy8_cw0_w1023_r1_s.jpg

Кеңес одағының экономикалық саясаты Қазақ-Өзбек экономиясының бірін-бірі толықтырғыш сипатын қалыптастырды. Ежелден шаруа және отырықшы ел ретінде тұлғаланған Өзбекстан Кеңестің мақта және жеміс-жидек базасы болып белгіленді де, қойнауы қордалы Қазақстан оның астық-мал өнімдері мен өнеркәсіп шикізаты ошағына айланды. Қазір екі ел де кеңестен қалған экономиканы келешек елдік мүддеге сай қайта құрылымдауға талпыныс жасап жатқанымен, бұл ұзақ мерзімді сарып етер шаруа. Бүгіндері Өзбек еліне мұнай мен оның өнімдерін, астық-жарма тауарларын, қара және түсті металл, бейорганикалық өнімдер, цемент, күнделік азық-түлік өнімдерін жөткесек, олардан жеміс-көкөніс тектілерді, мақта, тоқыма және дайын тігін өнімдері, тыңайтқыштар, механикалық құрылғылар, пластик бұйымдары, ағаш пен гипс, маталар мен мататексіз материалдар импорттаймыз. Өзара мұқтажымызды ортақтаса шешкен бұл үрдістің мазмұнын байытып, үлгісін жаңартып, жаңғырған құрылыммен жетілдіре түсуіміз екі елдің де стратегиялық мүддесі үшін керекті тірлік.

Көз алдағы халықаралық ықпалдар ойыны мен геосаяси бәсекелестік мағдұрында Қазақ-Өзбек үшін, әсіресе біз үшін дендеп пайдалануды қалап тұрған пәрменді фактор бар. Ол біздің георафиалық орналасуымыз. Ана ғасырдың соңғы он жылдығынан кейінгі ғылым мен технолногияның жетістіктерінің өмірге ендей пайдалануына байланысты, халықаралық сауданың жүрер бағыты мен оның тасымал нұсқасында айтақалсын өзгерістер пайда болды. Атап айтар болсақ, құрлықаралық тауар тасымалы теңізден құрлыққа, алып балкерлерден шойынжолдарға ауысып жатыр. Бұл өз кезегінде адамзатты мұрнағы замандардағы құрлық сораптарына қайта көз тастауға әуестендірді. Осы беталысты ерте пайымдаған Қытай өзінің стратегиялық ыңғайына бейімдеп “Бір белдеу-бір жол” бастамасын көтерді. Осындағы “бір белдеу” “жібек жолы белдеуін жаңғыртуды” меңзейді. 2013 жылы Астанада үндеу есебінде көтерілген бастама бүгіндері бүтін Азия-Еуропа материгінің 70-ке тарта елі қатысуға-қолдауға ниет білдірген, БҰҰ-ның құжатына кірген стратегиаға айналып атқарыла бастады. Бұл Еуропаны Азиямен, онан ары Тынық мұқитпен жалғап жатқан біздің транзиттік әлеуетімізді пайдаға асыратын таптырмас мүмкіндігіміз. Қазіргі заманғы экономикалық бөліс жағдайында біздің салыстырмалы артықшылығымыз да осы тоғыз жолдың торабында тұруымыз. Бүгіннің өзінде Түркменстаннан, Өзбекстаннан және өзімізден Қытайдың Тынық мұқит жағалауларына газ бен мұнай айдалуда. Батыс Қытай-батыс Еуропа күре жолы пайдалауға тапсырылды. Қытайдың әр өңірінен Еуропаны бетке алған арнайы вагон құрамалары жөнелтіліп жатыр. Инвестиция және даму минстрі Жеңіс Қасымбек: “Халықаралық тауар өткізілім қуатын арттыру, Орталық Азиялық қатынас торабын қалыптастыру мақсатында, әлемнің 41 елімен тасмалдау келісіміне қол қойып үлгергенімізді” жариялады. (20.12. 2017). 2017 жылдың желтоқсанында белгілі болғанындай, Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолын салу да келісіліпті. Қырғызстанның Өзбекстандағы елшісі Данияр Сыдық 2018 сәуірде жобалық-сметалық жұмысы ақырласып, жыл соңына дейін қаржысы тиянақтанатын жобаның “тиісті елдер тауарын Батыс Азия мен Орта шығысқа саудалаудың, онан ары Еуропаға жеткізудің төте жолы екенін” айтыпты (28.12.2017 хабар). Жаңаша жағдайға байланысты, 2017 жылдың 30 қазанында 2006 жыл 20 наурызда екі ел үкіметтері қол қойған “Қазақ-Өзбек жол тасымалы келісіміне жасалынған өзгерту –толықтыруды” бекітіп берген президентімі3: “қазірдің өзінде уағдаластықтарымыздың нақты нәтижелері көріне бастады. мәселен, аптасына екі рет Алматы мен ташкент арасында “Тұлпар-Тальго” жүрдек пойызы қатынайды. Біздің ұлттық әуе тасымалымен айналысатын компанияларымыз екі елдің астаналары арасында қосымша рейстер ашты, алдағы уақытта басқа да қалаларымыз арасында әуе қатынасы орнайды.Тұрақты автобус қатынасы бар. Ірі мемлекетаралық автожолды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. м-39 автодәлізінде екі өткізу пункті ашылды” деген еді. Қазақпарат мәліметінше (04.10.2017) Қазмұнайгаз бен Өзбекстанның мемлекеттік газ компаниясы Джизактан Шымкентке 250 шақырымдық мұнай құбырын тартуға уағдаласқан, құбыр 2021 жылдан бұрын салынып тапсырылатын көрінеді. Тағы бір деректе Қазақстан үкіметі Өзбек еліне Ресей мұнайын жеткізіп беруге септеспекші. Келісімге сай, Қазақстан құбыры арқылы екі ел шекарасына жеткізілген Ресей мұнайы арнайы вагондармен Өзбекстанға әкетілмекші, осы тәсілмен жөткелетін өнім көлемі 2018-2021 жылдарға жылына миллн тоннаға межеленген. Осы мәліметтерден Қазақстан мен Өзбекстанның екі елдің тасымал әлеуетін бірлесе пайдаланудағы құлшынысы мен ондағы қордалы мүмкіндіктерді аңғаруға болады.

Қорыта келгенде, құбылмалы әлемдік ақуалда туысқан елмен етенегершіліктің, барымызды бірлесе базарлаудың еліміз әм өңір үшін стратегиялық көкейтестілігін пайымдаудың уағы болған сияқты.

 

                   Құрмет Қабылғазыұлы


Өнерде де, өмірде де бақытты адам...
Сән әлеміне саяхат