Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК. Аңыз Төлен Әбдік

Уақыты: 2019-02-20 Көрлімі: 3298 Сипаттама

Jebeu.kzҚайбір күні қалыптасып қалған әдетпен ауызғы бөлмедегі теледидарды қостым да, үй к...

Jebeu.kz

обл2-1068x1057.jpg

Қайбір күні қалыптасып қалған әдетпен ауызғы бөлмедегі теледидарды қостым да, үй киімін ауыстырып киетін ұядай бөлмеге қарай өттім. Теледидар өзімен өзі діңгірлеп тұрды да, бір кезде құлағыма шамырқана шыққан таныс дауыс келді. Әлгі дауыстың иесі жерді сатуға болмайтынын айтып, сол жерден алынған бір уыс топырақты маңдайға басқандай қылып беріле сөйлеп отыр.

Бұл етене қоңыр дауысты шатастыруым мүмкін емес. Өз қатарынан жеке дара интеллектуал жазушы атанған Төлен Әбдік екенін көрмей-ақ біліп тұрмын. Тіпті шамырқанып сөйлегенінің өзінде де жарықшақ араласпайтын қынадай қанық дауысты кісі. Бір қарасаң кеудесі құстың төсіндей қайқиып, өзімен өзі томсырайып жүретін секілді. Бір жолы: «Қатарластарыңыздың арасында «Жеті жетім» атанған жігіттер кімдер?» – деп сұрай қалып едім: «Соны өзім де толық білмейді екенмін. Өйткені жетімдер қатарына қосылмадым – бір емес, екі әкем болды», – деп жауап берді. Осыны досы Бексұлтан Нұржекеұлына айта қойып едім, өздерінің ортақ әкелері туралы сөз болып отырғандай: «Төленнің екі әкесі емес, үш әкесі бар. Халық, Салық, Әбдік деген. Кезінде «Төленнің әкесі қайтыс болды» деп көңіл айту бергенде, «Осы сенің қанша әкең бар?» деп сұрағанбыз. Үш ағайынды кісінің ортасындағы бір бала ғой. Сонда бәрі менің балам деп мақтанған. Бұл өте жақсы қазақы мінез», – деп рахаттанып тұрып күліп алды.

Тағдыр дегеніңізде адам түсініп болмайтын бір жұмбақ сырдың бары тегі рас. Өңкей жетімнің ортасындағы үш әкесі бар адам кейінгі өмірінде де шөміштен қағылған жоқ. Кеңес заманында Орталық Комитеттің, ал тәуелсіздік алғаннан кейін Президент Әкімшілігінің жылы кабинеттерінде жауапты қызметтер атқарды. Әрине, үш әкесі болғандығынан емес, қай-қай ортада да өзінің тегі мен табиғатынан дарыған сүйкімін жоғалтпағанының арқасында десек, қателесеқоймаспыз.

Әдеби газетте ағамызбен басшы, қосшы болып, екі жылдай бірге қызмет істедік. Жазушылар одағының хатшысы болған кезінде де таңертең фойеде амандасып, кешке сыртқы емен есіктің алдында қоштасып жүрдік. Сол кезде мен пысықтығыма бола ма, әйтеуір «Лениншіл жас» газетіне бас редакторлыққа ұсыныла қалдым. Жазушылар одағының бірінші хатшысы Қалдарбек Найманбаев ертелетіп қолымды қысып, құттықтап та қойған. Соның артынша Қуаныш Сұлтановтың кабинетінде болған жиыннан келген Төлен Әбдік: «Бәріміз Қуаныш Сұлтановтың амандығын мойнымызға бұршақ салып тілейміз», – дей қалыпты. Сөйтсем мен әлі жас екем, егер бас редактор болып кетсем, жерлес ағамызға сөз келеді екен-мыс.Сол Төлен Әбдік бар сақтығын ұмытып, теледидарда жүріп жатқан жер мәселесіне қатысты қып-қызыл даудың ортасынан табылып отыр. Баяғы Горбачевтің заманында Мәскеуде төтенше жағдай болғанда да осылай бір шамырқанғанын көріп едім. Өзі басқаратын «Қазақ әдебиеті» газетінің кезекті саны дайындалып жатқандықтан, әлгі ГКЧП деген мәселені айналып өтуге мүмкіндік болмай тұрған. «Әй мынау үндемей артын бағатын түсініксіз нәрсе екен», – деп жан ауырта қабақ шытынғаны есімде. Қазір де түрлі-түсті экраннан: «Жерді сатуға болмайтынының бір себебі…» – деп қинала сөйлеп отыр. Ойыма Оралхан Бөкейдің: «Бүгінгі кейіпкер есіктен кіріп, терезеден шығып кетуі керек», – деген сөзі түсті. «Бәрі өз тәртібімен жүрсе, бәрін ішке сақтай берсе, адамның жүрегі жарылып кетпей ме?!» – деп еді тағы. Содан кейін неге екені белгісіз, әлде қатарласы болғаннан кейін аузына түсті ме: «Мысалы менің инфаркт ала қоюым екіталай, инфаркт алса менен бұрын Төлен инфаркт алады», – деп қалды. Расында да 1942 жылы 4 қыркүйекте туған Төлен Әбдік елу жасқа толар-толмастан бұрын жүректен бір құлап тұрды. 1943 жылы 28 қыркүйекте туған Оралхан Бөкей содан кейін, ол да елуге енді толғалы тұрғанда алыс үнді жерінде инфаркт алды. Егер ұйқыда жатпағанда тірі қалуы да мүмкін еді. «Инфаркт алғанда, адамға бір сағат уақыт беріледі» деген сөз бар. Төлен Әбдіктің «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болып жүргенде қалай инфаркт алғанын жүргізушісінің аузынан естігем. Сондағы жағдайды қиялатып әкеліп, өзінен сұраудың сәті келді.

«1990, иә 91 жылдың бірі болар. Күні есімде жоқ, ұмытпасам, көктем айы болатын. Әлдебір шаруамен Орталық Комитетке барғанмын, лифтке мінгенде жағдайымның нашар болғандығы сонша, жоғарыға жете алмайтынымды білдім де, қайта түсіп машинаға отырдым. Шопырым – өзің білетін Махамбет. Жүре бере, ауа қажет болды ма, есікті ашып, сол сәтте есімнен тандым. Есімді жиғаннан кейін, Махамбетке «ауруханаға тарт» дедім. Махамбет бірден емханаға алып келді. Сол жерден дәрігерлер «Жедел жәрдем» шақырып, мені ауруханаға әкетті. Әлі есімде, қатты қиналып, ештеңеге қарсыласуға шамам келмей, кірерлі-шығарлы жағдайда жатқанмын. «Открывайте глаза» деген бір дауыстан көзімді аштым. Ақ халат киген орыс жігіті маған төне түсіп, ышқына: «Открывайте глаза!» дейді айғайлап. Кейін білдім, шекарада жатқан кезде, көзді ашудың өзі, болмашы болса да, организмнің қарсылығын көтереді екен. Өзгенің өмірі үшін жанұшыра айғайлаған сол жігіттің кім екенін білмеймін. Бірақ үнемі есіме алып отырамын», – деген жауап алдым.

Сондай бір нәрселер ойымнан жүгіріп өтіп: «Ол кісі сірә жер мәселесін талқылаған бір телехабарға шақырылған болар», – деп болжам жасап та үлгердім. «Отқа да, суға да салатын ағаларымыз ғой», – деген ой да басыма жарыса келді. Содан ауызғы бөлмеге шығып қарасам, теледидарда сөйлеп отырған Төлен Әбдік емес! Болып жатқан «Қазақстан» телеарнасындағы ағамыздың кітабының аты берілген «Парасат майданы» атты телебағдарлама екен! Онда сөйлеп отырған жазушының ұлы Дархан Әбдік болып шықты! Тек бояуы сәл қоюлау демесең, тұп-тура әкесінің жұмсақ қоңыр дауысы баяғы!

Дулат ағамыз естісе: «Түрі ұқсап туғанды көруші едік, дауысы ұқсап туғанды бірінші рет көруіміз» деп әзілдер ме еді, кім білсін. Мұным енді детективке ұқсап кетсе де айтайын, адамның дауысы да саусақтарының ізі сияқты бір-біріне еш ұқсамайтын көрінеді. Мысалы, кеңес заманынан бері келе жатқан телефонға қойылатын жасырын тыңдау құралдары тек керек дауыс шыққанда ғана іске қосылатын болыпты.

«Төленнің осы баласы жақсы жігіт болып өсті» дегенді өз құлағымызбен естідік. Қарлығаш есімді қызы, Алмас және Дархан атты екі ұлы бар. Ал өзі үш әкелі болса да жалғыз өскенін жоғарыда айттық. Жалғыздықтың әңгімесі жазушының «Әке» повесінде көрініс табады. Автордың қай заманның төлі екенін ескерсек, бұл да мән беретін нәрсе. Қазақта отызыншы, қырқыншы жылдары туғандардың көбі жалғыз. Бір өліп, бір тірілген қазақтың тасмаңдай тағдырын осы буын арқылы елестетуге болады. Төлен Әбдіктің «Тозақ оттары жымыңдайды» атты хикаятын осы ұрпақ өкілінің санасында инстинкт арқылы туындаған символдық шығарма деуге келеді. Ол бұл туындысын өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жазыпты. Қазақтың тағдырын үндінің тайпасына теліп көрсеткен. Астарынан қорқып, бір де бір журнал баспай қойған. Жинаққа шыққан соң, аңызға айналған. Оның кейіпкері бір тайпадан аман қалған жалғыз. Отыз екінші жылғы аштықта біз де сол кепті кие жаздадық.

Сол жылдарды қамтыған «Әке» атты повесінде балаға «сен ананы істеме», «сен мынаны істеме» деген тыйым сөздер көп айтылады. Баланың тарапынан «Басқалар істегенді мен неге істемеймін?» деген сұрақ туады. Сонда: «Сен – атадан жалғызсың», – дейді. Осы эпизодта жазушының өз өміріне қатысты бірдеме бар ма деп ойладым. «Бір әке, бір шешеден қанша бала болып өстіңіздер?» деп сұрағаным содан еді.

«Қазақ халқының басына түскен қасіретті оқиғалардың аз болмағаны белгілі. Әсіресе, ХХ ғасырдағы азамат соғысы, аштық, репрессия, жаһандық соғыс – осының бәрі елімізді қатты күйзелтті. Оның бәрін қамтып жазу мүмкін емес. Сондықтан ұлттың тағдырын бір отбасының тағдырымен беру әлемдік әдебиетте бар үрдіс. Мен де осы тәсілді пайдаланып, бір отбасының өмірі арқылы әлгі трагедияларды қамтуға тырыстым. Көп балалы отбасы кесапат кезеңдерге бір-бір баладан құрбандық беруге мәжбүр болып, ақырында жалғыз баланың бетіне қарап қалтырап отырған шаңырақ арқылы қазақ халқының өз жерінде азшылыққа ұшырап пұшайман болған халін көрсеткім келді. Бірақ жақсы идеяның бәрі көркем әдебиет емес, оның бәрін ұлттық ерекшеліктермен айшықталған, оқырманды сендіретін шынайы образдар арқылы, адамның жан дүниесін аша алатын ситуациялар арқылы көрсету керек. Осы жағына баса назар аударған болуым керек. Кейіпкерлердің бірсыпырасының прототипі ауылда бар адамдар. Әке – менің өз әкем. Мінез-құлқын сол күйінде бердім. Өз өмірімнен алған эпизодтар да бар. Менің жалғыз бала екенім де рас», – деді алдағы күзде өзі де жетпістің жетеуіне келетін қаламгер.

Сөйтіп жалғызілікті болып өскен жазушының ұрпағын үзбей жалғап отырған Дархан қандай азамат болып өсті десеңізші. Ол теледидарға шыққанда барша көрермен тақымын қысып отыратындай елестейді. Әкесі елге танымал бала көрерменнің көңілін сырт қарағандағы ұяңдау кейпімен және күмбірі керім қоңырлау дауысымен алған сияқты. Бірақ ойындағысын шамырқанып айтқанда, ақиқаттың төбесінен түседі. Не айтса да әкесі құсап таза көңілімен, ынты-шынтысымен айтады. Сондайда өз басым «Тұпа-тура әкесі ғой» деп сүйінем де отырам. Төлен Әбдік әке ретінде осындай интеллектуал ұл өсірсе, жазушы ретінде де кейіпкерлерін интеллектуалды дискуссияға батыл бойлатқан қаламгер.

«Адамдардың бәрі бір қалыптан шыққандай ойлап, инкубатордың балапандарындай бір тектес шығармалар тудырып жатқан заманда жан шошытатын әңгімені бұл кісі қайдан жазды?» деген сұрақ құлағымның түбінде көптен ызыңдап жүр еді. Жақында соның бәрін жинақтап, етене жұмсақ қоңыр дауысын алдымен ұялы телефоннан бір естіп алдым да, электронды поштасына салып жібердім. Үшбу хатымның басында: «Сізге домбыраны кім үйретті? Тартқан күйлеріңіздің жазған жазуыңызға әсері болды ма?» – деген сұрақ тұрды. Бұл сұрақты қойған себебім, Кеңес уақытында модернизм, постмодернизм ағымдары әдебиетімізде болмаса да, сурет пен музыкада болды. Оның ішінде күй өнерінде көбірек көрініс тапқанын қазіргілер айтып жүр. Сондағым: «Сізді соцреализм тұсында интеллектуалды прозаға әкелген аңыз әңгімесі қоса жүретін күйшілік өнер емес пе?» – дегім келген.

Электронды поштама жазушыдан: «Домбыраға бала кезден әуес болдым. Мектепте жүргенде Қапанов Ағыбай, Қапақов Әмірбек деген мұғалімдерімізден күй үйрендік. Алматыға келгенненкейін Құрманғазы оркестрінің домбырашысы Мұхитов Сапардан көп күй үйрендім. Нұрғиса Тілендиевтің соңынан ерген кездеріміз болды. Ол кісі 200 адамнан тұратын оркестр ұйымдастырып, соның құрамында Опера және балет театрында концерт бердік. Жалпы, домбыраның менің өмірімнен алатын орны үлкен деп айтуыма болады. Жан дүниеме қатты әсер ететін оқиғалар тұсында өзім де күй шығаратын бір әдет тауып алғам. Үш күйімді («Жарық дүние», «Төрт түтін», «Қосбасар») радиоға жазып алған болатын. Күй тақырыбына жазған «Көрші» атты әңгімем, 2018 жылдың көктем-жаз айларының бірінде болар, «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды», – деген жауап келіп түсті.

Бұл жауаптан да өзіме керек нәрсені таппаған соң: «Өзгеше ойлап, өзгеше жазатын «Созақ ағымына» қалай қарайсыз? Тәкен Әлімқұлов пен Асқар Сүлейменов сізбен қандай қарым-қатынаста болды?» – деген тағы бір сұрақты жолдап жібердім. Оны қойған себебім, осы өңірден шыққан қаламгерлердің шығармаларына әлгіндей «измдердің» ұшқыны шынында да күй құдіретінен дарығандай әсер ететін. Топырағы торғайлық қаламгерге мұндай сұрақ қою намысқа тигендей де көрінуі мүмкін. «Бізден не, кілең революционерлер ғана шығады деп ойлап па едің?» десе, не деймін? Қалам ұшына: «Туған топырағыңыз туралы да айта кетсеңіз?» – деген бір сұрақ сол қорқыныштан ілікті. Жазушы: «Туған жерім ең бір артта қалған, елеусіз, ескерусіз жердей көрінетін. Өсе келе білдім, мен туған Торғай ауданы (кейін Жанкелдин ауданы болып өзгерді) Ыбырай Алтынсарин алғашқы мектебін салған, 1916 жылғы патша үкіметіне қарсы қарулы көтеріліс болған, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов секілді Алаштың көсемдеріне Отан болған жер екен», – деп елдің бәрі беретін жауаппен шығарып салды. Мен қайта-қайта пысықтап қоймаған соң:

«Неге екенін өзім де білмеймін, Тәкен Әлімқұловқа кейіннен ден қойдым. Тәкеннің «Қараойы» ішінен бір тал сөзін алып тастауға болмайтын шедевр», – деп мен айтқан тарапқа бір баспады. «Ал Асқар Сүлейменовпен дос болып бірге жүрдік. Асқар Сүлейменов бойындағы білімін сарқып бере алмаған, өз жазғаны өзіне таяқ боп тиген шерменде», – деп әлденеден аңыс аңдатты. Бұл сұрақтың төңірегінде де анық жауап ала алмаған соң: «Көп уақытын Мәскеуде өткізген Тәкен Әлімқұловпен араласпаса араласпаған шығар, бірақ қатар жүрген Асқар Сүлейменовпен интеллектуалды әдебиет туралы әңгімелеспеуі мүмкін емес қой», – деп түйдім.

Төлен Әбдіктің шығармашылығын қайта-қайта интеллектуалды әдебиетке теліп отырғанымыздың бір себебі бар. Қазір модерн бағытындағы кейбір күлік-күлік дүниелерден оқырманның беті қайтып қалды. Оның сырын білгіңіз келіп ойлансаңыз, бүгінгі әдебиетіміздің басты дерті болып отырған тамырсыздыққа тап боласыз. Негізі интеллектілік деген қоғам бойындағы дертке көз жұмып қарамау, дендеген дерттің емін табу жолында іштей күйзелу, ішкі жан дүниесінен жауап іздеп азаптану сияқты әрекеттерден де құралса керек. Халқымыздың жартысының басын жұтқан ашаршылық тақырыбының кеше де, бүгін де жеткілікті жазылмауы сол интеллектінің төмендігінен демеске шараң жоқ. Мысалы, кейінгі кеңес әдебиетінде осы ашаршылықты жолын тауып жазған екі-ақ жазушы бар екен. Ашаршылық көріністері Тәкен Әлімқұловтың «Қаратау» және Төлен Әбдіктің «Әке» повестерінде халықтық трагедия ретінде беріледі. Тәкен мен Төлен осы жағынан егіз, Тәкен мен Төлен осы жағынан рухтас, Тәкен мен Төлен осы тұрғыдан бізге қадірлі!

Тәкен ағаны өмірден әбден шаршаған кезінде көрдім. Қара күз бе екен білмеймін, әйтеуір қар қапалақтап қалған кез. Көз байланатын кешкі апақ-сапақ уақыт. Аяғында қоңылтаяқ кие салған бәтіңке, басында төбесінде шымшып ұстайтын шошағы бар, дөңгелек қызғылт қоңыр телпек. Алақ-салақ қалтасынан қызылқұлақ он сомдықты суырып алып, бір шаруаға жұмсады. Жұмсаған жағына барып келдім де, тау етегіндегі өнержай жаққа қарай таксиге отырғызып жібердім. Қобызының теріден істелген бесігін қазанға салғызып қайнатып, қара сорпасын ішкісі келген кейіпкері бар еді-ау. Бір ауылдан екінші ауылға жете алмай аштан өлгендер туралы Тәкен Әлімқұлов та жазды, Төлен Әбдік те жазды. Тәкен Әлімқұловқа қоя алмаған сұрақты, Төлен Әбдікке қойдық: «Әке» повесіңіздегі ашаршылық көріністері елден естіген әңгімелеріңіз бе?».

Жазушы: «Торғай даласына орналасқан біздің елді жергілікті халық «ой» және «қыр» деп екіге бөліп жатады. Ойы – Торғай өзенінің алқабы, қыры – оңтүстік жағы – Жыланшық өзенінің бойы. Жыланшық бойы малға қолайлы, сәл-пәл болса да қысы жұмсақтау. Кезінде Қарақоға болысының орталығы болған. Жұрттың айтуына қарағанда, Ресейде Романовтардың 300 жылдығы тойланғанда қазақ елінен аттанған, бүгінгі тілмен айтқанда, делегация, сол жақта ас беру үшін, еті дәмді болады деп, Жыланшық бойынан 60-тан астам қой алдырған. Аудан орталығынан шалғайда жатқан сол жерді мекендеген тұрғындар 32-жылғы аштықта қатты қырылды. Әлі есімде, 50-51 жылдары, соғыстан кейін ел есін жинап, колхоздың  малы көбейіп, бір ауыл Жыланшық бойындағы Айырқұмға көшкенбіз. Қу медиен дала. Киіктен басқа аң жоқ. Күзге қарай жұрт құлаған үйлердің төңірегін тазалап, төбесін жауып, қысқа дайындала бастады. Сол кезде әр үйден шіріген, қираған дүние-мүліктер көп шыққан. Тек қазан ғана қирамаған. Әр үйдің орнынан бір-бір қазан шығып, оны кейін жұрттың бәрі  пайдаланғанын білеміз. Сөйтсек, бұл аштықта қырылған ауыл екен. Жүрегімді тітіркенткен алғашқы жағдай сол кезден басталып еді. Кейін аштыққа байланысты өте ауыр оқиғалар туралы естідім. «Әке» повесіне  осыларды пайдаланғаным рас», – деді.

Бұл жауап жазушы болмысынан шығармашылық жан күйзелісінің сілемін іздеген ойымды тереңге тартты. Оның туындылары әлдебір ағымдарға еліктеп-солықтаудан тумағанына, яғни тамырсыз емес екеніне көзім жете бастады. «Герман Гесседегі адам-қасқыр бейнесі, Павел Вежиновтегі қанатты қыз образы әсер етті ме, әлде?» деген сияқты сұрақтардың да басы ашыла түсті. Бірақ: «Соцреализм тұсында  атын да естімеген, қарасын да көрмеген ағымға қалай түскен шынында?» деген сұрақ бәрібір маза бермей тұр. Не керек, «Сол кезде сіз де шетел шпиондары мен диссиденттердің шылауында болған жоқсыз ба?» – дегеннен басқа сұрақтың бәрін қойдым. Соңынан осы кісі бірнәрсені түсінбей қалып жүрмесін деп, өткен жылдың соңында ғана жазылған «Аңыз Шерхан» атты әдеби эссемді қоса салдым. Артынан тыныш отырмай: «Сұрақтарымның астарын түсіндіңіз бе?» – деп тағы бір мәрте телефон соққанымды қайтерсіз. Менің шалалығымды ұнатса да, ұнатпаса да Төлен Әбдіктің етене жұмсақ қоңыр дауысы бір өзгерген жоқ. Ол кісінің қуанған, ренжіген, шамданған, шамырқанған көңіл-күйі дауыс ырғағына қалай әсер еткенін білу үшін электронды түрде жұмыс істейтін айрықша құрал керек шығар.

Мен білетін Төлен Әбдіктің өзін-өзі іштей үңгіп жүретін кезі көп болады. Бұл оның өз кейіпкерлерімен табиғатының үндестігінен болар, бәлкім. Жалпы интеллектуалды жазушы қос-қосынан кітап жазуға құмар болмайды және көп асыға да бермейді. Ондайларды қазақ әдебиетінің сыншылары: «Аз жазса да саз жазады» деп әлдеқашан бір биікке шығарып қойған. Жасыратын несі бар, олардың арасында «талантты жалқаулар» да, «интеллектуалды жалқаулар» да аз емес. Бірақ, Төлен Әбдіктің шығармалары қыдырыстан қолы босағанда ғана жазылған бір жарқылы ішіндегі дүниелерге еш ұқсамайды. Оның шығармалары қоғам болып жауабын іздеген мазасыз сұрақтар мен азапты ойлардың жемісіндей көрінеді де тұрады. Торғай даласын тозғындата шапқан киік кейіптес бұл адам мұндай шерлі тақырыптарды бекер қозғап жүрген жоқ. Осының бәрін екшей келіп: «Сонда бұл тегеурінді дискуссияға құрылған интеллектуалды прозаға қайдан келдіңіз?» деген сұрақты төтесінен қойдым. Қыбын қалай тапқанымды білмеймін, жазушы енді ашылды.

«Алпысыншы жылдардың аяқ кезінде, біздің әдебиетке келген тұсымызда, елде – әлеуметтік санада, әдебиет пен өнерде – ояну процесі болғаны белгілі. Сол кездегі авангардист ақын-жазушыларды «шестидесятники» деп атағаны есімізде. Темір шымылдықтың арасынан әлемдегі әртүрлі жаңалықтар да там-тұмдап жетіп жататын. Әлемдік әдебиеттің үздік туындыларын, бір кездегі тыйым салынған шығармаларды оқуға мүмкіндік тауып жаттық. Өмірге риза еместік, наразылық көңіл күйі орнай бастады. Қысқасы, сол кездегі жас жазушылардың қалыптасуына әлемдік әдебиет ықпал етті деп айтуға болады. Мен негізінен екі бағытта жазамын. Бірі – реалистік бағыт: «Әке», «Қайырсыз жұма», «Өлара» романы, тағы да басқа біраз шығармаларым осы бағытта. Екіншісі – философиялық бағыт: «Ақиқат», «Оң қол», «Парасат майданы», бәлкім «Тозақ оттары жымыңдайды». Сенің интеллектуалды проза деп отырғаның осы соңғысы шығар. Аңғалдау, бірақ жаны таза қарапайым адамдарды жазу – ұлттық сипатымызды анықтайтын керек нәрсе екені белгілі. Бірақ жоғарғы деңгейде ойлай алатын, көзі ашық, білімді адамдар да ұлттың ажырамас бір бөлігі. Оларды да жазу керек. Философиялық бағытта бірдеңе жазсаң, сондай адамдарды қажет қыласың. Олардың жан дүниесіндегі қайшылықтар да күрделірек».

Екі адам әңгімелесіп келе жатып, ойлары бір жерден шыға келгенде алтын тапқандай екеуі де қуанып кетуші еді. Ары-бері хат алысып отырып ойымыздың тоқайласа кеткен жері осы болды-ау деймін. Екеуара шертіскен сыр бізді, бәлкім осы жолдарды оқып отырған оқырманды да, жазушының атын бүкіл қазаққа жайған «Оң қолға» жақындата түсті. Шынында да «Оң қол» жазушының атын аңызға айналдырған әңгіме болғанына жетпісінші жылдардың ортасынан бергі бірнеше буын оқырманның бәрі куә. Солардың ішінде 1978 жылы мектеп бітірген менің сыныптастарым да бар. Айтпақшы соны былтырғы жазда өткен қырық жылдық кездесуімізде неге айтпадым екен деп, қазір ғана ішім қылп етіп отыр. Бірақ ол кездесуге менің ана Құрманжан деген сыныптас досым әлдебір мінәйі себеппен келе алмай қалып еді-ау.

Сол мектеп бітірерден екі-үш жыл бұрын жазғы каникулда әдеттегідей жүгері алқабын арам шөптен тазартуға барғанбыз. Мен сабақтан бас алмаймын, Құрманжан сабаққа мүлдем қарамайды, бірақ екеуміз доспыз. Сыныптас қыздардың біреуі үйінен кітап сияқты болып шығатын «Жалын» альманағын алып келді. Әлгі журнал қолдан қолға тимей кетті де, айналып-айналып келіп Құрманжанның қолынан табылды. Маған оқысын деп әкелген журналды анау бір әкетіп, мынау бір әкетіп, ақыры өмірі кітап оқымайтын Құрманжанның қолынан көргенімде шалқамнан түсе жаздадым. «Әй, әкел, өзім оқимын» десем, «Тұра-тұршы, мен бастап қойдым» дейді. Сондағы бәрінің аңыз етіп айтып, бірінен-бірі жұлып әкетіп оқып жүргендері Төлен Әбдіктің осы «Оң қол» атты әңгімесі еді.

«Оң қолды» оқып Құрманжан бір тұңғиық ойға кетті. Осыған дейін дұрыс оқымаған бала осыдан кейін дұрыс оқып кетті десем өтірік болар. Алайда сабақ оқымағанымен қоймай қыздарды келекелеп жылатып жүретін әдетін кілт доғарды. Оның жан дүниесінде қандай төңкеріс болғанын білмеймін, ал көп оқырманның ойында бір төңкерістің болғаны ақиқат шындық. Егер сол оқырман қазіргі кезде кітап бетін ашпай кетсе, газет-журнал оқымай қойса, тіпті теледидар қарауға да құлқы болмаса, оған оның түк те кінәсі жоқ. Мынау жар басындағы жарбиған үйге дейін жаһандасқан постмодернизм заманында өз ішіне өзі түсіп кеткен мұңлықтарды қанағаттандыратындай, олардың мың сан сұрақтарына жауап табатындай, күрделі өзгеріске түскен жандүниелеріндегі сезім қылын шертетіндей тақырыптарды тереңдеп қамтымай жатқан өзіміз кінәлі шығармыз. Иә, сонымен «Оң қол» қалай туып еді?

«Студент кезімде итальяндық психиатр Чезаре Ломброзоның «Гениальность и помешательство» деген кітабын оқыған едім. Сонда  жүйкесі ауыратын жас қыздың  өз бетінше әрекет қылатын сол қолы туралы жазылған. Оны тұлғаның екіге жарылуы дейді. Кейін психиатрлармен әңгімелесіп, осы мәселені біраз зерттедім. Менің ғылыми негіздерге сүйеніп жасаған идеям мынау: Адам өзіне дейінгі және өзінен кейінгі ұрпақпен тікелей байланысты. Сенің бойыңдағы мінез-құлық, түр-сипатың – аталарыңның, әке-шешеңнің бойынан саған дарыған мирас. Яғни сен солардың жалғасысың. Сенің де санаңдағы құбылыстар, ойлар, пиғылдар  кейінгі ұрпақтың санасына мұра болып қалады. Оны генетикалық жад (память) дейді. Жұмыртқасынан жаңа ғана шыққан кіп-кішкентай тасбақа бірден теңізге қарай жүгіреді. Неге жүгіру керек екенін және теңіздің қай жақта екенін генетикалық жад арқылы жақсы біледі. Алманың санасындағы өзін-өзі өлтіру идеясы да – оның арғы аталарының бірінің орындалмай қалған жоспары. Генетикалық жад арқылы Алманың санасында оянып отыр. Бұдан туатын қорытынды – біз өзіміздің іс-әрекетіміз үшін ғана емес, ішкі ойларымыз үшін де, ішкі пиғылдарымыз үшін де жауап береміз. Өйткені жаман пиғыл генетикалық жад арқылы ұрпағыңа берілуі мүмкін. Сенің жаман пиғылыңнан ұрпағың зардап шегуі мүмкін. Алайда менің байқағаным, бұл идеядан гөрі,  оқырман үшін  дәрігер жігіт пен науқас қыздың арасындағы сүйіспеншілік бірінші орынға шығып кеткен секілді».

Бұл жердегі бас кейіпкер Алманың басындағы жағдай жөнінде айтылып отырған сөз санаңды селт еткізеді, селк еткізерліктей де мәнге ие. «Оң қолдың» артықшылығы да сонда, уақыт өткен сайын тап қазіргі сәтке арналып жазылғандай жарқырай түсіп отыр. Тап бүгінгі күні қауым болып жауабын таппай отырған шетін мәселеге жазушы осыдан қырық жыл бұрын жауап беріп қойған сияқты елестейді. Ал енді «оқырман үшін махаббат мәселесі бірінші орынға шығып кеткен секілді» дегені жәй ғана күмән. Әйтпесе осыдан қырық жыл бұрын бала күнімізде оқығанымызда да бізді оң қолы өзіне бағынбаған қыздың басындағы жұмбақ сыр қатты толғандырған. Күні кеше ғана «Парасат майданының» әлемдегі ең көп таралған алты тілге аударылуына байланысты жазушыдан сұхбат алған шетелдіктер де оның шығармаларынан махаббат машақатын іздемегені бесенеден белгілі. Әрі-беріден соң жазушының атын аңызға айналдырған да басқа емес, бір-біріне сабақтас осы «Оң қол» мен «Парасат майданы» дер едік.

Міне, біз де заманына сай электронды пошта арқылы байланыссақ та, Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесіндегі екі жолаушы құсап көздеген жерімізге жетіп те қалдық. «Әне көрінді», «міне көрінді» деген белгі біз айтпасақ та қалың оқырманға бұрыннан таныс болатын. Қазақ әдебиетіне парасатты прозаны әкелген Төлен Әбдіктің есімі бүгінгі кітап оқылмайды деген заманның өзінде де оқырман арасында әлі де аңыз болып жүр, бола да береді деп ойлаймыз. Тек бір ескеретін нәрсе, бүгінде қолына қалам ұстаған адамды ғана постмодернист болуға тиіс деп ойламай, оқырманды да «постмодернист оқырман» деп танысақ, өзара сый-құрметіміздің арта түсеріне күмән жоқ.

Айтпақшы, сол баяғы бала күнімізде жазушының «Оң қол» әңгімесі шыққан альманахты кейін таппай қалдық. Сұрастыра келгенімізде ең соңғы қолына ұстап жүрген Құрманжан досымыз екенін білдік. «Үйдегі көп кітаптың ішінде жатыр еді, біреу алып кеткен бе, жоқ», – деді ол. Оның өзіне де, сөзіне де сенбей барып бірге қарасқаным да есімде. Өзінің аузын толтырып айтқанындай, үйлерінде біраз кітап бар екені рас болып шықты. Әр сыныпқа арналған алгебра, математика, химия, биология, қазақ тілі, тарих, тағы да басқа толып жатқан ескілі-жаңалы кітаптар. Шынында да ол кітаптардың арасында Төлен Әбдіктің «Оң қол» атты әңгімесі басылған «Жалын» альманағы жоқ екен. Осыған қарап, әр жазушы «Оң қол» сияқты бір-бір әңгіме жазса, бүкіл қазақты әлемдегі кітапты ең көп оқитын халыққа айналдырып жіберуге болады екен-ау деп ойладым. Аңыз Төлен Әбдіктің ең үлкен бақыты да сол шығар, кім білген.

Бірақ менің ойымда басқа нәрсе тұр. Көз алдыма да басқа нәрсе елестейді. Торғай топырағы туралы ойлағанда бұл жайттың еске түспеуі мүмкін емес. Осыдан бірер жыл бұрын бұл жаңалыққа бәріміз шошына құлақ түрдік.  Жазушының туған жерінде шыбындай қырылған адамдардың тағдырын киіктер қайталады. Жангелдин ауданының аумағында қынадай қырылған сол киіктер ненің құрбаны?! Торғай даласын тозғындата шапқан киік кейіптес қаламгер сол күндері нендей күйде болды екен?!.

Теледидарға қарасам, жазушының ұлы жүргізген хабар әлдеқашан бітіп қойыпты. Оның орнын жаңа заманның шат-шадыман әуені басыпты. Баласын әкесімен шатастырып алғаным бір қызық болды. «Дұрыс қой», – дедім іштей бір шүкіршілікке келіп. Адам адам болып қалған жерде, парасат майданы таусылмақ емес.

Дереккөз: «Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2019

 


Пікір жазу
  • Қазақ түрме поэзиясы: Таңжарықтың тауқыметі
    Арыстанбек Мұхамедиұлы. Наурыз мейрамын жаңа үлгіде атап өтейік