Д. ТОҚҚАРАҰЛЫ: ШӘКӘРІМ ТАҒДЫРЫНА ҚАТЫСТЫ БІР ЖӘДІГЕР ҚАҚЫНДА

Уақыты: 2019-03-28 Көрлімі: 249 Сипаттама

Ақындар, жазушылар, ойшылдар мен журналистер Ұлы тұлғалар мұрасынан өздерінің керегін...

961683_1553578929_680_0_0.jpeg

Ақындар, жазушылар, ойшылдар мен журналистер Ұлы тұлғалар мұрасынан өздерінің керегін іздейді, сол жолда зерттеу жүргізеді, үлкен әлем дүниесінің есігін ашады. Олар  өз қажетін ұшан - теңіз жәдігерлер мен анықтамалар, деректі жазбалар, суреттер топтамасы көптеп сақталатын құзырлы мекеме - музейден іздейді.

Осындай қажеттілікпен және өзімнің кітаптарымды тапсыру үшін 2016 жылы Қарауылға жол түскенде осыдан 2 жылдай бұрын ашылған Семей қалалық өлкетану музейінің аудан орталығындағы бөлімшесіне бардым.

Музей ғимараты еңселі де көрікті етіп безендіріліп, айналасы асфальтталған екен. Ішіндегі үлкен зал бірнеше бөлімдерге бөлініп, тақырыпқа байланысты жабдықталған.

Шәкәрім Құдайбердіұлына арналған бөлімде көзіме түскен сырты қоңыр (қызғылттау) былғары шамадан мені ерекше бір күшпен өзіне баурап алғаны соншалық Музей жетекшісі Малгаждардан «ана шамадан не атқарып тұр?» - деппін.  «Шәкәрім қажының сүйегін Ахат атамыз Бақанастан осы шамаданға салып әкелген,- деп түсіндірді ол, мұны Әрхам ағаның немересі, Шағатайдың қызы Бақыт тапсырған». Мен бірден, «мына шамадан кіші емес пе? Анықтау керек шығар» деп айтқаныммен өзім беймаза күйде болдым. Шамаданның кішілігіне қарамай баланың ісін істеп, ұлы адамның денесін бір тұтам еткендері қай мазағы деп, іштей қапаландым. Осы жағдай мені көп ойландырып, толғандырды. Оның үстіне Абай орта мектебінде көп жыл бірге қызмет істеген Мінәш Әрхамқызы мұғалімнің «Ахат аға әкесінің сүйегін шамаданнан алып құрастырар кезде маған қағаз алып жазып тұр деп, өзі өшемін алып жаздырды дегені ойға  келді. Онда: Бас шеңбері – 53 см, маңдайдан қарақұсқа дейін – 31 см, құлақ шеке аралығы 30 см, ортан жілік ұзындығы – 48 см, жіліншік сүйегі – 46см, жамбас сүйек ұзындығы – 26 см, бас сүйек ұзындығы (биіктігі) – 19 см, деп айтып тұрды дегенін өз естелігінде де жазғанды.

 Қанша ойланып жаңағы жауаппен келіскім келсе де қоңыр шамадан кішілік ете берді де шамадан жайында естіген әңгімелердің ізіне түсіп, сұрастыра бастадым. Осы қарсаңда Семейде бір күні үлкен қатым өтіп, оған беделді адамдар жиналды. Солардың қатарындағы Екібаев Жақан, Қуанышбаев Ғалым, Кошкин Сайлаулардан аудандағы өлке тану музейіндегі «Шәкәрім қажы сүйегін салып әкелді»,- деген шамадан туралы сұрап, сол шамадан кішілік етпей ме? дедім. Қоржындарына ештеңе түсіре қоймайтын қысыр әңгіме деді ме, менің есебімде біліктілер қатарындағы жігіттер жарытып ештеңе демеді. Дегенмен сіздер ауылға қайтқан соң, уақыт бөліп сол шамаданды көріп, пікір білдіріңдерші деген өтінішімді айтып жібердім. Алайда жауап болмады.

2017 жылдың жазында көп ізденудің соңында Қажы сүйегін салған шамаданды Ахат атамыз Кенжетілеу ақсақалдың үйінен алғаны белгілі болды. Маған Кенжетілеу ақсақалдың баласы Айдар; «Әрхам атаның үйінен түн қараңғысында келген әкем шешемді оңашалап шақырып, сыбырмен құпиялап,  Ахат ертемен Бақанасқа жүрмекші, шамаданды босат, қазір апарам, деп айтқан сөзін естіп, соңынан шамаданды алып кеткенін көрдім», - дегенді айтты. Сол шамадан туралы 46 жыл өткенде Қабидолла Медеуов; «Иә, осы шамаданмен Ахат ақсақалды Қарауылдағы Шағатай ағаның үйіне апарып салған болатынмын», -  деп музей қызметкерлеріне түсініктеме берген болатын. Сол шамаданды  музейге тапсыру туралы Айдарға айтқанымда ол бір жылдай шешім қабылдай алмай жүрді. Ақыры маған телефон шалып, музейдің директорын білесің ғой, сол кісіге шамаданды музейге тапсыру туралы сөйлесші, - деді. Музей директоры Болат Жүнісбекұлына жағдайды айтқанымда, құптайтын көңілмен бірден әкеліңдер, - деді.  Келесі күні Семейдегі Абай мұражайының директоры, музейдің жауапты қызметкері Нұрсұлу Өмірбекова қошаметпен бізді қабылдап, шамадан жайына әбден қанықты.  

2017 жылдың 2 тамыз күнгі Ертіс өңірі газетінде «Бақанас – Қарауыл жолындағы қара шамадан құпиясы», 11 қыркүйек 2018 ж. Семей таңы газетінде қара шамадан хикаясы баяндалған мақалаларым жарияланғанымен іс әлі негізгі мақсатына жете қоймады.  Шамадан жәйінда әлі де естіген, білгені туралы көнекөз үлкендермен тілдесіп, солардың пікірлерін жинақтап, Қарауылдағы өлке тану музейіндегі қосалқы шамаданды алыру кезегі тұрды.

Көнекөз қарттың бірі - Қондыбаев Қамалжан. Ол 1934 жылы Абай ауданында туған. Қазір Семей қаласында Қостанай 71үйде тұрады, т. 423929.

Аудандық жастар ұйымы мен партия комитетінде, шаруашылық саласында жауапты қызмет атқарып, абыройлы жағдайда зейнеткерлікке шыққан.

 Абай (Би ата) совхозында партком болып қызмет атқарғанда жұмыс бабымен Жидебайдың басында ферма конторы болғандықтан онда  жиі баратынмын, - дейді Қамалжан ақсақал. Кей күндері қонып қалатын кездер болатын. Музей жетекшісі болған Ахат ағамен тонның ішкі бауындай болып араласып сыйластық. Әкесінің сүйегін құрқұдықтан алғанын жылап отырып, жыр етіп айтатын. Бақанастағы Қабыштың адамгершілігі, зеректігі мен әңгімешіл, айтқыш қушыкештігіне риза болып айтқан әңгімесін өз құлағыммен естідім.

 Шамаданға қатысты Ахат аға маған Бақанасқа Оқу бөлімінің машинасымен барғанын айтқан. Оның бастығы Мамырханды КазГУдің студенті кезінен білемін, ол Әбіштің немере інісі, сол үйде тұрып оқыды. Әбіштің үйі Алматыдағы тобықты баласының үлкен үйінің бірі болды ғой.  Маған қиыншылық заманда қол ұшын беріп, көп көмектескен, туғандай болған азамат-ты.

Мамырханмен Бақанасқа келген соң қасымда қалуын қаламадым, жеке болуды жөн көрдім де ертең емес, бүрсікүні ертерек кел дедім. Алайда істі белгілеген мөлшерден бұрын бітіргеннен кейін, күтудің реті жоқ  болды да Совхоздың машинасы кездескен соң ауданға аман-есен жеттім. Мамырхан біз кеткен соң келіпті, оның кетіп бара жатқанын Қабидолла байқаған. Мамырхан аудан ақсақалдарын Жидебайға жеткізіп, алып қайтуда үлкен көмек көрсетті»,- деп айтқанына қарағанда шамданды Мамырханның машинасымен ала келген сияқты. Сол себепті Айдардың үйінде әкесінің көзіндей көріп, осы уақытқа дейін сақтап келген құнды жәдігер музей экспонаты болуға тиісті деп есептеймін, - дейді Қамалжан қарт.

Манатай Балтақайұлы 1937 жылы Абай ауданында туған, текті әулеттің ұрпағы.(т.91834)  Әкесі Балтақай  Абай аудандық партия комитетінің Шәкәрім Құдайбердіұлын ақтау туралы комиссия құрғанда соның құрамында болған. Әкесінің жинаған қағаздарын ретке келтіріп жазуды Манатай жүргізген. Қазақтың Паганиниі атанған Әйткеш Толғанбаевтың «Қатал тағдыр тәлкегі» (1993) кітабын қазақ тілінде өз қаражатына, өзі өңдеп шығарған да Манатай. Манатай әкем Шәкәрім қажы туралы көптеген деректі оқиғаларды талқылауға қатысқан, өз пікірін қосқан адамның бірі. Олардың біразы туралы баспа беттерінде кезінде  мақала да жазғанмын. Әрхаш ағаның үйінде Ахатпен болған кеңеске әкемде қатысып, Жидебайдағы жерлеуді ұйымдастырған. Әкемнің қасында Жұманбек, Жабархан, Шәкен, Кәмен, Ұлықбек, Дінәш ағалар болды, дегені есімде. Ал енді шамаданға келсек оның қазіргі уақытта куәсі болып отырған – Қабидолланың Жаңасемейде тұрғанының өзі жеткілікті емес пе? Ол ауылшаруашылығында механизатор болып істеген. Мен ауданда осы саланың басшысы болып істегендіктен ол азаматты жақсы білемін, өз ісіне тиянақты, көп сөзі жоқ. Сондықтан да қара шамадан музейден өз орынын табуы керек.  Осы шамадан туралы тыңғылықты зерттеу жүргізіп, ұшқарлық істің жолын кескен Досымхан құрбым, әрі туысыма ризалық сезімімді білдіріп рахмет айтамын.

Көнекөз қарттардың айтқанына қоса екі шамаданның жасалып шығу жылдары екі басқа. Қарасы 1952 де, кіші екіншісі 1977 жылы шығуына сәйкес қара шамадан экспонат ретінде тұғырлы орнына қонуға тиіс  болды.

 Қара шамаданның музей ғимаратының құзырлы орына қойлғаны туралы «Егемен Қазақстан», «Ертіс өңірі» газеттеріндегі мақалаларды оқып, бізде көппен бірге қуанышымызды бөлістік. Үш жылға жуық уақытқа созылған іздеу – сұрастыру ісінің соңғы нүктесі осылайша қойлды.                                                                                          

Досымхан Тоққараұлы

ҚР халық ағарту ісінің озаты.

Дереккөз: "Абай әлемі"


Пікір жазу
  • Ұлттық тарихи жадыны сақтап қалу – өз-өзіңді сақтап қалудың жалғыз жолы
    Жүсіпбек Қорғасбек. Аңыз Мұхтар Мағауин