Мекемтас Мырзахметұлы және Мұхтартану мәселелері

Уақыты: 2019-09-20 Көрлімі: 201 Сипаттама

Табиғаттағы жаратылыстың ішіндегі ең асау апаттардың бірі – теңіз дауылы. Кемеге ыры...

 2748d709-afeb-4edc-93d3-1cbacab056ec.JPG


  Табиғаттағы жаратылыстың ішіндегі ең асау апаттардың бірі – теңіз дауылы. Кемеге ырық бермейтін, Құдайдың әмірімен долданатын дүлей дауыл кемені де суға батырып, шыбын жанын шүберекке түйген адам пендені де ажалдың тырнағына тастай салады. Сол сияқты кеңестік жүйенің цензурасы да тарлан тұлғалардың тағдырын келместің кемесіне айдап жіберді. Ғұмырларында сүйінгенінен гөрі күйінгені көп дегдарлардың көбісінің тарихи шындығы бізге беймәлім. Жұмбақ. Жұмбағы толығымен шешіле қоймаған қазақтың маңдайына біткен ұлы феномен жазушы хақында бір тебіреніп көруді жөніміз деп таптық. Ол қаламгердің қаламынан туған қазыналар дөңгеленген дүниенің бейне бір кілтіндей. Оның ғылыми толғанысы «Абайтануды» өмірге әкелді. Қысқасы, Ұлжан – Абайды, Мұхтар – Абайтануды дүнияға келтірді. Атасы – Әуез мұсылманша хат танытып, жасынан бала Мұхтарға Абайдың бүкіл өлеңдерін жаттатқан екен. Бұл туралы Мұхтардың өзі: «Сонымен бір қыс, бір жазда Абайды түгелге жақын жаттап шығып едім» [1.71] деген дәлелін келтірсекте жеткілікті Дана Абайдың:

Әуелі аят, хадис – сөздің басы,

Қосарлы бәйітмысал келді арасы.

Қисынымен қызықты болмаса сөз,

Неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы?![2.85], -

деп Хақты тануға ғұмырын арнаған Абай екендігі әмбеге аян, сол Абайдың сенімді серігінің бірі – Мұхтардың атасы Әуез болды. Ғылымның қайнар көзі – құран аяты мен Пайғамбар хадисінде жатқандығын білген Әуез қарт немересі Мұхтарға білімді биссмилләдән бастауында ерекше сырдың жатқандығын анық аңғаруға болады. Мұхаң атасы Әуез жайлы өз естелігінде: «Әр нәрсеге Абай үлгісімен, ақынша қарауға тырысушы еді. Абайдың сондайлық ұстаздық, үгітшілдік әсерін мен кішкентай бала кезімнен өз әкелерімнің қалпынан көруіме болушы еді...» [1.71] деп сыр шертеді. Қош. Мұхтар Омарханұлының цензураның жалауы желбіреп тұрғанда «Абайдың Шығысы» жайлы толық мәлімет бере алмай кеткені де ғылыми қынжылыс тудырмай қоймайды. Айта кету керек, профессор М.Мырзахметұлы мен Әуезов әлемі һәм Абайдың Шығысы, бұл үштағанды бөліп жаруға мүлде болмайды. Өйткені Абай тұрған жерде М.Әуезовтің, ал Абай мен Мұхтардың аты бірге аталса М.Мырзахметұлының аты қатар айтылады. Бұл Абайтану, Мұхтартану ғылымдарының бұлжымас ғылыми қағидасы. Ұстазым, профессор Мекемтас Мырзахметұлының 1982 жылы «Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары» ғылыми монографиясы жарық көрді. Кеңестер одағы үстемдік құрып отырғанда яғни 1949 жылыСОКП ОК «Космполитизм»  туралы қаулысы шыққан болатын. Яки олардың көздегені: шығыс пен батысқа бас игендерді талқандау, қысқасы жалмап жасқау. Қаулы шықты деген сөз – «цензура» одан бетер күшіне мінді деген сөз. Әуезов Абай шығармаларының Шығыстық белгілерін жақсы білгенмен де ол мәселенің түбін қопарып айтуға оның мүмкіндігі болмады. Кейіннен академик Қажым Жұмалиевтің жетекшілік етуімен Мекемтас Мырзахметұлы «Абайтану тарихы» тақырыбында кандидаттық, «М.Әуезов және Абайтану проблемалары» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Аталмыш монография 1982 жылы Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасынан жарық көрді. Аталмыш еңбекте: Абай шығармаларының текстологиясы, мораль философиясы, Абайдың Исламиятқа қатысы сынды тақырыптар фактілерге сүйене отырып жан-жақты сараланған.

Тағы бір мәселе: Абай жолы роман-эпопеясына үңілсеңіз Мұхтар Омарханұлы көп шындықты айта алмай кеткен жерлері бары анық аңғарылады. Қызыл империяның еркіне лажсыздан  жығылып, тарихи шындықты өзгерткенімен Әуезовтің Абай әлеміне шынайы көзқарасын мына мақаласынан байқауға болады: «Абай анық діншіл ақын. Діні – исләмият жолының қағидаларына табынған, мұсылманшылықтың Алласын, Пайғамбарын, иманын үнемі ауызға алып отырған дін ұстазының ұғым-нанымын көрсеткендей. Тілде де, ақындық сөздікте де Құранның аятынан алынған әрбір діндар мұсылманның аузында жүрген дұғалықтың, тағат-ғибадаттың сөздері бар»[3.313] деп Абай Шығысының бір парасын нақтылай кетеді. Тағы бір қызықты дерек: М. Мырзахметұлы «М. Әуезов және Абайтану проблемалары» атты еңбегінде Абай шығармаларына енбей қалған мына бір өлеңді айтып өтеді: «Тіпті, Мүрсейіт қолжазбаларының өзіне немесе Абай жинақтарында үнемі басылып келе жатқан кейбір шығарма табиғатына соншалықты сергек ой көзімен қараған М.Әуезов өзі тікелей Рахымжан қарияның айтуынан жазып алған Абайдікі деген бір шумақ өлеңді:

Қартыңның жасқа жақпас қайғы ақылы,

Қартаң сүймес жайнақы, жайдарыны.

Қарны шығып, қабағы қалың тартқан

Қасаң келіп қартаяр бай қатыны, -

Абай сөзіне деңгейлес кеп жұтынып тұрса да, Абай өлеңі ретінде ендіруді мақұл көрмеген. Мәселе төркінін терең  танып, ақиқат шындық көзін іздейтін зерттеуші жоғарыда Мүрсейіт қолжазбасында Абай өлеңі ретінде хатқа түскен бір топ өлеңді ұлы, ақын қаламына тән туынды деп таппаған [1, 124]. Міне, бұл да Мұхтардың Абай шығармаларын қаншалықты биік дәрежеде екендігін айғақтап тұр. Мұхтартану саласының басты өзектілігінің бірі – «Абай жолы» романымен де тікелей байланысты екендігінде. Кеңестік кезеңде жазылған роман күні бүгінге дейін тарихи тұрғыда әлі толық ашылған жоқ. Филология ғылымдарының кандидаты Ақжол Қалшабек «Мұхтар Әуезов және кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиеті» атты мақаласында бұл туралы: «Мұхтар Омарханұлы Әуезов те, мұралардан қарамақ болғанымыз атышулы кеңестік дәуір әдебиеті. Неге кеңестік дәуір? Өйткені М.Әуезов осы кеңестік дәуір перзенті, ол осы кезеңде пісіп-жетілген, толысқан тұлға. Демек кеңестік дәуір әдебиетін сараламай, М.Әуезов феноменін толық түсіну әсте мүмкін емес. Кеңестік дәуір төл ұлтымыз үшін ең бір күрделі, трагедияға толы, сыры да, қыры да көп жұмбақ кезең. Соған орай ол кездегі әдебиетіміз де оңай әдебиет болған жоқ. Оңай еместігі: сол кездегі әдебиетті әлі күнге зерттеп, зерделеп ұңғыл-шұңғылын ашып бере алмай отырмыз» [4] деп ғалым нақты ғылыми талдау жасайды. Міне, кеңестік кезеңде өмір сүрсе де артынан ұлтқа қажетті мұраларын тастап кеткен Әуезов мәселелері жайлы айтпағымыз осы. Мекемтас Мырзахметұлы және Мұхтар Әуезов мәселелерін бір ғана баяндамада сүзіп шығу бек мүмкін емес. Бұл тақырыптан том-том еңбектер жазуға болады. Ұстазымыз Мекемтас ағайдың ғылыми танымындағы Әуезовтің әлемін кеңінен зерттеу менің де көздегенұлы  мақсатым!

 

 

Әдебиеттер:

1.Мырзахметұлы М. Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары. – Алматы: Қазақ ССР «Ғылым» баспасы, 1982. – 296 б.

2.Құнанбайұлы Абай. Өкінішті көп өмір кеткен өтіп. Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер. Алматы: Раритет, 2008. – 384 б.

3.Әуезов М. Шығармаларының 50 томдық толық жинағы. 35-том. Алматы: Жібек жолы, 2008. – 416 б.

4.Қалшабек А. М.Әуезов және кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиеті. // Егемен Қазақстан газеті. – 24.12.2018


Әзімхан ИСАБЕК

М.Әуезов атындағы ОҚМУ 6М020500 - «Филология» факультетінің магистранты



 Jebeu.kz

 


Пікір жазу
  • Әзімхан ИСАБЕК: ҚҰНАНБАЙ ЖОЛЫ
    Абай іздеген ұлт бақыты...

    Ұқсас тақырыптар