Президенттік жастар кадр резервін қалыптастырудың маңыздылығы неде?

Уақыты: 2019-09-16 Көрлімі: 282 Сипаттама

ҚР президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясаттың ұ...

kadr_rezerv-min.png

ҚР президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің директоры Марта Абдыкаликова Президенттік жастар кадр резервін қалыптастырудың маңыздылығы туралы айтып берді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасында Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру міндетін алға қойды. Өз салаларында белгілі бір жетістіктерге жеткен жас қазақстандықтар резервке қойылып, елдегі жоғары мемлекеттік және басқарушы лауазымдарға тағайындалуға үлкен мүмкіндік ашылды», - деді Марта Абдыкаликова.

Президенттік жастар кадр резервіне өткен үміткерлердің саяси және жоғары басқарушылық әкімшілік лауазымдарға, ұлттық холдингтер мен компанияларда басшы лауазымдарға орналасу мүмкіндігі болады.

Оның сөзінше, Президенттік жастар кадр резервін қалыптастырудың маңыздылығы - бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік мәселелер, әлемдегі жаһандық өзгерістер, қоғамның әл-ауқаты, басқа да қажеттіліктерімен байланысты. Бұл ретте, құзіреттілігі жоғары жаңа форматтағы көшбасшыларды дайындау мемлекеттік аппарат үшін маңызды.

«Президент Жолдауында айтылғандай, заман талабына сай тиімді мемлекет пен халықпен тиімді кері байланыс орнатуға, азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдаманы іске асыру мәселесі біліктілігі жоғары жастарға байланысты. Сонымен қатар, жас мамандардың қажетті деңгейдегі құзыреттіліктері дамытылуы керек және жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу олардың дайындығына байланысты», - деп атап өтті Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің директоры.

Резервке тағайындалғанға дейін үміткерлерді арнайы әзірленген бағдарламалар бойынша оқыту қарастырылған. Резервшілер үшін олардың таңдау нәтижелері бойынша сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып, оқыту жүзеге асырылуы да мүмкін. Олар мемлекеттік қызметте жұмыс істеу үшін қосымша білім алуға, халықпен жұмыс істеу құзыреттілігін арттыруға, оның ішінде көпшілік алдында сөз сөйлеуге, шектеулі жағдайларда жұмыс істеуге көңіл бөледі. 

Оның айтуынша, сондықтан ҚР президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Президенттік жастар кадр резервін қалыптастырудағы ролі өте маңызды. Өйткені, Академия қазіргі күні тиімді көшбасшылық пен кәсіби басқарушылардың зияткерлік платформасы болып табылады.  

Академияда оқу бағдарламаларының мазмұны мемлекеттік басқарудағы жаһандық тенденцияларды ескере отырып жасалады, ал оқыту процесінің өзі оқытудың инновациялық әдістерін қолдануға негізделген және жеке кәсіби қажеттіліктерге бағытталған.

«Оқу жоспарын іске асыру кезінде Академия кейс-стади және ситуациялық практикалық тапсырмаларды қолдана отырып, жобалық тәсілдерді кеңінен қолданады. Бұл дегеніміз, қазір оқытушылар абстрактілі теорияны ұсынудың орнына әр мемлекеттік қызметші кездестіруі мүмкін жағдайларды модельдеу арқылы тыңдаушыларға мемлекеттік басқару мәселелерінің нақты мысалдарын түсіндіреді. Аталған тәсіл теория мен практиканың оңтайлы үйлесімімен әр пәнді тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді», - деп сөзін толықтырды Марта Абдыкаликова.

Директордың пікірінше, құзыреттерін дамыту бойынша жеке семинарлар өткізіледі, оған Академияға белгілі шетелдік сарапшылар тартылады, олардың кейбіреулері халықаралық ұйымдардың өкілдері болып табылады және мемлекеттік басқару саласында зерттеулер жүргізуде үлкен тәжірибеге ие.

«Өз кезегінде, Академия қажетті ғылыми және зияткерлік әлеуетке және заманауи білім беру инфрақұрылымына ие бола отырып, өзінің тәжірибесін қолдануға және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және жеке деңгейлерін көтеруге елеулі үлес қосуға дайын», - деп түйіндеді Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің директоры.

BAQ.KZ


Пікір жазу
  • Үкімет Мемлекет басшысының Жолдауын іске асырудың Жалпыұлттық жоспарының жобасын қабылдады
    Қазақстан TIMSS зерттеуінде математика, жаратылыстану пәндері бойынша жетекші он елдің қатарына енді