Әйгерім Сәулетқанқызы - Apple компаниясында істейтін қазақ қызы

Уақыты: 2018-10-03 Көрлімі: 1516 Сипаттама

АҚШ-тың Apple компаниясында істейтін Моңғолия қазағы Әйгерім Сәулетқанқызы бала күнінен...

9E45B2C9-76DB-4EE3-B423-7625475DE1CE_w1023_r1_s.jpg

АҚШ-тың Apple компаниясында істейтін Моңғолия қазағы Әйгерім Сәулетқанқызы бала күнінен бастап бұзылған жабдықтарды жөндеуге құмар болғанын айтады. Батыста оқыған программист қыз Азаттық тілшісімен әңгімеде IT саласына қалай келгені туралы әңгімелейді.

Әйгерім Сәулетқанқызы - АҚШ-тың Apple компаниясында жұмыс істеп жүрген санаулы Моңғолия қыздарының бірі. Бағдарламалар инженері болып істейтін Әйгерімнің мұнда келгеніне шамамен жарты жыл болған.

“Сынақтардан сүрінбей өтіп, бірден қатардағы қызметкер болып қабылданғанын” айтқан программист қыз бұл мақсатына жету үшін көп дайындалғанын айтады.

- Apple компаниясында 123 мың адам қызмет жасайды. Барлығы әлемдік деңгейдегі білікті инежнерлер. Алғаш осы компьютер саласын оқимын деген ой пайда болған кезден бастап "осы ортада тәжірибе жинап, өзімді жетілдірем" деген мақсат болды. Өзіңнен тәжірибелі, білімге құштар адамдардың жанында болсаң, өсе бересің, дами бересің. Менің негізгі қойған мақсатым – өзімді дамыту, тәжірибе жинақтау, - дейді ол Азаттық тілшісіне.



Әйгерім Сәулетқанқызы




“ХЮСТОНҒА БАРАМ ДЕП ОЙЛАҒАМ ЖОҚ

Әйгерімнің жоғары оқу орнын бітіргеніне көп болмапты. Бір жыл бұрын ол АҚШ-тың Хюстон қаласындағы Солтүстік Америка университетін (North American University) IT мамандығы бойынша тәмамдаған. 2013 жылы осы университеттің грантын жеңіп алған.

Әйгерім оқуға қабылдану үшін емтихан тапсырып қана қоймай, мектептегі жетістіктері туралы құжаттар мен сертификаттарды да қатар жолдағанын айтады. Грант беру кезінде барлығы - кандидаттың жеке мотивациясы мен мүмкіндіктері де ескерілді дейді ол.

- Мен көп жерге құжаттар жібердім. Жапония, Түркия, Ресей және АҚШ-тағы университеттерге жібердім. Бәрінен қабылдай алатындары туралы жауаптар келді. Бірақ басқасынан күтсем де, Хюстонға барамын деп ойлаған жоқ едім. Таңдау еркі өзіме түскендіктен АҚШ-қа аттандым, - дейді Әйгерім Сәулетқанқызы.

Жиырмадан асқан Әйгерім Сәулетқанқызы Моңғолияның Ресеймен шекаралас орналасқан Ақкөл қалашығында дүниеге келген. Атасының Моңғолия парламенті депутаты болғанын, елдегі демократиялық негіздегі алғашқы заңды бекітуге атсалысқанын тілге тиек еткен Әйгерім бала кезде атасына еліктегенін жеткізеді.

- Бала күнімде атам сияқты парламент мүшесі боламын деп армандайтынмын. Есейе келе ол арманым компьютер саласына ауысып кетті, - дейді Әйгерім Сәулетқанқызы.

Баян-Өлгий аймағындағы моңғол-түрік лицейінде оқыған Әйгерім алгебра, физика, ағылшын тілдеріне қатты қызыққанын айтады. “Түрлі олимпиадаларға қатысып, үнемі жүлделі орындарға ие болып жүрдім дейді ол.

Оның айтуынша, компьютер саласына қыздар аз баратындықтан бұл саланы таңдаған кезде басында біраз қобалжыған. "Егер алдыңа қойған мақсатына адал болсаң, жетістікке жетесің" деген Әйгерім бұл сенім өзін үнемі алға жетелеп отырғанын айтты.

Отбасындағы жалғыз қыз “жұмысқа тұрғанымда тек мен ғана емес, ата-анам мен ата-апам, айналамдағы достарым, маған сабақ берген ұстаздарымның бәрі қуанды” дейді.

- Мен әлі жас маманмын - білмейтінім көп, тәжірибем аз. Осы салада жақсы маман болу - басты мақсатым. Бала күнімнен бүлінген заттарды қайта құрастырып, жөндеуге асығатынмын. Сол себепті де осы салаға ерекше құштар болдым. Өйткені компьютер саласы қандай да бір сұрақтың түйінін логика арқылы жүйелі түрде шешумен ерекшеленеді. Бірақ осы салада (IT саласында - ред) қызмет істейтін қыздар өте аз. Сондықтан болар басында мен де қобалжыдым, қорықтым. Бірақ анамның қолдауының арқасында Моңғолия қыздарының арасынан алғашқы болып Apple компаниясында жұмыс істеген адам ретінде өзімді мақтан тұтамын, - деп сөзін түйіндеді.



Әйгерім Сәулетқанқызы анасымен бірге АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында

Әйгерім Сәулетқанқызы анасымен бірге АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында



Моңғолияда 100 мыңнан астам қазақ тұрады. Қазақтар Баян-Өлгий аймағынан басқа Улан-Батор қаласы мен Ховда, Эрдэнэт, Дархан аймақтарында шоғырланған.


Нұртай Лаханұлы

Дереккөз: "Азаттық"

Нұрсұлтан Назарбаев: Біз Түркі әлемінің руxани-мәдени астанасын салайын деп отырмыз
Алматы Еуропалық форумда ең «ақылды» қала атанды

Ұқсас тақырыптар