Ким Жоңун, достық ордені және зейнеткелер шағымы

admin2 2018-06-17 56 ℃ Қысқаша

Айналасы бір аптаға жетер-жетпес уақытта әлемде ойпыл-тойпыл уақиғалар орын алды. Билі...

035ADAE4-EBBC-4CED-898A-F16FFE434A05.jpeg

Айналасы бір аптаға жетер-жетпес уақытта әлемде ойпыл-тойпыл уақиғалар орын алды. 

Билікке келгелі 10 жылдан бері ел табалдырығынан ашық аттап шықпаған Ким Жоңун мырза соңғы жарты жылда Қытайға екі мәрте сапарлап, түстік Корея басшысымен шекарада пікірлесіп, атом қаруы базасын жойып, ел тарихында атасы мен әкесі адақтамаған істі - АҚШ президентімен жолығып, түбектің түбегейлі тыныштығын көздеген келісімге қол қойды. Осының бәрі ерте көктемгі Қытай сапарынан тұтанды. Алдынғы екі буын Кимдер алаңсыз арқа сүйеп келген дәстүрлі әм сенімді әріптес ҚХР, бұл баланың тұсында теріскей елге қырын қарай бастаған. Идеологиясы мен саяси түзімі біте қайнасқан екі ел достығының мызғымастығығына Қытайдың тұтас әлеми танымының жаңаруы мен сыртқы саясатының прагматизмге бағыт алуынан тыс, бала Кимнің ата буыннан келе жатқан дәстүрге ыңғай бере бермеуінен селкеу түсе бастаған еді. Әсіресе, оның ядролық қарумен табанды әуестене бастауы қарт Қытайдың шамына тиген. Желкесінде отырған елдің мұндай алапат қаруға ие болуы, қанша жерден “екі туып бірі қалса да”, Қытай қаламайтын жайт-ды. Сонымен, былайғы әлемнің көзқарасынқайырып қойып, екі атасынан бері қамқорлығына алып келген елді шөміштен қаға бастаған. Әсіресе,  қамдаудың басқа түрлерін шектеу мен азайтуды айтпағанда, өткен қыстағы көмірден тарықтыру терістіктің тентегінтәубесіне келтіргендей болды. Наурызда Бейжіңге жасырынып келіп, жарянды қайтуы Ким Жоңунның осы тәубешілдігінің қаржымысы болатын. Әке көрген елдің басшысының батасын алып қайтқан баланың жолы ашыла берген. Әуелде түстіктегі қандасымен құшақтасып қайтқан Ким бала, екі еларасындағы сәби Трамп кезінде тамыр тартқан жаулықты ақсақал Трамппен ақырластыруға Сингапорда келісіп қайтты. Уәдеге табандылығы әлі де сыналуы тиіс ата-баланың келісімді қай жерге дейін жеткізетінін айтпағанда, Қытайдың осы келісімнің өмірге келуіндегі рөлі мен маңызын бағамдауға болатын шығар. Ким-Трамп келісімінің сиясы кеппей жатып-ақ ҚХР СІМ-нің баспасөз хатшысы: “түбектің мәселесін саяси жолмен шешудің үдерісі Қытай ойлағандай “қос релспен” жылжып келеді”, - деп мәлімдеді. Шетелдік сарапшылар да АҚШ-солтүстік Корея келіссөзі Қытайлық межемен кетіп бара жатқанын пайымдауда.

                 ***      ***     ***

Қытай мен Ресей бас болып ұйыстырған ШЫҰ-ның кезекті саммитіне қатысуға келген Путинге ҚХР төрағасы Ши Жинпиң ҚХР-ның шетел азаматтарына арнап тағайындаған ең  жоғарғы марапат - "Достық" орденінің тұңғыш нұсқасын табыс етті. Шынтуайтында, бұл орден  Қытай-АҚШ қатынасы өзара сауда-саттық және геосаяси бәсекелестіккке байланысты шиеленісіп тұрған тұста тура Пұтин үшін арнап соғылғандай еді. Өйткені, басты мұраты “Қытайдың социалистік құрылысына, Қытай мен шетелдердің барыс-келісіне, әлемдік бейбітшілікті қорғауға айтулы үлес қосқандарға” арналған орденнің бейбітшілік бағытында Путиннің нендей “үлес” қосып жатқандығын Қытай аңғармай отырған жоқ. Мұнда оның бағалап отырғаны - Ресейдің Қытай-Америка текетіресіндегі Қытайға болған қолдауы. Аталмыш орден арқылы Қытай АҚШ-ның бұрынғыдай өзінің айтқанымен жүргізіп, айдағанына көндіретін дара шонжар кейпінде емес екендігін ескертсе; осы орденді жершары жан санының жартысына жуығының басын құрайтын ШЫҰ саммиті қарсаңында беру арқылы оған геосаяси алаңда жаңа ойыншыға бетекі келгендігін жеткізгісі келді. Сонымен біруақытта АҚШ-на “санкциялар шеруінен” тынысы тарылған Ресейді оның шикізатына барар нарық ұсынып, қансыраған экономикасына қаржы төгіп, өзіне тәуелді ұстап отырғанын ишаралайды.  

                ***       ***       ***

12 маусым күні ҚР азаматтығын қабылдауларына байланысты Қытай елінің азаматтары болып тұрған шағында сол елге сіңірген еңбектерінің бодауы есебінде қаралатын, сондай-ақ Қытайдың тиісті заңнамаларында өтелуге тиіс деп айқын таңбаланған зейнетақыларының Қытай тарапынан жосықсыз тоқтатылып қалғандығына шағымданған отыз шақты оралман баспасөз мәслихатын өткізіп, талап-шағымдарын жеткізді. ҚХР-ның конституциясында және мұғажырларға саятын заңнамаларында мұғажырлардың қалыпты құқ-мүдделерінің қорғалатындығы анық көрсетілген. Осы құқ-мүдделерінің ішінде, әрине, кезінде Қытай еліне еңбек етіп, зейнетке шыққаннан кейін түрлі себептерге байланысты шетелдерге қоныс аударып, өзге елдің азаматтығын қабылдаған кісілердің қазіргі азаматтығына қарамастан Қытайдан зейнетақыларын жалғасты алып тұру сынды құқы да қарастырылған. Бұл өзге шетелдердегі мұғажырлар үшін аксиома сияқты. Қытайдың қайта сайланған төрағасы Ши Жинпиңнің алдыңғы сайланымында жемқорлықпен бел шеше күрескені және онан тиісті нәтиже шығарғаны белгілі. Кезекті билігінде “мафиялықты тектеп, басбұзарларды жоятынын” мәлімдеген оның осы бастамасының этникалық Қазақтар шоғырлы қоныстанған ШҰАР-да өңі айланып кетті. Шекара өңірдің тұрақтылығын сақтауды бірден-бір міндеті және жауапкершілігі деп түсінген және осындай тәсілмен “Тибеттерді жуасытқан” ШҰАР қазіргі билігі, басқаның бәрін қайырып қойып, жөн-жосын дегенді ысырып тастап, заңды белшесінен басып, тыныштықты сақтаудың ортағасырлық нұсқасына көшті. Бағдарынан адасып, көкейкөзі тұмшаланған олар үшін конституция, заң нормалары, адами қисын дегендер атқаруды қойып айтудың өзі әбес нәрселерге айналды. “Бөтен пиғылды күштермен” күресуді желеу еткендер жау жоқ жерден жау тауып, өз көлеңкесімен жұлысатын кейіпке жетті. Соның кесірінен жаңағы зейнеткер ата-апаларымыз бейнетінің зейнетінен қағылып, бараға жер, шағынарға төр таппай тентіреуде. Ал түрлі тетіктер арқылы жеткен арыз-шағымдар қадағалаудың жоқтығынан күресінге лақтырылуда. Үкіметсіздік пен бассыздықтың артында, шынтуайтына келгенде, “не істейсің” дейтін менмендік тұр-ды. 

              ***         ***          ***

Өзара қабыспайтындай үш әңгіменің түйісер тұсы - Қытайдың державалық пиғылы. Билікке Қытай ұлттарының ұлы жаңғыруындай “Қытай арманын” арқалай келген Ши Жинпиң, әлемді Америка жасақтаған және ұстап отырған қазіргі  жүйеге өзгерістер енгізіп, жаңаша халықаралық хатынастар жүйесін құруға, адамзаттың тағдырластығы қауымдастығын қалыптастыруға үндеп келе жатқаны бар. Бұл енді Қытайдың державалық пиғылының жарнамасы іспетті. Осы пиғылды іске асыру үшін қарастырыған тетіктердің ең ауқымдысы да, ұтымдысы да біздің төрімізде жарияланған “бір белдеу, бір жол”стратегиясы. Осындағы жібек жолы белдеуінің көмейінде отырған Қазақстанның Қытай үшін маңызы айтақалсын. Қытайдың сырт көзге бастама есебінде көтерген, шын мәнінде әлемге өзі ұсынып отырған жаңаша халықаралық қатынастар жүйесін, дамудың Қытайлық нұсқасын, өңірлік геосаяси ықпалын енгізуді көздеген осы стратегиясының жалпылама қолдау тауып жатқаны тағы бар. Аталған стратегияның әлемдік экономика тоқырап, еркін сауда принциптерінің күдікке ілігіп, саудадағы қорғанымпаздық, дараланушылық  нысайы бас көтеріп, ғаламданудың кері ағымдары пайда болып жатқан тұста көтерілуі оны едәуір жаңашылдық сипатқа ие етті. Технологиялық жетістіктердің нәтижесінде, құрлық тасымалының теңіз тасымалынан икемділік пен қарқын жағынан басымдық ала бастауы бұл идеяның өміршеңдігін үстей түсті. Ең бастысы, Қытай экономикасының тегеуірінді әлеуеті осы стратегияны қорғаншақтамай қолға алуға рух берді. Әлемдік сауда жолының құрлыққа ауа бастауы мен Қытайдың аталмыш стратегиясы Қазақстан үшін  іздеп таппайтын мүмкіндіктер сыйлап отыр. Біздің осы ұтымды геоэкономикалық қонысымыз - біздің халықаралық саудадағы ең пәрменді басымдығымыз бомақ. Ол түптеп келгенде, біздің мақтан тұтарлық қазба байлықтарымыздан да маңыздырақ болуы мүмкін. Мысалы үшін айтсақ, Қытайдың біздің мұнайымыздағы үлесі 22%-ке жетті, стратегиялық байлығымызды меңгеріп кетті деп жатамыз. Керісінше, Қазақ мұнайының Қытайдың импорттағы үлесі 2%-ке де жетпейді екен. Есесіне,Қытайға ағытылған Орта Азия мұнайы мен газы Қазақстан құбырынсыз Шанхайлықтардың ошағын маздата алмасы анық. Демек, оның Қазақ мұнайын алмай тұруына болады, бірақ Түркмен газын жер астынан сорып кете алмасы және белгілі. Ал Қытайдың бір белдеуді бойлап батысқа ағылған тауарының дені Қазастаннан өтеді, Алашанкоу өткелінде техникалық себептермен тоқтап қалған бір құрамның қаншама  шуға (арттағы құрама, уақыт, кешіктіруге байланысты айыппұл, келісім-шарттың бұзылуы т.б.)ұласатынын електеп көріңіз. Демек, бізді пешенемізге сыйланған осы жағырапиялық артықшылығымызды  шебер де ұтымды пайдаланудың, Қытайлық идеяны өз мүддемізге қызмет еттірудің, Қытай үрейін Қытай орайы етіп жұмсаудың тарихи ораты күтіп тұр.

 

  Құрмет Қабылғазыұлы

   Jebeu.kz

 

 


Елімізде республикалық деңгейдегі үш музей-қорығы ашылды
Кері қайту