КӨРШІ АҚЫСЫ – ТӘҢІР АҚЫСЫ немесе «ҚҰДЫҚТАН СУ ІШКЕН КЕЗДЕ ҚҰДЫҚ ҚАЗУШЫНЫ ҰМЫТПА»

Уақыты: 2018-08-23 Көрлімі: 3338 Сипаттама

ҚХР Шыңжаң аймағындағы этникалық қазақтардың басынан өтіп жатқан тағдар-талайы жайлы...

Без названия (5).jpg

ҚХР Шыңжаң аймағындағы этникалық қазақтардың басынан өтіп жатқан тағдар-талайы жайлы ақпарат құралдарында, интернет-порталдарда, әлеуметтік желілерде аз айтылып жүрген жоқ. Бөлініп-жарылған отбасылар жайы, Қазақстанның ЖОО-ның гранттары иеленген студенттердің кедергіге ұшырауы, саналы ғұмырын Қытай қоғамының дамуына арнап, ерікті түрде Атамекеніне оралған аға буынның халықаралық нормалармен қорғалған зейнет жасына келгенде алуы тиіс бейнетінің өтеуі, заңдық-құқықтық бағасы берілместен түрлі саяси тәрбиелеу лагерлеріне тоғытылған бейкүнә жандардың мәселесі, себеп-салдарсыз құжаттарын жинап алуы қоғамдық талқылауға түскеніне біраз болған. Нақты дерек-дәйек пен аңыз-шыны аралас ел ішіндегі абың-күбің әңгімелер аз емес. Қазақстан СІМ бұған дейін Қытайға арнайы нота да жолдаған. Бұған ресми Бейжің «бұл Қытайдың ішкі ісі» деп баға берген болатын. Кейін Шыңжаңнан Астанаға арнайы делегация келіп, «бәрі заң шеңберінде» дегенді айтып кетті. Біздің жекелеген саяси партиялар мен қоғамдық ұйым басшылары да барып қайтқаны ел есінде. Алайда ахуал күн өткен сайын тым тым күрделене түсті. Келе-келе Шыңжаңдағы жағдай БҰҰ-ның мінбесінен де айтылып қалды. Өткен аптада қалыптасқан жағдайлардың анық-қанығына көз жеткізу мақ­сатында ҚХР-ның Қазақ­стандағы Елшілігінің тікелей ұйымдастыруымен, Дүниежүзілік Қазақтар қауымдастығы және «Жебеу» қоғамдық қорының араласуымен арнайы делегация Бейжің, Ухан, Үрімжі, Құлжа қалаларында болып, бірқатар ресми құрылымдардың басшыларымен кездесіп, мәселені ашық талқылап қайтты. Мәселен, Бейжіңде Қытай коммунистік партиясының «Бірлік-Сап» министрлігінің орынбасары Тань Тяньсинь, ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары Чжан Ханьхуэй, ҚХР Ұлттық істер комитетінің саясат пен заңдарды бақылайтын департамент басшысы Ду Уи, Үрімжіде ШЫҰР басшысының бірінші орынбасары Жаң Шун Лин мырзалардың деңгейінде бірнеше ахуалға баға беру бағытында ресми талқылау жиындары болды. Әрине, қай ел үшін де ең маңыздысы – мемлекеттің ішкі тұрақтылығы. Ішкі тұрақтылық әр елдің қабылданған ішкі заңдарымен реттеледі және ол заңға құрметпен қарау баршасының борышы. Сонымен қатар кез келген мемлекет ішкі заңдармен қатар, халықаралық қауымдастықтар алдындағы түрлі міндеттемелерді сақтауға тиіс…
…Енді сапар барысын ретімен баяндайық.

ЖҮГІ АУЫР ПОЙЫЗДЫҢ  ЕКПІНІ БІРДЕН БАСЫЛМАЙДЫ…

Расул ЖҰМАЛЫ,

халықаралық сарапшы маман:

– Осы 27 жыл­дың ішінде екі ел арасындағы байланыс жақсы дамып келеді. Бұған негіз – ең әуелі екіжақты шекара мәселесінің шешілуі, көптеген келісімдерге, стратегиялық әріптестікке қол қойылуы. Кезіндегі Қытай төрағалары Цзянь Цзэмин, Ху Цзиньтао, бүгінгі Си Цзиньпин «Қазақстанға қатысты мәселеде Қытай қазақтың мүддесіне қайшы шешім қабылдамайды» деген болатын. Саяси, экономикалық, сауда, инвестициялық, энергетикалық салаларда байланыс­тар өте жақсы дамыды. Оның ішінде біздің азаматтарымыздың және Қытайдағы этникалық қазақтардың екі ел арасындағы жүріп-тұру мәселесі, азаматтық алуы, оқу мәселесі күні кешеге дейін оң шешіліп келген. Әрине, бәрі бірдей жайма-шуақ кезеңдер болды деу қиын…
Өкінішке қарай, соңғы бір жарым жыл ішінде мәселе тым ушығып кетті. Тіпті қоғамдық пікір туып, халық наразылығына дейін ұласуда. Себеп – Қытай өкіметінің экстремизм мен сепаратизмге қарсы күресті күшейтуі. Шыңжаңдағы 1,5 млн. қандас Қытайдың азаматы, сол елдің заңына бағынуы керек, мұны біз мойындаймыз. Алайда біз бөлінген отбасылар, көшіп келгендердің зейнетақыларының тоқтатылуы, студенттердің жағдайы, заңсыз тәрбиелеу лагерлеріне жіберілуі, төлқұжаттарынан айырылуына қалай бейжай қараймыз? Қытай өкіметі кезінде халықаралық қауымдастықтың алдында орындауы тиіс өз міндеттемелерін қабылдаған. Қазақстан мен Қытай арасында Сыртқы істер министрлігі, консулдық мекемелер, көші-қон құрылымдары деңгейінде екіжақты құжаттар қабылданған. Соған орай біз қандастар мәселесін талап етуге құқылымыз, екіншіден, Қытайдың заң алдында орындауы тиіс өз міндеттемелері бар. Қытай конституциясы бойынша барлық ұлттың құқы тең сақталып, тілдік, нәсілдік, әлеуметтік тұрғыдан кемсітілмеуі керек. Мәселен, АҚШ-қа, Еуропаға көшкен ханзу азаматтары зейнетақыларын алып, студенттеріне еш шектеу болмай, екі арада емін-еркін жүреді, ал неге этникалық қазақтардың құқы бұзылу керек? Ресейді, Түркияны, Германияны, өзге де елдерді қараңыз, әр қандасы үшін күресіп жатыр. Сырттағы қандастар үшін біз де алаңдауға тиіспіз. Бұл туралы Президент Нұрсұлтан Әбішұлының өзі: «Қазақстан – дүниедегі қазақтардың атамекені, тарыдай шашылған қандас­тарымызға пана болу, қорғау Тәуелсіз Елдің борыштарының бірі» деп қадап айтқан болатын. Әрине, әр ел үшін бірінші кезекте мемлекеттің тұрақтылығы қымбат, алайда бәрі заң аясында, асыра сілтеушілікке жол берілмей реттелуі керек. Қалыптасқан жағдайды шешу екі жаққа да маңызды, екі жақтың ресми тарапы да мүдделі. Бұл мәселенің ушығуы, Қытайға деген теріс көзқарастың қалыптасуы екі тараптың өзге салалардағы қарым-қатынасына сызат түсіреді. Тиісті іс-шаралардың жетіспеушілігінен бұл мәселе ушығып кетті. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бірнеше рет ресми нота да жолдады. Бірақ оған ҚХР-ның ресми жауабы өз деңгейінде болмаған себепті қоғамдық пікір мен елдің наразылығы өршіп, халықтық дипломатияның араласуына дейін алып келді.
Осы жолғы сапар барысында менің түсінгенім – Қытай тарапы тым артық қадамдарға барып жатқанын сезе бастаған секілді. Мұнда бірнеше ішкі фактор – қауіпсіздік, қатынау, бірізділік, тәртіп, жүйеге келтіру мәселесі бар. Біз осы сапарда біраз жағдайға ресми биліктің көзін жеткізгенімізбен, кейбір талаптарымыз орындалмады. Мәселен, тәрбиелеу лагерлерін көру, қазақ зия­лыларымен кездесу деген секілді. Соған қарамастан, Қытай Сыртқы істер министрлігінде, Ұлттық істер комитетінде, Қытай коммунистік партиясының ұлттармен жұмыс істейтін құрылыммен, ШҰАР басшысының бірінші орынбасары деңгейінде ресми кездесулер өте жемісті болды ғой деп ойлаймын. Өзіңіз де куәсіз, екіжақты түсіністік жағдайында ашық пікір алмасулар болды. Әсіресе Бейжің мен Үрімжідегі талқылауларда ресми өкілдер орын алып отырған жағдайдың көп ұзамай шешімін табатынына сендіргені көңілге сенім ұялатады. «Расында кейбір мәселелерде тым асыра сілтеушілік бар болуы мүмкін, біз мұқият тексеріп, оң шешімге ықпал етеміз» дегені үміт сәулесін ұялатады. Қытай – алып мемлекет, жоғары жылдамдықпен ағып келе жатқан пойыз секілді, сол себепті екпіні бірден тежеледі деп айта алмаймын… Кез келген алып елде мемлекет құраушы ұлттың өз мүддесі бар, әрине, бұл кіші диаспоралар үшін өкінішті.
Кейде бәрін Қытай тарапынан талап ете бермей, өз тарапымыздан да кей шараларды қолға алу керек. Көп мәселе өзімізге келіп тіреледі, қағазбастылық, түрлі құжаттарды сұраудағы бюрократиялық кедер­гілер, тіпті қажеті шамалы құжат­тарды сұрату, қандастарды екі арада сенделтіп қою, қазақ көшін әлсірету, келген оралмандардың білім алуына, әлеуметтік жағынан сіңіп кетуіне жасалып жатқан қамқорлықтар көңіл алаңдатады. Сосын этникалық қазақтар да тағдырлы таңдау жасау керек. Енді екі буын алмасқанша ұрпақтары толық қытайланып болады. Бұл жағын да терең сезінулері тиіс.
Шыңжаңдағы жағдай соңғы жарты жылда халықаралық деңгейде талқыланып жатыр, тіпті БҰҰ-ның мінбесінен айтылды. Себебі Қытай өз заңдарын ғана емес, БҰҰ-ның адам құқықтарына қатысты халықаралық конвенсияларды да бұзып отыр. Бір ғана ресми соттың үкімінсіз бас бостандықтарынан айырудың өзі үлкен жанжалға әкелуі ғажап емес. Мұндайға үшінші бір мемлекеттердің араласуы қауіпті. Олар дамып келе жатқан Қытайды әлсіретуді, кіші ұлттардың басындағы қайшылықтар есебінен халықаралық деңгейде ұпайларды түгендеуді көздейтіндер. Олар Шыңжаңдағы немесе Тибеттегі жағдайларға жаны ауырып отырған­дықтан емес, өздерінің саяси мүдделері үшін. Сол себепті Қытай тарапы да бұл жағын ойламай жатқан жоқ.

ҚАЗАҚ – ТҰРАҚТЫЛЫҚҚА ДӘНЕКЕР ҰЛТ

Рақым АЙЫПҰЛЫ, 
Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының бас хатшысы:

– Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкіл­дері тұрады. Қазақстанның ұлтара­лық қатынасты реттеуде өзіне тән бай тәжірибесі бар.
Ұлттық Ассамблея деп аталатын мемлекеттік емес ұйым жұмыс істейді. Бізде барлық ұлттың құқығы бірдей, заңмен қорғалған. Ешбір адамды ұлттық белгілеріне, діни наным-сеніміне бола қудалау бізде атымен жоқ. Егер құқық қорғау органдары ресми айып тақпаған болса, шетелге шығу, жүріп-тұру еркіндігінен айыру мүмкін емес. Мұндағы біз ұстанатын ең басты жетекші идея – біз мемлекет құрушы қазақ ұлты ұлтаралық қатынаста ең басты жауапкершілікті мойнымызға алғанбыз. Басқа саны аз ұлттарға қамқорлық көрсету біздің басты парызымыз. Сөзім дәлелді болу үшін айта кетейін. Өзіңізге жақсы таныс ұйғыр ұлтының шамамен 250 мыңдай өкілі түрлі тариxи себептермен Қазақстанды мекендейді. Осы ағайындардың өзінде 80-нен аса таза ұйғыр тілінде мектеп және көптеген аралас мектебі бар. Алматыда ұйғыр театры, өз ана тіліндегі «Уйғур авази» дейтін мемлекеттік басылымы бар. Ұйғыр ұлтынан шыққан мыңдаған таңдаулы ғылым мен теxника мамандары еліміздің әр саласында табыс­ты еңбек етіп жатыр. Ассамблеядан сайланған ұйғыр ұлтының өкілдері Парламентте отыр. Барлық ұлттың жағдайы осыған ұқсас.
Қытайдың Шыңжаң аймағында қалыптасқан күрделі саяси жағдай бізді қатты алаңдатып отыр. ҚХР өз заңдарының аясына сыймайтын басқару тәсілдері арқылы сан мыңдаған бейкүнә жандар болмашы сылтауларменен бас бостандығынан айырылып, саяси үйрену орталықтарына тоғытылуы ақылға сыймайды. Өткен жылы тамызда Қазақстанда ҚХР-ның ресми өкілдері болған кезде осы жағдай егжей-тегжейлі айтылған. Бірақ жағдай одан бетер асқынды. Мұның салдары екі елдің 30 жылға жуық өзара түсіністік пен татулығына кері әсерін тигізуде. Әрине, оған кінәлі Шынжаңның жергілікті билігі жүргізіп отырған шектен шыққан солақай саясаты. Бұл жағдайға екі елдің тату көршілік қатынасын көргісі келмейтін жат пиғылды сыртқы күштер де қол қусырып қарап отырған жоқ. Күн сайын отқа май құйып, жағдайды одан бетер ушықтырып барады. Сол себепті орталық билік Шыңжаңға бағытталған саясатын түбірімен қайта қарағанын қалар едік.
Біз Қытайдағы саны аз ұлттарға қатысты саясат пен заңдарды жақсы білеміз. Өзімнен бастап осы отырған кісілердің басым көпшілігі сол саясаттың шарапатын көріп, Қытайда ең таңдаулы оқу орнын тәмамдаған түлектерміз. ҚХР Ұлттық істер комитетінің саясат пен заңдарды бақылайтын департамент басшысымен болған кездесуде мен ашық айттым. Өйткені ол Шыңжаңдағы жүргізіліп жатқан солақай саясатты жақсы біледі деп ойлаймын. Қазір менің туған жерімде адам айтса сенгісіз жағдайлар орын алуда. Ұлттық мектептер жаппай жабылып, ұлттық мәдени құндылықтарды жою науқаны жүруде. Ондағы xалық өздері ежелден қастерлеп тұтынатын ұлттық әшекей бұйымдар, оюлы сырмақ, түскиізден тартып, ұлттық нақыштағы ыдыс-аяққа дейін көзін жойып, күресінге тастауға мәжбүр… Ұлттық басылымдар өртеліп, үйінде Құран сақтағандар жазаланып жатыр.
Әрине, Шыңжаңның орнықты­лығы үшін тер төгіп, тәртіп орнатып жатқандарын түсінеміз. Бұл күнде терроризм қаупінен ада бірде-бір ел жоқ. Тіпті өркениетті АҚШ, Ұлыбритания, Франция да бұл сұмдықтан аман қалған жоқ. Дау жоқ, бұл дертпен тұтас адамзат болып күресуіміз керек. Бірақ, терроризммен күресу үшін бейкүнә адамдардың бостандығын шектеу ақылға сыймайды. Жасыратыны жоқ, қатаң шаралардың салдарынан сан мыңдаған бөлініп-жарылған отбасылар, қараусыз қалған қарттар мен балалар пайда болды. Шетелдерге қоныс аударғандығы үшін зейнеткерлер ғұмыр бойы тірнектеп жиған зейнетақысынан қағылуда. Олар өздерінің бүкіл саналы ғұмырын Қытайдың социалистік құрылысына арнады. Енді олар не себепті барлығынан мақұрым қалуы керек. Біздің ЖОО-да еліміздің мемлекеттік грантымен оқып жатқан жүздеген өрімдей жастар еш себепсіз Қазақстанға қайта алмауда. Шекарадан кіріп-шығуына шектеу қойылған этникалық қазақтардың басым көпшілігінің терроризм мен экстремизм деген ұғым үш ұйықтаса түсіне кірмейді. Мен мына бір деректі айтқым келеді. ҚР Ішкі істер министрлігі Терроризммен күрес жөніндегі комитетінің өткен жылғы мәліметінде Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған этникалық қазақтардың арасында терроризммен немесе жат діни ағымдармен байланысы бар бірде-бір дерек тіркелмепті. Меніңше, мұндай қорытындымен мақтануға болады. Қытайдың құқық қорғау органдары ол адамдарға заң жүзінде ресми айып таға алмаса, олардың өз туыстарымен қауышуына мүмкіндік беруі керек. Тағы бір айта кететін мәселе – біз өз заңдарымызға сәйкес бөлініп-жарылған отбасылар мен олардың туыс-туғандарын Қазақстанға көшіріп алу үшін көші-қон жөніндегі құзіретті орындардың мақұлдауымен ресми шақырту рәсімдейміз, оны Қазақстан СІМ мен Қытайдың Қазақстандағы дипломатиялық органдары мөр басып мақұлдайды. Ал осындай шақырту Қытайда жергілікті орындар тарапынан түрлі сылтаулармен қабылданбайды. Нақты дәлелдерді қағаз жүзінде ресми мекеме басшыларына табыстадық.

МЕН ҚАЗАҚТАРҒА ЖАНКҮЙЕРМІН…

Чжан ХАНЬХУЭЙ, 
ҚХР Сыртқы істер министрінің 
көмекшісі, Қытайдың Қазақстандағы экс-елшісі:

– Өздеріңізге мәлім, таяуда Си Цзиньпин мен Нұрсұлтан Назарбаев­тың Бейжіңдегі ресми кездесуі өте жемісті болды. Саяси-экономикалық байланыстар қарқынды жүргізілуде.
Әсіресе ауылшаруашылық салаларын дамытуда, ет өнімдерін импорттау­да үлкен келісімдерге қол қойылды. Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» және Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламалары ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асуына ықпал етті. Мәселен, көгілдір отын, түрлі техникаларды нарыққа шығаруда екіжақты келісімдер бар. Сөз жоқ, Қытай – Қазақстан үшін ең үлкен нарық. Ал осы тарапта адам құндылығы екі ел үшін де аса құнды капитал.
Бүгінгі ахуал бәрімізге мәлім. Этни­калық қазақтар жай ғана қоныс аударушылар емес, олар біздің сырттағы диаспорамыз, екі елдің достығының бірден-бір кепілі. Сіздердің жанай­қайларыңызды жаныммен түсінем, себебі мен Қазақстанда үш жарым жыл елші қызметін атқарғанда қазақтардың сондай меймандос, бейбітсүйгіш ел екенін анық таныдым және қазақ еліне жанкүйермін десем де болады. Менің Қазақстаннан оралғаныма үш-төрт айдың ғана жүзі болды. Қазақ­станда қызмет барысында осы мәселеде сіздермен әлденеше рет кездестім, мәселені бірге талқыладық. Осы делегацияның келу сапарын да сол кезде келіскенбіз, міне, жүзеге асып отыр. Пікірлеріңізді бүкпей ашық айттыңыздар, Шыңжаңға барғанда автономиялық ауданның басшыларына да ойларыңызды бүкпесіз жеткізіңіздер. Олар Қазақстандағы қоғамдық пікірден толық хабар алу керек. Біз де проблеманы шешуге бар күшімізді салудамыз, бірақ бұл мәселе ертең шешімін таба қояды деп айту қиын. Өйткені біздің де кейде шамамыз жетпей қалатын тұстар болады…
Қытай үшін ең бастысы – ішкі тұрақтылық. Бұл жағдайда барлық кіші ұлттарға заң бірдей, ұлтаралық қатынаста қазақтардың ахуалын бөлек қарай алмаймыз. Жақында тікелей менің ұсынысыммен Шыңжаңға арнайы делегация бармақ. Бәрін таразылап, сараптап, соның нәтижесінде біз нақты қадамдар жасайтын боламыз. Әрине, жалпы өңірде, тәрбиелеу орындарында шаш ал десе, бас алып жатқан жағдайлар да болуы мүмкін. Жоғарыдағы саясат бөлек, төмендегі жағдай мүлде басқа болуы да ғажап емес. Мұның бәрін біз тексеретін боламыз. Сондай-ақ таяу­да екіжақты қалыптасқан жағдайды реттеу үшін Қазақстанға арнайы ресми делегация барады. Қос азаматтық мәселесі сонда анық шешіледі. Рас, Шыңжаңдағы жағдай халықаралық деңгейде үлкен дау тудырды, алайда мұның бәрі өркениетті жолмен шешілуі тиіс. Бұл орайда екі елдің зиялы­ларының да пікірі құнды. Сонымен қатар Қазақстандағы біріккен кәсіпорындарға этникалық қазақтардың перзенттерін жұмысқа тарту туралы арнайы ұсыныс әзірленуде.
Біз сыртқы істермен айналысамыз, осы орайда этникалық қазақтардың діни-экстремизмге ұрынған дерегі тіркелген емес. Біз Қазақстанды неге қауіпті белдеуге санадық? Себебі – Шыңжаңдағы экстремистік топтарды қаржыландыру, әлеуметтік желі арқылы ақпараттандыру Қазақстан және Қырғызстан арқылы өтуде. Нәтижесінде әсіредіншілдер қатары молайған. Бір ауылда мектеп жоқ, есесіне екі бірдей мешіт бар… Әрине, мұның бәрі уақытша құбылыс, біз бәрін заңмен және адами бағытта реттейтін боламыз.

НАҚТЫ МӘСЕЛЕЛЕР  ТІЗБЕГІН ТАПСЫРДЫҚ

Омарәлі ӘДІЛБЕК, 
республикалық «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Біздің қоғам­дық ұйым біраздан бері Елшілік арқылы Қытай СІМ-не арнайы ұсыныс беріп, Қытайға арнайы делегация ұйымдастырып, ахуалға көз жеткізуді айтып келген. Осы жолы сол жүзеге асты. Делегация тарапынан Қытайдағы салалық министрліктер мен үкіметтік мекемелерге, ШҰАР басшылығына төмендегі мәселелер бойынша ресми хат пен құжаттар тапсырылды.
Бірінші – бөлініп-жарылған отбасылар мәселесі.
Отбасы мүшелерінің біреуі немесе бірнешеуі ҚР азаматы, қалғандары ҚХР азаматы болған отбасылардың ҚХР азаматтығындағылары ҚХР-на барған соң бірден «Саяси үйрену орталықтарына» жөнелтіліп немесе паспорты жиналып алынып қайтып келе алмай, бір отбасының екіге жарылу мәселесі. Ал «саяси үйрену орталықтарына» жіберілудің себеп-сылтаулары әртүрлі: Қол телефонында діни мазмұндағы мәліметтердің болуы; шетелдерде болған кезінде сол елдің әлеуметтік желісін пайдалану; Араб елдеріне немесе Түркияда сапарда болуы; Қытайдағы тиісті мекемелерге айтпай, Қазақстанның ықтиярхатын алу; «саяси үйрену орталықтарында» қамалған туысқандарының қамалу себебін сұрастыру; т.с.с. Оның үстіне әр аймақ, аудан, ауылдағы мекемелердің саясаты әрқалай. Осыдан барып бейберекетсіздік пен әлеуметтік үрей қалыптасуда. Осы жерде сұрақ туындайды: Бұл орталықтардың құрылу мақсаты не? Қандай функциясы бар? Әлеуметтік тәртіпті реттеуде қандай рөл ойнап отыр? Саяси үйренудің мерзімі қанша? Қазір осындай орталықтарда жасы жетпістен асқан сырқат кісілер, Қазақстанда кәмелетке толмаған баласы қалған жас ана да «тәрбиеленіп» жатыр, кейбірінің жатқан уақытына тіпті жылдан асып кеткен. Керісінше, ата-анасы Қытайға барып, қайтып келе алмай өздері Қазақстанда таныс-туыстарды паналап күн көріп жатқан балалар жүздеп саналады. Қазір Қазақстан қоғамы осы бөлініп-жарылған отбасылар мәселесіне ерекше назар аударуда. Екінші жағынан, қоғамда таралып жатқан неше түрлі қауесеттер олардың қалай пайым жасауына мұрсат бермеу­де. Ниеті басқа ұйымдардың өсек-аянды қарша боратып, Қазақстан мен Қытай арасында от көсеуге құлшынып жатқаны тағы бар. Біз Қытайдың қоғамды тыныштандыру саясатына құрметпен қараймыз. Сонымен бірге жергілікті үкіметтің аса солшыл да жөнсіз әрекеттері, Қазақ-Қытай қарым-қатынасының шиеленісуін қалайтын мысықтілеулі ішкі-сыртқы күштердің отқа май тамызуына, өсек-аяң таратуына сылтау бола ма деп алаңдаймыз.
Екінші – зейнетақының тоқтатылу мәселесі.
Қытайда көп жылдар қызмет істеп, жасы жетіп зейнетке шыққан немесе ШҰАР үкіметінің тиісті қаулылары негізінде денсаулығына байланысты зейнетке шыққан кісілер Қазақстан азаматтығын қабылдағаннан кейін, олардың зейнетақысы бұрынғы өздері қызмет жасаған мекемелері тарапынан түрлі сылтаулармен тоқтатылды. Біраздан бері ішінара кейбір мекемелер зейнеткерлерге зейнетақысынан бас тарту өтінішін жазған жағдайда паспортын қайтарып беру және шетелге шығуына рұқсат беру мүмкіндігі берілетіндігін айтуда. Біздің ШҰАР аумағында осы мәселеге қатысты біртұтас заңды норманың немесе саясаттың жоқтығын, барлық мәселе жергілікті басшылардың заңдық санасы, білім деңгейі, орталық үкіметтің пәрменін қалай түсінуіне байланысты ғана шешіліп жатқанына көзіміз жетті. Зейнетақы – ұзақ жылдар бойы Қытайдың социалистік құрылысына қосқан үлестің қарымтасы. Оның үстіне Қытайда зейнеткерлердің мүддесін қорғайтын заңдар жұмыс істеп тұр. Осы арада сұрағымыз келетіні: мемлекеттік қызметкерлер деген кімдер, зейнеткерлер және әскерден шегінгендер мемлекет қызметкерлеріне жата ма?
Үшінші – тіркеуден шығу мәселесі. Бұрынғы тәртіп бойынша Қытайдағы тұрғылықты тіркеуінен шықпай-ақ, Қазақстан азаматтығын қабылдаған кісілер Қазақстан паспортымен Қытайға барған сапарында қос азаматтықты тұтынушы ретінде ұсталуда. Бұлар Қытайдағы туыстары немесе таныстары арқылы тіркеуден шығайын десе, ШҰАР-дың жергілікті үкіметі оған рұқсат етпейді, олардың Қытайға қайтып баруын талап етуде. Ал барғандар қос азаматтық иеленуші есебінде жауапқа тартылуда.
Төртінші – Қазақстанда оқып жатқан студенттер мәселесі. 2017-2018 жылдың қысқы каникулында Қытайға демалысқа қайтқан жерінен паспорттары жинап алынып Қазақстанға жіберілмей, тұтастай оқуларын тас­тауға мәжбүр болды. Осы жолы біз ол студенттердің тізімін бердік.
Бесінші – Қазақстан азаматтығын қабылдаған ұлты қазақ, бұрынғы Қытай азаматтары Қытайға сапарлау кезінде Қытайдың кеден немесе шекара қызметі тарапынан жөн-жосықсыз сұраққа алынып, ар-намыстары тапталуда.
Алтыншы – ШҰАР-дың ішінара жерлердегі жергілікті мекемелері Қытай азаматтарының Қазақстан­дағы туысқандарына туысшылау ша­қыр­туын жіберуге немесе туыстық қатынастарын растауға рұқсат бермей, нәтижесінде Қытайдан келіп Қазақстан азаматтығын алған, этникалық қазақтар Қытайға бару визасын ала алмай, қалыпты адами, туыстық қарым-қатынастан шектеліп, қиындық көруде.

«ҚҰДЫҚТАН СУ ІШКЕН  КЕЗДЕ ҚҰДЫҚ ҚАЗУШЫНЫ ҰМЫТПА…»

Думан ХАЛМЕТ, 
кәсіпкер, «Марқатай» ЖШС 
Бас директоры:

– Қытайдың «Ауылдастар бір-бірін көрген кезде көзінен ыстық жас шығады» деген мәтелі бар. Біз осы елде тудық, өстік, білім алдық, кейін тағдырдың бұйыруымен туған атамекеніміз – Қазақстанға оралдық. Қазақстан мен Қытай тау өзендері өзара ұштасып жатқан дос мемлекет, біздің достығымыз бүгін ғана қалыптаса қалған жоқ, тарихи тамырластығы бар. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір жол, бір белдеу» стратегиялық жоспары өзара сәйкесіп, ортақ дамуға бет алды. Қытай экономикасының дамуы Қазақ экономикасының дамуына түрткі болса, Қазақстанмен бейбіт байланыс Қытайдың дамуын одан ары арттырды.
Қытай төрағасы өзінің «Бір жол, бір белдеу» жоспарын алғаш Астанада Назарбаев университетінде жария етуі және Шың Го Пин, Ли Хұй, Лы Үй Шың, Жан Хан Хұй сынды Қытай­дың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарған төрт бірдей лауазымды тұлғаларының бірінің артынан бірі ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі, орынбасары қызметтерін атқаруының өзі екі елдің саяси байланысының айрықша екенін білдіреді. Әдетте, АҚШ, Еуропа елдерінде қызмет еткендер болатын…
Қазақстан 1991 жылы Тәуелсіздігін алған бетте өзінің шетелдегі қан­дастарын Атамекенге шақырды, бұл – мемлекеттің басты саясатының бір тармағы. Кезінде Қазақстанда елші болған Жан Хан Хұй мырза бұл жөнінде «Қытай өкіметі Қазақстанның бұл саясатын қолдамайды да, қарсы да тұрмайды» деген. Біз тарихи Ота­нына оралған қазақтармыз, ал Қытай үшін сонда туған, шетелге қоныстанған азаматтар қатарына (олар өздері мұқажырлар дейді) кіреміз. Осы екі жауапкершілік екі елдің байланысы мен достығына өте пайдалы болды. Ханзуларда «Құдықтан су ішкен кезде құдық қазушыны ұмытпа» деген, ал қазақтарда «Су ішкен құдығыңа түкірме» деген ұқсас мәтелдер бар. Сондықтан Қазақстан билігі Қытайдың біртұтас саясатын қолдап келеді. Оралмандарға Қазақстан өкіметі барлық қолдауын жасады, біз сондықтан бірден Атамекенде тұрақтап қалып, Отанымыздың өркендеуіне іскерлік бағытта күшімізді салып келеміз. Кезінде біз Қытай экономикасының, қоғамдық өмірінің дамуына өзіміздің жастық шағымызды арнап, үлесімізді қостық. Бизнестік бағытта Қытайға қанша тауар кіргізіп жатырмыз, өз елімізге міндетті салығымызды төлеп жатырмыз, осының бәрі экономикаға қызмет етеді. Осы орайда менің есіме бір нәрсе түседі, АҚШ пен Мексика көрші ел. Еларалық достық байланыс болмағандықтан екі елдің арасындағы тұрмыстық парық өте алшақ. Мексика президентінің «Біз Америкаға өте жақынбыз, Құдайға өте алыспыз» дегені бар. Ал Қазақстан экономикалық жақтан дүниедегі екінші держава Қытаймен барлық бағытта бейбіт келісімде дамуда, сол себепті Қазақстан – Құдайға да, Қытайға да жақын…
Ал соңғы бір жарым жылдың көлемінде Шыңжаңда мәселе туындады. Туындатып отырған ШҰАР басшылығы, яғни олар асыра сілтеу­шілікке барып жатыр. Кез келген мемлекеттің дамуы – бірінші кезекте қабылданған кемелді заңына, екінші қарқынды экономикасына, үшінші және негізгісі саяси тұрақтылығына тікелей байланысты. Егер тұрақтылық болмаса заң да, басқа да далада қалады. Әрине, Қытайдың Шыңжаң тұрақтылығы үшін жасалып жатқан саяси түзімдерін біз түсінеміз. Бірақ бұл саясатта әсіре сілтеушілік болмауын қалар едік. Осы 25 жылдың ішінде Шыңжаңда тұратын ұлттарға қатысты түрлі қайшылықты мәселелер болды, бірақ бұған тарихи көзқараспен қарау керек. Яғни бұл саяси-тарихи тамыры бар мәселені Шыңжаңнан көшкен этникалық қазақтардың мойнына жүктеуге келмейді. Мәселен, көшіп бара жатқанда неге бірден көші-қон паспорты берілмеді? Неге туысшылау құжатымен кетті? Неге тіркеуі бірден өшірілмеді? Неге зейнетақы жүйесіне қатысты шешім бірден қабылданбады? Неге студенттерге қатысты жағдай талқыланбады? Неге бір сәтте 25 жыл бойы жүзеге асып келген барыс-келіс байланысқа тосқауыл қойылды? Орын алып отырған ауыр жағдайлар ресми Бейжіңнің бағыттаған түзімінен мүлде алшақ, асыра сілтеушілікпен жүзеге асып жатыр. Бұл Атамекенге оралған бауырларға аса ауыр соққы болды, өйткені көбінің туыстары, кейбірінің әке-шешесі, енді бірінің ұрпақтары осы жақта өмір сүруде. Тіпті, Қазақстан азаматтығын алғандардың өзін «қос азаматтық» деп түрлі шырғалаңдарға салды, әуелі Қазақстан азаматтығынан бас тартуын сұрады. Біз сол себепті Қытай елшілігіне барып мәселе көтердік. Елші басты назар аударды, ҚХР Сыртқы істер министріне, Шыңжаң үкіметіне арнайы хат жолдады. Қазақстанға Шыңжаңнан ресми өкілдер келді, біраз мәселелер шелігендей болды, бірақ осымен бітті деген әңгіме емес. Ықтияр хатпен жүрген азаматтардың төлқұжаттарын алып қойды, әрине бұл Қытайдың ішкі мәселесі, десек те, осының кесірінен отбасылар бөлініп-жарылып, студенттер оқуынан қалып, үлкендеріміз зейнетақысынан қағылып жатыр.

ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ ЗАҢ ШЕҢБЕРІНДЕ РЕТТЕЙІК

Го МИҢ, Қытайдың Қазақстандағы Елшілігі Консулдық басқарма басшысының ШҰАР-да сөйлеген сөзі:

– Құрметті әріптестер! Қазақстан­нан арнайы делегацияның келуі біраздан бері жоспарланған, сәтімен жүзеге асты.
Бейжіңде бірнеше ірі деңгейде кездесулер болды. Ақпараттар шынайы және бүкпесіз жеткізілді. Біз ашық пікір алмасулар арқылы нақты табысқа қол жеткіземіз. Мен Қазақстандағы этникалық қазақтарға қатысты қоғам­дық пікірді әбден зерттеген ресми өкілмін. Қазақ елі – өте тарихы терең әрі еркөңіл, меймандос, қандасы үшін жаны күйетін сезімтал да бейбітшіл ел. Қытай мен Қазақстанның тарихи байланысы да тым тереңде. Менің бұл қызметке келгеніме жарты жылдың ғана бедері болды, осы уақыт ішінде біз Елшілікте көптеген арыз-шағымдармен жұмыс жасадық. Қазақстанға қоныс аударған іскер топ өкілдерімен, қоғамдық өмірдегі белсенді азаматтармен сан мәрте кездестік, жағдайды талқыладық. Мен бұл азаматтардың жанайқайын жан жүрегіммен сезінетінімді жеткізгім келеді. Қазақстаннан келген әрқандай делегация екі елдің достығын одан әрі дәнекерлеу үшін келеді, бұл делегацияның да миссиясы сондай. Сол себепті дәл осы сәтте мен аталған делегацияны ұйымдастырып бастап келген адам ретінде және ҚХР-ның Қазақстандағы ресми өкілі бола тұра осы азаматтардың қатарында сөйлеуге мәжбүрмін. Себебі – бізге екі елдің мызғымас бірлігі қымбат. Сол арқылы саяси-экономикалық байланыстар одан сайын артады. Және қалыптасқан ахуал төңірегінде Қазақстандағы түрлі ақпараттан толық хабардармын. Сондықтан біз нақты жағдай­ларды алыпқашпа әңгімелерден аршып алуымыз қажет, өйткені бұл жағдайдың одан сайын ушыға беруін қалап отырған үшінші күштер де жоқ емес. Сол себепті ШҰАР-ның басшыларынан өңірдегі жағдайдың заң шеңберінде тұрақтылықты реттей отырып, оңға қарай қадам басуына ықпал жасауын өтініп сұраймын. Оң нәтижелер екі ел үшін де жемісті болары даусыз.

P.S.

Емін-еркін барыс-келістер мен жайма-шуақ туыстық байланыстардың ауласына алабота өскелі бір жарым жылдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде түрлі ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде самаурыннан су ақса «Самарқанды су алды» дегендей әсіре ақпараттар да және шынайы дәлел-дәйекке толы жанайқайлар да аз айтылған жоқ. Осының бәрі неден? Себеп – Шыңжаңдағы қалыптасқан ахуалға ресми Бейжіңнің нақты баға бермеуі және ақпараттық идеологияның жабық болуы. Бұл мәселеге қатысты ресми басшылармен кездесулерде осы жолдардың авторы өз пікірі мен сауалын жолдаған.
…Тоң жібіген секілді. Қалай десек те, қоғамдық пікірдің жүгін арқалап барған бұл сапар белгілі бір деңгейде өте жемісті болды. Жоғары биліктен бастап жергілікті атқарушы билікке дейін кездесулер барысында қандастардың жанайқайы тиісті орындардың назарына нақты дәлел-деректерімен, толыққанды ақпараттарымен қайыра ескертілді. Енді мәселенің түйінін шешу уақыттың еншісінде. «Кісідегінің кілті аспанда» десек те, бәріне уақыт – таразы! Құмсағаттың мезгілін күтейік…

Жанарбек ӘШІМЖАН,
арнайы «Ана тілі» үшін

АЛМАТЫ – БЕЙЖІҢ– УХАН –ҮРІМЖІ – ҚҰЛЖА – АЛМАТЫ


Пікір жазу
  • Мұхамедиұлы һәм шынайы болмыс
    Аида Балаева: Әлемнің жетекші алаңдарында Қазақстанның мәдениеті мен өнері танылып жатыр