Мемлекет басшысы Ресей Президентімен келіссөз жүргізді

Уақыты: 2022-08-19 Көрлімі: 195 Сипаттама

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізді, деп Ақорданың Баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлаймыз....

Без названия.png

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізді, деп Ақорданың Баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлаймыз. 

Кездесуде мемлекеттер басшылары Қазақстан-Ресей стратегиялық әріптестігінің өзекті мәселелерін жан-жақты талқылады. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Шын мәнінде, Қазақстан мен Ресей арасында стратегиялық серіктестік негізіндегі қарым-қатынас орнаған. Биыл біз дипломатиялық қарым-қатынас орнатудың өте маңызды датасы - 30 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Осыдан 30 жыл бұрын Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қойылды. 2013 жылы осы Шарт елдеріміз арасындағы одақтастық қатынастар туралы сіз қол қойған жаңа құжатпен толықтырылды. Сондықтан қалыптасқан негіз өте жақсы, – деді,  Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ынтымақтастық табысты дамып келе жатқанына тоқталып, өнеркәсіп кооперациясы біздің көңілімізден шығатындай елеулі нәтижелерге жеткенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, сауда динамикасы дұрыс жағынан дамып жатыр. Былтыр сауда көлемі 24,5 миллиард долларды құрады. Президент бұл көрсеткішпен Ресей біздің тауар айналымымызда бірінші орында тұрғанын айтты.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ және басқа да халықаралық институттар арқылы белсенді ынтымақтасып келе жатқанымызға тоқталды.

– Биыл Қазақстан ТМД-ға төрағалық етеді. Қазан айында ТМД саммиті өтеді. Оған өзіңіз қатысасыз деген сенімдеміз. Оның үстіне Ресей Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында маңызды рөл атқарады. Бұл – шынымен де халықаралық форматтағы ынтымақтастықтың басым бағыты, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қазіргі геосаяси жағдайдағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелеріне назар аударды.

– Геосаяси жағдайдың ерекшелігі үкіметтерімізге қосымша нұсқаулар беру үшін келісіп алу қажет екенін көрсетіп отыр. Олар бір-бірімен табысты қызмет етіп келеді. Дегенмен өмірдің өзі жаңа міндеттер қояды және олар шешуді қажет етеді. Жалпы, біздің ынтымақтастығымыздың дамып келе жатқанына қанағаттануға толық негіз бар. Мен бұл тұрғыда сізбен келісемін. Бізді ортақ шекара біріктіреді. Ол – әлемдегі ең ұзын, құрлықтағы толығымен делимитацияланған шекара. Біздің ынтымақтастығымыздың болашағына қатысты пессимистік болжамдар жасауға, әрине, негіз жоқ! Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде барлық салалардағы екіжақты ынтымақтастығымызға қосымша серпін беруге ниеттімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа шақыруын қабыл алып, Сочиге келгеніне алғысын білдірді.

– Шақыруымды қабыл алғаныңызға рақмет. Біз екеуіміз үнемі кездесіп тұрамыз. Жақында ғана жүздескен едік, бірақ Сочиде кездесуге келістік. Алдымызда өте ауқымды жұмыс бар. Ал биыл ерекше жыл. Біз қазан айында дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өтеміз. Осы датаға орай түрлі іс-шаралар жоспарланып отыр. Біздің министрліктер мен ведомстволар белсенді жұмыс істеп жатыр. Үкіметаралық комиссия қарқынды жұмыс істеп келеді. Сыртқы істер, қорғаныс министрліктері бірлесіп түрлі іс-шараларды, соның ішінде ҰҚШҰ аясындағы бірлескен оқу-жаттығуларды және тағы басқаларын дайындап жатыр. Тауар айналымы өсіп келеді. Былтыр 34,4 пайызға өссе, биыл бес айда 9 пайызға дерлік, 8,8 пайызға өсті. Инвестициялар екі жақтан да артып келеді. Меніңше, Ресей инвестициясы 18 миллиард долларға жетті, ал Қазақстанның Ресейге салған инвестициясы төрт жарым миллиард шамасында. Қазақстанның сауда-экономикалық серіктестері арасында Ресей бірінші орында тұр. Бізде сондай-ақ жақсы ірі жобалар дамып жатыр. Жоғары технологиялық салаларда, соның ішінде ғарыш саласында жұмыс істейміз. Жалпы, жұмыс барлық бағыт бойынша айтарлықтай қарқынды әрі оң бағытта жүріп жатыр. Біздің кездесуіміз, әрине, сенімді стратегиялық серіктестігімізді дамытуға қосымша серпін беретініне өте қуаныштымын, – деді Ресей басшысы.


Пікір жазу
  • 2024 жылы бүкіл Қазақстанда 5G қолжетімді болады
    2023 жылы Қазақстанда ішкі жалпы өнімнің өсімі 4 пайызға жетеді

    Ұқсас тақырыптар