Сенім дағдарысы

admin2 2018-02-07 Қысқаша

“Үкімет айта береді!” Қазақстанда халықтық тәмсілге айналған сөз. Биліктің бірлі-жа...

Жарнама орны

bca1fc18467c08af4dd0410f2d59a6.jpg

     “Үкімет айта береді! Қазақстанда халықтық тәмсілге айналған сөз. Биліктің бірлі-жарым бастамасына, оның халық игілігіне деп қолға ала бастаған шараларына, томағасын енді сыпырып жатқан қаулы-қарарларына былайғы қарапайым жұрттың реакциясы осы сөзбен берілетіні өтірік емес.

Ал биліктің халыққа сенуі де шамалы. Халықтың еркін білдіру құқы Атазаңымызда айқайлап тұрып көрсетілсе де, бұқараның айпарадай көрініп тұрған ішінара әділетсіздіктерге қарсы ұйымдастырмақ наразылық шараларына рухсат етілмейді немесе тұрақтылыққа залал келтірді деген желеумен күштеп таратылады. Әр мамандық саласының өз мерекелік даталары болады. Оның кейбіреуі билік тарапынан мүлдем аталынбаса, күштік құрылымдардың мерекелері дабырандатып өткеріледі. Мысалы, полицияның мерекесі неше ондаған көлікпен сүйіншіленеді. Қазіргі заман байланыс-меңгеру құралдарымен елден ала жабдықталып жатқандар да солар. Осының өзі-ақ биліктің кімнен көрі кімге сеніп отырғандығынан дерек береді.

***  ***  ***

 − Бәке, бәр мәселелер бойынша келіскендейміз. Енді алдынала 30% кепілқаржыны төлеңіз, қалған соманы зат қолыңызға тапсырылған сәтте есеп айырысамыз.

− Мәке, бұлай болмаспа екен. Сізге кепілқаржыны өткізіп қойып, ертең таппай қалып жүрсем қайтемін. Онанша тауарды толықтай әкеліңіз, сосын ақшаңызды бірден аласыз.

− Затты жеткізіп болған соң сіз қабылдаудан бас тартсаңыз не істеймін?

− Оның несіне алаңдайсыз, кәдімгі келісім-шартпен бекітейік.

− Ой, сіз де айтады екенсіз, баланы алдағандай. Келісім-шарт деген бір жапырақ қағазғой, отқа сала салатын!

Бұл шағын-орта бизнес өкілдерінің арасында жиі ұшырасатын әңгіменің үлгісі.

 

***  ***  ***

Бүгіндері жеңгесімен қайнының және қайын сіңілісінің сырласуы былай өрбитіні үйреншікті ауан.

− Неге үйленбей жүрсің, “бәрі де менікі” деп жүріп сүрібойдақ атанып қалма, қамдан батырым.

− Ой, қыз жоққой әйел болатын, сіздердей қыздар бұл өмірде жасамайды.

− Көне етіктіні көзге ілмей, көк етікті тағы кез келмей есіл уақытыңды босқа өткізіп аласыңғой еркем, қалай отырып қалғаныңды білмей қалып жүрме!

− Жігіт жоққой қазір. Бәрі алдамшы, гүліңді үзген соң күліңмен қалдыратын әумесір өңкей.

 

***  ***  ***

Абысын ара кеңестен.

− Самат семейден қоңырау шалыпты, бізден алған көліктің құжаттарын Алматыдағы бажама ресімдей беріңдер деп. Құжаттарды оған жазып берген соң қалдық ақшамызды ала алмай жүрсек сосын. Бірден бетін қайтаруға ұялғасын, әмбе айнытып алмайық деп, машинаның құжаты Ақтауға кеткен баланың қалтасында кетіпті, сен өзің келгенше оны да алдырып дайын етіп қоямыз деп құтылдық.

 

***  ***  ***

Өмірдің барлық саласын сенімсіздік жайлаған! Бәрімізге белгілі, ата-аналар өзіміздегі жоғары білімге сенбей балаларын шетел ЖОО-на жіберуге арпалысады. Жұрттың азынаулақ жиған қаржысын банктерге қоюға жүректері дауаламайды. Пышақ ұстаған дәрігерге лайықты ырымын жасамай, науқастар ота кереуетіне жатудан қалған. Халыққа қызмет көрсету орталығына өз құжыраңда тіркеулі оқушы балаңның атына зәудеғалам бір анықтама сұрай барсаң, әке-шешесі қос-қостан барлық құжатыңмен алдарында тұрсаң да туылу куәлігін тектейді. Ауылшаруашылық өнімдерін сатып алушы кооперативтер ерте көктемде шаруаларға уәде еткен сатыпалу бағасынан өнім қабылдайтын шақта айнып шыға келеді. Көктемгі егіс мезгіліндегі жанармай жырына сөз зая кетірмейік те. Айта берсеңіз мұндай мысалдар шаш етектен. Бейне бір табаның жерге тимейтін әлемде өмір кешіп жүргендейсің!

***  ***  ***

Жоғарыдағылардан аңғаратынымыз, біз экономикалық қана емес, сенім дағдарысының да құрсауында отырмыз. Бұл айналып келіп экономикалық дағдарысты асқындырады, кемінде қоғамның онан шығу бұлқынысын әлсіретеді. Мәселен, халықтың қолдауынсыз мемлекеттің саяси жігерінен қандай береке күтуге немесе биліктің сенімінсіз халықты қандай харекетке ұйымдастыруға болады. Нақтылы сауда-саттық жайлы келісіп отырған екі бизнес субъектісінің әлгіндей аңдысуынан кейін дәл сол алым-берімнен қандай нәтиже күтуге болар. Мысықтың тышқанға бергендей уәдесімен ауыл еңбеккерлерінің жұмысынан қандай береке тілегендейміз.

Тегімізден сөзге тұрғыш, уағдаға берік халық едік. Социалистік суайттықтар діңіміздегі сенім ұсқындарын шайып кетті. Өте-мөте саты-саты бойынша жалған мәлімет беру, басшылықтың көзін бүркемелеу жұртты әуелі өтірікке үйретті. Жауапкершіліктен өстіп құтылу бара-бара адамдарды өтірікке әуес етті, дағдыға айланды. Басшылық өзіне жеткен мәліметтің шындығына емес, әуелі оның бәленбай пайыз жалғандығына сенетін болды, ол өзіндегі мәліметті осы қалпымен өз басшылығына жолдайды, ол да бұған “сенбей тұра сенеді”. Өтірікке саналы түрде сену бүтін қоғамда сенімнің қасиетін кетіріп тынды! Арықарайғы аумалы-төкпелі өтпелі кезең машақаттары адамдарды көп жағдайда өтірік айтуға мәжбүрледі. Бұл сенім дағдарысының отына май құйғандай болды. Осындай тарихи себептерге біздегі заңның атқарылуындағы ауытқулардың, әділетсіздіктер мен бұра тартушылықтардың зардабын қосыңыз. Ол барып халықтың сот жүйесіне, жалпы әділеттілік тетіктерінің ақаусыз жұмыс істеуіне деген сенімін сұйылтып жіберді.

Мейлі кеңес заманында болсын, мейлі онан кейін де, осы себептердің ішінде, бәрібір, биліктің ұстанымы мен харекеті басты орында тұрғаны анық. Әлемдік тажірибеде де солай. Ендеше, қоғамды жайлаған сенім дағдарысынан шығуды, тіпті осы жағдайдан қоғамды алып шығуды ең алдымен билік қолға алуы шарт. Ол үшін әуелі халыққа берген уәдесін орындауы − билік жүйесін қайта бөлісу жөніндегі уәдені адалауы? Алған бастамаларын тәмамдауы? Айқайлатқан бағдарламаларды түйіндеп, есебін беруі? ақтай алмай қалған жобаларының жөн-жайын түсіндіруі, сол арқылы қоғам алдындағы жауапкершілігін батыл мойындай алатындығын білдіруі ләзім. Сонда ғана әлеумет алдындағы шашырап қалған сенімін жинай алар еді. Сонымен бір уақытта, сот жүйесіндегі берекетсіздікті тектеп, кім-кімнің де әрекетінің өз мәніндегі бағасын алуын қамтамасыз етуі керек. Қала берді, идеялогиялық нәсихат, білім беру тегершіктері, медиалық ұтымды жобалар, бұқаралық тәрбиені үгіттеу сияқты жолдармен жұртты қоғами сенім дағдысына бейімдеу мен оны қалыптастыруға тартуы және жетелеуі тиіс. Біз мұнда тек қазіргі жүйе сөресіндегі әңгімені қозғап отырмыз. Ал, билік онан да батыл қадамдарға барып, қоғамдық сенімнің ірге тасын батыстағыдай биліктің үш бұтының өзара тежегіштігі тетігімен бекітуге талпыныс жасаса, онда халық құлшына қолдағаннан тыс, шынымен билікке сене бастар еді!    

Құрмет Қабылғазыұлы

Jebeu.kz

 

 





Неге жапондық балалар мүлде басқа?
Харв Экердің байлық туралы сабақтары