«Бір белдеу – бір жол» стратегиясының астарында не бар?

admin2 2018-01-19 Қысқаша

Күні кеше ғана ҚХР астанасы Пекинде «Бір белдеу – бір жол» халықаралық ынтымақтастық ф...

Жарнама орны


3fc49138693ca0a0e1f17d041bdac307_XL-640x420.jpg

Күні кеше ғана ҚХР астанасы Пекинде «Бір белдеу – бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумы шақырылды. Оған біздің президентіміз ішінде 30-ға жуық елдің басшылары мен үкімет басылары, БҰҰ сынды халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты. Осының өзі-ақ бұл форумның, түптеп келгенде осы стратегияның тым маңыздылығын аңғартса керек.

2013 жылдың қыркүйегінде Назарбаев университетінде ҚХР төрағасы Си Цзинпиннің аузынан кәдімгі Жібек жолы бойында отырған елдерді мұрнағы Жібек жолын қайта жаңғыртып «Жібек жолы экономикалық белдеуін» құруға шақырып тұңғыш жарияланған бұл бастама, бір ай өтер-өтпестен Индонезия елінде Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін бірлесіп «теңіздегі жібек жолын» қайта көтеруге шақырған үндеумен толықты. Ту баста бір ниеттен қайнар алатын осы екі бастама кейін келе «Бір белдеу – бір жол стратегиясы» атымен үгіттеліп жариялана бастады. Демек, Қытай тарапынан жете ойластырылып жасалған стратегия өзге елге бастама, үндеу, шақырғы есебінде тасталған-ды. 3 жылдан астам практикалық үрдістен өткен бұл құжат бүгіндері 100 елде танылып, оның 40 нешесі оны өзінің экономикалық стратегиялық бағдарламаларымен ұштастыра атқара бастады. Оның көкейтестілігі мен прагматикалығының, өміршеңдігінің өзі осында жатыр.

Бар гәп Қытайдың өркендеуінен бастау алады. Соңғы 40 жылда ұшқан құстай дерлік қарқынмен (жылдық өсімі 36 жыл бойы орташа есеппен 9.7 пайызбен) дамыған Қытай ІЖӨ көлемі бойынша 2010 жылы Жапонияны артқа тастап, жершарындағы екінші ірі экономикаға айланды. Тағы сол жылы оның экспорт көлемі Германияны басып озып, дүниедегі ең ірі экспорттаушы ел болып танылды. 2013 жылы экспорт және импортты қосқандағы жалпы сауда айналымы (4,16 триллион доллар) Америкадан асып, дүниедегі ең үлкен экспорт-импорт державасы атанды. Сондай-ақ, ол 130-дан астам елдің бірінші сауда серіктесі. 2014 жылы үшінші инвестиция құюшы ел деп танылды. Ендігі жерде дүниежүзі елдері одан өзінің қуатына сай халықаралық міндеттемелер арқалауын күтеді. Сәйкес міндеттерді мойнына алуға келісе отыра ҚХР халықаралық қауымнан өзіне де тиісінше «сөз» – төрелік құқық беруін сұрайды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Америка бас болып жасаған халықаралық ережелерді қайта қарауға немесе оны өзгертуге қатысуға талаптанады. 2009 жылдың өзінде-ақ, ҚХР сол тұстағы төрағасы Ху Цзиньтао АҚШ президенті Обамамен Қытайдың дүниежүзілік банктегі үлесін, халықаралық валюта қорындағы үлесін көбейту жайында келіседі. Алайда бұл келісімді АҚШ Парламенті қабылдамай тастайды. АҚШ керісінше өзінің Азия-Тынық мұхит аймағындағы геосаяси-экономикалық  мүддесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және осындағы стратегиялық басымдығын сақтап тұру үшін, Азия-Тынық мұхит аймағына қайта оралу стратегиясын қабылдап, «Тынық мұхит жағалауы халықаралық ынтымақтастық шарты» ТРР және «Мұзды мұхит жағалауы сауда-инвестициялық ынтымақтастығы шарты» ТТІР дегендерді ұйымдастырады. Бірақ, Тынық мұхиттың батыс жағасын тұтас жайлап отырған Қытайды шақырмайды.

Осындай жағдайда, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы арасына ай түсірмей іркес-тіркес аталған екі бастаманы жариялады. Бұны тек шамшылдықтың әсері деп түсінсек қатты қателесер едік. Қытай енді Американы орап өтіп, бүтін Азия мен Еуропа құрлығын тиянақ еткен үлкен ынтымақтастық алаңын жасауды мақсат етті. Оған «мүдделестер тұтастығы», «тағдырластар тұтастығы», «міндеттестер тұтастығы» деген ат берді.

Ары қарай бұған Қытайдың ерік-жігері де, қуаты да жететін еді. 2016 жылғы есепте АҚШ-тың ІЖӨ 17 триллион болса, Қытайдікі 11,6 триллионға жеткен, жуық жылдары Америка ІЖӨ  2 пайыздың ары жақ-бері жағын көрсетсе, Қытайдың өсімі 6,5 пайызды қамтамасыз етіп тұр. Демек алшақтық азайып келе жатыр және Қытайдың АҚШ-ты басып озар күні де  тақап келеді деген сөз. Бүгіндері Қытай дүниедегі шетел валюталық қоры ең көп (2014 жылы 3,84триллион) және ең ірі сатып алушы ел саналады. Сондықтан да ол 50 миллиард шығарып Азия инфрақұрылым инвестициялық банкін, 40 миллиард шығарып «Жібек жолы» қорын құрып, «Бір белдеу – бір жол» стратегиясын қолдап отыр. Күні кешегі форумда Си Цзиньпин Азия инфроқұрылым банкіне тағы 10 миллиард құятынын мәлімдеді. 2010 жылы Қытай құны 10 триллиондық сомамен Американың 1895-2009 жж. 115 жыл сақтап келген дүниедегі ең ірі өндіруші ел атағының орынын алды. Жершарындағы іргелі 500 өнеркәсіп өнімінің 221 түрін өндіруден Қытай 1-орында. Қытай тек қалтасына сеніп «қағынып» отырған жоқ, оның әскери әлеуеті де кісі қорқарлық дәрежеде өсіп келеді. Қазір жершарында АҚШ және ҚХР – осы 2-ақ елдің қорғаныс шығыны 100 миллиардпен саналады, оның үстіне АҚШ  әскери салаға бөлетін қаржысын салыстырмалы азайтып жатса, ҚХР жылына 10 пайызға дейін өсіріп отыр. Қорыта келгенде, Қытай өз әрекетіне кәдуелгі дайындықпен және «тұрысатын жеріңді айт» дейтін сеніммен келіп отыр.

Бұл стратегияның қалтарысында Қытайдың көз алда дөп келіп отырған әмәли мәселелері де бар. Әлемдік дағдарыс басталғалы бері «әлемнің фабрикасы» атанған Қытайдың экспорты да айтарлықтай зардап шекті, экспорт көлемі азайды, сыртқа бағытталған зауыт-фабрикалар көптеп жабылды. Ішкі еңбеккүш құнының  өсуімен шетелдердің Қытайдағы өндірістері еңбек күші арзан үшінші елдерге көше бастады. Ішкі сұранысты арттыру арқылы нарықты құтқарғысы келген талпыныстар өндіріс қуатының артып қалуына ұрындырды. Осының бәрі сыртқы нарықты асып қалған өндірісті сыртқа жөткеу тәсілімен ашуға итермеледі, субьектив жақтан алғанда төмен деңгейлі өңдеуден осындай жолмен құтылу жолы қарастырылды. Ал мақсатты бағыт ретінде шикізат қоры мол, экономикасы мешеу, инфрақұрылымы кенже, өндіріс қуаты әлсіз Орта Азия, Орта шығыс, Түстік Азия, Шығыс Еуропа, Солтүстік Африка елдері назарға алынды. Демек, бұдан былай Қытай осы елдерге өзінің бастапқы әм төмен деңгейлі өндірісін таси бастауы мүмкін.

Шикізат қоры дегеннен шығады, Қытайдың қуаты мен сұранысы тұрғысынан бағамдағанда, ол шикізатқа және энергетикаға тым кедей, сосын да оған өте-мөте тәуелді ел саналады. 2014 жылғы есепте  Қытайдың сырттың мұнайына тәуелділігі 60%-дан (308 миллион тонна импорттаған), темір рудасына тәуелділігі 60%-дан (869миллион тонна импорт ) асады, табиғи газға тәуелділігі 32.2%. Осындай халде Қытайдың шикізат және энергетика ресурстарының келу қайнарын көптараптандыру жобасы оның  экономикалық қауіпсіздігін кесірден аулақ қылудың өзекті мәселесіне айналып отыр.

Қытай есептеп қойған, өткен 10 жылдықта Қытаймен «Бір белдеу – бір жол» жағалауы елдерінің сауда айналымы жылына 19%-дық, тікелей инвестициясы жылына 46 пайыздық қарқынмен өсіп келген.  2015 жылы экспорт жалпы беттік құлағанның өзінде, жағалау елдеріне 10% артқан. Қытайдың жағалау елдеріне экспорты оның жалпы экспорт көлемінің 28%-ын, импорты23,4%-ын ұстайды. Бұдан шығатын қорытынды сол, Қытай әу баста бұл елдерді бекер таңдамаған. Онан сырт, 1жағалаудың1 жан саны 4,4 миллиард, экономика көлемі шамамен 21 триллион доллар, жеке-жеке жершарының 63% және 29%-ын ұстайды.  Келесі 8-10 жыл көлемінде Азия елдерінің инфрақұрылымдық қаржы сұранысы 800 миллиард0а жетеді. Қаншама көмескі ресурс!

Қысқасы, «Бір белдеу – бір жол» жобасы осы жоба арқылы өзінің көз алдағы мәселелерін реттей отыра, ірі экономикалық держава есебінде, ережеге бойсынушыдан ереже жасаушыға талпыныс жасаған Қытайдың «Қытай арманын» іске асыруының тетігі іспеттес.

Құрмет ҚАБЫЛҒАЗЫ

Дереккөз: "Қала мен  дала"


«Қазақстан жаhандық қауіпсіздікке зор үлес қосып отыр»
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ қауіпсіздік кеңесіндегі мәлімдемесі