Жарияланбаған автономия

Уақыты: 2018-09-25 Көрлімі: 181 Сипаттама

Алаштың баласы осы жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар.Әли...

606C7C11-F97E-4A29-AD7B-21090073473D.jpeg

Алаштың баласы осы жолы болмаса, 
жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар.
Әлихан Бөкейхан

Жүз жыл өтіпті. Жүз жыл!
Бүгін – жетінші қыркүйек, ертең – сегізі.
8 қыркүйек – тарихта «Уфа мәжілісі» деген атпен қал­ған, шешуші, сол кездегі қазақтың, дүйім қазақтың бол­маса да, автономия жарияласақ деп жел өтінде жүрген есті азаматтардың үмітін қайта жаққан жиынның бас­тал­ған күні.
1918 жылдың жаз тоқсанында Еділдің бойынан Сібір өлкесіне дейінгі аймақ Ресейдің демократиялы айдыны са­налды. Маусым айында Чехословак әскерінің көме­гі­мен Самара мен Омбының арасындағы ірі қалалардың тү­гелінде дерлік большевиктер биліктен кетті. Оның ек­піні қазақ жеріне де жеткен еді. «Алашорда Алаш қа­ласында іске кірісті», «Алаш автономиясының тер­ри­то­рия­сын Алашорда облыстық және уездік кеңестер арқы­лы басқарады», «Алаш автономиясы территориясында со­веттік билік шығарған барлық декрет жарамсыз са­нал­сын» деп, Ә.Бөкейхан, М.Тынышбаев, Х.Ғаббасов қол қойып, бірнеше қаулы шығаратыны – осы кез.
«Барлық билік Құрылтай жиналысына берілсін!» де­ген ұран транспаранттар мен газеттердің бірінші бетіне қай­та шықты. Петроград пен Мәскеудегі өзімбілемдіктен көңі­лі қалған эсерлер мен кадеттер, солдаты өзіне жөн үй­ретіп сорлаған генералдар, патшаны тақтан тайдырған Ақ­пан төңкерісінің жемісін уысынан шығарып алған кө­семдер жаздың соңына қарай бір жұтым бостандық ауа­сын іздегендей Сібірді бетке ұстады.

***

Әлихан Бөкейхан

Уфа – башқұрт қаласы. Ақ Еділ­­дің жағасында. Көкжелекті, әде­мі, губерндік шаһар. Баш­құрт­тар өздері Өфө дейді. Ғұмар Қараш Үпі, «Абай» журналы Өфе деп кел­ті­реді. Мағжан оқыған «Ғалия» мед­­ресесі, Кәрімовтер баспасы осы қалада. О кезде жан басы екі миллионға жетпеген башқұрт – ерте отырықшы болса да, орыспен ерте ара­ласса да, дәстүр-салтын, тілін, мі­незін, ер мінезін жоғалт­паған ха­лық. Бес миллионнан асқан қа­зақтан Жаһанша екі мың милиция, Се­мейдегі капитан Тоқ­тамышев үш жүз елу атты әскер жа­сақ­­та­ған­да, башқұрттар боль­шевиктерге қар­­сы тұруға екі ди­визия шы­ға­рып­ты. «Әскеріміз екі дивизия бол­ды» деп Зәки Уәлиди жазады.
Башқұрттың сол Уфасы 8 қыр­күйекте саяси оркестрлі сахнаға ай­налды. Таңертең сап түзеген салт аттылар шеруі өтті. Одан соң салтанатты митинг. Делегаттың бә­рі «Сібір» қонақүйіне түскен, он­да гу-гу әңгіме. Ақпан төң­кері­сі­нен кейінгі Петроградтағы эй­фо­риялық ахуал «Сібірдің» вес­тибю­ліне ауысқан. Сыртта – мұздай қару­ланған қарауыл.
Мемлекеттік мәжіліс қо­на­қүй­дің үлкен залында, кешкі сағат ал­­т­ыда басталды. Мәжілісті Бреш­ко-Брешковская ашты. Мәжіліс төрағасы – Н.Авксентьев. Челя­біде ке­лісілген алдын ала ұйғарым бойын­ша мемлекеттік жиынға 23 делегация қатысты. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы мүшелерінің Самара Комитеті (Комуч), Сібір Уақытша үкіметі (Омбы), Орал облыстық үкіметі (Екатеринбург), Орынбор казак үкіметі, Орал казак үкіметі, Сібір, Иркутск, Жетісу, Ени­сей, Астрахань казак әскер­ле­рінің өкілдері, Башқұрт үкіметі, Ала­шорда, Түркістан үкіметі, Ішкі Ре­сей мен Сібірдің түркі-татар ұлт­тық басқармасы, Эстон уақыт­ша үкіметі, социал-революцио­нер­лер (Эсер), Ресей социал-де­мок­рат жұмысшы партиясы (ме­ньшевиктер), Халықтық-со­циалистік Еңбек партиясы, Халық бос­тандығы партиясы (Кадет), «Единство» Бүкілресейлік социал-демократиялық ұйымы, Сібір, Орал және Еділ бойы земстволары мен қалалар съезі өкілдері, «Ре­сей­дің қайта жаңғыру одағы», Сі­бір облыстық думасы сияқты ұйым­дардан 200-ден астам адам ке­ліпті. Мәжіліске қатысқан 157 де­легаттың нақты аты-жөні бел­гі­лі. Делегаттардың бірінің жазуын­ша, «кіреберісте хатшылар ұсын­ған параққа кейбір азаматтар қол қою­ды аса қажет санамаған». Тізім со­дан толық емес.
Мемлекеттік мәжіліске шетел де­легациялары да құрметті қонақ ре­тінде қатысты. Олардың ішінде АҚШ консулдығының хатшысы Р.Шнейдер, француз әскери мис­сиясының өкілдері А.Гинэ мен Л.Жано, Чехословак ұлттық кеңе­сінің өкілдері Дундочек, Свобода, Патейдель бар.
«Сібір» қонақүйі болған ғи­марат бұзылмапты, Уфаның орта­лы­ғында әлі тұр. Есігі сықырлап ауыр ашылады, темір жиекті бас­пал­дақтары патша заманында сом темірден құйылған сияқты. Сырт по­шымы да өзгермеген, ақ керіш­тің үстіне алқызыл арзанқолдау бояу жағып қана келелі кеңес өт­кен үйдің салмақты бейнесін жо­ғал­тып алыпты. Бұл үйдің не­ғыл­ған үй екенін білетін тірі пенде жоқ.

***

Мұстафа Шоқай

Ресейдегі жаңашыл күштер ХХ ғасыр басындағы мемлекет сипа­тын мүлде басқаша елестетті. Мо­нархиялық билік елді патшаның ра­пайсыз басқаруы ескірді деп есеп­теді. Ресейдің мемлекеттік фор­масын халық «Учредительное соб­рание» – Құрылтай жиналысы ар­қылы өзі таңдауы керек деген идея саяси орта мен зиялылар ара­сында кемінде он-жиырма жыл ай­тылып келе жатқан. Тіпті Ни­ко­лай патша тақтан бас тартып, би­лікті князь інісіне ұсынғанда, Ми­хаил Романов бұл орынға өзін лайық көрмей, Ресей тағдырын Құ­рылтай жиналысы шешсін деп, бү­кіл өкілеттілігін Уақытша үкі­мет­ке береді.
Құрылтай жиналысын – қо­ғам­ның мүддесін танытатын заң­ды талқыны өткізу – Ресей саяси эли­тасының арманы. Ресейдің пат­шалық монархия қалпын сақ­тауы немесе демократиялы рес­пуб­лика болуы; федерация немесе уни­тарлы болуы; парламенттік я бол­маса президенттік билік ор­науы; меншік, құқық сияқты ха­лық­тың ойы мен еркін білдіретін конс­титуциялық мәселелер Құ­рыл­тайда шешілуге тиіс. Романов айтсын, айтпасын, Уақытша үкі­мет ең бірінші осы жиналысты өт­кізу­ге мүдделі. Алдымен князь Ль­вов, кейіннен Керенский бас­қар­ған Уақытша үкіметтің өзі Құ­рылтай жиналысына дейін қызмет ат­қаруы тиіс уақытша билік бола­тын.

***

Башқұрт үкіметі төрағасы Зәки Уәлиди

Минск майданында қара жұ­мыста жүрген қазақ жастарына қор­ған боп барған Әлихан мен Мір­жақып бастаған азаматтар «пат­ша тақтан бас тартты» деген ха­бар­ды естіген бетте қазақ дала­сының түк­пір-түкпіріне: «Чер­няев­тағы Ты­нышбаевқа, Пет­ро­павлдағы Кө­семесовке, Ті­леу­линге, Омбы­дағы Тұрлы­баев­қа, Павлодардағы Сәтбаевқа, Семейдегі Мәрсеков­ке, Тұрағұлға; Қарқаралыдағы Жа­­­қыпқа, Смаханға, Хасенге, Зай­сандағы Боштаевқа, Қараөт­кел­дегі Райым­бековке, Сұлтан Абы­лаевқа, Атбасардағы Сейілбек Жанай­даровқа, Сыздық Мишен­баев­қа, Совенкедегі Шаһангерей Бө­кеевке, Бақытгерей Құлманов­қа, Жәнібектегі Ораш Шамбалов­қа, Красный Ярдағы Ораш Шол­ты­ровқа, Красный куттағы ад­вокат Ниязовқа, Ойылдағы Ха­лел­ге, Уральскідегі Ғабидоллаға, Пе­ровскідегі Бекқожаға, Хожа Ах­медке, Юсуфбекке, Ырғыздағы Шонановқа, Түркістандағы Өтеге­новке, Қоқандағы Ақаевқа, Ско­бе­левтегі Ғабдырахман Оразаевқа, Таш­кенттегі врач Көтібаровқа, Ән­діжандағы Қожықовқа, Қапал­дағы Тұрысбековтарға, Ақтөбедегі Қасым Арғынғазиевқа, Торғай­да­ғы Алмасовқа, Қаралдинге, Тоқ­та­баевқа.
Учредительное собрание сай­лауларына қазақ болып қамдану керек. Жарамды, жақсы адамда­рын ауызға ала беру керек. Біз қа­­­лайтын патшалық түрі – демок­ратическая республика», – деп ар­найы хат жібереді. Бір жапырақ қа­на хаттың өзі Құрылтай жина­лы­сынан көп үміт күткен көңіл күйді аңғартатындай. 1917 жылғы ақ­пан төңкерісі кезіндегі сол күн­дерде Міржақыптың Петроградта «Миллетлерге мұхтариат!», «Са­мо­опре­деление нации» деген транс­па­рант ұстап шығуы – қазақ қай­рат­керлерінің әу бастан автономия алуды ойлағанын көрсетеді.
Ресейде кадет, эсер, мень­ше­вик, большевик сияқты партия көп. Бірақ олардың ешқайсысы қа­зақ халқының мүддесіне толық сай келмейді. Әсіресе, Құрылтайда «ұлттарға автономия әперейік» деген ешкімнің ойында жоқ. Сол себепті Әлихан «Алаш» партиясын құрып, дауысты шашыратпау үшін Құ­рыл­тай сайлауына сол партияның тізімінен ғана түсуді ұсынады. Орын­бордағы І қазақ съезінде осы ұсынысқа сай «Бір облыста бір спи­соктан артық болмасын, сай­лауда кандидат списогін «Алаш» партиясының списогі деп жүргізу­лері керек» деген уағдаға тоқтала­ды бәрі.
Әлиханды тыңдаған ер де бар, тың­дамаған ел де бар. Орал, Тор­ғай, Ақмола, Семей облысы сай­лау­ға жалғыз тізім ұсынады. Семей об­лысында Мұхтар Әуезов, Қа­ныш Сәтбаев сияқты жастар «Алаш» партиясының үгітін жүр­гіз­ген. Бірақ, алақандай ғана Бө­кей ордасы екі тізім ұсыныпты: бірін­ші тізім – У.Танашев, Б.Құл­ма­нов; екінші тізім – Қ.Сармол­лин, С.Нұралыханов. Жетісу об­лы­сы қазақтары да М. Тынышбаев тобы мен Ы.Жайнақов тобына бө­лініп, екі тізім беріпті.
Бір қыңқыл Торғайдан шы­ғып­ты. Торғай облысы қазақтары аты­нан сайлауға түсетін депутаттар тізі­мінің ең басында Ахмет Бай­тұрсынұлы, Ахмет Бірімжанов, Міржақып Дулатов тұрған. «Үш кісі үшеуі де арғын, үшеуі де бір уез­ден» деген сөз шығыпты, арғын­ды азайтайын, ең бастысы, Торғай облысы жалғыз тізімнен түскені» деп, Міржақып Дулатов депутат­тық­тан бас тартады.
Қазақ съезінің қаулысына қа­ра­мастан, Сырдария облысында Се­рәлі Лапин мен Садық Қожа ишан съез ұйымдастырып, жаңа тізім түзіпті. Тізімде саясатқа ара­ласпаған ишандар басым екенін кө­ріп, «Бірлік туы» газеті «Олар Пет­роградқа Николайдың жаңа­засын шығаруға бармаса, Учре­ди­тельное собрание секілді топқа түсу­ге жарайтын адамдар емес», – деп жазады.

«Ұлттарға автономия!» деген транспарант көтеріп бара жатқан М.Дулатов. Петроград, 1917 жыл, ақпан

***

Ақпанда билікке келген жаңа үкімет үш айда өткізеді деген Құ­рыл­тай сайлауы әуелгіде 1917 жыл­дың 17 қыркүйегіне жос­пар­ла­нып, одан соң қарашаның 12-сіне белгіленеді. Бірақ, 25 қазанда Уа­қытша үкіметті қарулы күшпен таратып, заңсыз жолмен билікке Ле­нин бастаған большевиктер кел­ді. «Алаштың» үмітіне осы кез­де бір көлеңке түседі.
Сайлау жөнімен өткен жоқ. Қа­зақ жерінің кейбір жерінде мүл­де сайлау болмады. Соған қара­мас­тан «Алаш» партиясы бұл сай­лауда ең көп дауыс жинаған партиялар қатарында болды.
Құрылтайда ең көп дауысты социал-революционер – Эсер пар­тиясы алды. Сайлауға қатыс­қан ха­лықтың 40,4 пайызы Эсерге дауыс берген. Большевиктер – 24,0 пайыз. Украина эсерлері – 7,7; ка­дет­тер – 4,7; меньшевиктер – 2,6; Гру­зия меньшевиктері, Әзір­бай­жан­ның «Мусаваты», Арменияның «Да­шнакцутюны», сол­шыл эсер­лер және «Алаш» пар­тиясының әр­­қайсысы бір пайыз­дан көп дауыс жинаған. Сайлауда көп дауыс жинаған он партия – осылар.
Бір пайыз аз сияқты. Шын мә­нін­­де аз емес. Бұл сайлаудың бү­кіл­ресейлік сайлау екенін, қазақ халқының үлес салмағын, жердің шалғайлығы мен елдің тұрмысын, Жетісу өңіріндегі аштықты, Сыр­да­рия облысында сайлаудың мүл­дем өтпей қалғанын ескерсеңіз, бір пайыздан асу – үлкен жетістік. Әлихан Бөкейхан сайлау алдында жазған «Қазақ депутаттары» атты мақаласында «5 миллион 249 мың қа­зақтың 1 миллион 21 мыңы Сыр­­­дария облысында тұрады, 5 де­путат осы облыстан сайлануға мүмкіндік бар» деп жазады. І съез қаулысында Сырдария облы­сы­ның тізімін Мұстафа Шоқай мен Санжар Асфендияров бастап тұр еді. «200-250 мың адамнан бір де­путат сайланады» деген сайлау тура­лы қаулыға сүйеніп, Әлихан қа­зақ депутаттарының саны 22-26 болу­ға тиіс деп болжайды.
Бір пайыз төңірегінде ғана кө­рінгенімен, «Алаш» партиясы сай­лау өткен облыстардың түгелге дер­лігінде жеңіске жетті. Әсіресе қа­зақ тұтас қонған жерлерде «Алаш» тізіміне дауыс бермеген адам кемде-кем. Жетісу облы­сын­да – 57,5, Торғай мен Орал облыс­тарын­да «Алаш» 75 пайыз дауыс алыпты. Бұл – қазақ халқының «Алаш­ты» нақ қолдауы. Торғай об­лысының Ырғыз уезінде «Алаш» – 51351 дауыс, эсер 181 және Эсдек 193 дауыс алған. Торғай уезінде «Алаш» – 54978, Эсер – 110, ал Әліби Жан­гелдин бастаған Эсдек пар­тия­сы небәрі 41 дауыс жинапты.
Семей облысының Семей уе­зін­де «Алаш» 14 партияның ішінен ең көп – 85,6% (58331 адам) дауыс жи­найды. Одан кейін тұрған эсер­лер небәрі 5 пайыз иеленген. Ка­зактар 4,6% болса, большевиктер – 2,8%. Семей қаласында «Алаш» партиясы 3304 дауыс алса, Көлбай Төгісовтің «Үш жүз» партиясына бір-ақ адам дауыс берген.
Құрылтай депутаттарына сай­лан­ған азаматтардың нақты тізімін жа­саумен айналысқан ресейлік зерттеуші Л.Протасов қазақ депу­таттарының санын 12 адам деп көрсетеді. Әлиханның қазақтан кемінде 22 депутат сайлануы тиіс деген болжамы мен Сырдария об­лысында сайлау өтпей бес орын­нан қазақ құр қалғандығын ескер­сек, 12 адам (800-дің 1,5 пайызы) аз емес. Әрі зерттеушінің сайлау нә­тижелері туралы жергілікті мұ­ра­ғат пен сол кездегі қазақ бас­пасөзін оқымағаны тағы бар.

***

Әлімхан Ермеков

Құрылтай жиналысы Петрог­рад­та 1918 жылдың 5 қаңтарында бас­­талды. Басталған бетте жа­был­ды. Ленин қарулы солдаттарға «де­легаттар сыртқа шыққан соң, Таврия сарайының есігін жауып, ешкімді кіргізбеңдер» деген тап­сырма береді. Өйткені, Құрылтай делегаттары большевиктер билігі заңсыз екенін жариялап үлгерген еді. Ленин билікке келген соң, «Алаш» партиясының Құрыл­тай­дан автономия сұраймыз дегені са­ғымға айналғанын білген соң, қа­зақ съезі Алашорда үкіметін құр­ды. Съезде Алаш автономиясы жарияланбады. Әлихан автоно­мия­ны легитимді түрде жариялау ке­рек деген позиция ұстанды. Ле­гитимді жариялаудың үмітін Уфа мәжілісі қайта жаққан.

***

Уфадағы Мемлекеттік мәжіліс ең әуелі бүкілресейлік орталық би­лік жасақтауды қолға алды. Ол «билік Құрылтай жиналысын қай­та өткізе ме, әлде Құрылтай жи­на­лы­сын жаңа сайлау арқылы өткізе ме?» деген мәселе де мәжі­ліс­тің негізгі пі­кірталасына айнал­ды.
Жиырмадан астам делега­ция­ның қай-қайсысы болсын мәжі­ліс­ке тастүйін дайындықпен кел­ген. Әр топтың ойында өзінше қа­лыптаған билік моделі бар. Тал­қы алғашқы күні бастала қой­мады. Кешкі алтыда ашылған жиын бірінен соң бірі мінберге шы­қ­қан делегаттардың құттық­тауы­мен, үмітті сөздерімен, Ре­сей­дің түкпір-түкпірінен келген же­делхаттарды оқумен өтті. Тө­рал­қа одақтас ел басшылары: АҚШ Пре­зидентіне, Ұлыбритания, Ита­лия, Франция, Жапония үкі­меті төрағаларына және Чехос­ла­вакия ұлттық кеңесінің төрағасына ын­тымақтастық сәлемін жолдау­ды ұсынды.
Мәжілістің екінші отырысы ара­ға бір күн салып, 10 қыркүйекте өтті. Осы отырыста құрамына бар­лық делегация өкілдері кіретін ке­лісім комиссиясы құрылды. Ре­сейдің орталық билігін құрудың прин­ципті мәселелерін тал­қы­лайтын комиссия жұмысы Уфа Мем­лекеттік мәжілісінің ең мүд­делі ісі еді. Комиссия құрамына Түр­кістан үкіметінен Мұстафа Шо­­қай, Алашорда төрағасы Әли­хан Бөкейхан, Башқұрт үкіметі атынан Зәки Уәлиди, Сібір мұсыл­ман­дарынан Сұлтанбек Мамлеев кі­реді.

***

Уәлитхан Танашев

Уфадағы Мемлекеттік мәжіліс­ке Алашорда, Түркістан, Башқұрт үкіметі мен түркі-татар басқарма­сы­нан саяси іске жетік азаматтар көп келген еді. Түркістан Мұхта­риа­ты уақытша үкіметінен Мұс­тафа Шоқаймен қоса, Әбдірахман Ора­заев мәжіліске өкіл ретінде қа­тысқан. Қазақ азаматтарының кей­бірі жиындарға Алашорда аты­нан қатысса, енді бір бөлігі Құ­рылтай жиналысының мүшесі ре­тінде аталады. Әлихан Бөкей­хан, Ахмет Байтұрсынов, Ахмет Бі­рім­жанов, Сәлімгерей Жан­тө­рин, Жаһанша Досмұхамедов, Хал­ел Досмұхамедов, Мұхамеджан Ты­нышбаев, Әлімхан Ермеков, Уәлитхан Танашев, Ғұбайдолла Әлібеков, Нұрғали Ипмағанбетов, Сағындық Досжанов, Имам Әлімбеков, Әбдрахман Байділдин сияқты азаматтар сол кезде Уфада болды. Тіпті, Алашорда үкіметі құ­рылғаннан бері оның он бес мүшесінің көп болып басы қосыл­ғаны тек осы жолы ғана. Орынбор­дағы Алашорда құрамы анықтал­ған съезге де оның небәрі жеті мү­шесі қатысқан. Бұл жолы Әли­хан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Жаһанша Досмұхамедов, Халел Дос­мұхамедов, Уәлитхан Танашев, Мұхамеджан Тынышбаев, Әлімхан Ермеков, Ахмет Бірімжанов – Ала­ш­орданың сегіз мүшесі Уфада еді.
Алашорданың жеті мүшесі 11 қыр­күйекте үкімет отырысын өт­кізеді. Әлиханның келісім комис­сия­сындағы ұстанымы осы оты­рыста талқылануы әбден мүмкін. Өзін Түркістан үкіметінің өкілі (төрағасы) есептеген М.Шоқай бұл жиынға қатыспаған. Премьер-министр һәм министр шеніндегі тұл­ғалардың басқосуы Ойыл уәлая­тын таратып, Алаш автоно­миясының батыс бөлімін құрумен аяқталды. Бұл қазақ жерін бөл­шектемей, біртұтас территория ре­тінде қорғауға, ІІ съездің заңды қау­лысы – Алаш автономиясын құру туралы стратегияны жүзеге асы­руға керек маңызды шешім еді.

***

Келісім комиссиясына әр де­ле­гациядан бір-бір ғана мүше кір­генімен, әр тұлға өзінің үкіметінің, саяси ұйымы мен партиясының принципті позициясын көрсетті. Бұл комиссия Ресейдің сол кездегі саяси һәм әскери элитасы мен истеблишментінің жылдар бойы сүзгіден өтіп қалыптасқан мем­лекет құрылысы және оның билігі туралы идеяларын пікірталасқа салды. Әр делегаттың сөзінде – салмағы зіл-батпан ой.
Комиссия отырысының ал­ғаш­қы күні – 12 қыркүйекте Әли­хан Бөкейхан сөз сөйледі. Әлихан империялық сананы сынап, үкі­меттен тең құқық сұрайды: «Аза­мат­тар! Мен мұнда осындағы Құрыл­тай Мәжілісінің мұсылман мүшелерінің және Түркістан, Баш­құртстан, Алашорда авто­но­миялық облыстарының үкіметтері және Ішкі Ресей мен Сібірдің Түр­кі-Татар ұлттық Басқармасы аты­нан келіп отырмын… Облыстық үкіметтердің құрылуын кейбіреу­лер сепаратизм санағысы келеді; мұнда ешқандай сепаратизм жоқ… Сеператизм жасады деп есептей­тіндер самодержавиелік Ресейде өзге ұлттарды – құл, ал ұлы Ресей­дің өкіл­дері – құл иеленуші деп ойлауға үйренген… Бірақ, бұндай ойдан ен­ді бас тарту керек.
Біз Ресейдің жоғарғы билігі Құ­рылтай Мәжілісінің осы шақы­ры­лымында болуы керек деп есептейміз! Ал коалициялық билік осын­да қатысып отырған ұйым­дардың өкілдерінен құрылуы тиіс. Бүкілресейлік Құрылтай Мәжі­лісі­нен төрт өкіл, Сібір үкіметінен – бір өкіл, қатысып отырған казак әскер­лерінен – бір өкіл, Түркістан, Баш­құртстан, Алашорда автоно­миялық үкіметтерінен – бір өкіл болуы керек».
Әу бастан комиссияда «мемле­кет билігі бір ғана адамның немесе бірнеше адамның қолында болуы керек пе, үкімет партиялық негізде құрыла ма, әлде коалициялық си­патта бола ма?» деген мәселелер тал­қылауға түсті. Әу бастан-ақ ко­миссия халықтық билікті қол­дай­тындар мен ашық айтпаса да, әскери диктатура орнатқысы ке­летіндер болып екіге жарылды. Ха­лықтық билікті қолдайтын­дар­дың ең салмақтысы – Комуч, дик­татура орнатуды көксейтін – казак ата­мандарына сүйенген Сібір үкі­меті.
Түркі-мұсылман жұртшы­лы­ғы­ның мүддесін бірге қорғауға уағдаласқан төрт делегация үшін партиялық негіздегі үкімет қолай емес – төрт делегацияның төртеуі де партия атынан келіп отырған жоқ. Әскери диктатураның да пиғылы белгілі – Ресейді феде­рация емес, қайтадан империя ретінде құрғысы келеді. Сондық­тан, олар ұлттық мүддені қорғауға барын салады.
Комиссия мүшелері ұлттық-тер­риториялы автономия дегенге қатты шүйлігеді. Бұл «Мұсылман­дар делегациясы» үшін ең ауыр соққы болады. Эсер Гендельман «ав­тономия – Құрылтай жинала­сының мәселесі» деп, орталық би­­ліктің автономиялармен қа­рым-қатынасы туралы әңгімені мүлде қозғамауды сұрайды. Ал, Ә.Бө­кей­хан, М.Шоқай, З.Уәлиди «Ұлттық территориялы автоно­мия­ның Ресей федеративті үкі­метіне қа­рай­тын өз үкіметі болады. Ол үкі­мет Сыртқы істер, әскер, темір­жол мәселелерінен өзге істің бәрін өз территориясы шеңберінде өзі ше­шеді» деген ұстанымды барынша қорғап түсіндіреді.

Уфа қаласы

Орал үкіметінің өкілі Войтов: «Ре­сейде федерация жоқ, орталық билік федеративті құрылысты кү­шейтумен айналыспайды», – дей­ді. Бұған З.Уәлиди қарсы шығып, «қазіргі бар бостандық қысқар­мауы керек» деп шырылдайды.
Мұстафа Шоқай жаңадан құ­рылатын үкімет жер заңына Құ­рыл­тай жиналысының 1918 жылғы 5 қаңтардағы қаулысын алатын болса, ұлттық саясатқа қатысты да сол кездегі мемлекет құрылы­сы­ның формасы нормалары алынуын талап етеді. Ол форма «фе­дералды демократиялық рес­пуб­лика бола­тын», – дейді М.Шоқай.
Комиссияда «билік диктатура қо­лында емес, халықтық үкіметте болуы керек» деп есептейтін­дер­­дің саны көбірек болса да, салмақ бірте-бірте Сібір үкіметі жа­ғына ауады. Сібір үкіметі маңы­на топ­тасқандардың ойы – им­перияны қайта қалпына келтіру, диктатура билігі. Халықшылдар оппози­циясының талабымен ғана олар диктатураның көп кісілік формасы – директорияны таңдай­ды.
Күнара талқылауы түн жары­мына дейін созылатын комиссия отырысы екінші аптаға жалғасады. «Бүкілресейлік билік партиялар немесе коалициялар құрайтын үкі­мет емес, директория болады» де­ген­ге барлығы лажсыз келіскен. Енді «мұсылман делегациясы», Әли­хан айтқандай, Алашорда, Түр­кістан, Башқұрт автономиялық үкіметтерінен ортақ бір өкіл ди­рек­тория мүшесі болсын дегенге күш салады. Бірақ, бұл ұмтылыс та бірден қарсылыққа ұшырайды.
Социал-демократиялық еңбек партиясының өкілі Кибрик: «Әр ұлт өкілі үкіметке мүше ұсынса, Ре­сей бірікпейді, бөлшектенеді», – дей­ді. Кадет Кроль: «Мүмкін, бұ­лар­ды министрліктегі статс-хатшы функциясы қанағаттан­дырады», – деп кемсіте сөйлейді. З.Уәлиди «статс-хатшылық бізді қанағат­тан­дырмайды» деп кесіп түседі. Социа­лист Марков «Әр ұлт­тан мүше таң­даса, кісі көбе­йеді» деп, дирек­то­рия құрамын үш-ақ адам жасау­ды ұсынады. Оны эстон үкіметінің төрағасы қол­дайды. Ақыры М.Шоқай: «Біз адам ұсынғанда ұлт­тық мәселенің өткірлігін ескердік. Ол адам қа­лай­да мұсылман бол­сын демедік. Егер ұлттық мәсе­ле­лерді толық шеше алатын болса, мүддемізді қорғауды орыс ұлтынан шыққан өкілге де сеніп тапсыра аламыз», – деп өз топтарының келі­сімін біл­діреді. Ә.Бөкейхан да үкіметке бүкіл елге белгілі тұлғалар сайла­нады деген үмітпен өз өкіл­дерін ұсыну туралы ойынан бас тарта­тынын мәлімдейді.
Көп көптігін істейді. Мем­ле­кет­тік мәжіліс Н.Авксентьев, Н.Астров, В.Болдырев, П.Воло­годс­кий, Н.Чайковский – бес адамнан тұратын Директория сайлап, 23 қыркүйекте аяқталды. Бүкілресейлік уақытша үкімет – Директория туралы актте ав­тономиялар құзыретін анық­тауды Бүкілресейлік үкіметтің даныш­пандығына (мудрость) тапсырды. Бұл актке жарты айға созылған мәжіліске соңына дейін қатысқан 106 азаматтың ішінде Ә.Бөкейхан, М.Шоқай, А.Бай­тұр­сынов, Ә.Ора­заев, И.Әлімбеков, А.Бірім­жанов, С.Досжанов, Н.Ипмағам­бе­тов те қол қойған. Автономия мә­селесін түпкілікті шешу тағы да Құрылтай жина­лысына қалды­рыл­ды. Құрылтай жиналысы 1919 жыл­дың 1 қаңтары күні басталады деп жоспарланды. Уфа мәжілісі аяқ­талғанда Ди­рек­тория мүше­ле­рі­мен қатар тұрып суретке түскен қазақтың аяулы перзенттері Әли­хан мен Мұстафа бір-бірін соңғы рет осы қалада көрді.

***

Директория 1918 жылдың 4 қа­­рашасы күні Алашорданы та­рату туралы бұйрық шығарды. 18 қарашада билікке Колчак келіп, Директорияның өзін таратып жі­бер­ді. Колчак әскері Екатерин­бург­те М.Шоқайды, Омбыда Ә.Бө­кейханды тұтқындады.
Алаш автономиясы 1918 жылы да жарияланған жоқ.

Болат МҮРСӘЛІМ

Дереккөз: "Қазақ әдебиеті"

Jebeu.kz


Ысқақов Әрхам Кәкітайұлы: АБАЙДЫҢ ӨМІР ЖОЛЫ
Жүсіпбек Аймауытов. Елес