ҚазҰУ Студиясында Болат ӘБЕНОВ

Уақыты: 2023-03-20 Көрлімі: 137 Сипаттама

Кеш қонағы – биыл мерейлі 70 жасқа толып, ҚазҰУ-дегі ең жоғары марапат – «Ерен еңбегі үшін», еліміздің салалық «Парасат» кәсіби одағының ең үлкен марапаты «Құрмет» медальдерінің иегері атанып отыр....

fc54c9c1-a161-434a-a63a-885f6fc4411f.jpg

Қазақ интеллигенциясының альма-матері – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде 4 жылдан бері «ҚазҰУ Студиясы» атты жоба жемісті жұмыс жасап келеді. Осы күнге дейін отыздан аса шығарылымы жарық көрген тартымды жоба университеттің  ұлағатты ұстаздары мен студент жастарының қажырлы қоғам қайраткерлерімен, әйгілі ақын-жазушылармен, өрелі өнер саңлақтары мен еліміздің мақтанышына айналған атақты азаматтармен, телегей табыстарымен ҚазҰУ-дің абыройын арттырып жүрген үздік ұстаздары және танымал түлектерімен өткен жылы жүздесулерге арналыпты.

Жобаның Қазақ ұлттық Университеті «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы мен Ақпараттық жүйелер кафедрасы ұйымдастырған кезекті саны Ақпараттық жүйелер кафедрасының аға оқытушысы, белгілі ақын, Қазақстан Журналистер одағының, «Қазақстан ұстаздары», «Қазақстан авторлары» қоғамдарының мүшесі тағылымы мен тәрбиесі мол, ұлағатты ұстаз, тәрбиеші-тәлімгер, кәсіподақ ардагері ӘБЕНОВ Болат Құсайынұлына арналды. Кеш қонағы – биыл мерейлі 70 жасқа толып, ҚазҰУ-дегі ең жоғары марапат – «Ерен еңбегі үшін», еліміздің салалық  «Парасат» кәсіби одағының ең үлкен марапаты «Құрмет» медальдерінің иегері атанып отыр.

Ерекше атмосферада өткен және қызықты да, сырлы сұхбатқа айналған кездесуді филология факультетінің 3 курс студенті Сейіткерім Оңғарбай жүргізді. Модератор кеш кейіпкерінің өмір жолы, шығармашылығы мен ғылыми-педагогикалық қызметі туралы мәлімет беріп, тәжірибесі мол ұстаздан студент-жастарға қандай кітап оқуға кеңес беретінін және өзі білетін тиімді кітап оқу тәсілдерімен бөлісуін өтінді.

b56ef1ce-ab3e-4527-ad5e-9c601cb2b313.jpg

Әрі қарай кешті қыздыру мақсатында айташы: «Болат аға, Сіз маңызды шешімдеріңізді ақылға салып қабылдайсыз ба, әлде жүрек қалауын тыңдайсыз ба?; Сіздің ойыңызша жақсы өмір сүру дегеніміз не?; Бос уақытыңызды қандай істерге арнайсыз?; ҚазҰУ қалашығында өзіңіз ұнататын топ-3 жерді атай аласыз ба?; Қандай жағдайда жоқ деп айта алмайсыз?; Сізге осы уақытқа дейін қойылмаған сұрақ қандай және ол сұраққа қалай жауап берер едіңіз?; Алғаш рет қанша жаста кімге ғашық болдыңыз?; Өзіңіздің өмірлік жұбайыңызбен қалай таныстыңыз?; Өзіңіздің өмірлік жолыңыз туралы кітап жазылса, соңғы тарауын қалай аяқтар едіңіз?; Өміріңізді біреуге сеніп тапсыру керек болса, ол адам кім болар еді? Неге ол кісі?; Өзіңізді қандай жануарға теңер едіңіз?; Алтын балықты ұстап алдыңыз делік. Сіздің 3 тілегіңіз қандай болар еді?; Сіз неден қорқасыз?; Егер Сізге уақыт кеңістігінде саяхаттауға мүмкіндік берілсе, қай шағыңызға оралар едіңіз?; Сүю немесе сүйікті болудың қайсысын таңдайсыз?; Заңды бұзған кездеріңіз болды ма?; Өмірдегі ең батыл және жауапты әрекетіңіз қандай?» – деген сияқты және т.б. ойландырар әлі қызықты сұрақтарды жаудырды.

Кеш кейіпкері тосыннан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап бере отырып, өскелең ұрпақтың бойынан халқымыздың қандай дәстүрлі құндылықтарын көргісі келетінін де жеткізді.

Бұдан кейін модератор ұстаздық пен ақындықтық қатар алып жүрген ұлағатты ұстаздың өлеңдерін жаттап келген студенттерге кезек берді. «Ақпараттық жүйелер» мамандығының 2 курс студенті Зетбек Ардақ авторлың «Жарасады жастарға... », осы мамандықтың 1 курс студенттері Бөрібаева Ұлданай  “Ғашық болдым бір көргеннен”,  Ермұханова Мөлдір, “Сен болмасаң...”, ал «Компьютерлік инженерия» мамандығының  1 курс студенті Рахматуллина Анастасия «Саған деген махаббатым мәңгілік» деген өлеңдерін нақышына келтіріп оқып шықты. 


ss.JPG

Содан соң тәжірибелі тәлімгер ҚазҰУ Студиясының ерекше форматтағы қысқа, бір ауыз сөзбен жылдам жауап қайтарылуы тиіс «Қысқа-Нұсқа»  атты сауалдар айдарымен қойылған сұрақтарға да мүдірмей жауап беріп, ел ризашылығына бөленді.

Қысқа-нұсқа айдары «Еркін студент сауалы» айдарына ауысып, залда отырған тыңдарман студенттер мен оқытушылар да көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, ақыл-кеңеске, үлгі-өнегеге толы жауаптар алды.

Келесі кезекте кеш қонақтарының назарларына Болат Құсайынұлының сөзіне жазылған әндер ұсынылып, "Мажор" өнер студиясының әншілері мен топ жетекшісі Назгүл Абибековамен бірге композитор Әліби Әбдінұровтың "Соғыстан оралмаған ағалар" әнін және «Ақпараттық жүйелер» мамандығының 4 курс студенті Абылай Әбенов әуесқой сазгер Науырызбай Бейсекеевтің «Әкемнің махаббаты» әнін шырқады.


Кеш соңында модератор Болат Құсайынұлынан қонақкәде сұрап, ақын өзінің соңғы жылдары жазған жастарға арналған, махаббат туралы және әлеуметтік тақырыпқа жазылған отты жырларын оқып, жастардың өтініші бойынша ұлы Абайдың әндерін орындап, қызу шапалақ жинады.

Өте тағылымды, қызықты және бір демде өткен шығармашылық кездесу соңында ұйымдастырушылар ұлағатты ұстазды құттықтап, кәделі сыйлықтар ұсынды.

Құрметқан Т.

Әл-Фраби атындағы ҚазҰУ,

Ақпараттық жүйелер кафедрасының аға оқытушысы


Пікір жазу
  • АРДАГЕРЛЕР ДӘН РИЗА
    Ұстаздар ҚазҰУ жатақханасында студенттерге ауыз ашар берді

    Ұқсас тақырыптар