Айбынды Алаш әскері (Орыс офицерлері жазып қалдырған деректерге шолу)

Уақыты: 2018-12-12 Көрлімі: 253 Сипаттама

Осыдан жүз жыл бұрын 1918 жылы қазақжерінде ақтар мен қызылдардың арасындағы жойқын соғы...

DSC_2631.jpg

Осыдан жүз жыл бұрын 1918 жылы қазақжерінде ақтар мен қызылдардың арасындағы жойқын соғыс қимылдары басталған еді. Қазақстан территориясындағы әскери қимылдардың жандана бастауынан соң тұрақты өкіметтік әскер құру мәселесі айқын бола түсті. Төніп келе жатқан қауіпкебайланысты 1918 жылдың басында жергілікті жерлерде Алашорда үкіметінің бастауымен милиция және өзін-өзі қорғау жасақтарын құру ісі белсенді түрде жүргізілді.

Еділ (Волга) аймағында және Сібірде боль­шевиктер билігі құлағаннан кейін Алашорданың алғашқы бұйрықтарының бірі – 1918 жылғы 11 маусымдағы Кеңес өкіметіне қатысты қаулы болды. Аталған құжатта «Кеңес өкіметінің Алаш автономия­сы аумағында шығарған барлық қаулылары жарамсыз» деген шешім анық жазылды. Сонымен қатар, ең жақын одақтастар бо­лып «Сібір және Башқұрт автономиясы», сон­дай-ақ адмирал Колчак пен атаман Ду­тов саналды.

Алашорда үкіметінің сол кезде қарулы жасақты ұстап тұруға қаражаты жетіспеді және қару-жарағы мен дайын кадрлары жоқ болатын. Сондықтан Алашорда Сібір үкіметінің Министрлер Кеңесіне өзара көмек туралы келісімді қабылдауға қатысты ұсыныс жасауға мәжбүр болды. Бірақ, Сібір үкіметі қолдау көрсетуге асықпады. Тіпті, Ала­шордаға қатысты Сібір үкіметі бас­шы­лы­ғы тарапынан сенімсіздікпен екі ой­лылық байқалды. Бұл Алаш әскери құра­маларының қалыптасуына кері әсер етті.

Дегенменде, қазақтармен бірге тізе қосып соғысып жүрген орыс офицерлерінің ойы бөлек болды. Олар қазақ бөлімдерінің әскери мүмкіндіктеріне көз жеткізіп, газет беттерінде қазақтардың жауынгерлікерлігі мен қазақтардың өмірі, салт-дәстүрі, пси­холо­гиясы туралы жаза бастады. Мысалы, В.Сорокин «Русская армия» газетінің бе­тінде: «Алаштар – бұл тұрақты Сібір әске­р­лерінің бөлігі болып табылатын қазақ атты әскері. Қазақ атты әскері Семей ауданында большевизм кезінде қалыптаса бастады. Ал­ғашқы қазақ әскерлерінің құрылу тарихы мынадай. Өткен жылдың мамырында Семейдегі большевиктер «Ақ гвардияшылар бүлігінен» құтылудың жолы ретінде барлық офицерлерді заңнан тыс тұрғандар деп жариялады. Ақ офицерлері осыдан кейіндалаға қашып, қазақтардың ішінен Кеңес өкіметіне қарсы күштермен ымыраластық таба білді. Офицерлердің қазақ зиялылары арқылы халықты күреске шақыруы үлкен қолдауға ие болып, кейіннен даладан жігіт­тер жинала бастады. Қазақ жігіттерінен жа­яу бөлім құруды ешкім де ойға алған жоқ. Өйткені, қазақтар ат жалында өседі. Грек жазу­шылары ерекше адамдарға, кентаврлар­ға теңеп, аттан бөлек елестете алмаған біздің ата-бабамыз – скифтер сияқты. Қазақтар да осы дала кентаврлары болып табылады. Сон­дықтан да олардан атты әскер құрылды. Жи­налған жігіттерге салт атпен сапта жүру және қару қолдану үйретілді. Жаттығулар сәттіболды», – деп жазады.

Ақ офицерлерінің баспасөзде жариялағн материалдарын зерделей келе, олардың Сібір үкіметінің басшылығын және Сібір әскерінің командалық құрамын, жалпы орыс халқын, қазақ бөлімдеріне қолдау көр­сетуге, сендіруге тырысқанын әбден аңғаруға болады. «Русская армия» газетінің «Е.С.»атты авторы (20 мамыр, 1919) былай деп жазады: «Қазақтар әскери­лерді «жігіттер» деп атайды. «Жігіт» сөзінің қыс­қаша мағынасы – белгілі бір жасқа жеткен батыл ер азамат. Жігіт жауынгер ретінде тек атты әскер болуды ойлайды. Олар атсыз болса, жауынгерлік бірлік ретін­де түкке тұрмайды. Жаяу жүрсе, епсіз, ауыр және күлкілі әскер, ат үстінде епті адамға айналады. Аттың құлағында ойнайды. Олар үшін ат – шексіз мүмкіндік! Жаяу жүру қа­зақ жігіті үшін қорлық. Жігіт «қарға адым жер­дің» өзіне атпен барғанды қалайды. Жаяу жүргенді жігіт жек көреді және атсыз бо­латын барлық жаттығулар олар үшін қызықсыз.

Ол үшін жаяу жүру және жүгіру ауыр. Себебі: оған ол үйренбеген және тез шаршап қалады. Бірақ, атпен шабу, құйындай жүйтку ол үшін түк емес. Ол барлауда не­месе ізге түсіп жүргенде өте керемет. Әскери істі жігіт жақсы көреді және әскери атағын құрмет тұтады. Оның арманы – солдатқа тиесілі барлық құрметке ие болу. Оған әдемі киім кигізіп, кавалеристке тиесілі қару-жарақ ұстатсаң – ол сіздің қарамағыңызда болады. Кез келген ауылда оған құрмет көрсетіледі. Ол былай деп ой түйіндейді: кез келген адамға форма кию және қару-жарақ ұстау құқығы берілмеген. Әскери болу – ерекше құрмет! Полкке жіберілген жігіттер үшін ол үлкен қуаныш. Бірақ «Берданка» оған ұнамайды. Оның арманы – үш желілік винтовка алу. Жігіт бастықтарын және өзінен жоғары тұрғанның барлығын қатты құрметтейді. Туғанынан бастап үлкендерге құрметпен қарайды. Оған бір нәрсе тап­сырылса, оны ол бұлжытпай орын­дайды».

«Русская армия» газетінде (№53, 15наурыз, 1919) «Е.Ф.Б.» атты автор: «Сібірде большевиктермен күресте іске орасанпай­дасын әкелетін ірі әскери күш пайдала­нылған жоқ немесе аз пайдаланылды. Бұл күш – қазақтар, олар үшін большевизм бітіспейтін жауға айналуы. Большевиктердің беталысы кәдімгі орыстарға қарағанда қазақтардың барлықтұрмыстық қалпына қайшы келеді. Қазақтардың атты әскері Сібірдің, Жетісу мен Түркістанның далалық облыстарында большевиктерге қарсы керемет күш болды; егер осы атты әскер пәрменді түрде ұйымдастырылғанда, онда олар большевиктерді қорқытатын мықты партизандардың бірнеше ондаған полкін қалыптастыратын еді.

«Қазақтар – қорқақтар, зеңбіректің үні ес­тілгенде-ақ қашып кетеді» – дейді. Бірақ, бұл шындық емес. Мұны әскери әрекет­тер­ден қаперсіз адамдар айтады. Зеңбіректен оқ атылғанда ұйымдастырылмаған, оқы­тыл­­ма­ған және тәртіпке келтірілмеген кез кел­ген әскер қашып кетеді. Қытайлар сияқ­ты өлімге жиіркенішпен қараған халық жоқ, алайда осы қытайларды жапондар алдына салып малдай қуды, себебі оларда тәрбиемен тәртіптің негізін қалайтын тәжірибелі командирлер, ынтымақ-бірлік болмаған.
Қазақтар қорқақтар емес, керісінше өте қызуқанды, оларды соғысқа итермелеудің орнына, шайқасқа деген талпынысын барынша тежеп, тоқтатып отыру қажет. Бірақ, бұл рух сәтсіздік кезінде қорқы­ныш­қа, энергия мен рухтың жоғалуына алыпкеледі, бұл барлық қызуқандыларға тән. Оларға ішкі тәртіпті, жақсы басшыларды берсеңіз – олар нағыз сайыпқырандарға айналады» – деп жазды.

Ақтар баспасөз беттерінде дала жауын­гері­нің романтикалық бейнесін қалып­тас­тыру­ға тырысып, оларды грек әфсана­шыла­рының қиялынан туған кен­тавр­лармен және Солтүстік Амери­каның әйгілі жауын­герлеріменде салыс­тыруға тырысады. «Русская Армия» газеті былай деп жалғас­тырады: «Көздері қырағы, жергілікті жер­лерді бес саусағындай біліп, күндіз де түнде деадаспай жол табатын, желдей жеңіл және сол жел сияқты ешкім қуып жете алмайтын, шаршап-шалдық­пайтын кентаврлар – қазақ барлаушыл­арына тең келетіндер жоқ, көліктерге және тылға шабуыл кезінде қазақтар Солтүстік және Оңтүстік штаттар­дың Америкалық соғысындағы әйгілі атты әскері Стюарттына теңеледі. Қазақтар өте төзімді, тамақ талғамайды және жол жүру­ден шарша­май­ды: олардың аттары тәулігіне жүз-жүз елу шақырым жол жүре алады. Қазақтар тәр­тіпке тез көнеді, оларда достық сезімі қатты дамыған, ал әзілқой және көңілді мінездері әскериқызметті жеңіл әрі шытырман оқи­ғалы етіп қабылдауға немесе әр жігіттің намысышыңдалатын міндет ретінде қабылдауға жақындатады».
В.Сорокин «Орыс армиясы» газетінде (1919, №138, 2 шілде): «Мен алаштықтарды алғаш рет Үржар бекетіндегі қозғалыста көрдім, олар Сібір жүздігінің бірімен бірі­гіп, біздің әрекет етуші отрядты қуып келе жатты» – деп жазады. Ол туралы менің жо­рық­тағы күнделігімде былай жазылған:

– Тура сағат 9-да, отряд бастығыныңбұйырығына сәйкес, жолға шығуға белгі берілді. Диспозиция бойынша отрядтың басында түгелге жуық аттылар жүруі қажет. Бірінші болып жүрген казак полкі сібірліктер; олар қаз-қатар тізілген қатар­лармен, өзінің әскери келбетімен, тәртіп­тілігімен және жинақылығымен ерекше­ленеді; оларға қарап өзіңді орыс халқының күш-қуатынқайтадан жинақтағандай сезінесің. Сібірліктердің артынан алма­тылықтар ,үржарлықтар, партизан жүздігі еріп келеді; олар әркелкі киінген, әрқалай қаруланған, олардың партизандар екені бірден сезіледі. Атты қатардың артында алаштықтар келеді. Барлығы осы орыс армиясының жаңа әскери бөліміне ерекше ықыласпен көңіл аудара қалыпты.
Олар біркелкі біздің киімді киген, сапта тұрғандай тіп-түзу, қатарларын жазбай,салтанатты шерудегі сияқты қозғалып келе­ді. Ат үстіндегі айдынды бөлімшебәрімізге айрықша әсер қалдырады; тек сүйегі шығыңқы беттері ғана олардың қайұлт екенін танытады. Шын мәнінде, жақында ғана өздерінің жүйрік аттарымен жылқықуып жүрген, дала адамдары тұрақты әс­кер­ге қалай жылдам айналып кетті десеңізші. Біздің қосын елдің ішіне тереңдей ене бастаған соң, жан-жақтағы жақын таулардан атты қазақтар келіп қосылып, қатарымыз еселеніп, арта түсті.

«Алаштар үлкен құрметке ие болды, қа­зақ тұрғындарының мақтанышына айналды. Қазақтардың Шығысқа тән әсерлендіргіш табиғаты халықтың қиялынан сан қилы аңыздар тудырды, осыған дейін қазақ халық эпосының батырлары ғана болған дала батырларын қайтадан жандандырады. Олартуған өлкесін, оның салты мен дәстүрлерін керемет біле отырып, асқан қырағылығымен, айлакерлігімен, тапқырлығымен, тамаша шабандоздығымен ерекшеленіп, байырғы қазақ тұрғындарымен далалық аумақтарда таптырмас барлаушылар болып келеді».

«Свободная Речь» газеті (8 қазан, 1918,№250) «Қазақ аттылары» мақаласында «Жетісу майданындағы ұрыста жараланған 1-шіАлаш дала аттылар полкінің жігіттері Жетісу майданынан көшірілді. Прапорщик Ступинаның қоластындағы «Алаш жүздігі» деген атаумен 1-ші Алаш полкінен бөлінген отряд тамыз айының басынан бастап, Жетісу майданында үзіліссіз ұрысып келеді. Жүздік Андреевка, Үржар, Лепсі маңындағы Ново-Андреевка, Сарқан және Покотилов­када «қызылдармен» ұрысты. Отряд ара­сында өлгендер және жараланғандар да бар. Қазақтың атты әскерлері шабуыл кезінде айрықша көзгетүсті, әсіресе барлауда ерек­ше таптырмайтын халық» дейді.

«Свободная речь» газетінде (13 наурыз –30 сәуір, 1919 жыл) «Е.С.» дейтін редак­циялық атпен шыққан автор «Қазақтар қалай соғысады?» атты мақала басып шы­ға­рады, онда қазақ әскерлерініңерліктері туралы мынандай деректер келтіріледі:

«…29-шықазан, қызылдар Саратовкаға кірген кезде, біздің жүздіктің бір жігіті, Балтабай Бейсебеков «Аязбай» (Саратов­кадан 7 км) бауынан алыс емес жерде қал­дырып кеткен қыстақтың ауласын қарап шығу үшін кіреді.
Сол жерде байқамай дұшпанның торынатүседі. Екі қызыл оған тап беріп, ол есін жиғанша, қызылдар Балтабай мінген аттың жүгенінен ұстап үлгереді. Құтылып кету мүмкін емес сияқты, бірақ…Балтабай ешкім күтпеген, өте тамаша жылдам қимыл жасап, жүгенді аттың басынансыпырып жібереді де, бір қызылды винтовканың дүмімен кеудесінен ұрып үлгерді. Ал иесінің ишарасын тақымынан сезетін ат шаба жөнелді де, көз ұшында бұлдырайды. Са­сып қалған қызылдар қашқынға оқ атады. Бірақ, оқ көздеген жерге тимеді. Жігіт бөлім­шені тосқауыл туралы алдын-ала сақ­тандырды».

«…Бірде мынадай да оқиға болды: Андреевка ауылына біздің жүздіктің шап­қын­шылығы кезінде, Ахметғали Орманбаеватты жауынгерге ауылдың солтүстік шетінен 20 шақты жігітпен келіп әрекет етутапсы­рыл­ған болатын, ал жүздіктің қалған бөлігі оңтүстіктен кіруі қажет еді.Орманбаев жігіт­терімен ауылға қатты құйғытып, баса көктеп кірді де, үрейлі топалаң шығарды. Сонымен жүздікке берілген тапсырманың орындалуына ықпал етті».
«…Тағы бір мысал: 29-шы қазан, қазақ дивизионы Саратовкадан өзінің тұрағынақарай кері шегіну кезінде бүкіл оқ қорларын атып тауысқан, жарты взводпен қалған Қағазбек Дүшкенев атты жігіт біздің ше­гінуі­мізді қамтамасыз ету үшінізімізге түсу­ге тырысқан қызылдардың 150 адамын бір жарым сағат кідіртті. Осыдан кейін диви­-
з­ион еш қиындықсыз, адамдарын жоғалтпай өтіп кетуге мүмкіндік алды. Осындай мы­сал­дардыңкөпшілігі жақсы нәтижелер берді».
«Сол жылғы 29-шы қазан. Саратовка маңы. Мұхамеди Сабабаев атты жігіт бөлім­ше­ніңсол жақ қанатында болып, Черкас­ский қапталынан 400 адамға дейін күші барқызылдардың қозғалысын айналып өту жолын тапты. Айналып өтпекші болғанқарсыласын бақылай отырып, дәл уақы­тын­да бұл туралы хабарлады және ұрыс біт­кеншеорнында қалды. Сол күндегі кері шегіну уақытында ол аты өліп, қызылдар қор­шапалуға таяу қалған взвод командирін оқтан алып шықты».

«1919 жылғы 11-ші қаңтарда Райыс Тұғонасов атты жігіт большевиктердің ауылы Гавриловскийге кіріп кетті. 14-шіқаңтар күні ол жүздікке қайтып оралды, Гавриловскийдегі қызылдардың бар күші, олардың орналасуы, қарулануы және дайындап алған азық-түлігі туралы, күзетшаралары туралы, түнгі күзетке қойылған күші туралы құнды мәліметтерді жеткізді».
«13-ші қаңтарда Қазақ полкінің 3-ші жүздігінің бөлімшесі дұшпандардың ықпалындаболған «Ақышқын» бекетіне дейін 3 шақырым жетпей, телеграф бағанын бұзды, сөйтіп Қапал мен Гавриловскийде отырған большевиктер арасындағы теле­г­раф­тық қатынасты үзді».

«…1-ші қыркүйек, 1918 ж. Қазақ жүздік бөлімшесінің құрамынан үш жігіт боль­ше­вик­тер басып алған Петропавл-Антоновкақыстақтары арасындағы жолды барлауға, сондай-ақ солтүстік қапталдағы күзеттің күшін білуге аттанды. 2-ші қыркүйекте үш жігіттің тек екеуі ғана аман оралды, олар жолдың, сондай-ақ Антоновка ауылының солтүстік қапталын қызылдардың мүлде күзетпейтіндігін баяндады. Антоновкаға қатысты едәуір толық ақпарат алуды ниететкен олар 2-ші қыркүйекте таңсәріден сол ауылға жетуді ойлайды да, ешкімге көрінбей сәтті шығып кетеді. Күн әлі ерте болатын. Үшеуі көшемен еркін қозғалыпкеле жатты. Винтовкалары иықтарында. Олар бір жағдай бола қалғанда аттар дыбыс беретінін біледі. Кенет бір қақпа сықырлап ашылды… Хохол шықты, мүмкін шөпке бара жатқан болар. Біздің бір жігіт – Қаймолда Байғұ­шықов оған жақындап барып, бірдеңелерді сұрастыра бастады. Қалған екеу де тоқтады да, оны кетуге үгіттей бастады. Қаймолда, оларды тыңдамастан, ауылды атылған мылтық дауысымен оятқысы келмеген­діктен, винтовкасын алып хохолға сермеп қалды. Өкінішке қарай, осы уақытта аты бір нәрседен қатты үркіп, жұлқынып кетті де, оның соққысы дарымай қалды. Хохол қатты айғайлап жіберді. Қашуға әлі де кеш емес еді, Қаймолданың жолдастары оны қанша шақырса да, ол назар аудармастан кенеттен аттан қарғып түсіп, большевикке бір атылды да, тұншықтыра бастады. Алайда, хохолдың біріншіжанайқайын біреулер естіп, дабыл қағып, барлығы жүгірісіп келді де, Қай­мол­даны бассалды. Қаймолда олардың қолынан қаза тапты. Басқа екі жігіт ауылдан шауыпшығып, көзден ғайып болып үлгерді».

«29-шы қыркүйек. Қазақ жүздігінің бір офицері әңгімелейді. «Таңғы 11-лер шама­сында Саратовский ауылының ар жағын­да­ғы Ақ Құдыққа және біздің тұраққа жасанған әскери бөлімше келе жатқаны көрінді.Қызылдарға қарсы шыққан екі взводтың жі­гіттері олармен атысқа кірісті және Антоновкаға қарай Ақ Құдық жолындағы бөлімшені қиратып салды. Сағат 2-лершамасында қызылдар бізге Ақ Құдық және Аясбай бағының жағынан шабуылдай бастады. Жаяу қатардағы жігіттер тізбегін арттыруға тура келді. Екі сағаттық ұрыстан кейін Черкасский ауылынан бекініс алған қызылдар біздің тізбектішегіндіре бастады. Сағат 16-лар кезінде Саратовский ауылы қапталынан кенеттен 100 адамнан тұратын қызылдардың күші көрінгенде біздің жағдай қатты нашарлап кеткен еді. Қызылдардың қатары 350 адамға дейін жетті. Олардың кү­ші бізден екі есе артық еді. Бірақ, біз әлі де берілмедік. Бізде қару да, оқ та аз қалды. Теквинтовкада 10 шақты патрон ғана бар болатын.

Сол уақытта қазақ жүздігін оқпен қамтумаңызды емес еді, бізге шегінетін жер де жоқ, өйткені біздің арт жағымызда биік жар­лы ми батпақ жатыр. Өткелдерді қызыл­дар басып алды. Өте қиын жағдайға душар болдық. Ол кезде қарулы жігіттердің бір бөлігі қарусыз, бейбіт қазақтарды жинау, оларды қызылдардың көзінше аттан түсіріп, қарсыластың қапталынан шабуылға шығару үшін тылға аттандырылған еді. 1-ші взводқа қыстақтарға шегініп, атыс ойығын жасау бұйрығы берілді. 17 сағатта барлығы қыстақ­қа қарай керішегінді. Атыс мүлде тоқтады. Қызылдар қыстаққа қарай 1000 қадам ара­қа­шықтыққа жақындап, осы жердің кесіп өтетін арықтарына жайғасты. Мүмкін бір сағат өткен шығар. Біз қабырғалардың артында отырдық, әлде бір жақтан көмек күттік, көмектек қарусыз қазақтар жағынан ғана еді. Қарусыз адамдардан көмек күтудің өзі күлкілі. Қызылдардың қимылдары да таңғаларлықтай. Бізді қазір-ақ ұстап алар еді. Он патрон ұзаққа апармайтын. Біз қатты қорықтық, үндемей отырдық, біздің үнсіздігіміз қызылдарға сезікті көрінді. Алайда олар баяулады. Бізді шабуылдапалуға батылдары жетпеді. Сөйтіп өздеріне бұйырған сәтті мүмкіндікті жіберіп алды. Кенеттен оларға қарсы 120 адамға дейін күші бар қазақтардың қатары көрінді, әр жерден оқ атыла бастады. Бұл – көмекке бейбіт қазақтарды жинауға кеткен қарулы жігіттердің мылтықтарынан атылған оқ еді. Біздің жүздіктің екі взводы қыстаудан шығып, оқ ата бастады. Күтпеген оқиға болды. Қызылдар бізге мықты көмек келді деп ойлап, кері шегіне бастады, жүздіктер атты шабуылға шыққанда, Аясбай бағына қарай қаша жөнелді. Қызылдар қашқанда өздерінің 2 өлген адамын және ертоқымды екі атын қалдырып кетті. Қазақ жүздігінде қаза тапқандар болған жоқ».

Алаш әскері туралы деректер сирек кездеседі. Соның ішінде нақты сарбаздар туралы деректер, тіпті, жоқтың қасы. Совет­тік қызыл идеология өткен күннің белгісін жадымыздан жойды. Әйтсе де,бүгінгі күні сол алаш қаһармандарының ұрпақтарын іздеп, ел арасында сақталған естеліктерді жинап, Алаш әскеріне лайықты құрмет көр­сету – біздің парызымыз. Ал бұл өз кезегінде тарихи әділеттілік болып табылады.

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,
«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі

«Қазақ әдебиеті» газеті

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Зардыхан Қинаятұлы. Бостандықтың боз таңы
    Ахат Шәкәрімұлы: ҚҰНАНБАЙ ТУРАЛЫ