Қазақстан – Қытай қатынастары: бүгіні мен болашағы

Уақыты: 2019-04-25 Көрлімі: 3491 Сипаттама

Қазақстан мен Қытай экономикалық қарым-қатынасының өткені, бүгіні мен болашағы қандай? Baq.kz тілшісінің осы сұрағына Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев пен Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяоның берг...

2d63a572cfad6f810ed107f0291e1c57_Generic.jpg

  сурет 24.kz сайтынан алынды

Қазақстан мен Қытай экономикалық қарым-қатынасының өткені, бүгіні мен болашағы қандай? Baq.kz тілшісінің осы сұрағына  Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев пен Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяоның берген жауабын назарларыңызға ұсынамыз. 

Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев

Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев

Бейжің форумы

Биылғы «Бір белдеу, бір жол» ІІ халықаралық ынтымақтастық форумы екі жыл бұрын өткен форумнан ауқымдырақ болайын деп тұр. Өйткені осы жолы 40 мемлекеттің басшылары мен Үкімет басшылары келейін деп жатыр. Халықаралық ұйымдардың басшылары да қатысады. Жалпы, министр, министр орынбасары деңгейіндегі делегация мүшелері 140-тан астам мемлекеттен келеді.


Бір белдеу, бір жол

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы туралы әртүрлі пікір айтылады. Бірақ ол жаһандық экономиканың даму қарқыны төмендеп, тоқтайын деп тұрған кезде жасалған бастама. Ол кейбір мемлекеттердің экономикалық өсуіне көмек болды, елдердің ішкі мүмкіндіктерін ашып, Қытаймен ынтымақтастық арқылы өздеріндегі өндірістің қарқынын сақтап қалуға жол ашты. Бұл бастаманың Қазақстанға пайдасы неде? Қазір Қытай тарапы Қазақстан арқылы Еуропа, Орталық Азия, Каспий маңындағы Түркия, Грузия, Иран мен басқа мемлекеттерге өз жүктерін тасымалдап жатыр. Мысалы, былтыр «Қытай - Еуропа -Қытай» бағыты бойынша ғана барлығы 6 мың 363 пойыз өтсе, оның 56 пайызы Қазақстан арқылы өткен. Екі жыл бұрын Елбасы «Қазақстанға алдағы 4-5 жылда транзиттен түсетін пайданы 5 млрд долларға жеткізу керек» деген болатын. Қазіргі транзитпен өтіп жатқан пойыздардың санына қарасақ, біз бұл мақсатқа алдағы 2-3 жылда жетеміз деген сенім бар. Өйткені Қазақстан мен Қытай арасында екі теміржол бекеті бар. Олар: Достық - Алашанькоу және Нұр жолы - Қорғас (немесе Алтынкөл - Қорғас). Бекеттердегі инфрақұрылым жүктерді тасымалдауға барлық жағдай жасап отыр. Мысалы, былтырдың өзінде осы екі бекет арқылы 14 млн тоннаға жуық жүк тасымалданды. Транзитпен өткен пойыздардан мемлекетіміздің бюджетіне түсіп жатқан қаражат қазіргі кездің өзінде 2-3 млрд долларды құрайды. Демек, кезінде Қазақстан үкіметінің «Нұрлы жол» бағдарламасына салған қаржысы елімізге өзінің пайдасын әкеп жатыр.


Бірлескен жобалар

Бірлескен жобалар

Қос мемлекет арасында 55 түрлі жоба іске асып жатқаны белгілі. Еліміздің өңірлерінде көптеген зауыт бірлесіп салынды. Олардың қатарында Павлодар облысындағы полипропилен шағыратын зауыт, Түркістан облысындағы түйе мен биенің сүтін өңдеп, одан құрғақ ұнтақ жасап, шетелге сататын зауыт бар. Сондай-сондай түрлі жобалар бар. Біздің «Астана» халықаралық қаржы орталығына Қытайдың Шанхай қаласындағы қор биржасының кіруі - бұл да осы жобалардың бірі. Аталған жобалардың барлығы жаңадан салынған. Олар біздің Қазақстанның заңымен қадағаланады және біздің экологиялық талаптар мен жаңа технологиялар деңгейіне сай келеді. Жобалар аясында 20 мыңнан жұмыс орны ашылады. Жұмысшылардың барлығы - Қазақстан азаматтары. Әрине, бастапқыда зауытты салу және техниканы орналастыру барысында негізінен Қытай инженерлері болады. Ал жұмысшылардың барлығы - қазақстандықтар. (...) Сіздер көрген Хэфэй қаласында Қостанай облысындағы машина шығаратын зауыт бар, Allur Auto-мен бірге жұмыс істейтін JAC компаниясының зауыты. Болашақта Хэфэйде көлік шығаратын үлкен кластер құру көзделіп отыр. Чженчжоу қаласы - үлкен көліктік хаб. Көптеген жүк сол жерде жиналады. Жалпы, Уханьда да, Чженжоуда да үлкен логистикалық парктер бар. Сол парктерде пойыздар қалыптастырылып, Қазақстан арқылы Еуропаға және басқа мемлекеттерге жіберіледі. Мысалы, бастапқыда Қытайдан Еуропаға жүрген пойыздардың көбісі бос қайтса, қазір олардың 70 пайызы жүкпен қайтып жүр. Яғни, бұл пойыздардың әрі-бері жүруі екі жаққа да пайдалы болып отыр.


Сауда-саттық

 Сауда-саттық

Қазақстан статистикасы бойынша, былтыр екі елдің ауыл шаруашылығы тауар айналымы 426 млн долларды құрады. Оның негізгісі әрине - Қазақстан бидайы. Былтыр 562 мың тонна бидай Қытайға жіберілді. Бұл мемлекетте еліміздің бидайы сұранысқа ие. Өйткені ол жоғары сапалы, және де Қазақстанның ұны, балы, майы, «Рахаттың» кәмпиттеріне сұраныс бар. Қытай – бұл үлкен нарық. Бұнда орта санаттың өзі ғана 400 млн адамды құрайды. Олар сапалы, экологиялық таза, жақсы өнімдер алуға ақшасын аямайды. Біз Қытаймен көрші ел, көлік-логистикалық мүмкіндіктері бар ел ретінде осы мүмкіндікті пайдалануға міндеттіміз. Ауыл шаруашылығымыз, өндірісіміз тауар өндіріп, Қытай нарығын қамтуға тырысуымыз керек. Біз соңғы үш-төрт жылда сиыр еті, қой еті, люцерна, рапс сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау бойынша 13 хаттамаға қол қойдық. Қазір кейбір өнім түрлері тасымалданып жатыр. Бүгінгі күні 180 қазақстандық кәсіпорын Қытай нарығына өз өнімдерін шығара алады. Сондықтан біздің осы салада келешегіміз зор. Мен кәсіпкерлерімізге әрдайым «бізге бүкіл Қытайды қамтып керек емес, екі-үш провинция жеткілікті» деп айтамын. Бір провинцияның өзінде 90 млн адам тұрады, бұның өзі жетеді. Қытайда бәсеке жоғары. Бұл елге көптеген мемлекет өз етін тасымалдағысы келеді. Қазақстандық өнімдердің бағасы болса, Қытай нарығына жеткенше логистика есебінен қымбаттап кетеді. Негізгі проблема осында. Көптеген шет мемлекеттер өз өнімдерін теңіз арқылы жеткізеді. Бұл біршама арзан. Мысалы, Австралия, Жаңа Зеландия, Латын Америка, Чили өз өнімдерін теңіз арқылы тасымалдайды. Қазір біздің Ауыл шаруашылығы министрлігі Орталық Азия елдерін Қытай нарығына Қазақстан арқылы шығару бойынша жұмыс атқарып жатыр.

Қытай Халық РеспубликасыныңҚазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо

Қытай Халық Республикасының 
Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо


Бейжің форумы

Сәуір айының соңында Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» ІІ халықаралық ынтымақтастық форумы өтеді. Биылғы форум күрделі халықаралық геосаяси және экономикалық ахуал жағдайында өтеді. Қазір көпжақты сауда жүйесі үлкен проблемаларға ұшырап отыр. Ғаламдық экономика қалпына өте баяу келіп жатыр. Біз осындай жағдайда «Бір белдеу, бір жол» бастамасы жаһандық экономика мен сауда жүйесін оңтайландыруға қуатты серпін береді есептейміз. Сондықтан біз алдағы форум ғаламдық экономиканы дамытуға қосымша қарқын береді, халықаралық қауамдастықтың жаһандық экономиканы оңтайландыруға деген сенімін қалпына келтіреді деп ойлаймыз. Сайып келгенде, бұл форум біздің бір-бірімізбен достығымызды одан әрі нығайтуға көмектеседі.

Мен таяуда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің осы жиынға шақыртуын тапсырдым.

Бір белдеу, бір жол

«Бір белдеу, бір жол»

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы біздің мемлекеттер үшін ерекше маңызға ие. Себебі бұл бастама алғаш рет Қазақстанда айтылды. «Бір белдеу, бір жол» 2013 жылғы қыркүйекте Қытай төрағасы Си Цзиньпин мырзаның Қазақстанға сапары барысында жария болды. Бастама айтылған сәттен бастап екі елдің қолдауына ие болды. Ал бір жылдан кейін тағы бір болашағы зор шешім қабылданды. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатымен тоғысты. 

Қазақстан әлемдегі құрлық ішіндегі ең үлкен ел екенін білеміз, республиканың теңізге шығатын жолы жоқ. Барлығы мұны Қазақстан үшін экономиканы дамыту жағынан үлкен кемшілік деп айтатын, солай ойлайтын. Бірақ осы бастама жарияланғаннан бастап, «Бір белдеу, бір жол» «Нұрлы жолмен» тоғысқаннан кейін не өзгергенін қарайықшы: қазір «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі жұмыс істейді. Осы дәліздің пайдалануға берілуінің арқасында Қазақстанның көліктік әлеуеті бүгін Еуразия құрлығындағы жетекші транзиттік аумаққа айналып отыр. Бүгінгі таңда «Қытай-Қазақстан-Еуропа» маршруты және керісінше бағыт ең заманауи, қолайлы және экономикалық жағынан дамыған тиімді бағдарға айналды. Ол тауарларды сенімді әрі уақытылы жеткізу талаптарына толық жауап береді, және де бұл маршрут одан әрі танымал болып бара жатыр. Тоғысудың арқасында қазір Қытайдан Еуропаға және керісінше бағытта Қазақстан арқылы транзитпен контейнерлік тасымал бірнеше есе артты. 

Салыстыратын болсақ, 2011 жылы Қытайдан Еуропаға Қазақстан арқылы транзитпен тасымалданған контейнерлер саны 1 мыңға жуықтаған. Ал 2017 жылы контейнерлер саны 200 мыңды құраған. Яғни, алты жылда 200 есе артқан. Ал айтыңызшы, экономиканың қандай секторы осындай қарқынға ие бола алады және осыншама үлкен табыс әкеле алады? Былтыр, 2018 жылы бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 61 пайызға артты. Яғни, өткен жылы Қытайдан Еуропаға Қазақстан арқылы транзитпен тасымалданған контейнерлер саны 286 мың контейнерді құрады. Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстанға батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті байланыстыратын Еуразия құрлығындағы өз транзиттік аумағын нығайтуға көмектеседі.

Бірлескен жобалар

«Бір белдеу, бір жолдың» арқасында қазір 27 млрд доллар сомасында 55 индустриялды-инвестициялық жоба әзірленіп, жүзеге асуда. Олардың барлығы ірі және өзара тиімді жобалар. 55 жобаның тоғызы аяқталды, биыл тағы сегізі аяқталады деп жоспарланып отыр. Жобалар негізінен қытайлық инвесторлардың көмегімен іске асып жатыр. Қазір инвестициялар көбінесе энергетика, инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығы саласына құйылуда. Бірақ біз ашықпыз. Мен осы қызметте жүріп, басқа елдердегі, оның ішінде Еуропа одағындағы әріптестеріммен жиі кездесемін. Мен оларға «біз ынтымақтастыққа, пікір алмасуға, өзара іс-қимылға ашықпыз» деп әрдайым айтамын. Біз екіжақты, үшжақты, төртжақты форматта ынтымақтастық дамытуға мүдделіміз. Әріптестеріміздің ықыласы, ұсыныстары болса, біз тыңдауға және болашақта көпжақты форматта оларды жүзеге асыруға әзірміз.


Сауда-саттық

Былтыр жалпы Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 3 млрд долларға жуықтады. Осының көп үлесін Қазақстан-Қытай тауар айналымы құрайды.

Өткен жылы Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің Қытайға экспорты екі ел тауар айналымының жаңа белесіне айналды. Былтыр Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 3 млрд долларға жуықтады. Осының көп үлесін Қазақстан-Қытай тауар айналымы құрайды. Жоғарыда аталған жобалардың барлығы экономиканы жаңғыртуға, біздің елдер арасындағы тауар айналымын арттыруға, Қазақстанның экспорттық әлеуетін дамытуға бағытталған. Сондықтан оларды жүзеге асыру екі жақты қарым-қатынасымызға жаңа қарқын береді деп ойлаймын. 

Қымбат Елтайқызы,

Нұр-Сұлтан - Бейжің - Хэфэй - Ухань - Чженчжоу - Кайфын - Бейжің - Нұр-Сұлтан

Фото: автордан

Дереккөз: Baq.kz


Пікір жазу
  • Дәурен Абаев: Ұлы даланың фольклорын біліп өскен ұрпақ ешқашан ұтылмайды
    Нұрсұлтан Назарбаев: Еуразия қайтадан біртұтас кеңістікке айналуда