«Қазақстан жаhандық қауіпсіздікке зор үлес қосып отыр»

admin2 2018-01-19 Қысқаша

«Қазақстан жаhандық қауіпсіздікке зор үлес қосып отыр» Вашингтондағы кездесулер жоғар...

Жарнама орны

«Қазақстан жаhандық қауіпсіздікке зор үлес қосып отыр»

 26903929_1833196766691634_950545973186410439_n.jpg

Вашингтондағы кездесулер жоғары деңгейде өтті. Әлемнің белді, белгілі ақпарат құралдары да ол туралы жарыса жазуда. Маңызды кездесулердің өзекті тұсы – Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі табанды ұстанымы мен байыпты қызметін жоғары бағалау болды. Бұл іс жүзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық бейбітшілікті сақтау мақсатындағы жеке бастамалары мен осы бағыттағы қажырлы қызметіне, әлем­дік деңгейдегі қайраткерлік болмысы­на берілген баға деп пайымдаймыз.

 Кездесуде Елбасы Қазақстан тәуел­сіздік алған тұста ядролық арсеналдан бас тартып, Семейдегі сынақ алаңын жапқанын еске салды. «Ядролық қаруы бар елдерге бізден үлгі алуға шақыруға толық моральдық құқығымыз бар. Мұндай әңгімені Иранмен жүргіздік, қазір Солтүстік Кореямен келіссөз жүр­гі­зудеміз» деді Қазақстан Президенті.

Ақ үй басшысы да Қазақстанның Корея түбегіндегі ядролық қаруға қатысты мәселеде сенімді әріптеске айналғанын баса айтып, арадағы стратегиялық әріп­тес­тіктің Қазақ елінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сі­не төрағалығымен бірге нығая түскеніне ризашылық білдірді.

Екі ел Президенттерінің «Қазақстан және АҚШ: ХХІ ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық әріптестік» деп аталатын бірлескен мәлімдемесінде де Д.Трамп БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға сайланған мүшесі ретіндегі Қазақстанның жаһандық көшбасшылығын атап өтті.

 Ол 1992 жылы ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқаннан бастап, таратпау ісіне күш салып келе жатқан халықаралық көш­басшы ретіндегі Қазақстанның мұра­сын және ядролық қауіпсіздік жөнін­дегі қазіргі міндеттемелерін күшей­туін, сон­дай-ақ химиялық қарудың таратылуы мен қолданылуына жол бермеу шараларын күшейтуді жуырда қолдағанын жоғары бағалады. Екі Президент Солтүстік Кореяның ядролық және зымырандық бағ­дар­ламаларын қоса алғанда, жаппай қырып-жоятын қарудың заңсыз та­ра­луын айыптап, ядролық байыту технологияларының таралу қаупін азай­ту­ға бағытталған МАГАТЭ-нің төмен байы­тыл­ған уран банкінің таяуда Қазақстанда ашылуын құптады.

Бұл – Қазақстанның ядролық қаруды таратпау ісіндегі көшбасшылық баста­ма­­ларына ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік жолында еш­қа­шан бұлжымаған берік ұстанымы мен жаһандық деңгейдегі жетістіктеріне бе­ріл­ген жоғары баға!

Елбасының осы сапарын беделді басылымдар да жоғары бағалап жатыр. Мысалы, The Hill басылымында жа­­рия­­лаған мақаласында журналист Дэвид Меркель «Президент Назарбаевтың Вашин­гтонға сапары және БҰҰ ҚК отырысы­на төрағалық етуі бұл елдің тәуел­сіздік ал­ғалы бері қысқа уақыт ішінде қан­ша­лық­ты биікке көтерілгенін көрсетеді. Трамп әкім­шілігі алдыңғы мемлекет басшы­лары аң­ғармаған мүмкіндікті пайдаланып, Астанамен тығыз қарым-қатынас орнатуда» деп атап көрсетті.  

 Елбасы Вашингтондағы ресми сапары аяқталған соң, бүгін Нью-Йоркке келіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының беделді мінберінен баяндама жасайды. Нью-Йоркте Нұрсұлтан Назарбаевтың төра­ға­лы­ғымен «Жаппай қырып-жоя­тын қа­ру­ды таратпау: сенім шаралары» та­қы­рыбында жоғары деңгейдегі пікір­та­лас ұйым­дастырылады. Брифингте Мемлекет бас­шысы сөз сөйлейді.

 Елбасының xалықаралық қауым­дас­тыққа «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына орай ядролық қарудан азат әлем құру туралы үндеу тастағаны белгілі. Сон­дықтан бұл мәселе ‒ еліміздің Қауіп­сіз­­дік Кеңесіндегі жұмысының негізгі басым­дық­тарының бірі болмақ. Осы орай­­да сенім шарасының маңызы зор екенін атап өткен жөн. Ядролық қаруға заңды және заңсыз ие болған тараптар өздеріне қойылған міндеттемелерді қатаң ұстанса, қауіпсіздікті күшейтуге, өзара сенім орнатуға елеулі үлес қосатыны анық.

 Бұдан бұрын, 2015 жылғы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу туралы жалпыға бірдей декларация қабылдағаны мәлім. Соның жалғасы іспетті былтыр Ядролық қаруға тыйым салу шарты мақұлданды. Сарапшылар бұл халықаралық келісімге қол жеткізуге Қазақстан тарапының сі­ңір­ген еңбегі зор екенін айтуда. Еліміз құ­жаттың әзірленуіне белсенді түрде қатысып, БҰҰ декларациясын әрдайым қолдап отырды. Қазақстан аталған шартқа Елбасының Нью-Йорк қаласына сапары кезінде қол қоюға ниетті.

Біз Нью-Йоркта кездесіп, сұxбаттасқан Париждегі Саяси зерттеулер орталығының сарапшысы, профессор Шаxбану Таджбаxш осындай пікірде. Оның айтуын­ша, Қазақстанның төрағалығы беделді ұйым­ға жаңа көзқарас әкелді, тың серпін берді. Төрағалықта ШЫҰ мен ИЫҰ-дағы беделін, Еуразиядағы бітімгерлігі мен Батыспен байыпты байланыстарын шебер үйлестіре білген Қазақстан жаhандық қауіпсіздікке зор үлес қосып отыр.

Жалпы, ядролық қаруды таратпау негізінен БҰҰ Бас Ассамблеясының мә­се­лесі, бұл тақырып БҰҰ Қауіпсіздік ке­ңе­сінде алғаш рет талқыланады. Сон­дық­тан Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сі­нің төрағасы ретінде ұйымның жаңа күн тәртібін белгілеп отыр.

 Еліміздің жаhандық деңгейдегі байыпты бастамасына сәттілік тілейміз!

1516247173_article_b_1500_.jpeg

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

Дереккөз:  «Егемен Қазақстан» – «Нью-Йорктен»





Стив Джобстың «Apple» компаниясы қалай пайда болды?
«Бір белдеу – бір жол» стратегиясының астарында не бар?