Алаштың алыстағы тілшісі – мұғалім Молдағали

Уақыты: 2020-09-16 Көрлімі: 191 Сипаттама

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»ХХ ғасыр басы қазақ тарихы үшін саяси өрлеуге б...


Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

ХХ ғасыр басы қазақ тарихы үшін саяси өрлеуге бет алған сапалық өсу кезеңі болды. Алғашқы жиырма жылдығында Алаш идеясы өркен жайып, жәдиттік бағыттағы ағартушылық қозғалыс барынша өрістеді. Ұлттық ұйысуға үндеген өлең-жырлар ел арасында кең тарап, елшілдік мүдде жанданды. Ұлттық баспасөз қалыптасты. Сондай-ақ біліммен шөлін басқан қазақ жастары Петербург, Мәскеу, Қазан, Уфа, Троицк, Том сияқты іргелі қалалардың оқу орындарын тәмамдап, еліміздің әр пұшпағына шашырай тарады.

Оралда оянған үміт

Әбдулғазиз Мұсағалиевтей бір шо­ғыры шетел асып, өркениетті елдің өне­гесін туған жеріне ала келді. Бір кездері шоқынды болудан қорқып, оқу десе үрке қашатын Алаш баласы ендігі жерде білім десе бас қоятын жаңа сапалық биікке көтерілді. Бұл қатарда Еуропа асып, озық жұрттың тағылымын көрген Молдағали Бектұрлин де бар еді.

Орал облысы Жұбанышкөл болысы­ның үмітті жасы Молдағали Түркияға 1900 жылы жол тартты. Бұл қазақ қоға­мының өзгеріс тілесе де, дерліктей сер­піле алмай әлі де бұйығылау жатқан тұсы-тын. Сол себепті алдыңғы лек ре­тінде Молдағали өзіне жастар арасында оқуды насихаттау, өзінен кейінгі буынды білім нәрімен сусындату міндеті жүктелгенін сезді. Шынында да, Ресейдің бұғауында жатқан қазақтай елдің өзгемен терезесі тең болуы үшін бірінші кезек­те жас санасына сәуле түсіруден басқа жол ол кезде жоқ-ты. Сондықтан оқуын бітірген Бектұрлыұлы бірден мұға­лім­дік, ағартушылық жолға ден қойды. Содан ескерусіз, елеусіз жатқан қазақ елі­нің алыс қиыр шетіне бет түзеді. Мол­дағали Қытайдағы қазақтар арасында ағар­тушылықпен қатар алғашқы ұлттық басылымдарға тілші болып, шекараның арғы бетінде Алаш идеясын таратуға белсене үлес қосты.

 

Құлжа сахарасында жанған шырақ

Молдағали Бектұрлыұлы ең алғаш Қытай жеріндегі Зайсан, Шәуешек, Құл­жа қалаларын аралап мұғалім болады. 1909 жылдардан бастап Іле уалаятында тұрақты түрде шәкірттерге сабақ бере бастайды. Бұл туралы «Қазақ» газетінде «Қытай қазағы» мақаласында: «...төрт жыл ішінде сексен шамалы балаға иман-намаз, хат үйретіп шығардым. Осы күнде 45 шәкіртім бар» («Қазақ». 1913. №18) деп, Іледе тұрақты түрде мұғалім болғанын, Іле қазақтарының оқу-білімге құштарлығын айтады.

Қытайда жарық көрген бірқатар дерек Молдағали есімін «Қали молда», Іле уалаятына барған уақыты 1916 жылы деп көрсетеді. Мысалы: Іле оқу ағартуының куәгері Әсейін Жақ­сы­лы­ұлы өз естелігінде: «1916 жылы Қали молда деген кісі күнестік Сорбұлақ-Өріктіарал деген жеріндегі Сатыбалды ақалақшының ауылында мектеп ашып, бала оқытты (Қали молда Ресейде бол­ған «Алашорданың» Шыңжаңға жі­берген тілшісі деген сөз бар). Ол ке­йін Сатыбалдының қарындасымен тұр­мыс­танып тұрып қалды» деген дерек кел­тірсе, Әбдіқасым Изатов: «Оқымысты Қали молда деген адам Сатыбалды зыуан­ның ұйымдастыруымен киіз үйде бала оқытып, бірталай жасты білімді етіп жетіл­дірген» деп, жазады.

Қабимолла Мәнжібаевтің «Қазақ оқу-ағарту тарихынан қысқаша дерек­тер» кітабында да «Қали молда» кездеседі. Сонымен қатар «Іле тарихи материалдары» жинағында «Әйгілі ағартушы Қалимолла Бекторлин» атты мақала бар. Мақалаға материал берген – Имам­мұхамет Нұрбеков, реттеп жазған – Андас Омарақынұлы. Бұл жазбада, Мол­дағалидің алғаш Қалжат шекарасы арқылы Қытайға өтіп, Темір руына келіп тұрақтағанын, осы жерде бала оқытып жүрген жерінен Сатыбалды Нұр­бекұлымен танысқанын айтады. «Сатыбалды оның көп оқыған, білімді азамат екенін аңғарып, ақалақшы Демеу ауылынан ат мінгізіп, шапан кигізіп, бала оқыттыру үшін Күнеске алып келеді. Ол Сатыбалды ауылына келгеннен кейін дереу өзі құрастырған оқулығы арқылы жүйелі оқытуды бастап кетеді («Іле тарихи материалдары». №15. 1999. Құлжа. 173-174 б). Бұл мектептен Сатыбалдының туыс балалары ғана емес, Күнестің бас-аяғындағы, тіптен басқа болыстардағы таныстарының балалары да келіп оқиды. Жоғарыда айтылғандай 80 шамалы шәкірт оқытқаны соның дәлелі.

Молдағалиға қамқор болған Саты­балды кім еді? Сатыбалды Нұрбекұлы (1878-1941) жастайынан ел басқару ісі­не араласып, Іле уалаятында Қызай болысы управителінің кеңесшісі болды. Татардың «Шура», «Уақыт» басылымдарына жазылып тұрды. 1909 жылы Молдағалиды Күнеске бала оқытуға апарып, өз қарындасын қосып отау тігіп береді. 1923 жылы Сатыбалды Іле қазақтары билеушілерінің ақылшы, кеңесшісі лауазымын алды. 1936 жылдары Күнесте құрылған қазақ-қырғыз оқу-ағарту мәдениет ұйымын басқарды. 1941 жылы қайтыс болды.

Ілені мекен еткен қызай елінде ол кездері Ресейдегі оқу орындарын біті­ріп барған мұғалімдер көп емес-ті. Ең алғашқысы және жол бастаушысы Мол­дағали болды. 1911 жылы Цинь империясы құлап, жаңа үкімет орнаған соң жергілікті басқарушы үкімет қазақтардың жаңаша үлгідегі мектеп ашып, балаларын оқыту жөнінде кеңес ашып, мәжі­ліс құрады. Бұл туралы «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеттерінде түрлі хабарламалар бар. «Һәр болыста мектеп салыңыз, қытайша үйретуші молданы біз берелік, мұсылманша дін үй­ре­туші молданы өзіңіз табыңыз, көр­ші­лес һөнерлі жұрт орыс. Оның тілін үйре­нем десеңіздер, орыс ушителдерін алдыр­саңыз жақсы!.. Болыстар мақұл деп тарқады. Қызай хабарларын тағы жазып жібереміз. Алыстағы тілшіңіз: Молдағали Бектұрәлі» («Қазақ». 1913. №18).

 Үкіметтің халықты жаңаша оқуға шақырған сол жиылысынан соң Іле уалая­тында жаңаша мектептердің құрылысы басталып, қатары көбейе түсті. Естемес ақалақшы 400 қарағай түсіртіп, мектеп құрылысын бастайды. Сонымен қатар Естемес ақалақшының мұғалім ұсыныс ету мәселесі туралы: «Уфадан орысша, мұсылманша жақсы білетұғын бір қа­зақ шәкіртін алдырамын деген өзінде бар. Бұл күнде қызайда үш мұғалім бар. Екеуі ноғай, біреуі қазақ. Қазақ мұғалім Молдағали (Моллағали) Бектұрлин деген жігіт. Күнесте Сатыбалды Нұрбек ұлы­ның қолында тұрған. Бұл мырзаның тәрбиесінде 4 жылдан бастапқы бөлімді 80 бала бітірді» («Айқап».1913.№11). Молдағалидың қызай еліндегі шеттен барған алғашқы қазақ мұғалім екенін және Сатыбалды ауылында 4 жылдан бері тұрақты мұға­лім болып жүргені туралы айтылған дерек­терді толықтап, 1909 жылы барды деген деректі нақтылап, Естемес ақалақшы салдырған алғашқы мектебі жайлы да толық мәлімет береді.

Молдағали, Сатыбалдыдан кейін бір басқосуда Естемес ақалақшының ұлы Ноғайбекпен танысады. Ноғайбек туралы: «Ноғайбек мырза орысша, қазақша екі жағынан да хабары бар тәуір ғана білімді жігіт екен. Орысшаны алты жыл Құлжада өзіне арнап «учитель» ұстап оқиды. Бүтін Қызайда бізден артық кісі жоқ деп жүрген болыс һәм балаларының «надандығымнан айырылып қаламын» дегендей, оқы десе ат тонын ала қашатын бір заманда бұл мырзаның орысша, қазақша екі жағынан бірдей жетік болуы таңғаларлық іс еді», деп пайым айтады. Иә, Ноғайбек Естемесұлы (1888-1924) Ілені жайлаған Қытай қазақтары арасында ат төбеліндей оқығандардың сақасы еді. Алматыда оқып, одан Түркияның Ыстанбұл қаласына жалғасты білім алған Ноғайбек 1916 жылы елге оралғаннан кейін жаңаша үлгідегі мектеп ашып, Іле уалаятындағы ағарту жұмыстарына соны леп әкелген қайраткер тұлғалардың бірегейі-тін.

Осындай ұшқан ұясына білім әке­ліп, өнер сәулесін түсірген оқыған аза­мат­тардың өнегелі ісіне сүйіне біліп, кей­бір олқы тұстарға өкініш танытады. «Қы­зайда оқушы һәм оқытушылардың өте аз екені әркімге белгілі ғой. Ал енді оқу іздеп шетке кетушілер тіпті жоқ еді. Былтырғы жылы оқимын деп шетке кеткен Қызайдың бірнеше жігітін Алматыға барған жерінде орыс үкіметі «шпионсың» деп қайта қуып жіберді», – деп налиды тағы бір жазбасында Молдағали. Елдің ыстық-суығына бірдей елеңдеп, жақсысына жан семіртіп, терісіне қапа­ланған бұл Бектұрлыұлының шын жана­шырлығы, азаматтығы еді.

Молдағали Бектұрлыұлы 1909 жылдан 1926 жылға дейін Күнесте мұғалім болды. «Моллағали Бектұрлин атты оқымыстыны Сатыбалды Нұрбекұлы ұсыныс етіп әкеліп, халықты ұйымдас­тырып Күнестің Алмалы деген жерінде 1926 жылға дейін бала оқытқан. Нүсіпқан Көнбайұлы, Әбеу Құдышұлы, Қожахмет Сатыбалдыұлы, Дәуітбек қатарлылар осы Молдағалидан оқып сауаттанды» («Күнес тарихи материалдары». №12. 2012. 2б). Та­лабын ұштап, түлетіп ұшырған шә­­кірттері кейін айтулы тұлғаларға айна­­лады. Айталық, Шыңжаңдағы Алаш идеясының ізін жалғаған саяси ұйым – қазақ-қырғыз ұйышмасын, одан ке­йін өлкелік оқу-ағартуды басқарған Әбеу Құдышұлы, өлкелік жауапты қызмет­терде елге еңбек сіңірген Нүсіпқан Көң­байұлы қатарлылар бар.

 

Қиырдан қалам сілтеген

Молдағали Бектұрлыұлы өз зама­ны­ның алғабасар өкілі ретінде ағарту­шылықтан бөлек, газет-журналдарға да хат-хабар жазып, автор ретінде қатысып отырды. Жазба соңында аты-жөнін – «алыстағы тілшіңіз» деп, көрсетеді.

«Қазақ» газетінің 1913 жылғы №18 санында «Тілшілер сөзі» айдарымен «Қы­тай қазағы» мақаласы беріледі. Бұл мақалада: «Басқармамызға Қытай қоластына қараған Қызай қазағының ішінде бала оқытып тұрушы Молдағали мырза Бектұрәліұғылы хат жазып, Қы­зай қазақтарының халін былайша көр­сетеді» деп, қытайға қараған Қы­зай елін­дегі жаңаша оқу жағдайына тоқ­тал­ған. Газеттің №38 санында Молдаға­ли Бектұрлыұлының Құлжадағы мекен­жайы көрсетіліп, «Басқармадан» айда­рында басылады. «Молдағали Бек­тұр­­әліұғылының адресі: Кулджа, Китай­ские влад. Шарафутдину Сагдиеву, ящ №7, пер. Муллагалию Бектурлину». Осы­лайша Молдағали Бектұрлыұлы «Қазақ» газетіне жазушы және жазылушы бо­лып хабарлар жаза бастайды. Сонымен қа­тар «Қазақ» газетінің Қытай аумағындағы таралуына да өз үлесін қосады.

«Айқап» журналының 1913 жылғы №12 санында жарық көрген «Қытай қа­зақ­тарының ас беруі» атты мақаласы Жа­бықбай зәңгінің әкесі Бұлғыншы ақа­лақшыға (волостной оправителдің) опат болғанына бір жыл толғанда ас бергені туралы еді. Бұл мақала 2000 жылы «Іле айдыны» журналының №5 санында жарияланып, Қытай қазақтары арасында қызығушылық тудырды. Мақалада Қытайдағы қазақтардың салт-дәстүрі, бай-қуатты өмір тіршілігі туралы айты­лады. Қызай елінің қонақ күтуінің ерек­шелігі «қонақасы» және ас беру дәстүрі жайлы құнды мәлімет береді.

Туған топырақтан жырақ, Алаштың ордалы қаласынан шалғайда жүрсе де Молдағали елдегі әр өзгеріске сергек қа­рап, барынша үн қосып, белсенділік танытып, тілеулес болып отырды. Қарға тамырлы қазақты Алаш туы астына бірігуге шақырды. Айталық, 1916 жылы қызай елінің игі-жақсыларымен бірге «Азамат» серіктігіне жарна қосып, газет ісінің ақсамауына барынша атсалысады. Мақсұд Сасанов, Сатыбалды Нұрбекұлы, Құсболат Байболатұлы, Жайырбек Са­санұлы, Ракхим Ақылбекұлы һәм Жиен­әлі Мейірманұлдарымен бірге мұға­лім Молдағали Бектұрлыұлы да 100 сом жарнамен мүшелікке өтеді. «Айқап» журналында Мамановтар әулеті жариялаған роман бәйгесіне де, Іле губерниясы атынан қатысып, өзінің туындысын топқа қосады.

 

Туған жерге оралу

Азамат соғысы аяқталып, кеңес өкі­меті орнағаннан кейінгі саясат ала сы­зықтың екі айрығындағы Алашты тіптен алаңдатты. «Айқап» пен «Қазақ» секілді ұлттық басылымдар жабылды. Бұрын қазақ жерінен еркін келетін баспасөзге Қытай өкіметі ендігі қатаң бақылау орнатып, шектейтін болды. Осының бәрі де М.Бектұрлыұлын беймаза күйге түсірді. Туған жерге оралу ойын үдетіп, сағынышын одан әрі ұлғайта түсті.

Ұрпақтарының естеліктеріне сүйен­сек, Молдағали 1925-1926 жылдар ара­лығында Оралға барған. Әрине, шекара асып, 3000 шақырымдық межелі жерге жетудің қиындығын айтпағанның өзінде, бұл шақ кеңес өкіметінің қазақтың ескі оқығандарына жаулық пиғылын байқата бастаған тұсы еді. Десе де қиындықтардың бәрін еңсеріп, Молдағали 1927 жылы Құлжаға қайта оралады.

Тәңір таңғажайып тағдыр бұйырған осы ағартушының өмір жолына үңіліп, ғұмырбаяндық дерегін іздестіргенімізде біз күтпеген олжаға жолықтық. Бізге керек дерек, «Қызыл ту» газетінің ескі тігінділерінен кездесті. Газеттің 1926 жыл­ғы тамыз айындағы №95, №96 нөмір­лерінде «Қытай қазақтары жайынан» (Мұғалім М.Бектұрлыұлымен әңгіме) деген көлемді жазба жарық көреді. Бұл сұхбатында Молдағали Бектұрлыұлы өзі жайлы біршама маңызды ақпарат береді. Сонымен бірге аталған дерек автордың өз аузынан айтылғандықтан құны жоғары дереккөз ретінде кәдеге жаратуға болады деп есептейміз. Айталық, газет редакциясының Молдағали туралы аң­дат­пасында: «Жолдас Молдағали Бек­тұр­лыұлы Орал уезі Жұбанышкөл болы­сының қазағы, руы Жабағы Кердері. Бұл жолдас 1900 жылдарда ғылым іздеп Түркиеге барып, одан бірнеше жылдай Азия, Еуропа қалаларын кезіп жүріп, 1909 жылы Қытай қазақтарына барып мұғалім болған. Содан бері Бектұрлыұлы қытай жерінде. Ендігі мақсаты туған жері Орал губернесіне келмек» (сұхбат алушының аты «Қ.Б.» деп көрсетілген).

Газеттің кейінгі нөмірлерін тексерге­ні­мізде де Т.Сапаұлы мен Рақым Сү­гір­ұлы редакторлық еткен тұста Мол­да­ғали аталған газетпен тілші ретінде шы­­ғармашылық байланыста болғанын бай­қадық. Туған жері Орал губерниясынан Құлжаға қайтқан соң басылымның 1927 жылғы наурыздағы №33 нөмірінде «Қытайдағы тілшімізден. (Құлжа)» деген хабарлама жарық көреді (соңында Бектұрлыұлы деп қол қойылған). Құл­жа­дағы сәтсіз әскери төңкеріс туралы айта келіп, «Осы күні Құлжа қаласында тәртіп қатты. Шеттен келген адамдарды қатты бақылап кіргізеді. Мұғалімдерді ұстап абақтыға жауып жатыр. Шекараға цензор қойылды. Хат-хабарларды қарап жібереді», деп қайырады. Біздегі архив қорларында «Қызыл ту» газетінің тұтас нөмірі сақталмағандықтан одан кейінгі қай нөмірде Молдағалидың қандай материалдары жарық көрді деген сауалға толыққанды жауап таба алмай, қолдағы бар мәліметтермен іркіліп отырмыз. Дегенмен қалай болғанда да «Айқап» пен «Қазақтан» кейін Бектұрлыұлының журналистік жолы «Қызыл ту» газетімен толыққаны анық.

 

Жарқырап сөнген шоқжұлдыз

Алдында атап өткеніміздей, Күнес­тегі Сатыбалды ауылына келуі оның тағдырына түбегейлі бетбұрыс әкелді. Сахарадағы қазақтың мәдени өсуіне мұ­рындық болуымен бірге өзі отбасын құрып, шаңырақ көтереді. Бұл ту­ралы «Іле тарихи материалдары» жина­ғында бір дерек былай деп сыр шертеді: «Сатыбалды Қалимолланың осы ауылда мәңгі тұрақтап қалуын ойлайды әрі құлаққағыс етеді. Қалимолла: «мені мәңгі тұрақтап қалсын десеңіз – өзіңізге іні, әкеңе бала болайын, кенже қарында­сың Әуежанды қос», – дейді. Әуежан, 7 жа­­сында қаражел ауруымен ауырып, тіл-құлағы кемтар болып қалған жайы бар еді. Бұл жағдайды Қалимоллаға айтып кеңес салады. Қалимолла оның зеректігін ойлап, тәрбиелеп кете алатын сенімін білдіреді. Сонымен Сатыбалды Қалимоллаға асықты жілік ұстатып, басына үй тігіп, бауырына қазан асып, қарындасын қалыңсыз қосып, Нұрбектің бір семьясы етіп орналастырады. Қали­молла Әуежанға саңырау-соқырлар әліп­песін құрастырып беріп, оны оқытып сауаттандырады» («Іле тарихи материалдары». №15.1999.176б). Әуежан Нұрбекқызын көзі көрген Имаммұхамед ақсақалдың айтуынша кейуана 70-тен асып, дүниеден озғанша құран оқып, хат жазған сауатты кісі еді дейді.

Молдағали Бектұрлыұлының кіндігі­нен Іскендір, Салақи, Жамали, Ырзаһил, Парауық атты 5 ұл, Зуһра, Сәния атты 2 қыз тарайды. Осы жеті баланың ішіндегі тек үш ұлы: Іскендір, Жамали, Салақи және екі екі қызынан ұрпақ жалғасып, басқа екі ұлының алды жиырмаға жетер-жетпестен қайтыс болып, олардан ұрпақ қалмаған. Салақи баласынан жет­кен ауызша дерекке сүйенсек Мол­дағали Бектұрлыұлы ұрпақтарын өрке­ниетті елдің оқу жұрттарынан оқы­ту­ды армандапты. Ол үнемі «балала­рым­ды Германиядан, Түркиядан, Ресей­ден, қалған балаларымды өзімнің ата жұртымнан оқытамын», деп айтып отырады екен.

Амал нешік, тәңірінің таңдауымен қиырдағы қазақтың көзін ашып, көңіліне сәуле түсіруге, алаш идеясы қытай аума­ғында таратуға бар күш-жігерін арнау­ға несібе бұйырған арыс 1932 жылы Күнестің Алмалы елді мекенінде пәниден бақиға көшті. Жайық жағасында дүниеге келген Алаш азаматына Іле бойынан топырақ бұйырды. Аттанар алдында ұрпақтарымен былай деп бақұлдасыпты: «сендердің ата мекендерің Қазақстанның батысындағы Орал, Орынбор өңірінде. Кейін туыстарыңды іздемек болсаңдар, сол өңірден іздеңдер, руларың кіші жүз­дегі Алшын-Жаппас! Көзімнің тірі­сінде амал жоқтықтан туыстарыңмен қауыш­тыра алмай, оқыта алмай арманда кететін болдым!». Бүгінде, ұл-қыздарынан та­ра­ған 20-ға жуық отбасы Іле уалаятын­да мекен етуде. Ұрпақтарының ең үлкен арманы – ата мекені Оралды көру, кіші жүз ішінде, аталары Молдағали Бек­тұрлыұлының жақын туыстары болса, танысып – қауышу еді...

Түйін: Молдағали Бектұрлыұлы ұс­танған Алаш идеясының ізін жал­ғап, өлкеде қазақ-қырғыз мәдени ұйыш­ма­лары пайда болды. Жаңаша білім беретін мектептер көптеп бой көтерді. Ұйымды басқарған азаматтар арасында Молдағалидың шәкірттері де болды. Демек, барша қазақтың «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз!» идея­сы қытай аумағындағы қазақтарға да өз әсерін тигізіп, жемісін беріп, жалғасын тапты.

 38984963_273259329943355_8824648408628199424_n.jpg

Абай МЫРЗАҒАЛИ,

тарих ғылымдарының магистрі


Пікір жазу
  • Парасат пен адамгершіліктің үлгісі
    Орынбор һәм Алаш тағылымы