Елбасы: Қазақстанның ең орасан жетістігі - қазақстандықтардың жаңа буыны

Уақыты: 2019-01-23 Көрлімі: 1367 Сипаттама

Бүгін «Нұр әлем» көрме кешенінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы...

Capture.JPG

 Бүгін «Нұр әлем» көрме кешенінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жастар жылының ашылу рәсімі өтіп жатыр. «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» деп аталатын салтанатты шарада еліміздің бетке ұстар жастары бас қосып, сөз сөйледі.

Жиында жастарды тыңдаған Мемлекет басшысы «сөзді тоқтатпай, айта берсін деген ой келді» деді. Елбасы Жастар жылының маңыздылығын атап өтті. 

«Жастар, сендер мен айтайын деген негізгі мәселенің барлығын әр салада көтеріп жатырсыңдар. 27 жыл тәуелсіздіктің ішінде көп нәрсе жасадық, көп жеңіске жеттік. Тәуелсіздік Қазақстанды орнатып, мемлекетті дүниежүзі картасына қойдық. Бұл ауқымда, бұл шекарада дәл осындай жағдайда Қазақстан еш уақытта болған жоқ. Бұрын дүниежүзі барлығын паш еткен, мойындаған, қадірлеген ел болғанымыз жоқ. Сондықтан, ата-бабымыз арманымызды орындап, біздің бүгінгі тәуелсіздігімізді орнатты», - деді Назарбаев.

Президенттің айтуынша, саясатқа келген әрбір адамның, әсіресе ел басқарамын деген үміті бар азаматтардың халыққа жолдайтын ішкі ойы, жоспары болуы керек.

«Сол жоспарды іске асырып, нәтижесін көрген саясаткер бақытты. Істеп жатқан жұмыстың барлығын айта беруге болады. Елімізді құрдық, экономиканы көтердік, халықтың әл-ауқатын жоғарылаттық, мәдениетін, денсаулығын, барлығын көтердік. Дүниежүзі таң қалатын Астананы салдық. Бірақ та, ішіндегі ең негізгі жетістік – сендерді, жаңа буын қазақстандықтарды тәрбиелеп шықтық. Жаңа буын - Қазақстанның ең үлкен жетістігі, менің Мемлекет басшысы ретіндегі еңбегімнің ең үлкен жемісі», - деді Елбасы.

 Президент бүгінгі таңда өмірдің барлық саласы, білім де, жұмыс та, өзара қарым-қатынас та өзгеріп келе жатқанын атап өтті. 

«Біздің көз алдымызда жаңа жаһандық өркениет келе жатыр. Цифрлық қоғамның, экономика мен білімнің дәуірі келді. Менің буыным мектеп оқып жүргенде, әсіресе ауылда теледидар да жоқ еді. Радио енді ғана шыға бастаған еді. 100 жыл тарих үшін тым қысқа уақыт. Қазір бәрінің 10 жылдың ішінде қалай өзгеріп жатқанын көре беріңіз. Сол үшін біздің мемлекет уақыт алға тартып отырған тегеуріндерге жауап бере алуы керек», - деді Мемлекет басшысы.

Елбасы өз сөзінде сол себепті жастар - бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторы екенін тілге тиек етті.

 «Аллаға шүкір, біз әлемнің дамыған елу елінің қатарына ендік. Бірақ, бұл әлі де аз. Қазіргі таңда мемлекеттер арасында ғана емес, адамдар арасында бәсеке қыза түсті. Креативті буыны бар мемлекет жеңімпаз болып шығады. Мен бұл жігерді Сіздерден көріп отырмын», - деді Елбасы.

Айта кетсек, Жастар жылының ашылуына Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысуда. Сонымен қатар бұл жиынға шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметшілер келген.


Жиында Wikibilim қоғамдық қорының жетекшісі, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы Астанада ашық университет жобасын таныстырды. Жас кәсіпкер Расул Абдуллаев елімізді ребрендинг жасайтын ұйым құруды ұсынаса, белсенді жастардың бірі Тамила Розметова Астанада алма бағын отырғызатынын айтты. 

Jebeu.kz



Пікір жазу
  • Қазақстанда қолжетімді шарттармен қалай баспаналы болуға болады?
    «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» – пайдадан гөрі зиян шеккізетін гипер жоба