Алматы мемлекеттік қорығының экожүйесі қалай қорғалуда?

Уақыты: 2020-11-25 Көрлімі: 1210 Сипаттама

Іле Алатауының орталық бөлігінде 71 мың гектардан аса аумақты алып жатқан Алматы мемлек...



Іле Алатауының орталық бөлігінде 71 мың гектардан аса аумақты алып жатқан Алматы мемлекеттік табиғи қорығы теңіз деңгейінен 1200-5017 метр биіктікте орналасқан. Биыл тоқсан жылға жуық тарихы бар табиғи қорық ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік резерваттар тізіміне енді.


Талғар тау сілемдеріне көтерілген са­йын ақ ұлпаға оранған орман қою­лана түседі. Зембіл көкке өрмелеген қара­ғай­­лар­дың сұсты кейпіне қарап жасыл шыр­шалы мекеннің иесіне бас иген­дей бо­ласыз. Төменнен көз салғанда теңіз деңгейінен 4978,8 метр биіктікте орна­лас­қан Талғар шыңы менмұн­да­лайды. Мүл­гіген тыныштықта мұздық­тардан жет­кен Талғар өзенінің сылдырын ғана естуге болады. Иірім жолдар­дың жан-жағы – ит тұмсығы өтпейтін қалың ағаш. Жол жиегіндегі ақпараттық ескертпелер алқаптың ерекше күзетте екенін аңғартқандай. Бұл маңға арнайы инспекторларсыз, яғни орманшыларсыз адам аяғы аттап баспайды. Аралығын шақырымдар бөліп жатқан орманшылар бекеттеріне (кордондар) келгенде қо­рықтағы жүгірген аң, ұшқан құс, өсім­дік­тердің жіті назарда екеніне көз жеткіздік. Мұнда талап қатал. Тіптен жаз жайқалған кездері де бір түп жусанды жұлу түгілі, сабағынан сынып түскен бұтаққа тиісуге рұқ­сат жоқ. Қару ұстап, аң аулауға мүл­де тыйым салынған. Қорықтағы Қызыл кітапқа енген биоалуантүрліліктің тізі­міне қарап таңданбасқа лажыңыз қалмайды.

1

Алматы мемлекеттік табиғи қорығының директоры Қуат Байтұрбаев аймақтағы ахуал жайында баяндай келе, жасыл бел­деудің экожүйесін қорғаудың негізгі мәсе­лелеріне тоқталып өтті. Қорық аумағы солтүстік Тянь-Шань тау жүйесіндегі Іле Алатау сілемдерінің орталық бөлігінде орналасқан. Яғни Іле Алатауының орталық бөлігіндегі табиғатты, жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлемін қорғау, көбеюін қамтамасыз ету – қорық қызметінің негізі жұмысы. Қорықтың негізгі бөлігін Талғар тау алабы құрайды. Мұндағы негізгі шатқалдар – Талғар, Есік. Шатқалдардан ағатын өзендер де осы аттас келеді.

Жасыл белдеуді шақырымдарға со­зылған асфальтты жолдар жалғап жатыр. Соңғы жылдарда Алматы облыстық әкім­дігінің қолдауымен бұл маңда жол­дар жаңартылып, орман бекеттері жа­рықтандырылып, күрделі жөндеуден өткен. Құзар шыңдардың етегінде отырса да орманшылар елдегі, сондай-ақ шет­елдердегі жаңалықтардан Otau TV арқылы хабардар болып отырады. Бұл – орманшылар жұмысын жеңілдетіп, отбасыларымен бірге алаңсыз жұмыс істеуіне жасалған жағдай. Инспекторлар арнайы киімдер, отын-сумен уақтылы қамтамасыз етілген, коммуналдық төлем­дер де қорық есебінде. Орманшылар өз учас­кесін арнайы аттармен барлайды. Қысы-жазы күтімде тұратын қорық мен­шігіне алынған аттар ну ормандарды ер­кін аралап қайтуда таптырмас көлік екені анық. Десек те тікұшақ, квадроцикл пайдаланып, көлік жүрмейтін жерлерге дейін аттарды арнайы көлікпен жеткізудегі дамыған елдер тәжірибесі алдағы уақытта отандық орман шаруашылығында да жүзеге асырудың қажеттілігін көрсетеді. Орман қызметіндегі тәжірибелі мамандар Сланбек Бушуков, Жанболат Баймұханов, Әділбек Жүнісов, Тимофей Панин, Алимжан Заи­тов, Мұхит Қуанышбеков, Александр Матвиенко, Жаховский Евгений, Ербол Лешбаев, Вакуленко Григорий мен Данияр Сәдуақасов сияқты инспекторлардың еңбек жолы Алматы қорығымен байланысты. Он екі жылдық тәжірибесі бар инспектор Жанболат Баймұханов карантин кезінде орманның тыныс-тіршілігімен жақын та­ныстықтан соң ұлы Сырымның басқа мамандық иесі болғанына қарамастан, орманшылық кәсіпті игеруге шешім қабылдағанын жеткізді.

1

Шамамен 2700 биіктіктегі орман аты­­ра­бының көзге көріне бермейтін тір­­шілігі қым-қуыт. Әр инспектор өз учас­кесін қадағалап, табиғатта болып жатқан өзгерістерді күнделігіне түсіріп, фото­тұзақтарды қарап отырады. Иә, тылсым табиғаттың тосын мінезін дөп басу қиын­ның қиыны. Жазда аяқ астынан өрт шықса, қыста қар көшкіні жүру қаупі бар. Ал көктем келе судың тасуы да тосын жайт. Бөгде адамдардың қорық аумағына кіруіне тыйым салынғандықтан, заңсыз аң аулау, күн жылы мезгілдерде от жағып, емін-еркін серуендеуге де болмайды. Қо­рықтағы ережелерге қарамастан, биыл заңсыз аң аулау фактілері тіркелген. Заң бұзушыларға 2 млн-нан аса айыппұл салынып, сотқа дейінгі амалдар жүргізілген. Ал қорықтың табиғатын тамашалауға келген туристердің қауіпсіздігін арнайы инспекторлар қадағалап отырады. Жаз кезінде Манах шатқалы, жартастардағы жазулар, құмыра пішінді сарқырама сияқты өңірге тән ерекшеліктер туристердің қы­зығушылығын арттыра түсетіні анық.

Орманшы – қауіпті кәсіп. Қуат Нұра­хымұлы атап өткендей, Алматы қо­ры­ғында биология, экология, аңшы кәсібін меңгерген мамандарға сұраныс жоғары. Осы тұста қорық директоры ауылға жолдамамен баратын мамандарға жасалатын әлеуметтік мүмкіндіктер орман ша­руашылығы мамандықтарына да берілсе, құба-құп боларын айтады. Баспанасыз жастар үшін азғантай еңбекақығы пәтер жалдап, отбасын асырау оңайға түспей­тіндіктен де болар, орман ісінде жас мамандар тұрақтамайды. Бүгінде қорық қызметкерлерінің 70 пайызы – аға буын мамандар. Орманшылыққа жас мамандарды тарту мәселесіне қатысты депутаттарға да құлаққағыс жасалған. Ал еңбекақысына ауылдық мөлшерлеменің қосылып тө­ленетіні соңғы кезде инспекторларға жа­салған әжептәуір көмек болды. Дегенмен екінің бірі қалай бермейтін мамандыққа жастарды қызықтыру мақсатында Талғар, Еңбекшіқазақ ауданындағы мектептерде Алматы қорығы қызметкерлері тарапынан жиі кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Жыл сайын табиғат туралы сурет байқауын өткізіп, мектеп оқушыларына сыйлықтар үлестіру, сонымен бірге табиғатты аялау, ағаш отырғызу да орманшы кәсібіне деген қызығушылықты оятуға бағытталған шаралардың бірі болса керек.

1

Еліміздегі табиғи қорықтардың құрылу тарихы 1922 жылдары басталады десек, 1926 жылы Орта Азия мен Қазақстанда бірінші болып Ақсу-Жабағылы қорығы ұйымдастырылса, арада бес жыл өте 1931 жылы Алматы қорығы құрылған-ды. 1935 жылы ақпан айында қорыққа мемлекеттік мәртебесі берілді. Алматы қорығының ең басты байлығы – Тянь-Шань шыршалы ормандары. Іле Алатауындағы таби­ғаттың қалыпты тіршілігі тікелей шыр­шалы ормандармен байланысты. Қорықта жоғары сатыдағы 85 тұқым­дасына жататын өсімдіктің 960 түрі өседі. Оның ішіне ағаштың 14 түрі, бұта­лардың – 64, бұташалардың – 3, жартылай бұташалар – 5, лиандардың – 3, бір­жылдық шөптесін өсімдіктердің – 47, көпжылдық өсімдіктердің 722 түрі бар. Төменгі сатыдағы өсімдіктерден саңы­рауқұлақтардың – 200, мүктердің – 80, қы­­налардың 200 түрі кездеседі. Қылқан жа­пырақты орманда сүтқоректілердің – 41, құстардың – 177, бауырымен жор­ғалау­шылардың – 6, қосмекенділердің 2 түрі мекендейді.

Қорықтың Экологиялық ағарту бө­лімі­нің басшысы Жанерке Биғазинова құрылғанына жарты ғасырдан асқан музей жұмысымен таныстыра келе әр белдеу­де өсетін өсімдіктер мен тіршілік ететін жануарлар дүниесімен таныстырып өтті. Бүгінде Орталық Азия және Қазақстан тауларында азайып бара жатқан, әлемдегі барлық алма сорттарының атасы болып табылатын жабайы сиверс алмасы  осы биік белдеудің басты нышанындай. Қорық аумағында өсетін екі жүзден аса саңырауқұлақ түрлері жеуге жарамды келеді десек, мүк пен қына, басқа да сан алуан өсімдіктердің халық медицинасында дәрілік ретінде, өндірісте бояу ретінде қолданылатынын екінің бірі біле де бермейді. «Қызыл кітапқа» енген тау сусары, Түркістан сілеусіні, Тянь-Шань қоңыр аюы, ілбіс (қар барысы) сияқты биік белдеудің еркін тағысы марал, Сібір елігі, Сібір тау ешкісі, қабан, қасқыр, ақ тырнақты аю, сонымен қатар сасық күзен, бөдене, қабан, кішкентай жануа­р ақкіс, сақ жануар сілеусін де – қорық қызметкерлерінің қор­ғауында. Бүркіт, сақалтай, құмай, бидайық, орақтұмсық, көк құс, кекілік, ұлар, құр, қырғауыл сияқты құстардың да көптеген түрі ерекше бақылауды қажет етеді.

 Ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің мамандары тау басында айлап, апталап жүріп, қорықтағы тіршілік атаулыны, өсімдіктер әлеміндегі өзгерістерді бақылап, зерттеп отырады. Экологиялық ағарту бөлімі, Табиғат кешендері мен нысандарын қорғау бөлімдерінде үш тілді мамандар қорықтың халықаралық кеңістікпен байланысын нығайтуға ықпал етіп қана қоймай, еліміздегі туризмнің де дамуына айрықша үлес қосуда.

Бүгінде Алматы мемлекеттік қорығы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Зоология және ботаника институтымен келісімшарт жасасқан. Осы келісімнің аясында студенттер тәжірибеден өтіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарына басымдық берілуде. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлескен жұмыстар нәтижесінде Алматы қорығына Оксфорд университетінен 40 фототұзақ сыйға тартылған. Қуат Нұрахымұлының айтуынша, осы фототұзақтарды орналас­тырып, қондырғыларды пайдалануды үйретуге келген шетелдік мамандар жер жағдайын, табиғаттың жайын жақсы мең­герген орманшылардың заманауи технологияларды игеру тәжірибелеріне ерекше таңданысын білдіріп қайтқан. Ал осы қорыққа БҰҰ жануарлар әлемін қадағалау бағдарламасы аясында сыйға тартылған дронды аппараттар да қорық күзетін нығайта түсетіні анық. Осыдан екі жыл бұрын жемтік іздеп, қорық аумағында қар барысының фототұзаққа түсіп қалғанынан көпшілік хабардар. Жаралы барыс бірнеше күн орманшылардың бақылауында болып, сауыққаннан кейін өз тұрағына қайта оралған болатын. Өткен жылы қорық инспекторы бейнебақылау құрылғысын бақылап, тексеруі кезінде екі аланы бар таутанды байқап қалған болатын. Ілбіс, қар мысығы деп те аталатын құзар шыңдар патшасы бүгінде аз зерттелген жануар. Олардың мекендейтін аумағы қолжетімсіз болғандықтан, зерттеу­лерге қиындық туғызып келгені белгілі. Ал ал­дағы уақытта қорық аумағындағы фо­то­тұзақтар ілбіс жайындағы кең көлемді зерттеулерге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Ілбіс Алматы мемлекеттік қорығымен қатар Тянь-Шань, Жетісу Алатауы, Тарбағатай, Сауыр мен Алтай тау­ларындағы қорықтарды мекендейді. Мәліметтер бойынша Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан облыс­тарындағы қорғауға алынған 13 аймақта қар барысын бақылау үшін БҰҰ ілбісті қорғау мен бақылау мақсатындағы бағдарламасы аясында 294 фототұзақ қойылған. Бүгінде Қазақстандағы ілбістің саны 130-140 шамасында.

1

Алматы мемлекеттік қорығы қызмет­керлерінің біліктілігін арттыру мақсатында Көлсай көлдері, Ақсу-Жабағылы, Қор­ғалжың қорықтарымен тәжірибе алмасу дәстүрлі шараға айналған. Мемлекеттік инспекторлар құрамының табиғат қорғау заңдылықтарының біліктілігін арттыру мақсатында, белгіленген кесте бойынша қорық мамандарымен ағарту жұмыс­тары тұрақты өткізіліп тұрады. Қ.Бай­тұрбаев атап өткендей, әр қорықтың өзін­дік ерекшеліктері бар. Ал туристерді қабыл­даудағы бұл қорықтардан үйренетін тәжірибелер өз алдына. Осы тұста Қуат Нұрахымұлы орманшыларға қысы-жазы жағдай жасап, отбасының ұйытқысы болып отырған әйелдердің құқықтық не­гізде қорғалмағанын алға тартты. Олар­ды жұмыспен қамтамасыз ету мүмкін бол­мағандықтан, зейнетке ең төменгі көр­сеткішпен шығады. Осы мәселеге байланысты депутаттарға хабарланып, арнайы сауал да жолданған.

Туған табиғатымызды қорғауда және оны сақтап болашақ ұрпаққа қалдыру мақсатында қорық ұжымы аянбай еңбек етіп келеді. Осы қажырлы еңбектің ар­қа­сында Алматы қорығы мамандары Қазақстандағы алдыңғы қатардағы қо­рық­тардың біріне айналып отыр. Десек те қаупі зор кәсіпті игерген орманшылар қызметіне басқаша көзқарас қажет.

 

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ

АЛМАТЫ


Дереккөз:  egemen.kz


Пікір жазу
  • Онкологиялық ауруы бар пациенттер нені ескеруі керек?
    Nur Otan Мәжіліс сайлауына кандидаттарды бекітті: Айдос Сарым, Ерлан Сайырв, Жанарбек Әшімжан

    Ұқсас тақырыптар