Қарапайым мамандықтарға сұраныс көп

Уақыты: 2021-11-09 Көрлімі: 283 Сипаттама

Еңбек ресурстарын дамыту орталығы электрондық еңбек биржасында өткен айда мамандықта...


Еңбек ресурстарын дамыту орталығы электрондық еңбек биржасында өткен айда мамандықтарға сұраныс байқалғанын хабарлады. Орталықтың дерегі бойынша 2021 жылдың қазан айында 139,6 мың бос жұмыс орны және 49 мың түйіндеме орналастырылған. Өткен айда жарияланған бос жұмыс орындары аздап өссе, түйіндемелер саны 21%-ға азайып, еңбек нарығындағы үдерістердің баяулағанын көрсеткен.

Электрондық еңбек биржасында әдет­тегідей от жағушыларға сұраныс көп болса, керісінше жұмыс іздеген заңгерлер, қаржыгерлер мен мал өсірушілер көп.

«Өткен айлармен салыстырғанда қазан айында мұғалімдер мен сұх­бат алушыларға сұраныс төмендеді. Со­ны­мен қатар еңбек биржасында құ­рылыс саласының қызметкерлері: арматурашылар мен бетоншыларды іздеушілер көбейді. Бұл мамандарға деген сұраныс қазан айында 2,2 мың бос орынды құрады, яғни өткен айға қарағанда 1,8 мыңға артық болды. Мұн­дай мамандардың тапшылығы сон­дай, Атыраудағы жұмыс берушілер олар­дың жалақысын 500 мың теңгеге дейін көтеруге мәжбүр болды», дей­ді Еңбек ресурстарын дамыту орта­лығының атқарушы директоры Алек­сандра Молчановская.

Еліміздің өңірлеріне жеке тоқтал­сақ, қазан айында электрондық ең­бек биржасында жаңа еңбеккерлерді іздеу жағынан Түркістан облысы­ның жұмыс берушілері белсенділік та­нытқан. Мұндағы сұраныс барлық бос орынның 14%-ын құраған. Сон­дай-ақ жаңа кадрларға деген жо­ғары қажеттілік Шымкент (11%), Алма­ты (10%) және Нұр-Сұлтан (9%) қала­ларында байқалған. Өткен айда Шым­кент қаласында қазіргіден 3,6 есе аз бос жұмыс орны орналастырыған. Ал Алматы облысында керісінше, жұ­мыс туралы ұсыныстар саны екі есеге (51%-ға) қысқарған.

«Электрондық еңбек биржасын­дағы әрбір бесінші бос жұмыс орнын жеке кәсіпкерлер жариялады, оның ішінде бос орындардың 62%-ы 3 аймаққа – Қостанай және Түркістан облыс­тарына, сондай-ақ Шымкент қа­ла­сына тиесілі», деп толықтырды сөзін А.Молчановская.

Жалақыға келетін болсақ, оның көлемі өңірлерге және мамандыққа байланысты әртүрлі. Мысалы, ең көп еңбек­ақы – Атырау облысында. Атал­ған облыста қазан айында 1,2 млн тең­геден 1,5 млн теңгеге де­йін жа­ла­қысы бар 11 бос лауазым ашыл­ған. Жұмыс берушілер жоба басшылары мен менеджерлерге, базалық тех­ни­калық қызмет көрсету жөніндегі үйлес­тірушілерге, бас инженерлерге (өңдеу өнеркәсібінде), механик-инженерлерге, конструктор-инженерлерге, инженерлер-бағдарламашыларға, жабдықтарды жинақтау және телекоммуникация саласындағы техникалық қолдау жөніндегі инженерлерге осындай еңбекақы ұсынып отыр.

Жалпы, Атырау – өңірлер арасында жалақы жағынан көшбасшы облыс. Мұнда жалақының орташа деңгейі биылғы үш тоқсандағы жағдай бойынша 419,1 мың теңгені құраған.

Атырау облысымен қатар, еңбек биржасында жоғары еңбекақы төлей­тін бос жұмыс орындарын Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында және Нұр-Сұлтан мен Алматы сынды ірі қала­ларда табуға болады, бұл өңірлерде еңбекақы – 600 мыңнан 800 мың теңге аралығында.

Қазан айында арнайы біліктілі­гі жоқ жұмысшылар үшін ұсыныла­тын еңбекақы (29,3 мың бос жұмыс орны) ел бойынша 58,1 мың теңгені құрады. Ал білім беру саласының қыз­меткерлеріне (8,8 мың бос жұмыс орны) ұсынылған орташа жалақы көлемі 86,4 мың теңгеге тең.

Бұған қоса, қазақстандық жұмыс берушілер құрылысшыларға айына 94,8 мың теңге төлеуге дайын, оларға 6,4 мың бос жұмыс орны ұсынылды.

Денсаулық сақтау саласының кадр­ларына деген қажеттіліктің артуына байланысты дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлердің жалақысы жоғары болып тұр. Элек­трондық еңбек биржасына шыққан 3,1 мың бос жұмыс орнына орта есеппен 114,9 мың теңге ұсынылды.

Жұмыс берушілер көрсеткен орташа еңбекақы денсаулық сақтау мамандарынан басқа, жоғары лауазымды тұлғаларға, заң шығарушылар мен мемлекеттік қызметшілерге (172,3 мың теңге) белгіленді. Сонымен қа­тар жұмыс берушілер өндіріс және сер­вистік қызмет саласындағы корпо­ра­тивтік бөлімшелердің басшыларына (басқарушылары) – 166,1 мың теңге (1,8 мың бос орын) және ғылым (статистика) мен техника саласы мамандарына, нақтырақ айтқанда, өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті қорғау және қауіп­сіздік техникасы инженерлеріне, ин­же­нер-сметашыларға 145,7 мың теңге (2,3 мың бос орын) жалақы ұсынды.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ



Дереккөз: egemen.kz


Пікір жазу
  • Мәжілісте бизнеске жүктемені азайтуға бағытталған құжат мақұлданды
    Қазақстанға Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы келіп жетті

    Ұқсас тақырыптар