ҚАЗАҚТЫҢ ӨЗГЕШЕ МІНЕЗДЕРІ

Уақыты: 2018-10-08 Көрлімі: 3773 Сипаттама

Газет бетінде қазақтың әртүрлі кемшіліктері түртіліп, жазалып жатыр. Мысалы ұйымсызды...

180889_main.jpg

Газет бетінде қазақтың әртүрлі кемшіліктері түртіліп, жазалып жатыр. Мысалы  ұйымсыздық, күндестік, парақорлық, партия, әділетсіз билік, әйелдің халі деген сияқтылар. Рас, мұның бәрі аяныш халдер. Бірақ бұлар – иірімнің бұтақтары. Роман, өлең, мақала жазушылар да осындай ұсақ кемшіліктерді көрсетпек.

Қазақтағы неше түрлі болып тұрған ауыр халдердің түпкі негізі, тамыры қайдан тарап, бұл күйге ұшрағанда һаш кім қолға алып матбұғат жүзінде қозғап көрген жоқ.

Соның үшін бұл терең сауалды жұрттың есіне салып, жүйріктерді қыздыруға сөз бастап отырмыз.

Бұрынғы уақытта қазақ елі ұйымшыл, ері жауынгер, биі әділ, намысқор, адамы ірі, бітімді, қайратты, сауықшыл болған екен.

Досымен достасып, жауымен жауласуға табанды, қайғыра да, қуана да білетін халық екен.

Рас, ол уақыттағы ұйымшалдан күні үшін болса да жүре – бара айтып, түзеп, қосып алатын сүреңі бар сияқты еді.

Естуімізше, (әрине, халық болған соң «түгел самадай, мұнтаздай еді деуге келмейді. Надандық уысында талай оқыс мінездер болған. Орын беруді артық деп білеміз) олқылықты түсіндіріп, бұзық жолға салушылар болса да, дүниауи ғылымдарда кіріп, тамырлап, бұтақтап кетуге ықтимал еді. Бірақ қожа, молда, ишандар (схоластика) дін ғылымын таратып, елдің ойын, рухын қол-аяғын кісеңдеп, бір кесімді тар жолға тығып, адамшылықты муфтилердің қазығына қылқыдатып байлады да қойды.

Түсінігінше, қазаққа дін де оп-оңай сіңе кеткен жоқ. Түсінген соң іске асырғыш еді. Сол кезде халықты меңгеріп ұстап тұрған азулы, айбыңды хан сықылды бір күш керек еді. Халықтың бақытына қарай жақсының сиреген кезінде күші кетіп мынадай соққы жолықты. Қазақтың ұлттық қалпы өзгерілді. Тізгін махсұты басқа, ниеті шалғай, суық бауыр жанның қолына тиді. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген халге ұшырады. Кемеңгер билердің заманы құрып, адамдық мал мен пұлға сатып алынатын заманға килікті.

Қазақтың тумысы өзгерді. Кигіз үйде қыстап, суыққа шынығып, қуатты, қайратты, денелі өсетін қазақ, тағалығы жоқ, аласа жер үйге кіріп, аурулы, нашар болып, мыжғырланып, еңсесі көтерілмей өсетін халге түсті.

Осы сияқты адамның өсімі де кеміді. Әрине, тән қуатты болса, жан қуатты, ажарлы болады. Нашар жаннан осал мінездер туады. Мысалы: ойнас, өтірік, өсек сияқтылар, бұл – бір. Екінші, сол уақытта өзі сурет ала алмаған бірлікке, қырсықтың қара басы боп партия деген қағида тиді. Жауыздық, залымдық қара бұлттай қоршап, халықты астаң-кестең қылып, өзді-өзімен атыстырып, жауластырып, көзді шел қаптады. Күннен күнге өршіген қалың сасық тұманнан шыға алмай, адасып келіп-келіп түсіп отырған қалпымыз міне осы күнгі.

Партиядан тарайтын пітіненің бір сыпырасын айтайық: партия басталғалы малың азайып, кедейлік килікті. Себебі болыс болатындар аямай малын шашып, құрып болған шағында, сол малын орнына түсіре алмай, қалғаны онан жаман құриды.

Екінші, партияның малын жаудың малындай ішіп-жеген халық қайта құсып, қолындағы өз малын азайтады. Партия – кәсіпке кіріспеуге үлкен себеп болды. Право жағының қырсығы бұл.

Енді «дін» жағымызға не істелді? Қай жұрттың болсын қасиеті – уағдашылдық, антқор еместік, құдайдың атын жеңілге санамаушылық еді. Біздің қазақта аруақ, құдай, ант – аман, құран дегеніңіз бишараның (бұл жерде көп нүкте, тексте солай көрсетілген – З.И.). Қадірсіз. Құдайға қылған құлшылық, қайыр-садақа партияның бір мәсиегіне жүріп кетті. Дінге келген кемшілік осы.

Енді қазақтың мінезіне (ақалаққа) тигізген зияны мынау: ұрлық, зорлық, қорлық, өтірік, өсек, алдау, қулық, сұмдық, айдату, байлату, кісі өлу – рақымсыздық, жалған мақтан, нысапсыздық, тұрақсыздық, настық, жалқаулық деген нәрселерге шайтанның ойнағынан артық болмаса кем болған жоқ. Бір туысқан түгіл әке мен бала партияға таласып, күндескен соң, адамның жақыны кім болмақ? Әрине, жақыны, досы жалғыз ғана – құлқыны.

Партия халықтың бірлігіне, ерлігіне қолқабыс қылды ма? Намысты қоздырды ма? Жоқ. Бүгін таласпаймыз, жоқ.

Бірлікшіміз, ұйымшылмыз, жауынгерміз дейтіндер табыла қоймас. Алтыбақандық, қазанбұзарлыққа мақтансақ мақтанайық. Сүйтіп, ұсақтап келіп жаужүрек батырларымыздың батырлығы ауыл – үйдің малын ұрлауда қалды. Бұрынғы билердің жұрнағы кішкене дөңгелек жер болып қалды.

Осындай ортада өскен бала да жамандыққа салынып, қатты оқығандардан да көпке шейін таты кетпейтін көрінеді. Мысалы «ұлтым» деп оқып шыққандар халық арасына келсе қарая бастайды.

Сайып келгенде, қазақта қалып тұрған өзгеше мінез тіле айтқанда – тұрақсыздық, ұйымсыздық, басынан аспайтын өзімшілдік, ездік. Халықтың өзіне айтып, мінезін түзеу қолымыздан келмейді. Жалғыз-ақ үмітіміз, қаруымыз – оқығандарда. Оқығандар үйіндегі жас балаларды өздері үлгі болып надандықтан шығарып, адамшылықтың жарық жағына сүйреуге міндетті. Соларға қазақтың мінезін тастап, аянбай қажымай, таза жүрекпен кемшіліктерге қарсы тұрып бірлік шеніне жармасуынан басқа не тілей аламыз.
Семей семинариясында оқитын:
Аймауытов һәм Әуезов.
«Алаш» газеті, 1917-жыл, 30-наурыз, № 16.

Jebeu.kz

Пікір жазу
  • Ахмет Байтұрсынұлы. Қазақтың бас ақыны
    АБАЙ МУЗЕЙІНДЕГІ МҰХТАР ӘУЕЗОВ ҚОЛТАҢБАСЫ