Ілиястың жұрт біле бермейтін бүркеншік есімдері хақында...

Уақыты: 2019-04-19 Көрлімі: 285 Сипаттама

Қазір Ілиястың есімін бірде Ілияс Жансүгірұлы, енді бірде Ілияс Жансүгіров деп жазып ж...

540766a0aa5aa-1000x700.jpg

Қазір Ілиястың есімін бірде Ілияс Жансүгірұлы, енді бірде Ілияс Жансүгіров деп жазып жүр. Одан өзге Ілиястың шығармашылық өмірінде қолданған сан түрлі бүркеншік аты бар. Жоғарыдағы екі есімді бірдей қолдана берген жөн бе? Әлде, солардың бірін алғанымыз дұрыс па? Болмаса, бүркеншік есімдерінің үйлесімді біреуін үлгі еткен дұрыс па? Сан сұрақтың жауабын табу үшін алдымен Ілиястың бүркеншік есімдерін анықтап алайық. Сосын өз пікірімді білдіргенім жөн сияқты.

Ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығын зерделей жүріп, деректерді анықтап, өтірік кетіп қалмас үшін әлденеше саралап, талдау жасағанда бір маңызды жағдайды елеп, ескере бермейтінімізді аңғардым. Біз көбінде қаламгерлерге баға бергенде баспадан шыққан кітаптары мен топтамаларына ғана көңіл бөлеміз. Олардың көпшілікке танылуына үлкен әсер ететін, өз дәрежесінде бағасын алуға ықпалы бар, сүйеніші мен сенімді серігі болған баспасөз екендігі ойға келе бермейді. Мен тұлға тануда осы тұрғыдан келу маңызды деп есептеймін. Өйткені қазіргі әлем мейлі қазақ классиктері болсын, бәрі де ең алдымен жазушылық өмірін баспасөзден бастаған.

Бір қызығы, өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ баспасөзінде басылған мақалалар негізінен бүркеншік атпен жарияланған. Бұл сол тұстағы әлем әдебиетінде де орын алған ортақ құбылыс еді. Оның сан түрлі себебі бар екен. Бұл тақырып бойынша жиып-терген, сезінген-сезген, зерделеген дүниелерді оқырман назарына ұсынуды кейінге қалдыра тұруды жөн көрдім. Бірақ сол баспасөздердегі бүркеншік атпен жазылған дүниелердің кімге тән екендігі әлі күнге арнайы зерттеу нысанасына ілінбей келеді. Тоқтар Бейісқұлов ағамыз Бейімбет Майлиннің бүркеншік есімдерін 72-ге жеткізіп, осы тақырыптағы алғашқы жолды салды. Десе де, кейбір дүдәмал ойлар оны қайта қараудың қажеттілігін туындатып отыр. Ол басқа әңгіме.  Осы ретте мен Ілиястың бүркеншік есімдерін анықтап көруді мықтап қолға алдым. Оның тұтас баянын төменде сөз етемін.

Өзімен қатарлас қаламгерлер сияқты  Ілияс та газет-журналдарға бүркеншік атпен мақала жазып отырған.  Мысалы, Біләл Сүлейов «Қаптағай», Бұйрас,  Сүлейұлы деген бүркеншік аттарды қолданса, Шамғали Сарыбаев Шамғали, «Ш.С», «Сарыбайұлы», Сара Есова «Есқызы», «Қазақ қызы», Қажым Білсінұлы «Қасқарау», Қалдыбай Әбдуллин  «Қ.А», Бейімбеттің қанша түрлі қалам атпен жазғанын жоғарыда айттық. Сол қатарда Ілиястың қолданған бүркеншік есімдерінің саны біразға жетеді. Ол туралы осыған дейін Темірбек Қожакеев пен Жақыпжан Нұрғожаев көрсеткен Ілияс, Матай, Шолжық,  Ағын сынды қалам аттармен қатар Фатима апамыздың естелігінде жазылған Ілияс, Ілияс Жансүгірұлы, Жансүгірұлы, Ілияс Жансүгіров, Балгер, Жа-жа, Салпаң құлақ, Құлақ, Жетім бала сияқты бүркеншік есімдерді, Бейімбет Майлин туралы іргелі еңбек жазып, Ілияс шығармаларын біраз зерттеген Тоқтар Бейісқұлов ағамыз тізімге қосқан Жетім бала, Қарабұқара, Бұқара, Тоқай-темір, Таңқыбай, Сақа, Құйқалық, Сона, Қосшы, Бадырақ, Қайнар, Құрметшіл сияқты есімдерді атауға болады. Кейінгі кезде зерттеушілердің тынымсыз ізденісінің арқасында Ілиястың «Қазақ» газетінде басылған еңбектері анықталып, бүркеншік есімдерінің санын көбейте түсті.

«Қазақ» газеті  1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым. №1,  1913 жылы 2 ақпанда шығып, 1918 жылдың наурызында біржолата жабылды.  Жалпы 265 нөмірі жарық көрген.  Басылымда А. БайтұрсынұлыӘ. БөкейханМ. ДулатұлыМ. ШоқайМ. ТынышбайұлыШ. ҚұдайбердіұлыҒ. ҚарашР. МәрсековЖ. ТілеулинҒ. МұсағалиевМ. ЖұмабаевХ. БолғанбаевХ. ҒаббасовЖ. АқпаевЖ. СейдалинС. ТорайғыровА. МәметовС. ДөнентайұлыХ. Досмұхамедұлы, І. Жансүгірұлы, тағы да басқа авторлардың мақалалары жарияланып тұрды. Ілияс Жансүгірұлы аталмыш газеттегі белсенді автордың бірі болмаса да, оның өлеңге деген құмарлығын оятқан, алғашқы топшысын қатайтқан басылым осы «Қазақ» газеті болатын. Ілиястың «Қазақ» газетіне қалай келгені, кімдердің қол ұшын бергені, қандай мақалары мен өлеңдері, ақпараттық материалы жарық көргені туралы алдағы уақытта толық түсіндіріп береміз. Осы ретте тақырыпқа орай аталған газеттегі Ілиястың бүркеншік есімдеріне бірден ауысып кетейік.

«Қазақ» газеті (Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясы, 1998) Ү. Субханбердина, С. Дәуітов, Қ. Саховтардың құрастыруымен жарық көрген кітапта:  «Жансүгіров Ілияс. Қаптағай. Өзгеріске // Қазақ, 1917. №224, 1 апрель. Өлең. Жансүгіров Ілияс. Қаптағай. Толқын // Қазақ, 1915. №162, 23 декабрь. Өлең. Жансүгіров Ілияс. Қаптағай. Үміт // Қазақ, 1915. №102, 8 февраль. Өлең», – деп «Қазақ» газетіндегі «Өлең-жыр» айдары бойынша жасалған библиографиялық көрсеткіште берілген екен. (төмендігі суретте)

Осы тұста Ілиыстың ауылдасы, ағасы әрі ұстазы, жақын жанашыры болған қазақ халқының талантты ұлы Біләл Сүлеевтің де «Қаптағай» деген бүркеншік есімді қолдланғаны белгілі. Библиографиялық көрсеткіште көрсетілген «Қаптағай» есімімен жарияланған өлеңдер Біләл Сүлеевтікі болуы да мүмкін ғой.  Осы толғақты мәселе туралы Шыңар Жеңісқызы «Әдебиет порталында» жариялаған «Ілияс Жансүгіровтің жарияланбаған еңбектері» (https://adebiportal.kz/kz/news/view/20047) атты мақаласында жан-жақтылы салыстырып, нақты жауап берген. Бұл ойды  Батыр Қалмырзаевтың «Ілияс Жансүгіров және «Қазақ» газеті» атты мақаласы толықтай түсті.

Онда: «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 16 қазандағы 82-нөмірінде Ілиястың «Жаңа салықтар» деген бас мақаласы жарық көріпті. Мұнда империалистік соғысқа қазақ елінің қатысы, соғыс салықтарын алу мәселесі айтылған. Бұл мақала – І. Жансүгіровтің баспасөзде алғаш шыққан мақаласы. Ал «Мұсылман басқындарды қонақ қылу» (15.10.1915) мақаласында Ілияс империалистік соғыстың қазақ еліне тигізген әсері жайлы жазыпты. Мақалаға «Қаптағай» деген бүркеншік атпен қол қойған. «Жарлы жұмыскерлерге киім қазынадан берілді» (10.09.1916), «Жұмыскер жабдықтары туралы» (198, 199 нөмірлер, 1916), «Жұмысшылар жайынан» (1916, 195-223, 1917, 220-225, 248-249 нөмірлер), «Жұмысшылар қамы» жұмысындағы қазақтардың хал-жағдайы, 1916 жылғы маусым жарлығы бойынша тыл жұмысына қазақтан адам алу науқанының барысы, сол жарлықты қазақ халқының қалай қарсы алғаны жайында Ә. Бөкейхановтың мағұлмат жинауы сөз болады. Сондай-ақ, бұл мақалаларда І. Жансүгіров Мәскеуде оқитын қазақ студенттерінің тыл жұмысындағы қазақтардың хал-жайын тексеру үшін Батыс майданына аттанғандары, тыл жұмысынан қайтпаған адамдар туралы және тыл жұмысындағыларға көмектесу үшін комиссия құру, оның міндеті туралы жазады», – деп Ілияс Жансүгіровтің «Қазақ» газетінде жарияланған мақалаларын да атап өткен.

Осы тұсқа келгенде тағы да: «Ілияспен қатарлас өскен, шәкірті ретінде тәлім алғандардың зерттеулерінде оның «Қазақ» газетіндегі еңбектері туралы неге айтпаған?» деген оқырманның көкейінде белгісіз күдік пайда бола қалуы мүмкін. Батыр Қалмұрзаевша айтқанда: «Мұның себебі – «Қазақ» газеті ол жылдары зерттеле қоймап еді».

Ілиястың баспасөздегі еңбектерін жинап, бүркеншік есімдерін анықтап жүрген: «Ілияс осыншама көп бүркеншік есім қолданбаған шығар? Мүмкін, басқалардың бүркеншік есімі болуы да мүмкін ғой» – деген сұрақтар да алдамыздан шықты.  Олардың ойындағы күдікті арылту үшін біраз көз майын тауысуға тұра келді.  Қысқасы, біз өзімізден бұрынғы зерттеушілердің аманттап кеткен болжамдарына сене отырып,  жоғарыда аталған бүркеншік есіммен жазылған еңбектердің мазмұны, жазылу формасы, мақаланың басталуы мен аяқталуы, стилі, көзқарасы, пайымы, публицистикалық шығармаларға тән элементтердің бәрі-бәріне назар аударылды. Әр жылдары, әртүрлі бүркеншік атпен жазылған бірқатар шығарманы салыстыра қарастырғанда бір автордың қолтаңбасы аңғарылып тұрды. Ендеше, соның бірнешеуіне тоқтала кетейік. Мысалы, «Матай» деп қол қойған «Майда-май-ақ екен» («Тілші», №35, 1923 жылы 1 май) фельетоны мен «Ілияс» деп қол қойылған «Май тойында» («Тілші», №35, 1923 жылы, 1 май) атты өлеңінің ойы да, айтары да бір нәрсе – кедей бұқараның май мейрамының мәні мен маңыздылығын әлі де жете білмейтіндігі сыналады. Ол екеуіндегі бүркеншік есім басқа болғанымен бір автордың жазғаны көзге ұрып тұр. Қайталанған сөйлемдер де бар. « Матай» деп қол қойылған «Ұрлық өршіді» («Тілші» газеті, №7, 1922 жыл, 2 декабрь, сәрсенбі) бас мақаласы мен «Ілияс Жансүгірұлы» деп қол қойылған «Бұзақылыққа дауа» («Тілші» газеті, №28, 1923 жыл, 20 март, сейсенбі) мақаласының айтпағы бір нәрсе – ел ішіндегі ұрлық пен бұзақылықты туындатып отырған жуан-жұдырықтардың ісін тезге салуды көрсетеді. Тіпті, осы екі мақалада мағыналас сөйлемдер жиі ұшырасады. Көрелік, «Ауыл арасында тәртіп сақтайтын үлкенді-кішілі милиция ұйымдары дұрыс бақыламайды. «Ұрыны ұстаймыз, қиратамыз, жоямыз», – деп неше түрлі азаматтарды шығарады. Олар қырып-жойып ат мініп, халық көзінше ұрыларды қаттайды, ұстайды... Артынан өзінің ауылына қонаққа барып, оны көріп, майланса, жайланса адырайып шыққан батырлардың айғайы аяқсыз кетеді... Ұрылардың аруағы асып, жонданып қала береді...» («Ұрлық өршіді») десе, «Бір бұзық айыпталып ұсталса, оның жолдасы, сырласы кедейлердің, момын шаруалардың көздерін бояп, алдап, переговор жасатып, ақтап алып кететіндігін білеміз. Мұндай қарақшылығын қоймаса, қазақ-қырғыз бұзықтарын жақындық, бауырмалдық қылып аясаң, өмірде, шаруада тыныштық болмайды» («Бұзақылыққа дауа») деп түйіндейді ойын. Ал «Жа-жа» деген бүркеншік есіммен жарияланған «Баспасөзді қалай көтермелеу керек» атты мақалада: «Түркістандағы «Ақжол» болсын, «Тілші» болсын халыққа тарау жағы нашар. Мұның міндеті біздің жер-жердегі өкімет қызметіндегі жолдастарымызда. Мұның да қанына біткен ауру сол мұсылманша баспасөзден, жазудан жиіркеніп отыратындық» деп жазса, «Ағын» деп қол қойылған «Кеңседе жергілікті тілді жүргізу» («Тілші», №80, 1924 жылы, 10 январь) атты бас мақалада: «Бұл жұмысты біз аяғынан өрлетіп отыруымызда іс жүзінде ауылдық, болыстық мекемелердің істі мұсылманша жүргізуін күтіп отырмыз. Оның үстіне ояздағы, облыстағы, кіндіктегі мекемелердің орысша күрсілдетіп, барлық жарлық-бұйрықтарды орысша жерге салып жатыр. Міне, бұл ретпен жұмыс жеміс бермейді. Аздан соң жалығамыз да жұмыстан біржола қол сілтеп, жылы жабамыз. «Декрет – секрет болады» деп қадап айтады. Мұндай мсыалдың сан түрін келтіруге болады. Барлап қарасақ, жоғарыда салыстырмалы түрде көрсетілген екі мақаладағы бүркеншік есім басқа болғанымен ой ұқсастығы, пікір бірдейлігі, тіпті, осы екі мақаланың басталуы мен аяқталуы бір автордың жазғанын дәлелдеп тұр. Сондай-ақ, «Ілияс Жансүгіров атындағы» қоғамдық қор тарапынан басылып шыққан ақынның 10 томдық шығармалар жинағының 1-томына енгізілген дүниелердің дені Ілиястың түрлі бүркеншік есіммен жазып, түрлі басылымда жарық көрген дүниелері.  «Біз һам Ленин» (Ж. Жетім бала. «Тілші», №84, 1924 жылы, 30 январь) атты бас мақала, «Ленин өмірі» (Ілияс. №84, 30/І, 1924 жыл, «Тілші» газеті) атты ғұмырнамалық шығарма, «Қош бабай» (Ағын. «Тілші, №91, 1924 жыл, 23 февраль) атты арнау өлең үш түрлі атпен қол қойылғанымен, оларды салыстырып көргенде айтылған ойлардың бірін-бірі толықтырып отырғанын, тіпті, кейбір сөйлемдердің сол қалпы қайталанғанын байқадық. Демек, осының өзінен біз жоғарыда көрсеткен бүркеншік аттардың Ілиясқа тән екендігін алғашқы адымда дәлелдедік деуге болады. Бұдан басқа да көптеген дәлел көрсетуге болар еді. Қазірше осы да жете тұрар деп тоқтап, дәлеліміздің дәйектілігін басқа жолдар арқылы қарастырмақ болдық.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін біраз әуреленіп жүріп, Қазақстан Ұлттық кітапханасының сирек қолжазбалар мен кітаптар қорында сақталған төтеше, кириллше, латынша басылған сарғайған газет тігіндісін, қаламгердің баспадан шыққан кітаптарын жалықпай ақтарыстырып жүріп, сондағы  Ілиястың авторлық аты жазылған түпнұсқалардың көшірмесін жасауға тырыстым. Алдымен соны көріп алайық:

Жоғарыдағылар тек Ілияс, Ілияс Жансүгірұлы, Ілияс Жансүгіров деген бүркеншік есімдері жазылған дүниелер. Мақаланың басында айтылған сұраққа жауап беру үшін осыларды алуға тұра келді. Ілиястың басқа да бүркеншік есімдерінің түпнұсқасы неліктен көрсетілмеген деп ойланып отырған боларсыз. Себебі, қолда бардың бәрін тізе берсек, мақала тым шұбалаңқы болып, оқырманды жалықтырып алармыз деп ойладым. Ойыңызда күдік-күмән қалмауы  үшін төмендегі бір-екі дәлелді ұсына кетейін.

Жоғарыда көрсетілген есімдер «Қазақ», «Тілші», «Еңбекшіқазақ», «Сарыарқа», «Қызыл Қазақстан», «Социалистік Қазақстан»  газеттері мен кітаптардан алынды. Айта кетерлігі, осыған дейін «Тілші», «Еңбекші қазақ» газеттері (толық)мен «Жас қайрат», «Әйел теңдігі», «Жаңа әдебиет», «Әдебиет майданы», «Жаршы»  журналдарындағы (толық емес) Ілиясқа тән (осыған дейінгі Ілиястың жарық көрген жинақтарына енбеген, енген күнде де көп өзгеріске ұшыраған) өлең, оқшау сөз, мақалаларын жинастырып, оны төтешеден кирилшеге аударып, толық жинағы дайындадық. Аманшылық болса, алдағы уақытта оқырман назарына ұсынылады. Осы айтқан сөзіміздің дәлелі ретінде сол еңбектердің библиографиялық көрсеткішін көрсете кетсек артық болмайтын шығар. Осы көрсеткіштерден де Ілиястың қандай бүркеншік есемдерді қолданып, нендей туындылар жазғанын біле аласыздар.

«ТІЛШІ» ГАЗЕТІНДЕ:

«ҚАНЫНА ТАРТПАҒАННЫҢ ҚАРЫ СЫНСЫН (Аталы сөз)» (Танабаласы. «Тілші» газеті, №3, 1922 жыл, 3 сентябрь), «ТІРШІЛІКТІ САҚТАУДЫҢ ЖОЛЫ» (Тана баласы.«Тілші» газеті, №4, 1922 жыл, 10-сентябр), «ОСЫ КҮНДЕ ҚАЛАЙ ҚЫЛСАҢ БОЛЫС-ЕКЕҢ АТАНАСЫҢ» (Матай. «Тілші» газеті, №7, 1922 жыл, 2 декабрь, сәрсенбі), «ОКТЯБРЬ ТӨҢКЕРІСІ ҺӘМ Қ.Қ», (Ілияс. «Тілші» газеті №6, 7. ХІ, 1922 жыл), «ҰРЛЫҚ ӨРШІДІ» (Матай. «Тілші» газеті, №7, 1922 жыл, 2 декабрь, сәрсенбір), «АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ҚҰРАЛДАРЫ» (Ілияс. «Тілші» газеті, №12, 1923 жыл, 16 январь, сейсенбі), «ПАРТИЯ ТҰРМЫСЫ» (Ілияс Жансүгірұлы. «Тілші» газеті, №12, 1923 жыл, 16 январь, сейсенбі), «БАҚТЫҢ ӘДІСІ» (Матай. «Тілші» газеті, №14, 1923 жыл, 24 январь, сәрсенбі),  (ЖҰМАҒАЛИ – НӨРКЕЙ» (Матай.«Тілші» газеті, №16, 1923 жыл, 1 февраль, бейсенбі), «ЖЕТІСУДА ОҚУ МӘСЕЛЕСІ» (Матай, «Тілші» газеті. №17, 18, 18 ақпан, 1923 жыл), «ФЕВРАЛЬ ТӨҢКЕРІСІНЕ» (Ілияс. «Тілші» газеті, №26, 12 март,  1923 жыл), «БҰЗАҚЫЛЫҚҚА ДАУА» (Ілияс Жансүгірұлы), «Тілші» газеті, №28, 1923 жыл, 20 март, сейсенбі), «ЖАСТАРҒА» (Ілияс. «Тілші» газеті, №28, 1923 жыл, 20 март, сейсенбі), «ШЕШІЛМЕГЕН ЖҰМБАҚ» (Матай.«Тілші» газеті, №30-31, 1923 жы),  «ҚАЗІРГІ ДӘУІР – МӘДЕНИЕТ БӘСЕКЕСІНІҢ ДӘУІРІ» мен «ЖЕТІСУДА» және «КЕРШОЛАҚҚА» (Қара-бұқара, «Тілші» газеті, №34, 1923 жыл, 25 апрель, сәрсенбі), «МАЙДА, МАЙ-АҚ ЕКЕН» (Матай.«Тілші», №35, 1923 жылы, 1 май), «БАСПАСӨЗДІ ҚАЛАЙ КӨТЕРМЕЛЕУ КЕРЕК» (Жа-жа. «Тілші» газеті, №38, 1923 жыл, 11 май, жұма), «ЖЕТІСУ ҚОСШЫЛАРЫНЫҢ ҮШІНШІ ТОЙЫ» (Жансүгірұлы. Қыдырбайұлы. «Тілші», №40, 1923 жылы 24 май), «ҚОСШЫЛАР  ЖАЙЫНАН» (Ілияс. «Тілші» газеті , 8 декабрь, 1923 жыл, 2-бет), «МЕРГЕН БӨКЕН» (Ілияс. «Тілші", №48, 28 июнь 1923 жыл), «ЖЕТІСУДА КООПЕРАЦИЯ  ҚҰРЫЛЫСЫ» (Матай.  «Тілші», №51, 1923 жылы,сәрсенбі,  11июль), «ӘУЕ КЕҢІСТІГІНІҢ ЖЕТІСІНДЕ» (Матай. «Тілші», №52, 1923 жылы,  сейсенбі,  31июнь), «АСТЫҚ ҚАРЫЗЫНА ЖАЗЫЛЫҢДАР» (Матай. «Тілші», №53, 1923 жылы,  сейсенбі), «ЖОЛСЫЗ САЛЫҚ» (Ағын. «Тілші», №60, 1923 жылы,  18 сентябрь, сейсенбі), «ЕСКЕРЕТІН ЖҰМЫС» (Ілияс. «Тілші», №63, 1923 жылы,  1октябрь, дүйсенбі), «ПӘН АТАМАЛАРЫ» (Ілияс. «Тілші», №75, 1923 жылы, 7 декабрь, жұма), «КЕҢСЕДЕ ЖЕРГІЛІКТІ ТІЛДІ ЖҮРГІЗУ» (Ағын. «Тілші», №80, 1924жылы, 10 январь), «ЛЕНИННІҢ ӨМІРІ» (Ілияс.№84, 30/І, 1924 жыл, «Тілші» газеті), «БІЗ ҺӘМ ЛЕНИН» (Ж. Жетім бала.«Тілші», №84, 1924 жылы, 30 январь), «ҚОШ БАБАЙ» (Ағын.

«Тілші, №91, 1924 жыл, 23 февраль), «БАЛҚАН ТАУ» (Ағын.«Тілші», №92,1924 жыл, 27 февраль), «ҚАЗАҚША КІТАПТАР» (Ағын. «Тілші гәзеті», №92,  1924 жыл, 27 февраль, сәрсенбі), «ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІНІҢ ӨМІРІНЕН» (Ілияс. «Тілші», №94, 1924 жыл, 8 март), «КЕДЕЙ ШАЛ» (Ағын. «Тілші», №100, 1924 жыл, 4 апрель), «ЖАРАПАЗАН» (Ілияс. «Тілші гәзеті», №106,,  1924 жыл, 24 апрель, бейсенбі) «ЕМЛЕ ЖАЙЫНАН» (Шолжық.«Тілші», №103, 1924 жыл, 15 апрель), «ТУМАС ПА ЕКЕН?» (Ағын.«Тілші газеті», №116, 1924 жыл,18 июнь, сәрсенбі ), «ҚАЗАНШЫ ҚАТЫН ДА ЖҰРТ БАСҚАРСЫН» (Ілияс. «Тілші гәзеті», №118, 1924 жыл, 25 июнь, сәрсенбі), «СОҚА МЕН ЗЕҢБІРЕК» (Ағын. «Тілші» газеті,   №137,  1924-жыл,  28 сентябрь,  жексенбі), «ХАЛЫҚ АҒАРТУ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ҰЙЫМЫНЫҢ БЕС ЖЫЛДЫҚ ҺӘМ УЕЗДІК ОҚЫТУШЫЛАР КОНФЕРЕНЦИЯСЫ» (Ілияс. «Тілші» газеті, №140 –141, 1924 жыл), «ЖЕТІСУ ҚАЗАҚ ИНСТИТУТЫ ӨМІРІ» (Ілияс.«Тілші» газеті, №152, 4 январь 1925 жыл), «ДАЛА ҚОТЫР БҰЛАҚ ҚОСШЫЛАРЫ» (Ілияс.«Тілші», №159, бейсенбі, 26 февраль, 1925 жыл), «ҚОСШЫ ЖИНАЛЫСЫНДА» (Ілияс. «Тілші», №160, сейсенбі, 3 март, 1925 жылы), «ЕҢБЕККЕ ЕРКІН ДАҢҚ-АТАҚ!» (Ілияс. «Тілші газеті», №172, 1925 жыл, 1-май,  жұма), «ШАРУА ҚАМЫ ЕРТЕ ЕСКЕРІЛСІН»                                                                                                    (Сақа. «Тілші газеті»,  №288,  1927 жыл қоян, 27 июнь,  жексенбі), «ҚЫЛЫШТЫҢ ҚИЯЛЫ ЖЫРЫ» (Ілияс.   «Тілші», №316, 1927 жыл  қоян, 7 ноябрбь, дүйсенбі).

«ӘЙЕЛ ТЕҢДІГІ» ЖУРНАЛЫ

«АУЫЛДАҒЫ  ҚЫЗДАРҒА» (Ілияс. «Әйел теңдігі» журналы, 1926 жыл, №7-10), «ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ» (Ілияс. «Әйел теңдігі» журналы, 1926 жыл,  6 сан, № 7-10).

«ЖАС ҚАЙРАТ» ЖУРНАЛЫ

«ҚАЗАҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫ, ХАЛ-ТҰРМЫСЫ, САЯСИ ҚҰРЫЛЫСЫ ТУРАЛЫ» (Ілияс. «Жас қайрат» журналы №6, 36–37–38-беттер).

«ЖАҢА ӘДЕБИЕТ» ЖУРНАЛЫ

«ЖАҢА ӘДЕБИЕТ» (Ілияс. «Жаңа әдебиет» журналы, 1929 жыл, №12),

«ӨТКЕН КҮН (1916 жылдың көтерлісінен естелік)» (Көркем әдебиет бөлімі.                                                  Ілияс), «МАМОНТОВТЫҢ ӨЛІМІ» (Ілияс. «Жаңа әдебиет» журналы. №1 32-33-37 беттер), «ҚҰРЫШ  ҚҰС» («Жаң әдебиет» журналы, №9, 1928 жыл сентябрь), «МЕН ЖАЗУҒА ҚАЛАЙ ҮЙРЕНДІМ» (Ілияс. «Жаңа әдебиет» журналы, 1928 жыл, №10).

«ЖАРШЫ»  ЖУРНАЛЫ                                                  

«ТОЛҒАУ» (Ілияс. «Жаршы» журналы, 1929 жыл, № 1-5 бет).

ЕҢБЕКШІ ҚАЗАҚ» ЖӘНЕ «СОЦИАЛИСТІК ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТТЕРІ:

«Газет сөзі аяқсыз қалмасын» (Батырақ1928 жыл, январь 19, бейсенбі, №16 (1043), «Тоғыз жасар қызын сатты» (Батырақ 1928 жыл,  март 6, сейсенбі, №55 (1082), «Тентектің ертегісі» (1928 октябрь 4, бейсенбі, №229(1256) , «БЕТ АШАР» (№258 (1285), 1928 жыл, 7 ноябрь, сәрсенбі),  «Қуыршақ» (Таңқыбай 1929 март 8, жұма, №55 (1384), «Адырайған төрешілдік, тымырайған төрешілдік, тағы-тағы қай төрешілдік» (Таңқыбай №58 (1387) 1929, март 12, бейсенбі), «Хан атбекет» (Бадырақ. №64 (1393), март, 22 жұма 1929), «Төрт жолдың торабы» (Ілияс№144 (3443), бейсенбі. 3 май, 1929 жылы), «Шоқпардың шоқтығында» (Ілияс. № 128 (1457), бейсенбі, 8 июль, 1929 жыл), «Өңшең жауыз, қанды ауыз» (Ілияс№171 (1500), 1929 жыл, август 17, сейсенбі), «Жарлының қорғаны, жаудың құрбаны» (Таңқыбай1929 жыл, 29 август, бейсенбі, №173 (1502), «Газет емес, концерт» (Бадырақ1929, 3 сентябрь, бейсенбі, №177 (1506), «Мені арқала, бақ қуала» (Бадырақ1929, 9 сентябрь, дүйсенбі, №180 (1509), «Жол аузында» (Ілияс1929, 16 сентябрь, дүйсенбі, №186 (1515), «Сонымен кетіп барамын» (Ілияс№190 (1520), 1929 жыл, 22 қыркүйек, жексенбі), «Театр туралы» (Жансүгірұлы Ілияс№198 (1527), 1929 жыл 30 қыркүйек, жексенбі), «Таспен ұрғанды, аспен ұрады» (Қосшы1928 жыл, сентабрь 4, сейсенбі, №203 (1230), «Алыстағы ауылда» (Сақа№211 (1541), 1929 жыл, 16 октябрь, сәрсенбі), «Біз ембіде едік» (Сақа№228 (1557), 1929 жыл, 4 ноябрь, дүйсенбі), «Тентектің ертегісі» (Ілияс. 1928 октябрь 4, бейсенбі, №229(1256). «Иван Иванович» (Таңқыбай№243 (1572), 1929 жыл, 22 ноябрь, жұма), «Ән, әншілер жайында» (Жансүгір ұлы Ілияс. 25 қаңтар, 1931 жылы). Жоғарыдағы тізімде көрсетілгеннің бәрі төтешеден кирилшеге аударылып, жинақталды. Кітап болып басылуда, көп өтпей оқырман қолына тиіп те қалар. Осы еңбектерден де Ілиястың қандай бүркеншік есім қолданғанын аңғаруға болады.

Ілияс мұраларын жинау ісі әлі жалғасып жатыр. Алдағы уақытта   «Ақжол», «Жас Алаш», «Қызыл Қазақстан», «Шолпан», «Кедей еркі», «Жаңа әдебиет», «Әдебиет майданы», «Әйел теңдігі», «Қазақстан мұғалімі», «Ауыл», тағы да басқа газет-журналдарда жариялаған еңбектерін жинастырып, жұрт игілігіне асырмақпыз. Бұл бағыттағы жұмыс жүріп жатыр. Бұл жолы сол еңбектердегі Сақа, Қапал, Қапал оязы, Талды, Қорған, Жаза, Жалшы, Жетісу, Жетісуский, Алматинский, І.Ж, Шоқпар, Отар, Лепсі, Әнші, Тілші, тағы да басқа бүркеншік атпен жарияланған материалдарды Ілияс Жансүгіровке тән деуге болады. Мұның ішінде «Жетісу, Жетісуский, Алматинский» деген бүркеншік аттар күмән тудыратыны белгілі. Оны сол материалдардың аудармасы толық біткеннен кейін салыстырмалы түрде зерделеп көреміз. Аға буын ілиястанушылармен ақылдаса отырып, шешім қабылдаймыз деген ойдамын.

Ойды ой қозғап, осы тұсқа келгенде алдымыздан тағы бір дерек сап ете қалды.

Осы құжатты көріп, тағы да тереңірек бойлай түсуге тұра келді. Сөйтсек, Ілияс РОСТА (Российское телеграфное агентствоның) Қазақстандағы тілшісі болып жұмыс атқарған екен. Бұл Ілиястың сол тұстағы қазақ тілді басылымдармен қатар орыс тілді баспасөздерге де жазып тұрғанын білдіреді. Ондағы бүркеншік есімдерін анықтау қазірше мүмкін болмай тұр. Демек, біз қазірге дейін Ілиястың ұзын ырғасы 42 бүркеншік есімі бар дегенге тұрақтадық. Бұл оның төтеше газет-журналдарда жарияланған еңбектерін жинастырғанда келген қорытындымыз. Ал 1930 – 1937 жылдар аралығындағы кириллиция және латын хәрпінде шыққан газет-журналдарды әлі толық парақтаған жоқпыз. «Үмітсіз шайтан» дегендей, «Ілиястың әлі де біраз бүркеншік есіміне жолығамыз» деген үмітіміз сөнген жоқ.

Сонымен Ілиястың бүркеншік есімдерін негізінен анықтап алдық деуге болады. Жетпей жатқан, қалып қалған, қате кеткен жерлері болса, зерделі оқырманмен кеңесе отырып, жұмысымызды ары қарай ілгерілете беруге пейілдіміз. Осылай келісейік те, айтар ойыма оралайын.

Жоғарыдағы суреттер мен библиографиялық көрсеткіште көрсетілген Ілиястың төтеше, кириллиция, латын харпінде жазған шығармаларындағы бүркеншік есімдерге талдау жасайтын болсақ,  жалпы,  42 бүркеншік есімнің ішіндегі «Ілияс», «Матай»,  «Ілияс Жансүгірұлы», «Ілияс Жансүгіров» ең көп қолданылған бүркеншік есімдер. Соның ішінде 1929 жылға дейін  «Ілияс» пен «Ілияс Жансүгірұлы» басым орынды ұстайды. Ал «Ілияс Жансүгіров» 1930 жылдан кейінгі еңбектері мен орысша құжаттарда жиі кездеседі. Өмірбаянның бәрінде «Ілияс Жансүгірұлы» деп жазылған. «Ілияс» деген есімнің «Ов» пен «Ев» қазақ ауылдарына дендеп енбеген тұста қолданылғандықтан оны «Ілияс Жансүгірұлы» деген есімнің баламыс деп қабылдауға болады.

Ендеше, Ілиястың ататегіне бір жерде «ұлы», енді бірде «ов» деген қосымшаны тіркеп, ала-құла жазғанша «Ілияс Жансүгірұлы» деген атты бір тұтас қолдануды қолға алмаймыз. Тоқсан ауыз сөзімнің тобықтай түйіні осы еді..

Мұндай түйінге келуге түрткі болған екі себеп бар:

Біріншіден, біз 2025 жылға қарай ел бойынша қазақ жазуын латын хәрпіне ауыстыратын боламыз. Демек, сол тұста «Ов», «Ев», «Ова», «Ева» деген қазақ тіліне жат қосымшалар өздігінен сөздік қордан шеттетіледі. Сол кезде бәрі бір Ілияс Жансүгірұлы деп жазуға мәжбүр боламыз. Осы өзгерісті 2025 жылға дейін күткенше неге биылдан биылдан бастап кірісіп кетпейміз.

Екіншіден, қазір Ілияс шығармалары шетел тіліне аударылып, әлемдік әдебиеттің алтын қорына ене бастады. Алдағы уақытта салмағы тіпті аса түсетінін белгілі. Оны жұрттың бәрі көріп, біліп отыр. Сол еңбектерде Ілиястың ататегін орысша Ілияс Жансүгіров болып жазылып жүр. Оның орнына қазақша Ілияс Жансүгірұлы болып жазылса, шетелдіктер Ілиястың қазақтың қаламгері екенін сезінер еді. Осы ойым қолдау тапса,  нұр үстіне нұр болар еді...

Айту бізден, атқару сізден, ағайын!

Жалғасы бар...

Қажет Андас

Дереккөз: Abai.kz


Пікір жазу
  • СТАЛИН УАҚЫТЫНДА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ШЫНАЙЫ ТАРИХЫН ЖАЗҒАН ТАРИХШЫ
    "СҰЛУБАЙДЫҢ ӘНІ" кітабының тұсау кесері өтті

    Ұқсас тақырыптар