Ханкелді Әбжанов: Тарихшылар нағыз сыналатын шақ жетті

Уақыты: 2021-02-09 Көрлімі: 76 Сипаттама

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тә...

210209160439028a3751127i.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында «Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді», - деген болатын. Осы мәселеге қатысты Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарихшы Ханкелді Әбжановтың ҚазАқпарат тілшісімен сұхбатын, аталмыш басылымға сілтеме жасап назарларыңызға ұсынамыз. 

- Ханкелді Махмұтұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген көлемді мақаласында ұлт тарихына, ұлт мүддесіне қатысты керемет келелі ойлар айтылды. Осы мақала туралы өзіңіздің пікіріңізді айтсаңыз.

- Бодандықтан азаттыққа шыққанына көп бола қоймаған халық үшін Мемлекет басшысының ұлттық тарих жөнінде ой толғауы өте маңызды құбылыс. Егер ол еңбек ғылыми, методологиялық, танымдық тұрғыдан биік деңгейде жазылса, әкелер нәтижесі, әсіресе, қоғамдық санаға ықпалы пәрменді болары сөзсіз.

Президентіміз Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын ұлттық тарихнамамызға берері мол теориялық, методологиялық, тұжырымдамалық, бағдарламалық сүбелі үлес санаймын. Мұнда тарихшы ғалымдардың бірнеше буыны қалыптастырған тұжырымдарға, болжау-пайымдарға тереңінен бойлау да, Қазақстанды әлемдік өркениеттің ажырағысыз құрамдас бөлігі ретінде ұғыну да, енді ғана көріне бастаған құбылысқа жаңаша көзқарас та бар. Тәуелсіз мемлекет құрудың теориясы мен практикасында сабақтастық сақтала беретіні «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным» деп айдарланған 4 тараушада ауық-ауық қаперге салынып отырады. Ең бастысы – мақаланың мазмұны мен ойтүйіндері, тәуелсіздік тарихы мен тағылымы, алыста қалған өткен күндер мен келер болашақтың ұлттық һәм мемлекеттік мүдде биігінен суғарылғаны. Тамаша айғақ-дәлеліне тәуелсіздіктің 30 жылын, автордың өзі айтқандай, шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруын жатқызуға болады. Алғашқы онжылдықты «жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі», екінші онжылдықты «қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі» деп дәйектесе, үшінші онжылдықта «шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық» дейді.

Міне, ұлттық тарихты ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылық пен өлшемге сүйене дәуірлеудің нағыз үлгісі – осы. Әрине, президенттік дәуірлеуде мін жоқ деген сөз емес бұл. Ғалымдар бұған әлі сан рет оралатын болады. Басқа да нұсқалар ұсынылатыны сөзсіз. Қалай болғанда да, ұлттық тарихқа осылайша ұлт перзентінің көзімен қараудың, өзгенің емес өзіміздің өркениетті ұлықтай алға шығарудың болашағы зор. Әрі-беріден кейін тарихымызды осы ұстаныммен жазғанда ғана кеңестік жылдары мақсатты-нысаналы негізде жүзеге асқан ұлтсыздандыру мен мәңгүрттендіруді еңсеруге мүмкіндік молаяды. Жат идеологияға және тарихты бұрмалауға қарсы ғылыми қамал-қорған тұрғызудың үлгісін көрсеткен тұлғаларымыз баршылық.

Мәселен, Әлкей Марғұлан қаламынан туған барша еңбектерде елге, жерге, тарих пен мәдениетке, туған халқына шексіз сүйіспеншілік, мақтаныш, риясыз көңіл бар. Еуразияның сайын даласындағы этностар көне дәуірден тартып ешкімге ұқсамайтын даму жолын тапқанын, қоршаған ортаның барша мүмкіншіліктерін кәдеге жарата отырып, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір кешкенін, іздері сайрап жатқанын, солардың заңды мұрагерлері қазақтар екенін Әлекеңдей кешенді паш еткен ойшыл кемде кем. Қарап отырсақ, өзі қопара зерттеген қола дәуірінің ескерткіштеріне берген аттары шетінен төл тумалығымен, ұлтымызға етенелігімен айшықталыпты. Жезқазған өңірінде олар «Жанайдар», «Тоғызбай-көл», «Айбас-дарасы», «Қорғантас», Қарағанды өңірінде «Айшырақ», «Бұғылы», «Бала құлболды», «Аққойтас», «Ортау», Қарқаралы даласында «Қызыларай», «Кент», «Бақты» - осылайша жалғаса береді. Тап сол ескерткіштер орналасқан жерде «Комсомол», «Дружба», «Рассвет», «Победа», «Заря коммунизма» колхоз-совхоздары болғаны айдан анық. Бірақ Әлекең мәселеге, бабалар мұрасының қасиетін құрметтеуге құйтырқы саясаттың биігінен емес, тарих тереңінен, әділдік пен ақиқат ұстанымымен қараған ғой.

Қорыта айтқанда, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы ғылыми жаңашылдығы, практикалық ұсыныстары, күтілетін нәтижелері бойынша зиялы қауымға, әсіресе, тарихшыларға зор жауапкершілік жүгін артып отыр.

- Осы мақалада Президент Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ, деді. Бұның себебі неде?

- Тарихшыларға қарата Президент күн тәртібіне қойған іргелі мәселенің бірі – Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу, екіншісі – осындай іргелі еңбекке негізделген оқулықтарды шығару. Көптомдықты жазудың түпкі көздегені «тарихи сананы жаңғырту» делінсе, жаңа оқулықтарды әзірлеу «стратегиялық маңызы бар мәселе» екені тиянақталды.

Ұлттық мүддемізге сай келетін көптомдық жаңа тарихымыздың әлі жазылмау себебі саналуан. Басты себеп – көптомдықты жазуға Қазақстан билігі тарапынан ресми тапсырыс болған жоқ. Енді болатын шығар. Жекелеген ғылыми-зерттеу институттары, факультеттер, ғалымдар талпыныс жасады, бірақ ізденістері, ұстанымдары мен құндылықтары үйлестірілмегендіктен, авторлар құрамында жалған, кездейсоқ, кәсіби даярлығы төмен жандар жүргендіктен діттеген мақсатына жетпеді. Сумақайлық (плагиат) Қазақстан ғылымының шын сорына айналды. Осынау дертке ұшырағандарды ректорлар, директорлар, профессорлар, доценттер қауымынан таба аласыз. Әшкереленіп жатса да, айылын жимайтындары бар.

Кемел ғылыми нәтижеге үздік методологияны басшылыққа алумен жетуге болады. Өкініштісі – Отан тарихы бойынша кешенді методологиялық тұжырым да, тұжырымдама да әлі қалыптаспаған күйде. Неге осылай десеңіз – тарих ғылымымен айналысатын азаматтарымыздың дүниетанымын, бағдары мен ұстанымын ортақ арнаға тоғыстыратын құндылық танылмаған. Ұлттық тарихымыздың болмысы мен құпиясын біреулері Ресейдің немесе Батыстың білімпаздары қалыптастырған сүлбе қойнауынан тапқысы келсе, екіншілері діни немесе әсіре ұлтшыл методологияны ұлықтаумен әуре. Мифтік немесе утопиялық тарихты қалайтындар аз емес. Таяу-алыс шетелдерден оралған қандастарымыз қазақ тарихының бұрын беймәлім болып келген деректері мен методологиялық әлеуетін ашуға үлес қосқаны ақиқат.

Соңғы 10-15 жылдан бері Отан тарихын зерттеудің методологиялық негіздерін жүйелеумен айналысып келемін. Түйіп айтар болсам, тарихымыздың объективті тірегі – жер, тағдыранықтағыш шешуші алаңы – мемлекет, өзгермелі тірі тұғыры – тіл деген пайымға келдім. Ал тарихты түзушілер – халық, тұлға, билік. Осы ойларымды 2020 жылы жариялаған «Рухани жаңғыру және ұлттық тарих» атты кітабымда тарқата дәйектеуге тырыстым. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын оқу барысында бағдар- бағытымның дұрыстығына көзім жетті. Президенттің «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз» деген сөздері егемендігіміздің мәңгілік үштағаны ғана емес, тарихымызды танудың да үштағаны болуы керек.

- Сіз кәсіби тарихшы ретінде жазылуы тиіс көптомдықты қалай елестетесіз, қай кезеңдер қалмауы тиіс?

- Көптомдық жаңа тарихты жазып шығуға ғалым тарихшылардың шығармашылық әлеуеті жетеді. Бар мәселе осыған жегілетін мамандардың еңбегін ұйымдастыра білуде. Мақсатқа жету үшін төмендегідей модельді қолдануды ұсынар едім:

1. Хронологиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, тәуелсіздігіміздің 30 жылы ұзына тарихымыздың 0,1 пайызын да құрамайды. Қазақ хандығы, «Ақтабан шұбырынды», Алаш қозғалысы, тоталитарлық өктемдік, ашаршылық пен қуғын-сүргін, Ұлы отан соғысы, тың игеру тарихын оқымаған жан тәуелсіздік бәрінен қымбат екенін қайдан білсін? Демек, көптомдықтың алғашқы кітаптары ежелгі дәуірден 1991 жылдың 16 желтоқсанына дейінгі аралықты қамтып жатқаны жөн.

2. Палеолиттан сақтарға дейінгі, ішінара V ғасырға дейінгі Қазақстан тарихын жазатын авторлардың жұмыс органы (жетекші ұйымы) ретінде Ә.Марғұлан атындағы Археология институтын анықтасақ қателеспейміз.

3. Байырғы түркілерден тәуелсіздікке дейінгі дәуірдегі отан тарихын жазатын авторлар ұжымының жетекші ұйымына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тарих факультетін тағайындауды ұсынамын. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қайда қалады деушілер болатыны сөзсіз. Бұл институт тап қазір ауыр дағдарыс үстінде. Әлеуметтік желілерде оның басшылығы мен жариялаған еңбектері сынға ұшырауда.

4. Тәуелсіз Қазақстан тарихын жазуда жұмысшы орган міндеті Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің тарихшыларына жүктелсе, құдайдың жөні болар. Қосшы болуға Мемлекет тарихы институты жарап қалар.

5. Бұлар жетекші ұйым деп айдарланғанымен негізінен атқарушы органдар орнына жүреді. Сол себепті бас-басына би бола алмайды. Жазатын томдарының құрылымын, тұжырымдамасын, методологиялық ұстанымдарын, авторлар ұжымын, еңбектің көлемі мен шығынын анықтайды. Қолжазбаларды рецензиялау, сараптамадан өткізу, қоғамдық талқылауға ұсыну, редакциялау, т.б. жұмыстар көп уақыт алады.

6. Жалпы басшылықты жүзеге асыру, түпкілікті шешім қабылдау Президент жарлығымен құрылатын ақылмандар кеңесіне беріледі. Мақалада жазылғандай, «Біз қазақтың қанына сіңген қасиет – келелі істі ақылдасып бірге шешу дәстүрін жалғастыра береміз».

- Көптомдық жаңа тарихты уақыт созбай жазып шығуға тарихшыларымыздың мүмкіндігі жеткілікті шығар?

- Бізде көптомдық тарихты жазудың тәп-тәуір тәжірибесі жинақталған. Кеңестік жылдары 5 том көлемінде жарияланды, 6 авторы Мемлекеттік сыйлықпен марапатталды. Тәуелсіздік тұсында академиялық 5 том жарық көрді. Бір том көлемінде ағылшын тіліне аударылды. Қытай тіліне аударуға келісімшарт бар. Яғни құр-алақан емеспіз. Осының бәрінен хабардар Президентіміз Отан тарихын жаңаша таным мен құндылық, бағдар мен ұстаным методологиясына сүйенумен әлемдік деңгейде даярлауды күн тәртібіне қойып отыр. Мұны біз үшін ешкім атқарып бермейді. Жаңа басылым мен оқулықтың әр бетінен күмбір-күмбір кісінеген жылқының дүбірі, қобыз бен домбыраның құлақтан кіріп бойды алған үні, бабалар сөзі мен тағылымы, қуанышы мен қайғысы, ұлы даланың жасампаз қасиеті мен қасіреті, қазақтың мейлінше бай болмысы мен мәңгілік ел идеясы толық көрініс тауып, әрбір қазақстандық азаматтың жадын, санасын, танымын адастырмайтын темірқазыққа айналуы керек. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген халықпыз. Түптеп келгенде, тарих әсірелеуге де, бұрмалауға да зәру емес. Тарихты алдап кету ешкімнің қолынан келмейді. Тарихты алдағысы келгендер большевиктердей-ақ шығар. Арты не болды? Большевиктердің өзі тарихтың қоқыр-соқырына айналды.

Қысқасы, тарихшылар нағыз сыналатын шақ жетті. Зиялының әрбір сөзі дерекпен бекемделгенде, әрбір сөйлемі ақиқатпен көмкерілгенде, әрбір белес өсу мен өшудің нышанындай дәлелденгенде, қазақ тарихы әлемдік өркениет бәйтерегінің бұтағы екені қанық та анық ашылғанда тәуелсіздігіміздің асқақтап, рухымыз құрыштай шыңдалатынына сенімім кәміл.

Сұхбатыңызға рахмет.

Автор Әлімхан Қанатұлы

Сурет: Дереккөз.

Пікір жазу
  • Ұмытылған тарих. Соңғы шайқас. Қазақ батырларының жылқының ішін жарып соғысу тактикасы
    Тіл беделі – ұлт мәртебесі

    Ұқсас тақырыптар