Бұл қазақ қоғамының өз қандасын қорғауға көрсеткен мінезінің бірі

Уақыты: 2018-08-25 Көрлімі: 3012 Сипаттама

24 тамыз күні «Қазасқтан» баспасөз клубында қандастар мәселесі бойынша 13-19 тамыз аралығ...

1535134750378646.jpg

24 тамыз күні «Қазасқтан» баспасөз клубында қандастар мәселесі бойынша 13-19 тамыз аралығында Қытайға барып қайтқан делегация мүшелері баспасөз-конференциясын өткізді

 «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігің төрағасы Омарәлі Әділбек,  «Жаңа Қазақстан» форумының мүшесі, саясаттанушы Расұл Жұмалы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бас хатшысы Рахым Айыпұлы, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, «Отандас ел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхан Мамытхан осы реткі Қытайға сапары барысын әңгімелеп, журналисттер мен  Қытайда туыстары қысым көрген қандастардың  сұрақтарына жауап берді.

«Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігің төрағасы Омарәлі Әділбек: «Бүгінгі баспасөз-конференциясының мән-мағынасына келсек, жақында ҚХР-ның Қазақстандағы елшілігі мен Алматыдағы Бас консулдығы және ҚХР-ның Сыртқы істер министрілігінің ұйымдастыруымен еліміздегі қоғамдық ұйымдар мен әр салада жұмыс атқаратын азаматтар мен азаматшалардан құралған 18 адамдық делегация Қытайға барып қайттық. Сапарымыздың басы Пекиннен басталды. Пекинге барғанда әуежайдан бізді  ҚР-ның Қытайдағы елшілігінің қызметкері Елдар атты азамат күтіп алды. Түс мезгілінде Қазақстанның Қытайдағы елшісінің кеңесшісі Әбу-Тәліп Аймаханов мырза келіп, ары қарайғы кездесулерімізде бірге болды. Бірінші кездесу ҚХР-ның бірліксап деп аударып жүрміз, Біріккен майдан министрлігінде болды. Министрдің орынбасары Тэн Тянь Шиң қабылдап, 1 жарым сағатқа жуық сөйлестік. Одан кейін ҚХР Сыртқы істер министрінің вице министр дәрежесіндегі көмекшісі, ҚХР-ның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Чжан Ханьхуэй мырзамен кездесу болды. Ол кісімен бір сағаттан артық пікір алмастық. Осы кездесулерде біраз мәселелерді айттық, бұл жөнінде алда сұрақтарыңызға орай толықтап айта жатармыз. Бұл сапардың мақсаты Қытайдағы жағдайды құзырлы орындарына түсіндіріп айту еді. 2017 жылдан бастап Қытайдағы қазақтарға қысым түскені туралы ақпарат тарай бастады.  2017 жылдың 16 қаңтарында шекарадан ары өтбекші болған адамдар өте алмай 2 күн бөлініп өткен. Оның  барлығы Қытайдан келген зейнеткер қазақтар еді. Олардың бәріне Қытайға барып, қызмет орнына тіркелуді талап еткен болатын. Біз осыны естігеннен кейін ҚХР-ның елшілігіне хат жаздық. Онан кейін өткен жылдың тамыз айында Қытайдан бір делегация келді. Ол кезде біраз босады. Бірақ артынан тағы жағдай қиындап кетті. Дүниежүзі қазақтарының 5 құрылтайында Елбасы Сыртқы істер министрлігі мен үкіметке қандастар мәселесі бойынша нақты тапсырма берді. Сол бойынша біраз жұмыстар жасалып жатыр. Біз осы жылыдың 8 наурызында Қытайдың Алматыдағы Бас консулдығымен Жебеудің кеңсесінде кездесу өткізіп, біраз мәселені көтердік, содан кейін 19 наурызда Астанада Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Ханьхуэй мырзаның қабылдауында болдық. Сонда сол кісі сәуір айының ортасында Елшілік пен Консулдықтың қызметкерлерінен құралған делегация ШҰАР-ға барады деді. Біз сол кезде өзіміз де сонда барып, жағдайды өз көзімізбен көрсек деген ұсынысымызды айттық. Бірақ, олар алдымен осы делегация барып келсе, сіздер тұра тұрсаңыздар деді. Одан кейін ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхтар Тілеуберді мырза барып келіссөз жүргізді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ жиынына барды. Осылардан кейін біраз сең қозғалды деуге болады. Елбасының, Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық шеберлігінің арқасында біраз жұмыстар жасалды. Біздің делегацияның барып қайтуы да осы еңбектердің нәтижесі деп білемін. Біз барғанда екі минисрлікпен кездесіп, 4 қалада болдық.

Алғашқы болып сөз алған Омарәлі Әділбекұлынан кейін саясаттанушы Расұл Жұмалы орыс тілді ақпарат құралдарына жалпы жағдайды, осы реткі сапар барысын түсіндіріп өтті. Ары қарай Рақым Айыпұлы, Мұхан Мамытхан, Жанарбек Әшімжан мырзалары Қытайдағы сапарларының мән-жәйін айтып өтті.

«Жаңа Қазақстан» форумының мүшесі, саясаттанушы Расұл Жұмалы: Біздің делегацяға 18 адам кірді. Оның ішінде бірде-бір мемлекеттік қызметкер немесе шенеулік болған жоқ. Себебі, әлеуметтік желідегі халықтың қабылдауы, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жазбаларға қарап отырып бұл мәселенің оңай шешілуі мүмкін емес еді. Біз онда барғанда ақпараттардың ашық болғанын талап еттік. Себебі ақпарат ашық болмаған жағдайда заңдылық бойынша ол жерде жел сөз, өсек-аяң алып кетеді. Олай болмау үшін дұрыс ақпарат екі жақта да болуы керек екендігін қалаймыз. Сонымен қатар қазір біз құжаттардыру мәселесі бойынша ұсыныстар айтып жатырмыз. Неге осы елдің азаматтығын алып, Қазақстанға өтетін азамат болса шекарада шешетіндей, Қазақстанға Қазақстанның азаматтығын алып азаматы болып келетіндей ұсыныстар қойдық. Жалпы Үрімжіге біздің құжаттарндыру органдарының бөлімшесін ашып, сол жерден қандастарымыз құжаттанып келетіндей жағдай жасалса деп ұсыныс айттық. 

1535134515159386.jpg

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бас хатшысы Рақым Айыпұлы: Біраз адам осы реткі сапардан көп үміт күткен болатын. Бірақ, бірден шешіліп кетеді деп айта алмаймын. Себебі жағдай өте ауыр. Біздің осы сапардан байқағанымыз ШҰАР-дағы жағдайдың тым ауыр екенін, асыра сілтеушіліктерге барып отырғанын орталықтағы басшылар да байқап уайымдап отыр. Демек, сең қозғалды. Алда тағы талай кездесулер болады. Бір нәрсенің басы ашық, кездеспей, сөйлеспей бұл мәселені шешу мүмкін емес. Айту керек, түсіндіру керек. Олардың алдында бөлініп жарылған отбасылар, студенттер мәселесі, қандастардың себепсіз паспорттарының жиналынып алынуы, зейнеткерлер мәселесі қатарлы 6 мәселені ортаға қойдық. Олардың бәріне жауапты  Шыңжаңғдағы басшылар екенін айттық, Пекиндегі басшылар оны мойындап отыр. Енді нәтижесін күтудеміз.

«Отандас – ел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхан Мамытхан: «Отандас-ел» қоғамдық бірлестігінің атынан барып қайттым. Жалпы жағдайды ел біледі, деседе осы барып қайтуымыздан Рахым айтқандай сең қозғалайын деген үміт бар. Өйткені, Пекиннен тартып ШҰАР-ға дейінгі басшылармен кездескенде осы мәселені шешуге ықылас білдіріп отырды. Орын алған негізгі 6 мәселені барған делегат мүшелерінің бәрі толық айтты. Айтылмай қалған нәрсе жоқ деп ойлаймын. Олар осы мәселелердің шешу жолдарын қарастырып жатқандарын жеткізді. Енді ұзаққа бармай нәтижесі болып қалар деген үмітпен қайтып оралдық.

«Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан: Жалпы осы мәселе басталғалы бір жарым жылдан артық уақыт болды. Бұған дейін Қытайдың тарапынан ондағы болып жатқан мәселе бойынша ресми баға берлімеген. . Ресми мемлекеттік органнан ноталар жолданды. Жекелеген қоғамдық ұйымдар жағынан айтылды. Бірақ, нақты жағдай туралы ақпарат негізінен жабық болды. Осы делегатцияның алға қойған негізгі міндеті жүзеге асты ғой деп ойлаймын. Баратынның алдында жағдайды толық зертттеп, нақты деректерді, дәйектерді, құжаттарды жинап, ресми орындардың алдына қою және Қазақстандағы қоғамдық наразылықты жеткізіп, жалпы халықтың дипломатияның мақсаты орындалы ғой деп ойлаймыз. Бейжіндегі жоғарғы деңгейлі  комунистік партияның иделогиясын басқарушы органдар өкілдері , Ұлттық істер комитетіндегі департамент басшылары және Сыртқы министрінің көмекшісімен болған кездесулер өте сәтті, сапалы болды деп есептеймін. Алғашқы кезде Қытай жағы бұл мәслелерді Қытайдың өз ішкі мәселесі деп қарады. Бірақ, Қытайдың халықаралық қауымдастықтардың алдында өз мүдделері бар. Адмазаттың наным-сеніміне байланысты, саяси жағдайларға байланысты Қазақстан тарапынан ғана емес бүкіл шетел, халықара жағынан наразылықтар бар. Осыны Қытай сезініп, түйсініп отыр. Сондықтан, Бейжіңдегі кездесулер өте сәтті болды. Ал Үрімжідегі кездесулер кішкене ауырлау жағдайда өтті. Негізгі құжаттар тапсырылғанмен ШҰАР-дағы зиялы қауым өкілдерімен кездесек және «Саяси үйрену» орталығын өз көзімізбен көрсек деген талапымыз орындалмай қалды.

Мұқаш Таңғытұлы: ШҰАР-дағы кездесулеріңіз Бейжіңдегі кездесудей болмапты дейді, сол рас па? ҚР Сыртқы істер министрі айтқан 625 адам тулаы сөз болды ма?

Омарәлі Әділбек: Бейжіңдегі кездесу өте кең көлемді болды. ШҰАР-дағы кездесуде біраз жағдайлар болды. Басында ШҰАР-дағы 12 мемлекеттік мекеменің басшысымен 1,2 сағаттық кездесу өткіздік. Сол кезде олардың басшылары сөйлеп, 5, 6 мекеменің басшысы өздері жасап жатқан жұмыстардан баяндама жасап, біраз уақытымызды алды. Сол кезде бізді Қытай елшілігінен бастап барған Гу Миң деген мырзаға «бұл тым ұзарып бара жатыр» деген хабарлама жаздым. Содан кейін барып бізге сөз берді. Ол жерде үш адам сөйледік.  625 адамға келсек, олардың айтуынша 500,600 адам жіберіледі. Алды қолдарына паспорттарын алды. Мына Мұхан ағамыздың әйелінің келе алмай жатқанына бір жылдан асқан. Ол кісінің паспортын қолына алғанын естідік. Одан басқа Алтайдан үш адам бар. Қобықсарыдан бір адам саяси үйренуден шыққанын айтты. Алдағы уақытта 600-дей адам паспорттарын қолына алады. Біздегі сапар кестесінде Құлжа қаласы жоқ болатын. Сонан кейін біз Қытай консулдығына екі рет хат жазып, үш аймақтың біріне баруды талап еттік. Сонан кейін олар ойланып, облыс оталығы Құлжа қаласын қосты. Онда барғансоң олар біздің Құлжа қаласының басшылары мен зиялы қауым өкілдерімен кездесеміз деген талапымызды орындамай, Қорғастағы сауда аймағына әкелді.

Жанарбек Әшімжан: Бұл жиналысқа Шыңжаңның партия, үкімет басшылары  қатысқан жоқ. Тек сала басшылары ғана болды. Осы жиналыстан шыққан соң біз наразылығымызды білдірдік. Сонан кейін қайта жарты сағат ішінде үстел  басына отырдық. Ол жерде Шыңжаңның саяси бюро мүшесі, күнделікті жұмысқа жауапты төрағаның орынбасары қатысты. Осы жиналыста біздің адамдар талаптарын ашық және қатаң айтты. Тіпті Шынжаң басшысы ашуланып та қалды. Ақыр соңында біздің тараптың жүйелі дәйекпен айтқандарынан кейін ШҰАР басшысы Шынжаңдағы мәселелердің шешілетіне үміт бергендей болды.

1535134485636013.jpg

Арай: Бұл жағдай менің де басымда бар. Әйелім бір жылдан бері сонда, осы жылдың басынан бері саяси үйренуде. Жақында Қытайға барып, тұрақты тіркеуден шығып қайттым, сол жолы 15 минут кездестім. Енді тағы бармақшымын. Ол жақтан естіген ресми ақпараттарға қарағанда қазір 4,5 сағат кезіктіретін болыпты. Әйелім саяси үйренуден шығады екен деп те естідім. Осының бәрі халықты алдаусырату деп ойламайсыздар ма? Осы сапарларыңыздан қаншалықты үміт бар?

Мұхан Мамытхан: Сенің басыңдағы жағдай мен де бар. Сондықтан мен жауап берейін. Менің де бәйбішем бір жыл болды келмеді. Жаңағы 600 адамның алдын жібере бастады. «ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасарымен арада келісім жасағанбыз. Осы адамдар құдай қаласа осы адамдардың бәрін жібереміз» деп отыр. Біздің ұсыныс, пікірлерімізден кейін, және де олар осында бір делегация жіберіп, осындағы халықтың арыз-шағымын тыңдап, жағдайды бағамдаймыз, содан ары бәрінің мәселесін жеңілдетеміз, шешеміз деді. Олар екі елдің достығы негізінде осы мәселердің бәрін шешеміз, реттейміз деп отыр. Соған қарағанда үміт бар. Екі елдің достығын алдай алмайтын шығар? Сондықтан үміт бар.

Жанарбек Әшімжан: Бұл ауыл арасындағы адамдардың сөзі емес қой. Екі мемлекет арасындағы саяси қадам болғандықтан нәтиже болады деп ойлаймын. Бізді бастап барған ҚХР-ның елшілігінің өкілі Гу Миң мырзаға Қазақстанның азаматы ретінде өз тарапымнан рақметімді айтқым келеді. Өйткені, ол Шынжаңға келгенде «мен Қазақстан тарапынан сөйлеуге мәжбүр болып тұрмын» деп әңгімесін бастады. «Қытайдың Қазақстанда көптеген компаниясы жұмыс жасап жатыр, іскерлік байланыстарымыз бар. Мен осындағы Қазақстаннан келген делегация атынан ғана емес, Қазақстандағы болып жатқан наразылықтарды, жанайқайларды, бөлініп-жарылған отбасыларға қатысты, студенттерге қатысты, саяси үйрену орталықтарындағыларға қатысты болып жатқан алаңдаушылықтарды  қытайдың өкілі ретінде жеткізгім келеді. Соны сіздерге түсіндіргім келеді. Осының бәрін екі жақты ақылдаса отырып шешуіміз керек» дегенді шыңғырып тұрып айтты. Сондықтан бұл мәселе алдаусылатуға бармайтын шығар. Бейжіңде кездескен бұрынғы Қытайдың Қазақстандағы елшісі де осы мәселеге білек сыбана кірістім дегенді ашық айтты. Тура бүгін шешілмесе де, бірер жарым айдың ішінде тоң жібіп, шешіледі деген үміт бар.

Омарәлі Әділбек: Бейжіңдегі кездесуде ҚХР-ның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Чжан Ханьхуэй мырза «қазақ ұлты шекара аттаған ұлт. Қытайда көптеген ұлттардың мүддесі бар, ал қоныс аударушы қазақ ұлты екі елдің ортақ байлығы. Екі елдің достығының кепілі. Біз оны терроризмнен, басқадан бөлек қоямыз. Бұдан кейін Солтүстік Шынжаңда, үш аймақта кеден қызметін оңтайландырамыз. Кедендік тексерудер азаюға тиіс әлі көптеген жеңілдіктер беріледі» деді. Біз Ұлттық істер комитетіне бардық. Сол кезде Астанадан барған бір азаматша мешіттер мен мазардан айдың алынғаны, ұлттық киімдер мен қолөнер бұйымдарының өртенгені туралы пікір айтты, сол кезде департамент  басшысы одан хабарсыз екенін айтып қатысты орындарға  мәлімдейміз деді. Үрімжіге келгенде бір басшы Бір жол бір белдеу идеиясында халық пен халықты жақындастырады деген концеция бар деді. Сол кезде біз Бір жағалау, бір белдеуді қатты дәріптеп жатырсыздар. Бірақ қазір ерлі-зайыптыны айырып, әкесі баласынан айырылып қалды. Інісі ағасын көре алмайды. Алматыда көптеген оқушы, студент жастар әке-шешесіне жете алмай қалып қойды. Сонда осының бәрі осы Бір жағалау, бір белдеу идеиясына қайшы емес пе? дедік. Зейнеткерлер туралы айтқанымызда, сендер екі елден айлық алып отырсыңдар, жастарың толмай зейнетке шыққансыңдар  деп шамданған басшылар да болды. Оларға ерте зейнетке шығудың қытайдың еш заңына қарсы емес екенін, бұның бәрі Қытайдың мелекеттік саясаты бойынша жүзеге асқанын айттық.  Бірінші кезекте батыс өңірді ашу ретінде шекара районды дамытамыз деп, мемлекеттік қызметкерлерді 80,90 пайызбен зейнетке шығарып, сауда-саттық жасап, шетелге шығуға үгітегенін. Екінші рет мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту барысында, үшінші рет мектептерде қос тілді оқытуды бастағанда көптеген ұлттық мұғалімдерді 80, 90 пайызбен жасынан бұрын зейнетке шығарғандарын, соның бәрі қазір алды жетпіске жетіп, арты елуді еңсерген кезде зейнетақысын алып қою әділетсіздік екенін айттым. Онан кейін тағы айта кететінім, қазақ мәселесін халықаралық дауға айналдырудан олар да сескенеді. Біз осыны жеткізіп айттық деп ойлаймын. Біз осында көптеген пікірлерді жинақтап 6 мәселені жазып, Пекиндегі 3 министрлікке, Үрімжідегі 12 департамент басшысының қолына ұстаттық. Осының бәрін қытайшаға аударған осында отырған Құрмет Қабылғазы. Нұртұрған, Амантай атты азаматтар бастаған 133 мұғалімнің арызын да 15 данаға көбейтіп, жоғарыдағы айтылған мекеме басшыларының бәрінің қолына ұстаттық. Алда осының бәрінің жауабы болады деп ойлаймын. Жаңағы 7 сұрақтарымыздың ішінде Саяси үйрену орталығының мақсаты не? Оның шегі бар ма?  Деген сұрағымыз да болған. Тек осыған жауап ала алмадық. 

 Баспсөз-конференциясында қойылған өзге сұрақтар мен жауаптардың толық нұсқасын видеодан көре аласыздар.

 

Түйін: Бұл реткі сапар туралы әлеуметтік желі де алып қашпа сөздер де айтылуда. Делегация мүшелері сапардың нақты жемісі алдығы уақытта болуы мүмкін. Өйткені, Бейжің Шынжаңдағы асыра сілтеушілікті мойындап отыр дейді. Соңғы кезде ШҰАР ақпарат құралдарында да «Шынжаңның орнықтылғын сақтауға бағытталған жұмыстар нәтижесін беріп, Шынжаң толығымен тыныштанды» деген ақпараттар бере бастады. Міне бұл да енді асыра сілтеушілікке жол беру артық әрекет екенін көрсетер деген ойдамын. Бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрінінің орынбасары арнайы осы мәселе бойынша Үрімжіге келіссөзге барып, қазақтың иесі, жоқтаушысы бар екенін көрсеткен. Ал бұл жолғы қоғамдық ұйымдардың мүшелерінің баруы арқылы қазақ қоғамы Қытайдағы қазақтардың көріп жатқан қысымын Қытайдың астанасында айтты. Кім қалай бағаласа да, бұл қазақ қоғамының өз қандасын қорғауға көрсеткен мінезінің бірі. Ашуымызды осында шығарып, мінезімізді бір-бірімізге көрсеткенше, Қытайдың астанасына, ШУАР-дың басшыларының алдында көрсетуіміз қай жағынан қарасаңызда орынды. Қоғамдық ұйым өкілдері елге келген кезде, ҚР Парламентінің өкілдері мен журналистер де Қытайға сапарға аттанды деп естідік. Бұл сапарлардың қай-қайсысының болсын болғаны жақсы. Біз шын ниетімізбен Қытайдағы қазақтың мәселесі шешілсе екен деп тілейміз. Сондықтан да бар қадамды жақсылыққа балап, үміт күтеміз.

P.S: Шынжаңдағы басшылардың айтуынша қатысты мекемелерден құралған қызмет группасы Астана мен Алматыдағы елшілік пен консулдыққа келіп, айға жуық халықтың өтініш-арыздарын жинақтап, қалыптасқан мәселелердің шешу жолдарын қарастырады. Шынжаңдағы лауазымы жоғары қазақ басшыларының біреуі жақын арада Қазақстанға іс-сапармен келіп, қандастарымызбен кездеседі. Бұған қатысты ақпараттар уақытында сайтымызда жарияланады.

Тұрдыбек Құрметхан

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрбан айт мерекесімен құттықтауы
    Айдос Сарым Дархан Кәлетаевтың кеңесшісі болып тағайындалды