Отандық тамақ өнеркәсібі әлем нарығына дайын ба?

Уақыты: 2020-11-11 Көрлімі: 5132 Сипаттама

«Арпа, бидай ас екен, алтын, күміс тас екен» деген нақылдың мағынасына терең үңілетін ша...



«Арпа, бидай ас екен, алтын, күміс тас екен» деген нақылдың мағынасына терең үңілетін шақ келген сыңайлы. Өйткені, төрткүл дүние тіршілігін азық-түліксіз елестету қиын. Ал әлем биылғыдай пандемия шеңгеліне түскен кезеңде адамзат аштық пен тоқтық жайында шындап ойланғаны анық, деп  Egemen.kz сайтына сілтеме жасап хабарлаймыз. 

Және карантин шектеуі күшіне мінген қауіпті сағаттарда да тоқтаусыз жұмыс істеп, әлеуметтік ахуал мен экономикалық жағдайдың тепе-теңдігін сақтап қалған бірегей өндіріс көзі осы жеңіл өнеркәсіп, оның ішінде тамақ өнеркәсібі болғанын біз жақсы білеміз. Демек, өркениеттің дамуы мен техногендік үдерістің өзі адам асқазанының қалауына қарсы тұра алмайды екен. Қазақ мұндайда «аш қарын жұбана ма, майлы ас жемей...» дейді. Екінші жағынан алғанда жеңіл өнеркәсібі дамыған мемлекеттердің әлем экономикасы мен әлеуметтік ахуалына да ықпал ететіні бұрыннан аян. Ендеше, Қазақстанның азық-түлік өндірісін өркендету арқылы дүниенің бір пұшпағын ұстауға деген ұмтылысы болуы керек деген ойдамыз. Ал бұған отандық тамақ өнеркәсібі дайын ба?

- Қазақстан экономикасының әлем экономикасына интеграциялануын ескерсек, қазір дүние бастан кешіп отырған сындарлы жағдай елімізге әсерін тигізбей қоймайтыны анық. Жалпы, алыс елдерді былай қойғанда, өзіміз мүше болып отырған Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі сауда тепе-теңдігі біздің пайдамызға шешіліп отырған жоқ. Өйткені, елімізде сыртқа жөнелтілетін тауар экспортынан ішкі нарыққа енетін импорт үлесі басым. Бұл біздің өндіріс пен өнеркәсіптің тауарларының бәсекеге әлі де дайын еместігін көрсетеді. Ал азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әр мемлекет үшін ұлттық қауіпсіздік жүйесіндегі күрделі мәселе. Сондықтан бұл да Қазақстанның өз ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құрамдас бөлігі болуы тиіс. Мен экономист ретінде отандастарымыздың азық-түлік тұтынуына қатысты мәселе көтеріп жүрмін. Бұл қазіргідей адам денсаулығына сынақ болған жұқпалы індет жағдайында тіптен өзекті мәселе. Яғни, денсаулық мықты болуы үшін тұтантын тағам қуатты болуы керек. Оның үстіне әр адамның жылына орташа есеппен пайдаланатын тағам үлесінің рационалдық нормасы әр мемлекетте өзгеше. Бірақ ортақ жүйе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен шекті мөлшер бар. Бұл тізімде азық-түліктің оншақты түрі айқындалған. Мысалға, адамның жыл сайын жеп, ішетін тағамдарының ішінде: нан мөлшері 120,5 кг, ет – 70,1 кг, сүт – 359,9 кг, жұмыртқа – 243 дана, картоп – 96,7 кг, көкөніс – 140,3 кг жеміс-жидек – 80,3 кг, балық – 8,3 кг, қант – 36,5 кг , өсімдік майы – 13,1 кг болуы керек. Енді мұндай өнімді өздері өндірмейтін, сырттан дайын күйінде сатып алатын мемлекеттер бар. Яғни, Қазақстанның Еуропаға болмаса Азияның, Африканың тұрғындарына таза азық-түлік дайындап, жөнелтуге ынтасы бар. Өкінішке қарай, оны орындауға қауқар жоқ. Себебі, біздің жеңіл өнеркәсібіміз ішкі сұраныстың өзін толық қамти алмай отыр. Рас, елімізде де тамақ өнеркәсібінің ет, ұн, жарма, қант өнімдері,балық, кондитер өнімдерін дайындау жақсы жолға қойылған. Бірақ, бұл аймақтар бөлінісіне қарағандағы нақты жағдайдың көрсеткіші бола алмайды. Өйткені, өнеркәсіптің дамуына қажетті факторлар: логистика, жұмыс күші, инфрақұрылым, шикізат секторы сияқты талаптар әсер етеді. Ал біздегі көрініс бойынша бұл талаптарға ірі мегаполистердің маңындағы кәсіпорындар ғана сай болып отыр. Ашығын айтқанда, отандық өнеркәсіптің шетел нарығына жаппай өнім шығарып, экспорттан түсетін табысты экономиканың драйверіне айналдыруы үшін әлі көптеген жұмыс істелуі керек, - дейді тақырыпқа орай пікір білдірген белгілі экономист Атамұрат Шәменов.

Жалпы, Қазақстанның тамақ өнеркәсібінің әлемдік деңгейдегі табысы дүниенің төрт бұрышындағы аштық зардабын шеккен адамдарға да үміт сәулесін сыйлар еді. Рас, біз қазір отандық тұтыну нарығын қамту мен дамыған елдерге табиғи өнім жеткізу туралы айта отырып, бұл мәселені аттап өтіп кетіп жүрміз. Ал әлемде бір үзім нанға зәру адамдар шоғыры жыл сайын ұлғайып келеді екен. Дерек бойынша, азық-түлік тапшылығынан зардап шегетін тұрғындардың басым бөлігі қара құрлықта тұрып жатыр. Еуропадағы «Deutsche Welthungerhilfe» ұйымы жариялаған мәліметке қарғанда қазір 821 000 000 адам тойып тамақ ішпейді-мыс. Өкініштісі, аштықтан ісіп-кепкен адамдар қатарында балалардың да үлесі артып келеді. Дүниежүзі дәрігерлерінің есебінде тұратын 151 миллионға жуық жасөспірімнің қалыпты дамымай қалуына тамақ тапшылығы себеп болған дейді. Ал бір жұтым таза ауыз су мен талғажау етерлік қорекке жарымай отырған құрлықтағы ел тұрғындарының арасында да 51 миллиондай бала жүр екен...

Екінші жағынан алғанда, Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіптің дамуы ел экономикасын шикізат сатудан түскен пайда мен мұнай табысына иек артып отырудан құтқаратын жол болуы тиіс. Дерекке сүйенсек, 2019 жылы отандық жеңіл өнеркәсіптің экпортқа өнім шығаруында біршама алға жылжу болыпты. Бұл жерде басын ашып алатын жағдай, Қазақстанда жасалған дүниелер қатарында тамақ өнеркәсібінің үлесі өте аз екен. Яғни, былтыр отандық 30 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны сыртқы нарыққа батыл енсе, олар өндірген тауар тізімінде азық-түлік пен тұтыну тағамдары түріне жататын өнім жоқтың қасы. Ал отандық өнімді тұтынушылар қатарында 39,4 пайыздық межемен Қытай көш бастаса, Ресей нарығына 39,4 пайыз өнім жөнелтілген. Ал қазақстандық бұйымға 4,8 пайыз шамасында қызығушылық танытқан алыс шетел Италия болса, көрші Өзбекстан 1,5 пайызға сұраныс білдірген.

Есесіне, биыл тамақ өнеркәсібінің қуаты артып, өнім шығару ұлғайыпты. Мәселен, жыл басынан бері елімізде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,4 пайызға өсіп, түсіп сомасы 1,6 трлн теңгені құраған. Оның ішінде өңделген күріш өндірісі көлемінің 36,8 пайызға, сары май шығару 17,1 пайызға, шұжық жасау 14,6 пайызға, макарон өндіру 9,7 пайызғаға, жарма өндіру 5,6 пайызға, ұн тарту 5,1 пайызға, айран, сүт өнімдерін шығару 4,5 пайызға, ірімшік және сүзбе алу 2,1 пайызға артқаны байқалады. Әрине, бұл көрсеткіш ішкі нарыққа шығарылған өнімнің жалпы есебі екенін ескеру керек. Осы жерде әлемдік нарыққа шығатын тамақ өндірісін жандандыру үшін не істеу керек деген сұрақ туады.

- Біздің экономикамыздың бәсекеге қабілетті өнім шығарып, әлемдік сұранысқа сай өндіріс көзіне айналуы үшін көп нәрсені өзгертуіміз керек. Оған саяси көзқарастан бастап, индустриалық революция мен қоғамдық сананы жаңғыртуға дейінгі мәселелер кіруі тиіс. Мысалы, бір ғана Илон Маск мұнай магнаттарын инфаркт етудің алдында тұр. Бірер жылда Илон сияқты он адам іс басына келсе, әлемде тағы он жылдан кейін супер энергетикалық революция болары хақ. Мұндай сәтте мұнай сатып, мәз болып отырған елдердің экономикасы құлдырайды. Бұл тәуекел Қазақстанды айналып өтпейді. Қазірдің өзінде мұнайдың баррелі арзандаған сайын, тіземіз дірілдеп қоя береді. Ал биыл не күйдеміз? Пандемия. АҚШ жағалауында мұнай тасыған танкерлер айлап қаңтарылып тұрды. Киім шығаратын фабрикалар тоқтады, көлік шығаратын зауыттардағы станок үні өшті. Елдің бәрі үйінде отырды. Бірақ, дәрі-дәрмек саласын қоспағанда тоқтаусыз жұмыс істеген өндіріс бар, ол – тамақ өнеркәсібі. Яғни, азық-түлік өндіру пандемия, соғыс, техногенді апатқа қарамастан дами беретінін көрсетті. Ал азық-түлік саласы ауыл шаруашылығы дамыған елде ғана өркендейді екен. Демек, біз болашақта ауыл шаруашылығын дамытуды стратегия етіп алуымыз керек. Оны алдағы сайланатын Парламент заңды түрде жүзеге асыруы тиіс деген ойдамыз. Яғни, саяси партиялардың негізгі ұраны ауыл шаруашылығын көтеру болуы қажет. Мен жақында әлеуметтік желідегі парақшамда бір сауалнама өткізіп көріп едім, қатысушылардың басым бөлігі «Ауыл» партиясы мен «Ақ жолды» және «Нұр Отанды» алдағы Мәжілістен көргісі келетінін жазыпты. Соңғы екеуі түсінікті. Билікте отырған партия. Бірақ,«Ауылды» қолдауға таңданғаным рас. Демек ауылдағы қазақтың бүйрегі «Ауыл» партиясына бұрады деген сөз. Ендеше ауыл шаруашылығын көтеру үшін бүкіл күшті ауылға салса қайтеді? Сонда ішкі нарықты қамтып, артық өнімді сыртқа шығарып сатып, пайда табуға болар еді, - дейді бір сөзінде жас саясаттанушы-журналист Асхат Қасенғали.

Осы жерде ел өңірлерінің ішінде ауыл шаруашылығы бағытындағы істері үлгі болатын Алматы облысы жайында бірер сөз айтқан ләзім. Әрі биыл аймақта агроөнеркәсіп кешені табысты жұмыс істеп тұр. Мысалға, жыл соңына қарай облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 894 млрд теңгеге жетеді деген болжам бар. Қазірге анығы: өңірде мал басы мен құс саны орта есеппен 6,2 пайызға өсіп, ет пен сүт өндіру көлемі 3,6 пайызға артты. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін биыл 1084 басқа арналған алты тауарлы-сүт фермасы, 550 басқа арналған үш бордақылау алаңы іске қосылған. Жалпы, қазір облыста барлығы 82 сүт фермасы, және 106 бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Нәтижесінде сүт зауыттарының жүктемесі 80 пайызға, ет өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесі 66 пайызға жеткен. Бұл тұрғындардың негізгі азық-түлік түріне деген сұранысын қамтып, дайын өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік беріп отыр екен.

- Өткен тоғыз айдың қорытындысы бойынша Жетісу аграршылары өндірген өнім түрлері 92,7 млн АҚШ доллары көлемінде экспортталып, өндіріс 33 пайыз өсім көрсетті. Оның ішінде сүт өнімдері, кондитерлік өнімдер, ет пен сорпа өнімі, балық филесінің экспортына сұраныс артқан. Жалпы, облыста дайындалған барлық ет түрі өтімді. Тоғыз айда 3195 тонна сыртқы нарыққа жол тартты. Бұйырса, жыл соңына қарай ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 894 млрд теңгені құрап, табыс 2,2 пайызға өседі деп межеленіп отыр, - дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Жалпы, Алматы облысында ауыл шаруашылығын қолдауға биыл 46,1 млрд теңге қаржы бөлінген Оның ішінде 40,6 млрд теңге жергілікті өнім өндірушілерді субсидиялауға берілген. Мемлекет тарапынан жасалған қолдаудан кейін шаруа мен диқан жігерленіп, егіс көлемін арттырып, мал басын көбейтуге ынталы болатыны сөзсіз. Оның бір көрінсін облыс бойынша ірі қара мал басының 1,3 миллионнан асқанынан, ал қой мен ешкінің саны 4,2 млн басқа жеткенінен байқауға болады. Сондай-ақ, аймақта ауыл шаруашылығы дақылдарының егістігі 7 мың гектарға кеңейіп, көлемі 969 мың гектарға дейін жетті. Оның ішінде қант қызылшасының алқабы 16 мың гектарға, жүгері 87 мың гектарға жетіп, 1,2 мың гектарға жаңадан қарқынды бақ егілген. Аумақтағы ирригациялық жүйелерді қайта жаңғырту да өнім көлемін арттыруға жол ашты. Яғни, Алматы облысында ирригациялық жүйелерді қалпына келтіруге 5,1 млрд теңге бөлінген, соның 1,5 млрд теңгесі – жергілікті бюджеттен, ал 3,6 млрд теңгесі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде қарастырылыпты.

Айтпақшы, Алматы облысының экономикалық дамуына өңірдің аграрлық бағытпен шектеліп қалмай, индустриалдық бағытқа бейімделуі де оң әсерін тигізіп отыр екен. Яғни, аймақтағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 87 пайызға жетті.

- Біздің бүгінгі міндетіміз – Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес әртараптандырылған және технологияланған экономиканы қалыптастыру. Осы мақсатқа қол жеткізуде трансұлттық компаниялар маңызды рөлге ие. Қазір облыста трансұлттық компаниялардың жалпы сомасы 165 млрд теңге болатын, төрт мың жұмыс орнын құратын 9 жобасы жүзеге асырылуда, - деген еді тағы облыстың экономикалық дамуына қатысты сөзінде Амандық Баталов.

Жалпы, биыл аймақтың өндірістік картасы бойынша құны 153 млрд теңге болатын 71 жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде, өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн теңгеден асады деген болжам бар. Оның ішінде шикізаттық емес экспорт көлемі 6 пайызға өсіп, қаржылай табыс 406 млн АҚШ долларына жетеді деп жоспарланған екен. Ендеше, аймақтағы жеңіл өнеркәсіптің, оның ішінде тамақ өнеркәсібінің өндірісі артып, сыртқы нарықтың сұранысына сай дайындалған табиғи өнім шығару ісіне тек қана сәттілік тілеу керек!

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ



Дереккөз:  egemen.kz


Пікір жазу
  • Тоқаев: Латын әліпбиін енгізу жұмысы біртіндеп жүзеге асуы керек
    АҚШ пен Германия бірлесіп әзірлеген вакцина сынағы сәтті аяқталды

    Ұқсас тақырыптар