Қазақ даласындағы аштық және онымен күрес туралы

Уақыты: 2021-03-18 Көрлімі: 1834 Сипаттама

Қазақ халқы Кеңес өкіметінің тұсында бірнеше алапат аштықты бастан кешірді. Соның бірі...

Қазақ халқы Кеңес өкіметінің тұсында бірнеше алапат аштықты бастан кешірді. Соның бірі – 1921-1922 жылдардағы аштық еді. Бұл аштық – тек Қазақстанның 5 губерниясын ғана емес, Ресейдің 30-дан астам губерниясын қамтыды. Әсіресе, Ресейдің Самара, Саратов, Поволжье, Оңтүстік Украина, Қырым, Башқұртстан, Приуралье және Батыс Сібір аймақтары аштықтан қатты зардап шекті. Аштық жайлаған осы 35 губернияны мекендеген 90 миллион халықтың 40 миллионы (ресми мәліметтерде 28 млн) аштықтың ауыр зардабын тартса, оның 5 миллионнан астамы алапат аштықтың құрбаны болды.

1920 жылғы 28 тамызға дейін жүргі­зілген демографиялық санақ пен осы жылдың күз айларында аяқталған ҚАКСР ауыл шаруашылығы санағының нәти­желеріне сәйкес жасалған ҚАКСР Ста­тистика басқармасының қоры­тын­дысы бойынша 1920 жылы ҚАКСР-де барлығы 4.938.383 адам тіркеуге алын­са (сол кездегі Түркістан АКСР-іне қарасты Сырдария және Жетісу об­лыстарының халқын қоспағанда), 1923 жылы ҚАКСР-дегі халық саны – 3.786.910 адам болған. Бұдан 1920-1923 жылдар аралығында ҚАКСР-де халық санының 1.151.473 адамға кемігенін байқаймыз (Осы мәліметке қарай отырып, шамамен алғанда азайған 1,151 мың халықтың қаншасының аштықтан, қаншасының жұқпалы ауру­лар мен індеттерден қайтыс болғанын және қан­шасының көршілес республикаларға босып кеткенін терең зерттеп, нақтылау қа­жет деген қорытынды жасаймыз).

Аштық басталған соң-ақ, В.И.Ленин бастаған большевиктер партиясы шұғыл дабыл қағып, аштыққа қарсы күрес жұмыс­тарын бастады. Осы жұмыс ая­сында, 1921 жылы 18 маусымда Бүкіл­ресейлік ОАК декреті бойынша Ашық­қандарға көмектесетін Орталық комиссия (ЦК Помгол) құрылып, оны БОАК төрағасы М.И.Калинин басқарды. Мұн­дай комиссиялар РКФСР-ға қарасты бар­лық автономиялы ұлттық республикалар мен облыстарда, губерниялар мен уездерде түгел құрылды. Соның бірі – 1921 жылы 8 шілдеде құрылған ҚАКСР ОАК жанындағы Ашыққандарға көмек­тесетін төтенше комиссия (АКТК) еді.

Комиссияны Қазатком төрағасы С.Меңдешев басқарса, оның алғашқы құрамына мүше болып Азық-түлік (И.О.Шлейфер), Жер-су (В.Н.Харлов), Әлеуметтік қамсыздандыру (Ә.Т.Жангелдин) халық комиссарлары және ЖШИ халкоматының өкілі кірді. Барлық губаткомдар мен уаткомдардың және ауаткомдардың жанынан ашыққандарға көмектесетін жергілікті комиссиялар құрылды. Болаткомдардың, ауылдық және селолық кеңестердің жанынан ашық­қандарға көмектесетін өзара кө­мек комитеттері мен ұяшықтар ұйым­дастырылды.

1921 жылы 6 қазанда өткен ҚАКСР Кеңестері ІІ съезінің 4-ші мәжілісінде Азық-түлік халкомының міндетін ат­қа­рушы И.О.Шлейфер «Аштықпен күрес туралы» баяндама жасады. Съезд Шлейфердің баяндамасын талқылап, «Аштықпен күрес туралы мәселе жөніндегі қарар» қабылдады.

1921 жылы 25 қазанда ҚАКСР ОАК Президиумы АКТК құрамын кеңейтіп, оны Ашыққандарға көмектесетін ор­талық комиссияға (АКОК) айналдырды (Комиссия 1922 жылдың 26 қыр­күйегінде таратылып, оның орнына Аштық салдарымен күресетін орталық комиссия құрылды). АКОК құрамына ашыққандарға көмектесуге ықпал жасай алатын барлық мемлекеттік билік органдарының өкілдері енгізілді.

1922 жылы 12-17 ақпан аралығында аштыққа ұшыраған губерниялар өкіл­дерінің қатысуымен Орынборда өт­кен Ашыққандарға көмектесетін комис­сиялардың І бүкілқырғыздық (бүкіл­қазақтық) съезінде АКОК төраға­сының орынбасары С.Д.Сергеев аштықпен кү­рес туралы баяндама жасады. Ал арада 2 күн өткен соң Орынборда басталып 27 ақпанға дейін созылған Екінші облыстық партконференция делегаттарының алдында С.Меңдешев «ҚКСР-дегі аштық және онымен күрес туралы» баян­дама жасады. Біз бүгін Қазаткомның тұң­ғыш төрағасы болған С.Меңдешевтің сте­но­гра­фиялық есепке түскен осы баяндамасын (ҚРПА, 139-қор) орыс тілінен ауда­­рып, редакцияға ұсынған Сәбит Шілдебайдың материа­лын жариялап отырмыз.





Баяндамаға кіріспес бұрын, мен өз баян­дамамда Қырреспубликадағы аштықтың жалпы мәліметтері мен се­беп­теріне және мөлшеріне, осы апатқа қарсы күрес жөніндегі жұмысымыз және алдымызда тұрған кезекті міндеттеріміз туралы жалпы жағдайларға қатысты тоқ­талатынымды ескертуім керек. Біз конференция біте салысымен өтетін алдағы ҚазОАК сессиясына (2022 жылы 28 ақпан – 4 наурыз аралығында 2-сайлаған Қазаткомның 2-сессиясы өтті. Бұл сессия құжаттары «1 сессия» деп жариялан­ды. Бірақ кейіннен, бұл сес­сияны «2-сайланған Қазаткомның 2-сессиясы» деп тану туралы шешім қабылданған болатын. Себебі, 2021 жылы 10 қазанда өткен 2-сайланған құрамның алғашқы мәжілісі 1-сессия деп танылды. Бұл сессияда Ашыққандарға көмектесетін Орталық Комиссия тө­раға­сы­ның орынбасары С.Д.Сергеев «Аштықпен күрес туралы» баяндама жасады) қойылатын практикалық іс- шараларды әзірлеудеміз. Қырреспубликадағы аштықтың орын алуына ұзаққа созылған құрғақшылықтың салдарынан астық пен шөптің күйіп кетуі себеп болды. Аштық Орынбор, Ақтөбе, Қостанай, Орал, Бөкей губерниялары мен Адай уезін қамтыды. Күйіп кеткен жердің жалпы ауданы 1.048.100 шаршы верст, ашыққан халықтың саны 2.653.300 адам болды. Аштық Қырғыз Республикасы толықтай экономикалық сарқылу жағдайында болған кезде пайда болды. 18-20 жылдары Қырреспублика аумағын қамтыған Азамат соғысы, 20 жылы астық пен шөптің шықпай қалуы, 20 және 21 жылдары малдың жұтқа ұшырауы республиканың ауыл шаруашылығын толық құлдырауға алып келді. Орталық статистикалық басқарма бізге Қырғыз Республикасының ауыр жағдайына қатысты төмендегідей көрсеткіштерді береді:

1917 жылы егістік – 5.840.000 десятина;

1920 жылы – 3.075.000 десятина;

1921 жылы – 2.098.000 десятина болды.

Демек, 17 жылдан 20 жылға дейін егіс алқабы 20%-ға, 17 жылдан 21 жылға дейін 47%-ға қысқарған.

17 жылы – 29.700.000 бас мал;

20 жылы – 9.700.000 бас мал;

21 жылы – 6.200.000 бас мал болған.

17-20 жылдар аралығында малдың азаюы 67%, 17-21 жылдары – 83% құрайды. Егер аштыққа ұшыраған 5 губернияны алып қарасаңыз, төмендегідей картинаны көресіз:

1917 жылы егістік – 2.307.000 десятина;

1920 жылы – 1.701.000 десятина;

1921 жылы – 1.130.000 десятина.

Егіс алқабы 17-20 жылдары 24%-ға, 20-21 жылдары 33%-ға және 17-21 жылдары 55%-ға қысқарған.

17 жылы – 12.044.000 бас мал;

20 жылы –  4.657.000 бас мал;

21 жылы – 2.506.000 бас мал.

Мал басының азаюы 17 жылдан 20 жылға дейін 60%-ға, 20-дан 21-ге дейін 46%-ға және 17-ден 21-ге дейін 78%-ға орын алған.

Егістік көлемі мен мал басының азаюын орта есеппен бір қожалыққа шаққанда төмендегідей көрсеткіштер пайда болды:

17 жылы бір қожалық егістігі – 5,5 десятина;

20 жылы бір қожалық егістігі – 4,2 десятина;

21 жылы бір қожалық егістігі – 2,8 десятина.

17 жылы бір қожалықта – 28,7 бас мал;

20 жылы бір қожалықта – 11,5 бас мал;

21 жылы бір қожалықта – 6,2 бас мал.

Бұл сандар ауыл шаруашылығындағы апатты жағдайды айқын көрсетеді. 1921 жылы ҚАКСР-дегі 2.098.000 десятина егіс алқабынан, тіпті орташа есеппен ал­ғанда әрбір десятинасынан 32 пұт алған­ның өзінде астық көлемі 70 миллион пұттан аспайтын еді, ал азық-түлік пен тұқым қажеттілігі 100 миллион пұт­ты құрайды.

Мен енді ашыққан губерниялардағы жоқшылық көлеміне көшейін.

1921 жылы 1.130.000 десятина егіс­тік­тің әрбір десятинасынан орта есеппен 2,5 пұт астық алғанда, барлығы 2.809.200 пұт астық жиналды.

Халық үшін есептелген азық-түлік қажеттілігі 13.475.700 пұтты құрайды. Осы­дан 10.660.500 пұт астықтың жетіс­пей­тінін көруге болады.

1.365.430 десятина жерге себетін тұқым қажеттілігі 7.003.196 пұт деп есеп­телді. Жалпы жетіспеушілік 17.669.696 пұтты құрап отыр. Мемлекет­тік тамақтандыруға қосылатын ашық­қандардың санын анықтау туралы мәселе анағұрлым күрделі болып тұр. Жалпы алғанда халықтың үш түрі – отырықшы, көшпелі және жартылай көшпелі бола отырып, олар шаруа­шылық жағдайларына байланыс­ты экономикалық топтарға бөлінеді. Ор­талық статистикалық басқарма АКОК ұсынысы бойынша әрбір жеке қожалықтың (1920 жылғы ауыл ша­руа­шылығы санағының деректері және осы деректерге 1921 жылы енгізілген түзетулер бойынша) отырықшы аудандарда бір қожалыққа тиісті егіс көлеміне қарай және көшпелі аудандарда мал санына қарай қайсы экономикалық топқа жататынын анықтап шықты. Сонымен, барлық осы мәліметтерді жергілікті жерлерден алынған мәліметтермен үйлестіре отырып, біз ашыққан 1.400.000 адамға барлығы 9 миллион пұт нан қажет екен­дігін анықтадық. Бірақ қазіргідей саяси-экономикалық жағдайда осыншама нан аламыз деп айту қиын. Өйткені Кеңес Республикасының өзі өте қиын жағдайда, себебі қалыпты уақытта бүкіл­ресейлік астықтың 30%-ына дейін беретін және 1920 жыл мен 1921 жылғы жиын-терім кезінде 87 миллион пұт берген Поволжье, Прикамье сияқты және т.б. ең жақсы губерниялардың өзі аштық­тың табиғи апатын бастан кешуде. Енді олардың өздеріне нан жетіспей отыр.

Империалистік соғыс пен азамат соғысы қиратқан шаруашылықпен бірге Кеңестік федерацияның индустрия және темір жол сияқты халық шаруашылығы да толық бұзылды. Шет елдерден астық пен басқа да қажетті заттарды алуға да сенудің қажеті жоқ.

Капиталистік мемлекеттер және бур­жуа­зия кеңестік Ресейдің аштық­қа ұшыраған шаруалары мен жұмыс­шылары үшін өте сараң. Олар Ресейді күйретіп, шаруашылықты қиратқан Колчак, Деникин, Врангельдің түрлі ақгвардияшыл әскерлерін қолдауға миллиондаған қаражат жұмсады. Ал аштарға көмектесу ісінде бұл капи­талистік үкіметтер мен буржуазия жекелеген адамдардың өркөкірек мәлім­демелері мен қарарларынан әрі аспай от­ыр. Мұндай қатынас тіпті артық астық­ты не істерін білмей, оны отын ретінде жағатын елдерде де болды. Нуланс  (Жозеф Нуланс (29.03.1864-9.09.1944) – француз саясаткері, қоғам және мемлекет қайраткері. 1920-1924 жылдары Депутаттар палатасында сенатор)  төрағалық ететін Ашыққандарға көмектесетін халықаралық комиссия деп аталған комиссияның қаулысы ерекше менмендікпен ерекшеленді. Бұл қаулы Ресейдің ашыққан шаруалары мен жұмысшылары шын мәнінде көмекке мұқтаж ба дегенді тексеру туралы болды. 1921 жылдың желтоқсанына дейін Кеңестік Ресей үшін шетелден келген барлық көмек бір жарым миллион пұт нан өнімдері мен 4 миллион рубль алтынды құрады.

 

Аштық қашан басталды?

1921 жылы мамырда егіcтік түрі қолайлы болды және астық түсімі орташа немесе орташа деңгейден төмен болмайды деп күтілді, бірақ шілдеде басталып ұзаққа созылған құрғақшылық, содан кейін көптеген жерлерде қара бұлттай қаптаған шегірткелер толқыны егінді толығымен жойды. Қырреспубликадағы аштықтың алғашқы сәті шаруаларды жаппай қоныс аударумен, мұқтаждыққа ұрынған аш босқындардың қалаларда шоғырлануымен қатар жүрді, олардың арасында ауру мен өлім етек алды. Көшеде қараусыз қалған көптеген киім­сіз балалар пайда болды. Аш­тыққа байланысты, 1921 жылы 15 шіл­деде қызметіне кіріскен ҚазОАК жа­нындағы АКОК құрылды. Орталық комис­сия аштыққа қарсы күрес жөнін­дегі жоспарды дайындауды және хал­ко­маттардың аппараттарын пайдалана отырып, олар­ға тапсырмалар беру басшылығын ұйымдастыруды өз мойнына алды. Комиссариаттар ішіндегі жұмысты бірік­­тіру және жұмысты күшейту үшін осы комиссариаттардың жанынан аш­тар­ға көмек комиссиялары құрылды.


Жергілікті жерлерде жұмысты орындау үшін атқару комитеттерінің жанынан ашыққандарға көмектесетін гу­бер­ниялық және аудандық комиссия­лар ұйымдастырылды. Балаларды орналастыру ашыққан балаларға қызмет көрсету саласындағы жұмыс бойынша Орталық Комиссияға бағындырылған, ашыққан балаларға көмек көрсету жө­ніндегі осы комиссияның секциясы ретінде болған ҚазОАК жанындағы Балалардың өмірін жақсарту жөніндегі орталық комиссияға тапсырылды.

Апат мөлшерін анықтау үшін Жер-су халкоматына, Азық-түлік халкоматына және Орталық статистикалық басқармаға күйіп кеткен және жиналған астықтың мөлшері туралы, сондай-ақ тұқымдық және азық-түлік астығына қажеттілік туралы статистикалық мә­лі­меттерді әзірлеу тапсырылды. Ор­­талық Комиссияның тапсырмасы бойынша губернияларда азық-тү­лік дайындауды ұйымдастыру және үй­лестіру Азық-түлік халкоматы мен Қырғыз Орталық одағымен  (Қырғыз Орталық одағы – ҚАКСР Тұтынушылар қоғамының орталық одағы) бірге және олардың жергілікті органдарына жүктелді. Со­нымен қатар кооперация органдарына сатып алу және тауар алмасу ар­қылы өз бетінше дайындау ісін­дегі халықтың ынтасын біріктіру тапсырылды. Мұндай тапсырма кооперация ісі еді. Партиялық және кәсіподақ ұйымдары мен Қырглавполитпросвет  (Қырглавполитпросвет – ҚАКСР Ағар­ту халкоматының Бас саяси-ағарту комитеті) үлес пен табыстың пайыздық аударымдары арқылы [халықты] қайы­рымдылық жасауға шақыру жолымен азық-түлік қорын арттыруға ықпал жасау үшін жұмылдырылды. АКОК тап­сырмасы бойынша Азық-түлік халкоматы мен Орталық Одаққа азық-түлікті тіркеу мен сақтау, аткомдар мен Орталық одақтың жергілікті жерлердегі органдарына олардың қатысуымен бөлу жүктелді. АКОК тапсырмасы бойынша тамақтандыру пункттерін, асханаларды ұйымдастыру Азық-түлік халкоматына, Әлеуметтік қамсыздандыру халкоматына, Қырғыз Орталық одағына және олардың жергілікті жерлердегі органдарына тапсырылды. АКОК тапсырмасы бойынша ашыққан мұқтаж адамдар үшін үйлер мен түнеу орындарын ашу, сондай-ақ материалдық қорларды қабылдау, сақтау және бөлу әлеуметтік қамсыздандыру органдарына жүктелді. Ашыққандардың табыс табуы үшін кең ауқымды қо­ғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу Еңбек халкоматының қа­тысуымен Қырөндірісбюросына, Жер-су халкоматына, коммуналдық бөлім­ге жүктелген, сондай-ақ Кир­г­лав­кустпромға  (Кирглавкустпром – ҚАКСР Қолөнер мен ұсақ өндіріс ісі жөніндегі бас басқармасы) және кооперативтік ұйымдарға ашыққан білікті жұмыссыздарды шикізатпен, құрал-жабдықтармен, тапсырыспен қамтамасыз ете отырып, оларды ұсақ қолөнер мен өндіріс артельдеріне бірік­тіру жүктелді.

Алқаптарға егін себу және мал ша­руа­шылығы мен ауыл шаруашылығы құрал-саймандарын сақтау жөніндегі іс-шаралар, сондай-ақ апаттардың алдын алу үшін материалдық жұмыстарды ұйымдастыру жүргізілуде.

Ашыққандарды эвакуациялау Қыр­эвак­қа тапсырылды. Аштыққа ұшы­ра­ған халыққа медициналық көмек көр­сету, сондай-ақ мәйіттерді жинауды ұйым­дастыру Қырғыз Денсаулық сақтау хал­коматына жүктелген. Сонымен қатар АКОК Қырреспубликадағы барлық ме­дициналық-санитарлық мекеме­лердің жұмысын біріктіруді осы комиссариатқа тапсырды. Салық жинау­ды үйлестіру және даярлау Қырқаржы халкоматына жүктелді.

Құрғақшылық салдарынан болған үлкен апат Қырреспублика халқының көп бөлігін аштан өлу қаупіне душар етті. Аймақтардан келген хабарларға қарағанда, адамдар шөптердің тамыры және өсімдіктердің жапырағымен қоректенуде.

Кейбір аудандарда адамдар иттерді, мысықтарды және басқа да ұсақ жануарларды жеп, қоймалардан терілерді сүйреп шығарып, қоректенуге көшкен. Орал губерниясында және басқа да кейбір жерлерде адам етін жеу байқалуда; ашыққан аудандарда ұрлық, тонау, кісі өлтіру жиілеп кетті, аштық салдарынан ақылдан адасу жағдайлары кездесуде. Әсіресе, даладағы көшпелі халық, жұт кезінде бар малынан айырыл­ған қырғыз кедейлері ауыр азапты бас­тан кешуде. Аймақтардан келген қыс­қа хабарламаларда ешқандай көмек көрмеген қырғыздар өз отбасымен бірге қыстауларында ешқайдан көмек күтпей үнсіз өлуде делінеді. Бұл хабарламалар Қырреспублика еңбекшілеріне жеткен апат мөлшерінің нақты көрсеткіші болып табылады. 1 қаңтарға дейінгі аймақтардың мәліметтері бойынша аштыққа ұшырағандардың жалпы саны: ересектер 927.593, балалар 158.392, барлығы 1.476.985 адам. Губерниялар бойынша олар төмендегідей бөлінеді: Орынбор – ересектер 138.339 адам, балалар 209.671; Ақтөбе – ересектер 171.389, балалар 134.000; Қостанай – ересектер 217.365 адам, балалар 96.935; Орал – ересектер 123.600, балалар 103.500; Бөкей – барлығы 100.000 адам, Адай уезі – 75.000, Семей – 5.616 бала, Ақмола – 92.000 ересек, 9.670 бала. Аймақтардағы қоғамдық тамақтандыру және азық-түлікпен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру губерниялық және аудандық ашыққандарға көмек­тесетін комиссиялардың тапсыр­малары бойынша губерниялық әлеу­меттік қамсыздандыру органдары мен кооперациялардың жабдықтау және ұстау ісіне қатысуымен Азық-тү­лік халкоматы органдары арқылы жүр­гізілуде. Ересектер үшін барлы­ғы 173 тамақтандыру пункті ұйымдасты­рылған. Аштыққа ұшыраған көшпелі қырғыз халқын ішінара азық-түлікпен жабдықтау асханаларда, балалар үй­лері мен қабылдау орындарында және балабақшаларда жүргізіледі, ал аш­тыққа ұшыраған аймақтағы 5 губернияда барлығы 225.466 бала аштық жағдайында, оларды тамақтандыру үшін 425 асхана ашылған. Балалар АКОК секциясының қарамағындағы 425 балалар үйіне және қабылдау орындарына орналастырылды. Балаларға қосымша тамақ ретінде 4 қазаннан 1 желтоқсанға дейін 179.371 азық-түлік үлесін босатқан №10-тамақтандыру пойызының өнімдерінен дайындалған түскі ас берілді.

АРА  (АРА – American Relief Administration – Американ көмек әкімшілігі. 1919 жылдан бастап 1930 жылдың соңына дейін жұмыс істеген АҚШ-тың мемлекеттік емес ұйымы) 1920 жылдардың ортасына дейін белсенді жұмыс істеген. 25 қаңтардан бастап күн сайын 66.380 балаға тамақ берді; 15 ақпаннан бастап ол күн са­йын 130.000 баланы тамақтандырады, ақпанда АРА ұйымы 350.000 ересек адамды тамақтандырады деп күтілуде. Азық-түліктің аз жиналуы бұл жұмысты анағұрлым кең ауқымда өрістетуге мүмкіндік бермей отыр. Әрине, бұл бағыттағы жұмыстың аймақтарда қар­қынды түрде жүргізіліп жатқанына күмән жоқ, сондай-ақ ха­лықтың өз бас­тамалары, кәсіподақтар мен партия­лық ұйымдардың, сонымен қатар ашық­қандарға үлкен мөлшерде көмек көр­сетіп жатқан губерниялық ашық­қан­дарға көмек комиссияларының үлкен бас­тамасы мен ынта-жігері байқалады. Бірақ аймақтардан нақты есеп келіп жат­пағандықтан, сандық мәлі­мет­терді дәл анықтау қиынға соғады.

Кең ауқымды қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру екі мақсатты көздейді: ашыққан халықтың бір бөлігін оларға жалақы беру арқылы тамақтандырудан босату және қоғамдық жұмыстар үшін жұмыс күшін пайдалану. Бұл ба­ғыттағы басты міндет – табиғи апат­­тардан болатын егіннің шықпай қа­луын болдырмауға негізделген ауыл­шаруа­шылық іс-шаралары болып табылады. Кең көлемдегі қоғамдық жұ­мыстар әлі де басталған жоқ, оған ақша мен азық-түлік қорының жоқтығы себеп болуда. Қырөндіріс бюросы ор­талыққа 25.000.000.000-қа өтінім жасады, бірақ нәтиже жоқ. Главкустпром білікті жұмысшылардың бір бөлігін өндірістік артельдерге ұйымдастырды, бірақ оны кең көлемде дамыту мүмкін емес, өйткені тағы да ақша жоқ. Аш­тыққа ұшыраған жұмыс күшінің бір бөлігі аштарға арналған үйлерде, олар Еңбек бөлімі арқылы коммуналдық бөлім­дерден жұмыс алуда, бірақ қазіргі уақытта киім мен аяқ киімнің болмауына байланысты жұмысшыларды кеңінен қамту мүмкін болмай тұр. Кейбір гу­бер­ниялық құрылыс комитеттерінен қо­ғамдық жұмыстарды жүргізуге ар­налған сметалар мен жоспарлар келіп түсті. Бұл жұмыстардың жүргізілуі туралы бір жерден ғана мәлімет бар: Ырғыз-Шалқар жолында ашыққан адамдардың күшімен пошта стансалары салынған және Қарабұтақ-Ырғыз, Ырғыз-Торғай телефон желісі жүргізілген.

Қоныс аударушылардың жағдайын жақсарту мақсатында темір жол бойында эвакуацияланғанға дейін әлеуметтік қамсыздандыру органдары арқылы аштыққа ұшырағандарға арналған үйлерді ашу, оларды киім-кешекпен жабдықтау, медициналық-санитарлық және монша көмегін көрсету, сондай-ақ мүмкіндігінше жұмыс беру немесе қолөнершілер артельдеріне тарту шаралары қабылданды. Ашыққандардың қалалық жерлерге ұмтылысын тоқтату мақсатында АКОК аудандарда, болыстарда, поселкелер мен ауылдарда қоғамдық тамақтандыру орындарын ұйымдастыру және жергілікті жерлерде көмек көрсету жөніндегі қызметті кеңейтуге бағытталған шаралар қабылдады. Ашыққандар үшін барлығы 53 үй ұйымдастырылды. Темір жолдардың қалың қар құрсауында қалуына және темір жол қозғалысының әлсіздігіне, азық-түлік қорларының сар­қылуына байланысты аудандарда ашыққандардың жағдайы өте қатты нашарлады. Қатты аяз ашыққандардың қалаларға көшуін тежеп тұр және күн жылына салысымен мыңдаған аштың қалаларға ағылуы басталады деп болжауға болады. АКОК ашыққандарға көмектесетін губкомиссияларға жеткілік­ті көлемде түнде жататын үйлерді жедел жабдықтауға кірісуді ұсынды. Бұл үйлерден жаңа экономикалық саясаттың жүргізілуіне, штаттардың қысқаруы мен бірқатар кәсіпорындардың жабылуына байланысты жұмысынан айырылған, мұқтаж және баспанасы жоқ жұмыссыздар баспана таба алады.

 

Эвакуация

Ашыққан халықты аш аудандардан эвакуациялауды реттеу мәселесі әлі күнге дейін АКОК үшін маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Бұл жерлерден анархиялық қоныс
аударту түріне айналып бара жатқан стихиялық қоныс аудару төтенше ма­ңызды құбылыс, өйткені, темір жол стансалары мен қалаларда жаппай шоғырлану іш сүзегі эпидемиясының өршуін тудырады, оларды темір жол арқылы жіберуді, сондай-ақ үйлерге орналастыруды қиындатады. 1921 жылдың 15 шілдесінен бастап 26.655 адам эвакуацияланды, оның 23.455-і Түркістанға, 3.200-і Семейге жіберілді.

Стихиялық қоныс аудару көп жағ­дайда қоныс аударушылардың толық күйреуіне және өліміне әкеліп соқтыра­тынын ескеру керек. Сонымен қатар бұл шаруашылық тұрғыдан тиімді емес, өйткені аштықты бастан кешіргендер әлі де өз шаруашылығының бір бөлігін сақтап қала алады және республика тарапынан болатын азғантай қолдаудың арқасында алда да шаруашылық бірлік ретінде өмір сүре алады. АКОК осы себептерді ескере отырып өзінің алдына тек ұйымдасқан қоныс аудару міндетін ғана емес, сонымен бірге оларды өз жерінде қалай ұстап қалу керек және олардың өмір сүруін қалай қамтамасыз етеміз деген міндетті де қойды.

Оған қаншама көңіл бөлінгеніне қарамастан, темір жол көлігі қозғалы­сының бұзылуы және азық-түліктің болмауы сияқты объективті жағдайларға байланысты АКОК бұл мәселені әлі күнге дейін шеше алмады. Балаларды эвакуациялау тек Орталықтан болған нарядтар бойынша әскери-санитарлық пойыздармен ғана жүргізілді. Осы уақытқа дейін 24.000 бала мінген 4 по­йыз жөнелтілді.

 

Медициналық-санитарлық көмек

Аштыққа және ашыққан босқын­дардың жаппай шоғырлануына байланысты іш сүзегі індеті қатты өршіп тұр. Суық және өмір сүрудің қиын жағдай­лары оның таралу қаупін күшейте тү­суде.

Әсіресе, жолаушыларының басым бөлігі ашыққандар болып табылатын темір жолда індет қатты өршіп тұр.

Ашыққандар арасындағы індетпен күресу мақсатында Денсаулық сақ­тау халкоматымен және басқа да медициналық ұйымдармен ашық­қандарға санитарлық көмек көрсету мәселесі бойынша АКОК-тың бірнеше арнайы мәжілісі ұйымдастырылды. Аудандарда медици­налық көмек көрсету үшін жылжымалы медпункттер ашылуда. Қызыл Крест ұйымы көктемнен бастап далалық аймақ­тарда отрядтар ұйымдастыруды жоспарлауда.

АРА да медициналық көмек көрсету бойынша шаралар қабылдауда. Қазірдің өзінде дәрі-дәрмектері мен іш киімдері бар 13 вагон алынды, олар ашыққан 2 губерния – Орынбор және Ақтөбе ауруханаларына шұғыл таратылуда.

Азық-түлік қорлары әртүрлі жол­мен жиналуда: Орталықтан алу, қайы­рымдылықтар, үлестен пайыз­дық аударымдар, фунт алымдары, кооперативтік ұйым­дар мен саудагерлердің азық-түлік қорларынан, тауар алмастыру операцияларынан, ақша сатып алудан пайыздық алым, сондай-ақ губерния ішінде азық-түлік салығын жинау жолымен алынуда. ҚКСР аштарын жабдықтау үшін Москва, Воронеж, Ақмола және Семей губернияларының 25% территориясы, сондай-ақ Украина мен Түркреспублика бекітілді.

Азық-түлік дайындаудың негізгі орны – Түркреспублика болып отыр. Онда азық-түлік даярлау үшін АКОК, Қырорталық одағы және Қыразық-түлік халкоматының өкілетті бөлімшелері ұйымдастырылған, соңғысы сонымен бірге осы жүктерді дайындау, қабыл­дау және Қырреспубликаға жөнелту жөніндегі АКОК-тың өкілетті өкілі болып табылады.

Қаражаттың жоқтығы бұл жұмысты барынша қиындатып отыр, өйткені темір жол көлігінің қазіргі ауыр жағ­дайына, атап айтқанда, Ташкент темір жолына байланысты тауар алмастыру арқылы азық-түлік дайындау өте қиынға соғуда. Ақша қоры әртүрлі халкоматтардан қосымша шоттар бойынша алынуда. Бұл шығындар сметасы аштықпен күрестің төтенше жағдайларынан туындап отыр. Осы сметалар бойынша ақшалай қаражат тікелей Орталықтан халкоматтар бойынша жіберілуде. Ақша қорын көбейту үшін сауда-өнер­кәсіптік кәсіпорындарына әртүрлі са­лық салу, сондай-ақ пайыздық есептеу­лер жүргізілуде. Ашыққандарға көмек­тесетін комиссиялардың қаржы қоры жұмы­сшылар мен қызметкерлердің жалақысынан жасалатын пайыздық аударымдардың айтарлықтай тү­сімінен, сондай-ақ сенбіліктер өт­кізу арқылы толық­тырылуда. Қазіргі уақытта хал­коматтардың барлығы дерлік ақша қорын көбейту ісіне тартылды. Ақша қара­жатының, азық-түлік қорының үлкен мөлшерін алу үшін, салық салу мен пайыздық аударымдарды төмен­дету және қысқарту мақсатында АКОК үкіметтік лотереяны және хат конверт­теріне пошта маркаларымен бір мезгілде жапсырылатын «аштық» атаулы пош­та маркаларын шығаруды жүргізуде. Материалдық қорлар Орталықтан фабрика-зауыт және қолөнер кәсіпшілігі өндірісінің пайыздық аударымдары түрінде, сондай-ақ қайырымдылықтан алынып жатыр. Олар ашыққандар үшін және оларға киім-кешек тігу үшін бөліну­де, бір бөлігі нанға айырбас үшін кетеді.

 

Ауыл және мал шаруашылықтарын қалпына келтіру шаралары туралы

193.200 десятина жерге күздік егін егу үшін Жер-су халкоматы Орталыққа 995.000 пұт тұқым алуға өтінім берді. Ор­талық тек 496.296 пұт мөлшерінде, яғни қажет­тіліктің жартысына жуығын ғана қанағат­тандырды.

Бөкей және Ақтөбе губерниялары жеткілікті мөлшерде тұқым алмады, ал Қостанай көлік жағдайына байланыс­ты мүлдем алған жоқ. Ашыққан губернияларда егілген күздік егістік көлемі аймақтардың мәліметтері бойынша төмендегідей: Орал – 210 десятина, Қос­танай – 100, Ақтөбе – 3.120 десятина (көп бөлі­гіне тұқым себілді), Бөкей  – 1500 деся­т­ина, Орынбор 14.441, Адай уезі – 900, барлығы – 20.971 десятина.

Егілмеген алқап 172.229 десятинаға тең. 1.172.230 десятинаға егуге есептелген 6.707.196 пұт жаздық егіс тұқы­мына өтінім жасалды. Орталықтан кел­ген хабарға сәйкес бұл өтінім 93% мөл­шерінде қанағаттандырылмақ болды. Осыдан кейін, әртүрлі жағдайларға бай­ланысты, бұл көлем 30%-ға қыс­қартылды, содан кейін 1.938.000 пұт бөлінетіні хабарланды, бірақ соңғы уақытта өтінім 80% шамасында қа­на­ғаттандырылады деген мәлімет алынды. Көріп отырғанымыздай, күз­дік егіс айтарлықтай жетіспеген кезде көктемгі тұқымның аз мөлшері Қыррес­публиканың егін шаруашылығын өте қиын жағдайға душар етеді.

Қырреспубликада аштық жылдары қайталанады. Тарихи анықтамалар Қырреспубликаға кіретін губерния­ларда 1802, 1810, 1833, 1840, 1859, 1864, 1876, 1880, 1891, 1896, 1911, 1921 жыл­­­дары аштық болғанын көрсетеді. Көріп отырғаныңыздай, аштық жылдары мезгіл-мезгіл, әр онжылдықта бір рет болып отырған. Тарихи жазбадан көрініп тұрғандай, әрбір аштық жылы қарсаңындағы бір жылда құрғақшылық болады, сосын, аштықтан кейінгі келесі екі жылда қатарынан егістік көле­мінің аздығынан қиындық көреді. Мал шаруашылығын сақтап қалу үшін ҚАКСР Жер-су халкоматы жұмыс жоспары мен сметаны әзірледі. Бірақ бұл смета бойынша ақша бөлінбегендіктен, ҚКСР-дағы мал жағдайы апатты болып қала береді. Ауыл шаруашылығы құрал-жабдықтарын сақтау бойынша жоспар мен смета әзірленді, бірақ орталықтан бұған да ақша алынбады. Осыған қарамастан, губерниялық жер бөлімдері біраз жұмыс жасады, құрал-жабдықтар жиналды және жер органдарының қоймаларына тапсырылды. Азық-түлік қорының баяу жиналуы, темір жол көлігінің әлсіз қозғалысы мен үнемі ақшаның жетіспеушілігі салдарынан тамақ өнімдерін қарқынды дайындау, халыққа барынша кең көлемде көмек көрсету мүмкін болмай отыр. Мұндай жағдай аудандарда ерекше қиын ахуал қалыптастырады. Бұл орталық қалалар мен темір жол стансаларына ашыққандардың қатты ағылуын тудырады. Ақпан, наурыз және сәуір айлары аштық апатының дамуы мен ауқымы бо­йынша ең қиын уақыт болатынын ескере отырып, ашыққандарға көмек комиссиясы келесі міндеттерді кезекті деп санайды:

1) Азық-түлік қорларын дайындауды күшейту және оны аудандарға жіберу;

2) Қайырымдылықтан түсетін көмек­ті арт­тыру мақсатында, он тоқ адам­ның бір аш адамды, тоқ болыстың бір аш посел­кені тамақтандыруға алуын және т. б. үгіт-насихатты күшейту;

3) Жаздық тұқымды қазіргіше алуға, ауыстыруға және бөлуге қатысты төтен­ше шаралар қабылдау;

4) Барынша үлкен мөлшерге жеткізе отырып, кең көлемдегі қоғамдық жұ­мыс­тарды және қолөнер артельдерін ұйым­дастыруды жеделдету;

5) Барлық халкоматтар мен өлкелік мекемелердің жергілікті жерлердегі бөлімдерімен бірге аштықпен күресу жұмыстарын күшейту;

6) Автокөлік пен жегін көлікте жыл­жымалы тамақтандыруды шұғыл ұйым­дастыру жолымен ашыққан дала­лық қырғыз халқына көмектесу ісіне ерекше назар аудару;

7) «Жұт» пен аштықтан зардап шеккен қырғыз мал шаруашылықтарын малмен жабдықтау бойынша шұғыл шаралар қабылдау.

Міне, мен Қырғызстандағы аштық жөнінде және онымен күрес туралы Сіздерге қысқаша жеткіздім.

 

Материалды орыс тілінен аударып, ұсынған

Сәбит Шілдебай


Дереккөз:  egemen.kz


Пікір жазу
  • Тұңғыш баспахана
    Үйірі жоқ көкжал