Нұр-Сұлтан – прогресс пен даму орталығы

Уақыты: 2021-07-06 Көрлімі: 376 Сипаттама

Жаһандық ахуал аумалы-төкпелі болып тұрған заманда мем­лекет дамуының тиім­ді стратег...



Жаһандық ахуал аумалы-төкпелі болып тұрған заманда мем­лекет дамуының тиім­ді стратегиясын әзір­леу, 20-30 жылдан соң келетін жақын ке­лешекті қазірден та­ни алу мүмкін бе? Тарих­қа көз жүгіртер болсақ, мұны зердесі терең, даналығы мен көш­бас­шылығы үйлесім тапқан бірегей басшылар ғана жүзеге асыра алғанын аңғарамыз.

Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің көшбас­шы­лық қасиеті мен қай нәрсені де әрі­ден ойлайтын даралығының арқасын­да тәуелсіздік алған тағдырлы сәтте маңызды шешімдер қабылдап, маңызды мақсаттарға қол жеткізу мүмкін болды. Ішкі және сыртқы саясатта татулықты ту еткен, экономикалық өсімді қамтамасыз еткен бастамалары, азаматтық қоғам институттарын дамыту үшін қолайлы жағдайдың жасалуы, Қазақстанның биік жетістіктерге жетуінің кепіліне айналды. Сондай игі істердің бірден-бір символы – жас астанамыз Нұр-Сұлтан. Еліміздің бас қаласы Елбасының шығармашылық жоспарларының ғана емес, сонымен қатар халықтың мәдени құндылықтары мен тілектерінің көрінісіне айналды. Сондықтан да астананың туған күні – барша қазақстандықтарды біріктіретін күн. Мұнда шетелдік саясаткерлердің қатысуымен әлемдік деңгейдегі іс-шара­лар өткізіліп, халықаралық әріптестікті нығайту бойынша маңызды мәселелер талқыға салынады. Нұр-Сұлтан – мың­даған қазақстандықтардың жаңа үйіне айналды. Олар бұл жерде өздерінің аяулы армандары мен кәсіби жоспарла­рын жүзеге асыруда. Шаһарда ерекше ғимараттар көп-ақ, елдің бірнеше онжылдықтар шеңберінде дамуына мүм­кіндік сыйлайтын ірі нысандар да жұ­мыс істеп тұр. Сондай ұйымдардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев қоры. Жиыр­ма жылға созылған уақыт ішінде қор жүз­деген жобаны жүзеге асырды. Осы жылдар ішінде қор өзінің негізгі миссиясын – жас қазақстандықтардың қабі­лет­терін қолдауға, ашуға бағытталған Елбасы идеяларын ойда­ғыдай жүзеге асырып келеді.

 

Жастар әлеуетін жүзеге асыру – басты басымдық

Жиырма жыл ішінде қор мыңдаған жасқа «өмірге жолдама» берді, олардың дамуы мен ілгері басуы үшін көмектесті, тың мүмкіндіктер ашты. Жыл сайын Қазақстанның 80-нен астам үздік студенті қордың атаулы стипендиясына ие болады. 100-ден астам ақындар мен жазушылар жыл сайын республикалық «Алтын тобылғы» әдеби бәйгесіне қатысып, бақ сынайды. Шығармашылық жобаларды қолдауға бағытталған гранттар конкурсы қаншама жас үшін арман, мақсаттарын жүзеге асыру жолындағы тамаша мүмкіндік екені белгілі.

Жас IT-мамандарды қолдауға, жаңа цифрлық сервистерді дамытуға бағыт­талған қор жобалары өз тиімділігін көр­сетіп үлгерді. Smart Zholy өз жоба­ларын халықаралық деңгейде таныстыра алса, Intellection, Webtotem, Nommi стартап­тары Азияның үздік 10 жобасының қатарына кіріп, Азияның әйгілі венчурлық қорынан қаржылық қолдау тапты.

Қордың маңызды жобаларының бірі – әлеуметтік идеялар мен жобалар жәр­­меңкесі. Қазірде бұл жоба үкіметтік емес ұйым­дардың өзара қарқынды қа­рым-қатынас құруына арналған ауқым­ды алаңға айналды. Жәрмеңке әлеу­меттік жобаларды іске асырудың озық тәжі­рибелерін анықтауға мүмкіндік берді, олардың көпшілігі бүгінде қоғамға пайда­сын тигізуде. 2008 жылдан бері жәр­меңкеге 15 мыңнан астам түрлі ұйымдар қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев қоры 300-ден астам жобаға грант көмегін ұсынды.

Сонымен қатар онлайн білім беру­дің өзектілігін ескере отырып Елбасы қо­ры «Аман келешек» бағдарламасы­на түзе­тулер енгізді. Оның аясында «Мен – жаңа әлемнің жасампазымын» атты жоба қолға алынды. Бұл – ба­ла­лар үйі және түзету мекемелері мен маман­дандырылған мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілеріне арналған инклю­зивті білім жобасы. Жоба аясында онлайн режімдегі шеберлік сыныптары өткізіледі. Шеберлік сыныптары ке­зінде балалар шығармашылық ойлау дағ­дысын меңгеріп, кез келген тапсырма­ны креативті тұрғыдан шешуге маманданады, қоғамдағы мінез-құлықтың эти­калық нормаларын меңгереді. Мұның бәрі әлеуметтенуге көмектесетін «икемді дағдыларды» дамытады.

 

Елбасы бастамасы – келешекке көзқарас

Елбасының табысты болуға, бәсеке­ге қабілетті болуға үндейтін мектеп жа­сын­дағы балаларға арналған жаңа бас­тамалары да баршылық. Олардың қа­тарына ерекше қажеттілігі бар балаларды сауықтыруға бағытталған «Қамқорлық» бастамасын айта аламыз. Балаларды білікті көмекпен кеңірек қамтуды қам­тамасыз ету қажеттілігі – бұл жобаның басты міндеті. Қазақстандағы сауықтыру орталықтары балалардың 25 пайызын ғана қамти алып отырғанын ескерер болсақ, мұндай бастаманың қолға алынуы өте маңызды әрі қажетті. Жобаның нәтижесінде мүгедек балалардың 40 пайызы тиісті сауықтыру көмегімен қам­тылады. Қазіргі кезде қор аймақтарда 8 «Қамқорлық» орталығын ашты. Жыл соңына дейін тағы 10 орталық ашыла­ды. Олардың әрқайсы жылына 600 бала­ға дейін қабылдай алады.

Жобаның маңызды бөлігі – инклюзияны қолдау кабинеттерінің ашылуы. Ондай кабинеттер үй жағдайында оқи­тын балалардың мектепке барып, өз құр­быларымен бірге білім алуына мүмкіндік береді. Елбасының екінші бастамасы – El Úmiti. Оның мақсаты – жақын болашақта ел өмірінің әртүрлі саласында кәсіби элита құрамына кіретін талантты жас қазақстандықтарды іздеп табу және қол­дау көрсету. Бастама аясында қор ел үкі­метімен бірлесе отырып бірнеше білім беру жобаларын жүзеге асырады. Соның бірі – Myń bala олимпиадасы. Бұл ұлттық мас­штабтағы бірегей жоба. Олимпиада ауыл­дық жерлерде тұратын қабілетті балаларды қолдауға бағытталған. Жобаға 5 және 6 сынып оқушылары қатыса алады. Екі жыл ішінде олимпиада ауыл мектептерінде оқитын 400 мыңнан астам балаға шарапатын тигізді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 1000 жеңімпаз анықталып, олардың 300-ден астамы оқуларын мамандандырылған мектептерде жалғастырды. 2000 финалист Елбасы Академиясының Birge Oqý онлайн-мектебінде білім алуда.

Биыл олимпиада алғаш рет онлайн-форматта өткізілді. Нәтижесінде, көзінде ұшқын бар тағы 1000 ауыл баласы дарынды балаларға арналған жетекші білім ордаларында оқу мүмкіндігіне ие болды.

«Елбасы медалі» – El Úmiti бас­та­масының тағы бір жобасы, ол жас­тардың кешенді дамуына бағытталған ұлттық деңгейдегі бірегей бағдарлама. Жастар оған қатыса отырып өз уақы­тын басқаруды, алдына елеулі мақсат қою­ды, саламатты өмір салтын ұста­нып, өзін ұдайы дамытып отыруды мең­геріп шығады. 2020 жылы «Елбасы ме­далі» бағдарламасы 11 мыңнан ас­там қатысушы, 600 тәлімгер, 17 өңір­лік үйлестіруші және сарапшыларды қам­тыды. Елбасы медалін иеленген­дер білім гранттарын тағайындау кезінде заңнамада белгіленген тәртіппен басымдыққа ие болады. Жоба биыл да жалғасады және 11 мың белсенді жасты қамтиды.

Нұрсұлтан Назарбаев қоры үшін ма­ңызды жұмыс бағыты әрқашан жаһан­дық бейбітшілік пен келісім құндылықта­рын нығайту саласындағы халықара­лық ынтымақтастық болды. Осыған байла­нысты бұл қызметтің идеологиялық бас­ты бағыты заманауи жағдайдағы планетаны дамыту көрінісі туралы Елбасы философиясы болып саналады.

Қор көп жыл бойы шетелдік се­рік­тестермен әріптестікті нығайтып келе жатыр. Гейдар Әлиев қорымен (Әзер­байжан), Гои бейбітшілік қорымен (Ж­а­пония), Конрад Аденауэр (Германия) қормен және өзге де көптеген қор мен достық қарым-қатынас қалыптасты. Ха­­­лықаралық саясаттағы жаһандық қа­уіп­­сіздік, жергілікті дағдарыс, экономика, жаңа мәселелер сияқты көкейкесті тақы­рыптарды талқылау бойынша белгілі экономист, саясаткер, сарапшылардың басын қосатын ауқымды диалог алаңдары ұйымдастырылуда. Astana club беделді халықаралық пікірсайыс клубының қыз­меті, көптеген конференцияның жұ­мысы осыған бағытталған. Әлеуметтік маңызы бар жобалар Нұрсұлтан Назар­баев қоры қызметінің жан-жақтылы­ғын, Елбасы бастамаларының кеңдігі мен ауқымын көрсетеді.

Қор жастардың талантты өкілдерін әйгілеп қана қоймайды, олардың әлеуе­тін ашуға, Қазақстанның бәсекеге қабі­лет­ті азаматы болып қалыптасуына көмек­теседі. Нұр-Сұлтан қаласының туған кү­ні қарсаңында елордамыздың гүлденіп, өр­­кендеп, өсе түсуін тілеймін. Еліміздің бас шаһары әр кез қазақстандықтардың алға басуының және ел дамуының басты орталығына айнала берсін!

 

Қанат ЖҰМАБАЕВ,

Нұрсұлтан Назарбаев қорының

атқарушы директоры


Дереккөз: Egemen Qazaqstan

Пікір жазу
  • «Қасым хан». Тарихи фильм қалай түсіріліп жатыр?
    Тоқаев: Азаматтарымыздың өздері қалаған екпені салдыруына мүмкіндік беруіміз қажет

    Ұқсас тақырыптар