Бүгін – Жалпыұлттық аза тұту күні

Уақыты: 2022-01-10 Көрлімі: 43 Сипаттама

Елдегі бейбіт шерудің соңы арантатушылардың кесірінен жаппай тәртіпсіздікке ұласып, к...

271720709_1953573594822316_902699286252146813_n.jpg

Елдегі бейбіт шерудің соңы арантатушылардың кесірінен жаппай тәртіпсіздікке ұласып, көптеген адамның қайтыс болуына байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған болатын. 

Бүгін Қазақстан бойынша Мемлекеттік тулардың барлығы төмен түсіріліп, тәртіпсіздік  кезінде қаза тапқан бейбіт тұрғындар мен әскерилер, полиция өкілдері мен құқық қорғау қызметкерлеріне құрмет көрсетіледі.

Кейінгі күндері болған қақтығыстар кезінде қайтыс болған азаматтардың туған-туысқандары мен отбасыларына ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтқан болатын. 

«Алматыда содыр-лаңкестердің қолынан әкімшілік ғимараттар ғана емес, бейбіт тұрғындардың мүлкіне де залал келді. Сондай-ақ жүздеген бейбіт тұрғын мен әскери қызметшінің денсаулығы мен өміріне қатер төнді. Осы трагедиялар кезінде қайтыс болғандардың отбасына көңіл айтамын», - деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қаскөйлікке барған адамдардың бәрі қатаң жазаланатыны айтты.

«Біздің тарихымыздағы осы бір қиындықты тез арада еңсеретінімізге ешқандай күмән жоқ. Ең бастысы, болашақта мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу керек.

Мен құрған ведомствоаралық топ содырлар мен лаңкестерді іздеумен және оларды ұстаумен айналысады. Олардың бәрі қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп азаматтарымызға уәде беремін.

Барша қазақстандықтан өтінерім, сақтық танытып, барынша қырағы болыңыздар. Күмәнді адамдардың қандай да бір күдік тудыратын белсенді әрекетін байқасаңыз, құқық қорғау органдары мен жедел желілерге хабарлаңыздар», - деді Қ.Тоқаев.

Осы орайда Алматыдағы және өзге қаладағы тәртіпсіздік кезінде қаза болған қауіпсіздік қызметкерлері мен бейбіт қала тұрғындарының бауыр-туыстарына көңіл айтып, рухтары бейіште шалқысын дейміз. Тәуелсіздіктің баянды, еліміздің берекесі бекем болуын тілейміз. 

ҚР Ішкі істер министрлігі бүлікшілермен қақтығыста қаза тапқан полицейлердің тізімін жариялаған болатын:

Тараздық полиция қызметкері капитан Сланбеков Рахат Нұрбайұлы;

Алматы қаласының полиция старшинасы Қамбетов Ринат Талғатұлы;

Алматы полиция бөлімінің аға сержанты Асылханов Әлен Мұхитұлы;

Прапорщик Ержанов Ербол Тілеубекұлы;

Жамбыл облыстық полициясының кіші сержанты Алмасов Нұрболсын Ғаниұлы.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті де қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің тізімін жариялаған. 

«ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті қаңтар айындағы оқиғалар салдарынан қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасыларына, туған-туысқандары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтады», - делінген комитет хабарламасында.

Қаза тапқан  ҰҚК қызметкерлердің тізімі:

1. ҚР ҰҚК Шекара академиясының кафедра бастығы Андрей Кабдинов;

2. Жамбыл облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті Терроризмге қарсы орталық бөлімінің бастығы Дастан Әділбай;

3. ҚР ҰҚК Шекара академиясының аға офицері Жандос Жағалбаев;

4. ӘҚББ кіші жедел уәкілі Әділ Нүркенов;

5. ҚР ҰҚК Шекара академиясының курсанты Жайық Әділқан;

6. ҚР ҰҚК Шекара академиясының курсанты Мейірхан Бітім;

7. ҚР ҰҚК Шекара академиясының курсанты Дәулет Жұпарбеков.

ҚР Ішкі істер министрлігінің соңғы дерегі бойынша Алматыдағы оқиғаларға байланысты 125 сотқа дейінгі тергеу басталған.

«Билік өкілдеріне қатысты күш қолдану, бұзақылық, кісі өлтіру, сондай-ақ қарақшылық шабуылдар мен ұрлықтың барлық фактілері бойынша сотқа 125 дейінгі тергеу басталды. 5 мыңнан астам адам ұсталды», - деді министрдің міндетін атқарушы Ерлан Тұрғымбаев.


Пікір жазу
  • Маңғыстауда газ құны литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендейтін болды
    Коронавирус: Ертеңнен бастап қосымша карантин шаралары енгізіледі

    Ұқсас тақырыптар