ҚАЙРАН, ШЕРАҒАМ- АЙ!

Уақыты: 2022-09-29 Көрлімі: 488 Сипаттама

1991 жылдың, 6 маусымы. «Арман қала, көк-жасыл орман қала» Алматыға сапарға аттанған бізді...

1570256354_murtaza0.jpg

 1991 жылдың, 6 маусымы. «Арман қала, көк-жасыл орман қала» Алматыға сапарға аттанған бізді Күршім әуежайына кешіктірмей жеткізу үшін ағам-Қайса Нәбиұлы өзінің «Уазик» машинасымен әкеле жатыр. Сол кездегі Күршім аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сейіткәрім Рамазановтың пәрменімен самолет билеттері дайын болған. Әрі менің жездем, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің инженер-механигі Мұқан Қалибасовқа аудан атынан бірге баруға рұқсатын да берген. Аудан басшысының тапсырмасы болар, әуежай қызметкерлері біздің барлық құжаттарымызды тезден дайындап, жүктеріміздің барлығын алдымен өткізіп құрақ ұшып жүр.  Ол жылдары Қазақстанның барлық аудандарынан облыс орталықтарына, Алматыға тікелей ұшатын әуе рейстері бар еді ғой. Сонымен  № СССР-87492 «ЯК-40» тұрпатты 38 адамдық шағын ұшақпен түскі 11:00-де әуеге көтерілдік.

            Ой-хой, Қазақ даласы! Өзіңді биіктен көру қандай ғанибет! Мөлдіреген өзен-көлдері алыстан айнадай жарқырайды. Адырлы даласы қандай дархан! Қандай бейбіт! Қарасаң көзің тоймайды. Қиялыңды сонау көкжиекке жеткізетін құдіретіңнен айналайын!-деп іштей мінәжат етіп келемін.

            Шарық ұрған аппақ арманның соңына ілесіп кетіп, Алматыға жетіп қалғанымызды байқамай да қалыппын. 13:10 да Алматы әуежайына келіп қондық. Тағы да күллі қазақ білетін бір әннің қайырмасы орала береді ойыма:

«Шыңыңа көз жетпес,

Көркіңе сөз жетпес.

Басыңнан қар кетпес,

Өзіңе тау жетпес...» Міне, керемет! Орманмен көмкерілген ару – Алматы. Аспанмен таласқан алып Алатау! Атын алыстан ғана естіп бір көруге зәру болып жүрген қастерлі қаланы, баба тауды өз көзіммен көрдім-ау! Ассалаумағалейкум, АЛАТАУ!

 

                                                         ***

            Бізді әуежайдан «Әлем тілдері институындағы» оқытушы әпкем Райкамал Қайсақызының күйеуі Әлібек жездеміз күтіп алды.  Университетте қызмет атқаратын Күлімжан деген келіншек Мұқан жездем мен Зикен апайымның достары екен, алдымен сол үйге келдік. Кішкентай Еркебұлан деген сүйкімді ұлы сондай бауырмал, айналып-үйіріліп жанымыздан кетпейді. Ал, кешінде Райкамал әпкем мен Әлібек жездемнің достары Елдос Сыбанбаевтың үйіне келдік. Осылай қарбалас қыдырып жүруіміз «айттап» жүргендердің әрекеті секілді. Мен сөйлеуді де, басқаны да ұмытқам. Айналама ішіп-жеп қараудан басқаны білмеймін... Зикен апайым біз Күршімнен шығарда телефонмен хабарлап қойғандықтан ол кісілер де дастарқан жайып, дайындалып отыр екен. Бізді айырықша құрметпен қарсы алып, жақсы күтті. Райкамал әпкем де жұмыстан шыға сала осы үйге келді. Бәріміз шұрқырасып табысып киелі дастарқанды мерекенің жәрмеңкесіне айналдырып жібердік. Қызу әңгіме, төгілген өлең-жыр. Осы дыр-думанмен қонақасының бір сәтін өткеріп те жібердік. Енді шәйға отырар кезде Мұқан жездем Зикен апайымның сәлемдемелерін үй иелеріне табыс етті де, сомкаға салынған қойдың етін мұздатқышқа салып жатып, «бұл сендерге емес, басқа үйге баратын сәлемдеме, жібіп кетпесін, жеп қоймаңдар» деп әзілдеп қойды.

 

                                                       ***

            Бүгін 7 маусым. Таңғы асты ішкен соң жездем-Мұқан екеуіміз такси ұстап қала ортасындағы «жоғарғы кеңес президиумына» (парламент үйіне) сағат 10:40 та келдік. Төле би-Абылайхан даңғылындағы бұл ғимарат айырықша айбынды да сәулетті. «Бей- жіңдегі халық сарайына ұқсайды екен, әнтек кішілеу ме?» деп ойлап қоям ішімнен. Түскі үзілістің кезінде Шерхан ағаға кездесу үшін біраз ертерек келген себебіміз сол.

            Күн әуе айналып жерге түсердей ыстық. Мұздай қаруланып, рация ұстаған сұсты қорғаушылар бізді мұнда жақындатпай әлек, құдайға қараған біреуі парламент үйінің төменгі жағынан (Әйтеке би көшесі) күтуді ескертті. Онда да сарайдың жанынан емес, алыстан. Әлгі жігіт нұсқаған жерге жеткен біз шағын гүлзардың шетіндегі қарағай-шыршалардың көлеңкесінде әлде нелерді айтысып Шерхан ағамен кездесуді асыға күтіп тұрмыз. Жіпке тізгендей қатар тұрған аппақ волгалардың керуені де біраз жерге созылыпты.

            Әне, жиналыстағы жоғарғы кеңес мүшелері мен басқа да мансаптылар алып емен есіктен шұбырып шыға бастады. Ұзақбай Қараманов, Өзбекәлі Жәнібеков, Ерік Асанбаев, Фариза Оңғарсынова, Олжас Сүлейменов, Камал Сымайылов, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Серікболсын Әбділдин... бәрінің атын шұбыртып айтып жатырмын. Мұқан жездем таң тамаша.

- Сен бұл кісілердің бәрін қайдан білесің, тіпті қазақстанда туып-өскен мен танымаймын, қытайдың жіберген шпионы емессің бе? деп әзілдеп қояды.

- Ол да мүмкін,- деп қарымта қайтарған болам мен.

 Аздан соң Шерхан аға бір кісімен қолтықтасып шықты да қиыс сол қанатқа қарай жітірмелете жүріп бара жатты. Біз де ауыр сөмкемізді көтеріп солай қарай жүгірдік. Ол кісі ақ волганың жанына бара бергенде тасырлатып біз де жетіп, асыға сәлем бердік.

- Уағалейкумассалам, жігіттер, қайдан?

- Күршімнен.

- Кімге?

- Сізге.

- Бізге болса жүріңіздер үйге.

Мұқан жездем көлік жүргізуші жігітке:

- Багажды ашыңызшы сомкаларды салайық,-деп еді,

- Ол не? деп ажырая қарады Шерхан аға.

- Сәлемдемелер ғой,- деді жездем қысқа қайырып.

            Алыстан аңсап келген Шерхан ағамызға жолығып кездескенімізге мен қабағат қуанып келемін. Мұқан жездем де көңілді.

            Шерхан ағаның үйі онша алыс емес екен, тез жетіп келдік. Мен бәрін ойша жаттап келемін, ғимарат қабырғасындағы жазудан М. Төлебаев көшесінің № 98 үйінің 17 пәтері Шерхан ағаның құтты шаңырағы екенін білдім.

            Біз де әдеппен есік ашып, босаға аттадық. Шерхан аға дауыстап: - Бәйбіше, қонақ келді, сонау шығыстан, Күршімнен іздеп келіпті,- деді. Біз келген кезде Шерхан ағаның әйелі үлкен одеиялды алып, терезелерді ашып әлде бір қарбаласпен жүр екен. Шерхан аға:

- Ау, бәйбіше, тыныштық па, бұл не тірлік? деді.

-Терезенің жақтауына көгершіндер қаптап келіп, қонып алады да терезені былғап, саңғып кетеді, соны үркітіп, ұшырып тұрғаным ғой,-деп жауап берді де бізбен қысқа ғана сәлемдесті. Байқаймын апайдың бейнесінде сәл де болса таңырқау бар. Расында біз апай күтпеген тосын келген қонақтармыз. Оған қарап тұрған біз жоқ, кезекпен аман-саулық сұрасып жатырмыз.

Мен тыныш тұрмай:

- Бұл жақтың көгершіндері де бақытты ғой, Қытайда болса тарпа бас салып ұстап алып қайнаған суға салып жіберіп жеп алатын еді,-деп едім, Шерхан аға маған тесіле бір қарап қойды. Ештеңе демеді. Біз жуынып, жеңілденіп алған соң қонақ бөлмесіндегі диванға жайғастық. Үйді айнала қарап, таңырқап отырмыз. Хан сарайы дегеніңіз осындай-ақ болар. Жездем екеуіміз бір-бірімізге жымыңдай қарап, әлде нелерді ишарамен көрсетіп мәз бола күліп қоямыз. Апай ас бөлмесінде қарбаласқа түсіп әбігер болып кетті. Шерхан аға киімдерін ауыстырып, жеңілденіп алды да ас үйдегі апайға әлде нелерді әңгімелеп айтып жатыр, айтылған сөздері бізге естілмейді.

            Сәлден соң дастарқанға жиналдық. Негізгі танысуымыз ас үстіндеболды. Шерхан аға:

 - Ал жігіттер, біздің үйіміз осы. Жатырқамай кең көсіліп жайғасыңдар. Алыстан бізді іздеп келгендеріңе қуанып отырмыз. Өзімізді таныстыра

отырайық: Менің атым-Шерхан, әкем-Мұртаза, анам-Айша. Туған жерім-

Жамбыл облысының Жуалы ауданы. Осы үйді ашса алақанында, жұмса

жұдырығында ұстап отырған отанасы-Мәрия. Жеңге дейсіздер ме,

апай дейсіздер ме? Ыңғайына қарай атайсыздар ғой,-деп мұртын едірейте

күліп алып сөзін ары жалғады: - Алла берген екі баламыз бар. Қызымыз-

Алма, ұлымыз-Батылжан. Қызмет орным бұрынғы   «Социалистік Қазақстан»

Қазіргі «Егеменді Қазақстан» деген газетте,-деп тоқтады. Тұп-тура осылай

айтты. Дауысында бір күшті екпін, бет қаратпас айбар бар екендігін байқап

отырмыз. Шерхан ағаның осылай сөйлейтінін қазақтың көбі біледі ғой.

            Тамақ іше отырып Мұқан жездем екеуімізді таныстыруға кірісті: - Менің атым-Мұқан Қалибасов Күршім ауданында ауылшаруашылығы машиналарын басқару бөлімінде істеймін. Осы тұста Шерхан аға – О, әжептәуір қызметің бар екен, халықтың қамын жеп жүрсің бе, малын жеп жүрсің бе? деп бір сөз қыстырды сұраулы әлпетпен.

            Мұқан енді мені таныстыруға көшті: -Мына жігіт, Қайрат Құлмұхаммед деген азамат, менің балдызым. Қытайдан бізге туысшылап келген,-деп еді, Шерхан аға таң қала, -сонда Қайрат мырза Шығыс Түркістаннан келді ғой, иә, міне керемет біздің үйге ондағы туыстарымыздан алғаш келген мейман болды. Осы кезде Мәрия апай:- әлгінде бетінен сүюге де үлгере алмаған екенмін ғой сасқалақтап жүріп,-деп орнынан тұрып келіп маңдайымнан сүйді. Шерхан ағам да Мұқан екеуімізді кезек құшақтап қайтадан орнына жайғасты. Біздің де тынысымыз кеңіп, ашыла бастадық. Шерхан ағам мен Мәрия апайыма Мұқан екеуміз кезектесіп әңгіме айтып жатырмыз, әкемнің 1967 жылы шекара бұзып сәбетке (советке) қашып келгенін, арғы беттегі, бергі беттегі әке өмірінен, өз тірлігімізден қысқаша мағлұматты да суыртпақтап жеткізіп үлгергендей болдық. Аға мен апай екеуі де әңгімемізді айырықша ыждағатпен тыңдады. Қайран қалды.

            Біз алғашқы асты аяқтаған үзілісте мен: - Апай анау сәлемдеме Күршімнен арнайы сіздерге әкелген сыбағамыз еді, бір қойдың еті болатын, соны тоңазытқышқа салып қойсақ,- деп едім, Шерхан аға:

            -Міне нағыз қазақ, Бәйбіше, көрдің бе тоңазытқыш деп атайды екен ондағы қазақтар, біз болсақ холодильник деп сандалып жүрміз. Ал Мұқан мырза онда сөмкелеріңді аш, көрейік сауғаларыңды,- деп көңілдене күлді. Біз екі жақтап сөмкедегі сәлемдемелерді жайлап аша бастадық. Басқа дүниелерге онша көңіл бөлмеген Шерағамның қой етіне айырықша назар аударғанын білген соң әр жіліктің мүшелерін атап-атап қойып жатырмыз.

- Мәке, қарашы, қойдың басын тазалап үйтіп, бастан жақты айырған, қарынды жуа салмай түктеп тазалапты, шарбы майдан жұмыр аударыпты, ішектерді әдемілеп жөргемдепті, жіліктердің мүшесі де бір-біріне ауыспаған. Көрдің бе екі сирағы да бар, қалған екі сирақ иттің сыбағасы деп бөлек қояды. Төрт сирақты тек өлімге, асқа арналған құран-қатымда ғана түгелдей қазанға салады деп ұлы кәрілер айтып отырушы еді, бұның жөні солай болар. Қойды сойған кім? деп сұраулы көзбен қарады бізге. Мұқан:- Қайраттың әкесінің немерелес інісі Қинаят деген ағамыз бар, ол кісі де 70 жылдары қытайдан қашып өткен, арғы бетте де, бергі бетте де мал баққан адам. Сол кісі сойған, бас-сирақты үйтіп, ішек-қарынды тазалағанда Қайрат ауылдағы әпке-жеңгелеріне өзі қадағалап істетті,- деді. Шерхан аға:

- Көп рахмет, бауырларым, Осы үйде ет көп, ас-судан тарыға қойған жоқпыз, Аллаға шүкір әзірше аштан өлетін емеспіз, бірақ мына сыбағаларыңның жөні бөлек болып тұр, естияр болып қалған кезімізде ата-әжелеріміздің барында осындай кәделерді көріп едік, қазір оның бәрі жоғалып кетті,- деп келді де Мәрия апайға бұрылып:

- Осы малдың етін бөлек салып қойшы, өзіміз жейік, Ертістің суын ішкен Алтайдың қызыл қойының еті құнарлы болады,- деді аса ризашылық пейілмен.

            Түстен кейінгі қызмет уағының таяп қалғанын біз де біліп отырмыз. Шерхан аға үйдегі телефонды алып әлде кіммен сөйлесе бастады:

- Айналайын, сізді мазалап тұрған Шерхан Мұртаза деген қазақ, мен түстен кейінгі жиналысқа бара алмаймын, шетелден мәртебелі қонақ келді. Президиумға айтып қоярсыз, менен басқа да данышпандар көп қой, мен болмағанда ештеңе кеміп қалмас,- деп қысқа сөйлесті де трубканы қойып біздің жанымызға оралды. Мәрия апай да: - осыныңыз жөн болды, алыстан келген балаларымыз қона-түнеп жатса дұрыс болар еді деп ойлап отырғам.

- Жөні де солай болады ғой, Қайраттың әңгімесін тыңдауға тұрарлық екен, бізге күнде кездесе бермейді,- деген Шерағам маған:

- Қаншаға келдің? деп сұрады.

- 25 темін.

- Үйлендің бе?

- Жеңісгүл деген қызбен уағдаласып, құдалық айттырып қойғанбыз. Елге қайтып барған соң, қыркүйек айында үйлену тойымыз болады Алла бұйырса. - Бақытты болыңдар, айналайын!

            Осы тұста Мұқан жездем сөзге араласып:

- Аға, бұл ініңіз қытайдағы қазақтар арасынан шыққан атақты ақын, керемет толғаулары, өлеңдері өте көп,- деп бір мақтанып алды.

- Бәсе, сөйлеу мәнерінен біліп отыр едім. Онда ақыннан өлең тыңдамай не қып отырмыз?,-деп орнынан тұрды да әдемі домбыраны аударып-төңкеріп бір қарап алып маған ұсынды.

            Мен домбыраның құлақ күйін әдемілеп келтіріп алдым да «Сәлемдеме» толғауымды, әкеме арналған әнді, бір әкенің екі анадан туылып, екі мемлекетте ержеткен ұрпақтарының қауышуына арнған жырымды айттым. Көптеген өлеңдерімді домбырамен айтып, жатқа оқып соғып жатырмын. Ештеңеден қайтпайтын жастықтың буы бойды кернеп тұрған асау шағым емес пе!? Оның үстіне өзім де онша жасық емеспін, өртеніп кетуге шақ қалып тұрған кезім. Тіпті  оның бәрін былай қойғанда анау-мынау емес Шерхан деген күшті қазақтың үйінде төгілмеген өнер әдірәм қалмай ма?!

            Шерхан ағамның шаңырағындағы осынау айта қалсын сәттеріміз бұл тұста шырқау шегіне жетіп те қалған еді. Бір әредік те Шерхан аға бізге, - жігіттер арақ-шарапқа қандай едіңдер, бір-екі тостаған ішіп отырмайсыңдар ма? деп еді, Мұқан жездем:

-Мына Қайрат ондайды мүлде ішпейді, темекі де тартпайды, менің аздап әуестігім бар,-деді өзінің сырын жасырмай.

            Сәлден соң Шерхан аға телефонмен бір кісілерге сөйлесе бастады. Олардың кім екенін білмейміз, бар ұққанымыз «кешкі 7 де жиналыстан шыға сала біздің үйге келіңіздер» деп жатты. Қайта келіп Мәрия апай бәрімізге қарап: «кеште үйге келуге Камалға, Жекенге, Сағатқа айтып қойдым, өзіміз ғана оңаша отырғанша олар да келіп Қайраттың өлең-жырларын тыңдап, әңгімелерін бірге естиік дегенім ғой» деп түсіндіріп қойды. Кеште тағы да қонақтар келетінін білген соң мен тағы да бір маңызды аманатты осындайда табыс еткім келді.

            Құлжа қаласында, Іле Қазақ облысының халық құрылтайы тұрақты комитетінде істейтін Ғалым Зәкәрияұлы деген менің әкемнің туған нағашысы, ол кісінің әйелі Пәрида Сақариқызы мен Қазақстанға үйлерінен аттанарда бір бөлмеге оңашалап алып мынаны айтқан.

- Қайрат, Қызырбек Оралов деген ақынды естуің бар ма?

 - Білемін, ол кісі өте керемет ақын болған, 1971жылы атылып кеткен. «Үліңгір», «Ертіс», «Анхұйлық құрдастарыма» деген өлеңдерін бір жерден оқығам.

- Сол кісі менің ағам еді,-деді Пәрида апайым.

- Білемін.

- Бәсе, бұл жиен бәрін біледі,- деп Ғалым нағашым мақтап та қояды.

- Сен Күршімге барасың ғой, жиен ағам Құлмұхаммед сонда емес пе?

- Иә, сонда.

- Алматыға да барасың ба?

- Қазақстанға барып тұрып Алматыны көрмей қайтсам ұят емес пе, барамын. - Шерхан Мұртаза деген жазушыны білесің бе?

-Білгенде қандай? Жеменейде Қазақстан телевизорынан Назарбаев, Шерхан... ағаларды күнде көріп отырамыз.

- Біз сол Шерхан ағаға азырақ сәлемдеме берсек, сенің табыс ететініңе сенеміз, әрі ешкімге айтпайтыныңды білеміз.

            Менің Ғалым аға, Пәрида апайдың айтқан әңгімесінің ұзын ырғасынан ұққаным мынау: Қызырбек Оралов кезінде Шерхан ағамен хат жазысып тұрған екен. Қызырбектің өлеңдерін Шерхан Қазақстандағы басылымдарда үзбей жариялап тұрыпты, әрі Қызырбектің өлеңдері жарияланған газет-журналдарды жіберіп береді екен. «Іле газетінің» бір санына Қызырбек Оралов «Шерханға» деген өлеңін де арнапты...

            Парида апайым Шерхан ағаға беретін сәлемдемелерін бірден көрсетті: әсем құтыдағы әдемі қалам үстіне иіс су құятын ұяшығы бар, әйеліне қымбат бағалы көйлек сосын -Шерхан ағаның жүрегі ауырады екен, соған мынау қымбат жұң и (zhong yi) дәрі,- деп қорапқа салынған кесек-кесек қара домалақ дәрілерді берді. - Шерхан ағаға бізден көп сәлем айт, бірақ басқа ешкімге ауызыңнан шығарушы болма деп тағы да ескерткен.

            Шерхан ағамның үйіндегі оңаша сәтте осы әңгімелердің бәрін айтып Парида апай берген сәлемдемелерді үстел үстіне қойдым. Шерхан аға қатты тебіреніп, ауыр күрсінді:

- Қызырбек Оралов үлкен талант иесі еді, хат алысып тұрдық, оның өлеңдерін осы жақтағы қаламгерлер де жоғары бағалап еді кезінде, менің білуімше «саяси лирик» ақын болатын. Амал қанша қара қытайдың қызыл өкіметі атып тастапты,-деді ауыр тыныстап. Маған қарап:

- Фарида Қызырбектің туған қарындасы ма?

 - Иә, туған қарындасы.

- Қазір қайда тұрады?

- Құлжа қаласында.

- Не жұмыс істейді?

- Пед инстутта лектор, филология мамандығынан студенттерге сабақ береді. Оқытушы.

- Қыз болып туғаныңнан айналайын, қарындасым! Қызырбек екеуіміздің достығымызды білетін бір тұяқ бар екен ғой, - деп көзіне жас алды. Шерхан аға Мәрия апайға:

- Алыстағы қарындасым жіберген көйлекті киіп көрші, - деп еді ағаның сөзін бұрмайтын Мәрия апай: - жәрәйді, деп басқа бөлмеге барып көйлекті киіп келді. Көйлек шынында әдемі екен, апайға құйып қойғандай құп жарасып тұр.

            Дәл осы кезде Шерхан ағаның қызы Алма келді. Аға бізді оған, бізге оны таныстырып жатыр. Есімде қалуынша Алма Әл-Фараби атындағы университетте оқытушы екен. Үйленген, балалы-шағалы. Алма келе сала дастарқандағы тағамнан ауыз тиді де кешкі қонақасының дастарқанын жасауға білек сыбана кірісіп кетті. Біз басқа бөлмеде әңгімелесіп отырдық. Қонақтар келетін уақыт та таяп қалған еді.

            Көп өтпей кешкі 7 ден аса бере қонақтар Шерхан ағаның үйіне іркес-тіркес жетіп келді. «Айтқан уақытта келетін недеген мәдениетті кісілер?! Қанша дегенмен әлемді аралап көпті көрген ағалар ғой, уақытты қадірлеу, өзін құрметтеу деп білетін кісілер осындай биік мәдениетті болады» деп өзімше баға беріп отырмын. Келген меймандардың бәрін таныдым: Камал Сымайылов, Жекен Қалиев, Сағат Әшімбаев. Бәріміз орнымыздан тұрып құрмет тұтқан ағаларымызбен құшақтасып амандастық. Ағаларымыз да тосылған жоқ келген жерден ашыла сәлемдесіп әзіл-шыны аралас әңгімелерін айтып дүрілдетіп жатыр.

            Бүгінгі кешіміз тіпті көңілді болды. Парастты әңгімелер айтылды. Мен де әредікте шаманың келгенінше барымды салып, өнерімді көрсеткен болып жатырмын. Ағаларым тіпті көңілді. Мәрия апайым мен Алма екеуі әзиз меймандарды тікесінен тік тұрып күтті. Батылжан Шерханұлы үйдегі, тыстағы шаруалардың бәрін тындырып жүр. Шерхан ағамның ұлы мен қызы сондай бауырмал, үлкендерге ілтипат-құрмет көрсетуден аянып қалмайтын кем сөзді екен. Бұл да болса ата-анасының өнегесі болар! Мен бәріне разымын. Өйткені бұл мәртебелі бас қосу менің құрметіме арналып отыр емес пе!? Осыларды ойлағанда көңілімкөкжиекке шалқып кетті.

            Камал ағамның білмейтіні болсашы: мемлекеттердің билік жылнамасы дейсіз бе, өнеркәсібі, экономикасы дейсіз бе, ішкі жалпы өнімі дейсіз бе, тіпті жан басына шаққандағы кіріс мөлшері дейсіз бе? қойшы әйтеуір, бәрін-бәрін сан-цифрына дейін бұтарлап айтқанын естігенде еріксіз таң қаласың. Тура энциклопедия дерсің, бір өзінде бір академияның білімі бар-ау, тегі!

            Жекен аға үлкен білімнің иесі. Ағылшын тілінен оқулықтар құрастырып, көптеген еңбектер жариялаған, жоғарғы оқу орындарында жемісті қызметтер атқарған ғалым. Сонау Совет кезінің өзінде 1968 жылдары Қазақстан Сыртқы істер минитрінің орынбасары болған қайраткер ағамыз. Жетісу-Алатау өңіріне аты машһұр кәсіп пен шаруашылық басқаруда үлкен биіктерге көтерілген танымал басшы.

            Ал, Сағат Әшімбаев сөзге шешен, қазақтың ұлттық мәдениетін бойына мәйек етіп жинаған, ғаламдық ойшылдардың ұлағатты сөздерін асқан шеберлікпен қолдана білетін, одан да кереметі нағыз «ұлтшыл» азамат екендігін анық байқатады.

            Бәрінің әңгімесі мемлекеттік, әлемдік деңгейдегі ірі саясаттар туралы. Жиырма беске енді келген маған ағалардың салихалы сөздерін есту бір ғанибет болғанымен кей жерін түсіне алмай миым ашып отырмын. Әсіресе Сағат ағамның айтқан сөздері сондай айшықты, сондай батыл. Горвачев, Колбиннен тартып сәбет билігінің барлық механизімін қолмен қойғандай айтады. «Желтоқсан Оқиғасы» деген сөздің мүлде тура емес екендігін, оны «Желтоқсан Ұлт Азаттық Көтерілісі» деп атау керектігін, тіпті «қайта құру» деп тасталған ұранның «қайта құртуға» алып бара жатқанын, АҚШ бастаған батыс елдерінің СССР-ды құлатуға таяп қалғанын бүге-шігесіне дейін тәпсірлейді. Мен әрі таң қалып әрі қорқып отырмын. Ішімнен «ойпыр-ай, недеген парасатты адамдар, не деген жүрек жұтқандар, осы сөздері үшін жауапқа тартып соттап жібермей ме?» деп ойлаған сайын зәрем ұшады. Оның үстіне ағаларымның бәрі мен туралы әңгімеге ойысқанда не Қытай елі, не Шин жаң деген бір сөзді айтпайды, бәрі «Шығыс Түркістан» деп төтелеп тартады.

            Бір әредікте Шерхан ағам:

- Қайратпен жарты күн болған әңгімемізде байқағаным Қазақстанның көп жағдайынан білетіні мол секілді. Оның себебі біздің телеарналардың біразын ондағы қандастарымыз көре алады екен,-деп еді, Сағат аға:

- Қайрат, сендер біздің телеарналарды көре бересіңдер ме?-деп қайталай сұрады.

- Біздегі қазақтардың шекараға жақын Қаба, Жеменей, Шәуешек, Қорғас...секілді өңірлердегі қазақтар көре алады, ары таманғылар көре алмайды. Біз анық көру үшін арнайы антенна жасап аламыз, бірақ түрлі-түсті бояулы реңді болмайды, ақ-қара түсті ғана болып көрінеді.

- Неге?

- Қытай телевидениясы Жапонның алғашқы технологиясы бойынша жасалған PAL систамасында, бұл жақта еуропаның SCAM үлгісінде екен, сондықтан болар деп,- білгенімді айттым.

            Сол аяулы ағаларым өздерімен өздері болып кетпей ара-тұра маған осылай көбірек назар аударып Қытайдағы қазақтардың тыныс тіршілігінен сұрақтар қояды. Мен жауап беремін. Кейбір ащы, саясиланған сауалдарға келгенде кібіртіктеп қаламын. Айтайын десем келер күнімді ойлаймын, айтпайын десем ештеңе білмейтін ноған біреу болып қалғалы тұрмын. Терлегеннің көкесі осы болды. Қайтем енді? «көкіректе сайрап тұр, тілді құдай байлап тұр» ғой менің күйім.

            Арғы-бергі тарихтан, шартараптан көп әңгімелер айтылып еді, әттең! Сол қымбат сұқбаттардың көбі жадымда сақталмағанына өкінемін. Одан бері де 29 жыл болды ғой, көбі есімнен көтеріліп кетіпті. Оған қоса өзімнің де пәруайсыздығымды айтпайсыз ба? Сол кезде қағазға түртіп, жазып алу керек еді ғой!?

            Мәртебілі ағаларымның қайтатын уақыты да болып қалды. Шерхан ағам замандастары Камал, Жекен ағаларға алғысын айтып ризашылығын білдірді. Осы кезде Сағат аға: - Шераға, Қайрат мұнда біраз күн болатын шығар, оны айтып тұрғаным телевидения залында бір шағын кездесу ұйымдастырсақ деп едім, Қайрат сұқбаттасуға дайын тұрған ініміз екен,-деді. Шерхан аға:

- Өте дұрыс айтасың Сағатжан, бір күнді белгілеп өзің ұйымдастырсаң болды, менің замандастарым, мына Жекен, Камалдар, тағы Ғаппас (Қабышев), Уақап (Қыдырқанұлы), Белгерлерлерге айтармын, басқа кімдерге сөзім өте қояр дейсің,- деп тағы бір әзілін айтып қонақтарды аттандырды.

            Мұқан екеуіміз Шерағаның кітап бөлмесіне жататын болдық. Шераға:- жігіттер, осы бөлмеде жақсылап демалыңдар, мұнда 11-12 мың кітап қоры бар, соларды шолып көрерсіңдер, менің бар байлығым осы кітаптар, қалған әңгімелерімізді таңертең айтармыз, жәйлі жатып, жақсы тұрыңыздар!- деп ағынан ақтарылды.

            Біз таңертең ерте тұрдық. Керемет көңіл-күймен ояндық. Бүгін 8 маусым. Таңғы аста Шераға: - Мұқан, Қайрат мырза, біз қазір жұмыс орнына барамыз. Сосын Алматының көрікті жерлерін менің машинаммен аралаңдар. Кеште Марат Омаров деген композитор ініміздің концерті болады екен, соған барайық. Содан біздің үйде болып, Қайраттың өлең-толғауларын Мұқан мырза кириллицамен жазсын, біз оны газетке береміз, бұған қалай қарайсыңдар?- деді.

            Біз үлкен кісілердің үйінде ойылып жатып алатын болғанымызға ыңғайсызданып отырсақ та, Шерағаның өзінің жоспары болған соң қуана келістік.

            Шерхан аға жұмысына барған соң ақ волгасын бізге табыстады. Ол кісінің шофері де тайпалып тұрған майталман жігіт көрінеді. «Егеменді Қазақстан» газетінің фото тілшісі Шүкір Шақаев деген азамат бізді бастап қаланы аралататын болды. Шерағам біз жүрерде Шүкір мен шоферіне: - біздің қонақтарымызды жақсылап Алматыны аралатыңдар, Медеуге, Көктөбеге, Орталық паркке апарыңдар, көркем жерлердің бәрін көрсетіңдер, Қайратты мемлеметтік мұражайдың алдына көбірек суретке түсіріңдер солардың ішінен біреуін таңдап алармыз, газетке Қайраттың өлеңдерін жариялағанда қажет болады. Күн ыстық қой қонақтар шөлдегенде сусын алып, түскі астың кезінде жақсылап ауқат жасаңдар, дұрыстап күте алмасақ шетелдік қонақ бізді сөгіп кетсе масқара болармыз,-деп күліп аттандырды бізді.

            Атағын алыстан естіп,  айырықша іңкәр сезіммен аңсап жүрген Алматымыздың көз сүріндірерлік ғажайып жерлерін түгелге жуық көзбен көріп, көңілге тоқыдық. Бұл күніміз ұз-а-а-қ-қа дейін ұмытылмайтын мүбәрәк сәттеріміздің ең бір шуақты күні болып санамызда сақталатыны сөзсіз еді. Сол күні кеште Марат Омаровтың шығармашылық кешіне Шерхан ағам, Мәрия апайым бәріміз бардық. Концерттен шығып Шерағаның үйіне келдік те асымызды ішіп алған соң Мұқан жездем менің өлеңдерімді түнімен көшіріп жазды.

            Мауысмның 9-ы күні жайырақ тұрдық. Түскі астың кезінде Шераға мен Мәрия апайдан қайтуға рұқсат сұрадық. Алматы да тағы да баратын туыстарымыздың бар екенін, базар аралайтынымызды айттық. Шерхан ағам маған қазақтың керемет шапанын жапты. «Қара маржан», «Қызыл жебе», «Жұлдыз көпір» секілді кітаптарына қолтаңба жазып ұсынды. Құлжадағы Пәрида апайыма да бірнеше кітаптарына қолтаңба жазып берді. Біз апайымызды «Пәридә» деп айтып, жазатынбыз, Шераға «Фарида» деп жазды қарындасына сыйлаған кітаптарына. Бұған мен таң қалып, біздің жазу сауатымыздың қаншалықты екенін аңғарғандай болдым.

Мәрия апайым:

- Қайрат балам, осыдан барған соң үйленеміз дедің ғой, бақытты болыңдар, айналайын! Мына сағатты біздің атымыздан келіннің қолына саларсың, алыстағы туыстарыңды сағынғанда көріп жүрсін,- деп «Чайка» маркалы қымбат сағатты аманат етті. Содан соң, - Фарида сіңілімізге бізден көп-көп сәлем айт. Мына естелігімізді тапсырарсың,-деп бір-біріне шынжырмен жалғасқан көп жүзігі бар білезікті табыстады.

            Құрметті оқырман! «Алған-бергенін несіне тізбелеп отыр» деп сөге көрмеңіз! Шерхан ағам мен Мәрия апайымның мәңгілік естелікке сыйлаған кітап, шапан, сағаттары күні бүгінге дейін біздің үйдің ең құнды жәдігеріне, асыл мұрасына айналғанын айтайын деп едім.

            Мұқан жездем екеуіміз ардақты ағамызбен, аяулы апайымызбен қимай-қимай қоштасып ұзай бердік. «Тағы да амандықпен кездесетін күндер болса екен» деп іштей қайталап барамын осы сөзді.

            Осылай да осылай Алатау-Жетісу деген қасиет тұнған, құт қонған арда мекенді бір жұма аралап Күршімге қайттық.

            «Егеменді Қазақстан» газетінің 1991 жылы 26 маусым күнгі санына «Менің Философиям» деген бір топ өлең-толғауларымды, фото тілші Шүкір Шақаев түсірген манағы суретпен қоса жариялапты Шерағам!

            Мен елге қайтып барған соң 1991 жылдың 26 тамызында Сағат Әшімбаевтің өмірден өткен қаралы хабарын Қазақстанның теле арнасынан «азаттық радиосынан» естіп, есеңгіреп қалған жайым бар еді. Үш-ақ айдың алдында жарқылдап жүрген Сағат ағамның келісті келбеті, айысты әңгімесі көз алдымнан, ой көгімнен шұбырып өтті-ау! Біз алғаш кездескенде Шерхан, Жекен, Камал ағаларымның алпысқа енді келіп толысқан шағы еді. Мен 25 те болатынмын. Марқұм Сағат ағам бар болғаны 44 жасында пәни дүниемен мәңгіге қоштасыпты. Әттең! арман дүние-ай!

 

                                            ***

            Араға жеті жылдан аса уақыт салып, келіншегім – Жеңісгүл екеуіміз 1998 жылдың 27 қыркүйегінде Алматыдағы Шерхан ағаның үйіне келдік.

            Біз Шығыс Қазақстанның Зайсан, Күршім, Өскемен өңірлеріндегі туыстарымызды аралап сосын Алматыға атақты жазушы, туысымыз Жақсылық Самитұлының үйіне келген болатынбыз. Сағынысқан аға-жеңгемізбен, іні-қарындастарымызбен қуаныш құшағында қауышып бірнеше күннен соң Шерхан ағаның үйіне келгеніміз осы.

            Шерхан аға мен жеңгеміз бізді құшақ жая қарсы алды. Анамыздың, ағамыздың саулығын сұрады. Балаларымызға «бауы берік болсын» айтып алыстан сағынып жеткен туыстарына деген бауырмалдықтарын көрсетіп, бәйек болып күтті. Мен қолымды жуып тұрғанымда Шерағам қасыма келіп:

- Қайрат, келініміздің аты-Жеңісгүл ме? деп сұрады.

- Иә, келініңіз-Жеңісгүл. Оны неге сұрадыңыз?

- Қайдан білейін, осы күнгі жастар тез өзгеріп қалады ғой, келін де өзгеріп кетті ме деп сұрағаным, енді дұрыс болды, соны анықтап алайын деп едім.

            Арғы-бергі әңгімелердің біразын айтып дастарқанда отырғанымызда Шераға: - Қайрат інім, Жеңісгүл келінім сендердің келгендерің өте жақсы болды. Біздің жағдайымыз осылай. Мәрия жеңгең өмірден өткен. Қазіргі жеңгелерің мына кісі, аты-Ақбілек. Атақты ақын-жырау атаң Кенен Әзірбевті білетін шығарсың?

 - Білгенде қандай?

- Сол кісінің кенже қызы. Мәрия апайың дүниеден көшкен соң осы кісінің анасына барып, Ақбілекке сөз сала келгенімді, ендігі өмірде бірге болсақ деген бұйымтайымды айтқанымда анамыз бірден батасын берген соң бас құраған жайымыз бар. Сонымен әрі күйеу, әрі құда болып өзім барып ұзатып әкелеген жеңгелерің осы кісі.

            Түнімен көптеген сырлар шертілді, келелі кеңестер айтылды. Біз сонда қондық. 28 қыркүйек Шерхан ағамның туған күні. Жеңгеміз бен балалары және біз болып атап өтіп, ақ ниетімізді айттық. Алладан ұзақ ғұмыр, бақытты өмір тіледік!

            Осы жолғы сапарымда Шерағама Қазақстанға көшіп келгім келетінін жасырмай айттым, ағам шын қуанды. Ол жылдары шетелден көшіп келген қазақтарға арналған мекеменің аты: «ҚР көші-қон және демеография жөніндегі агенттік» деп аталатын. Сол агенттіктің басшысы Зауытбек Тұрысбеков екен. Сол кісіге Шерағам арнайы жолығып мен туралы көбірек әңгіме айтқан секілді. Сөзді кімнен сұраймын дейтін кісі емес, мені сирек кездесетін талант иесі дегендей мақтауымды әбден асырған көрінеді. Зауытбек мырза: - Сіздің сыныңыздан өткен азамат болса, тым осал жігіт емес шығар, бірақ шетелден көшіп келген оралмандар көп, Алматыға бөлінген квота тым аз, үй алудың кезегін тездету үшін сіз өз атыңыздан өтініш жазыңыз, осылай істесек бізге де жеңілдік болар еді,-депті. Одан қайтатын Шерағам ба, хаттың майын тамызып жазған.

            Мен өтінішімді Шерхан ағамның хатымен қоса Зауытбек Қауысбекұлына табыс еттім, Мұхит Избанов деген көмекшісі тіркеуге алды. Бұл 1998 жылдың 3 қазаны болатын. Шерағам жазған сол хаттың көшірмесі менде сақтаулы.

            Мұнымен тоқтамаған Шерхан ағам Алматы облысының әкімі – Заманбек Нұрқаділов ағамызға мені кездестірді. Айтуларына қарағанда бұл екі ағамның ежелден керемет жақындығы болған екен. Заманбек Қалабайұлы Алматы қаласын басқарып тұрғанда Шерхан Мұртаза Қазақстанның теле-радио компаниясынын төрағасы болып  қызмет атқарған кездері екен, ағалы-інілі қазақтың екі батыры ұлттың руханиятына жанкештілікпен адал қызмет істеп келе жатқан теле-радио қызметкерлеріне бір жолда 54 үйді беріп жіберген ғой. Бұл кейін жоғарғы басшылар жағынан қатаң сөгіске ұшырап, біраз шулап барып басылыпты. Менің есімде қалуынша осындай бір қызықты жағдай болған. Шерхан ағамның арқасында 1998 жылы 6 қазанда қазақтың айбарлы да, ақылды ұлы Заманбек Нұрқаділовтың қабылдауында болып едім.

 

                                         ***

            1999 жылы Қазақстан парламенті тарап кетті де қайтадан жасақталатын болып жатты. Сайлау науқаны күндер өткен сайын қыза түсті. Елеңдеп біз отырмыз Жеменейде. Қазақстан жаңалықтарында елдің ардақты азаматтарының парламентке келгенін көргісі келетін қауымның пікірлерін де ара-тұра көрсетіп қояды. Халықтың көбірек назарға алатыны наркескен – Шерхан Мұртаза! Бірақ Шерхан ағаның сайлауға түсетіні, түспейтіні белгісіз. Тіпті өзі біраз уақытқа дейін көрінбей кетті. Халық Шерханын іздеп ділгір болып жүр. Міне, іздеушісі бар болған қандай жақсы!? Егер  қайдағы біреу болса, оның бар-жоғында, өлі-тірісінде қазақтың шаруасы қанша? Елінің үнемі назаранда болу деген де үлкен бақыт екен ғой білген кісіге. Тіпті сонау Алтайда жатқан менің мазам кетті, тағатым таусылды. Ақыры Шерхан ағама Жеменейден телефон шалдым. Ауыл-аймақтың амандығын сұрасқан соң, парламент сайлауына қатысу ойының бар-жоғын сұрадым. Шерхан аға:

- Шынымды айтсам сол орынға қайта-қайта жылтыңдап бара бергім келмейді. Жасым да ұлғайып қалды. Бірақ мұндағы ел-жұрт парламентке қайта баруымды өтініп, сұрап жатыр, мен қазірше дайын емеспін, сайлауға түсуіме ешкім кедергі келтіріп тұрған жоқ, соған өзім құлықсызбын.

- Ау, аға! Қытайдағы туыстарыңыз да сіздің депутат болғаныңызды шын пейілімен тілеп отыр. Мен мұндағы еліңіздің тілегін жеткізіп тұрмын ғой.

- Ондағылар мені қалай біледі? Өзің құсап араласқан біреуі жоқ!

- О, не дегеніңіз аға! Мұндағы қазақтарды тым төмен санамаңыз, көбі сіздің шығармаларыңызды өздеріңіздің сөздеріңізбен айтқанда «беске» біледі. Өткір пікір мен өтімді ойлар айтатын қайраткерлігіңізге алыстан сүйініп отырады.

- Қайратжан, өзіңнің, еліңінің тілегі деп жеткізіп жатқан жақсы лепесіңе рахмет! Моңғолстандағы, Түркиядағы біраз туыстар да хабарласып жатыр. Қытайдағы қазақтардың тілегін сен ғана жеткізіп тұрсың, мінеки. Елге сәлем айт! Көрерміз,-деп сөзін аяқтады.

            Сол жылдың күзінде мен Алматыға тағы да келіп, қайттым. Шерхан аға депутат болды. Сәлем бере барып, құттықтадым. «Ай мен Айша» кітабын сыйлап еді Шерағам.

            Осы сапарымда Қазақстанға отбасымызбен бір жолата көшіп келуге шақыру жасатып алып қайттым.

 

                                                         ***

Біз отбасымыздағы жеті адам болып 2001 жылдың 9 тамызында Қазақстанға көшіп өтіп, 11 тамыздың түнінде Алматыға жеттік. Жақсылық Сәмитұлы ағам бастап, Заңғар, Тұрсын інілерім өздері бізге жалға алуға дайындап қойған Сейфуллин даңғылының бойындағы екі бөлмелі үйге жүгімізді түсіріп, орналастырып болған соң таңға жуық үйлеріне бірақ қайтты. Әдеттегі қызық үшін қыдырып келу дегеніңіз саяхат сапары ғой, қызықтың көкесі көшіп келгенде болады екен. 77-ге келіп жер таянған қарт ана, 54 жасқа келген 2 топтағы мүгедек аға, ағамның бойжетіп қалған жалғыз қызы, өзімнің 9 жастағы, 6 жастағы екі балам бар, Жеңісгүл екеуімізді қосқанда жеті адам, ошарлы жанбыз.Алматының шығысы мен батысын айыра білу үшін де біраз уақыт кетті. Ара-тұра туыстарымыз, жерлестеріміз ерулік әкеліп, үйлеріне шақырып дегендей мәре-сәре болып жүрміз. Әсіресе қаламгер ініміз Жәди Шәкенұлы мен кәсіпкер Кенжебай Жарқайұлының көмегі көп болды.Паспорттарды тіркеу, аудару,нотариус деген жұмыстары таусылып бермейді екен. Бізге үй беретін көші-қон басқармасы, дүниедегі қазақтарға ие болатын Қазақ қауымдастығы деген мекемелердің бәріне Жәди апарып таныстырады, қалай сөйлеу керектігінен маған сабақ береді. Мен мүлтіксіз орындаймын. Есімізді жиып, оң-солымызды таныған соң барып Шерхан ағаны іздедік.

            2001 жылдың 26 тамызы түс ауа Шерхан ағаның үйіне жаңбырлытып Жеңісгүл екеуіміз жетіп бардық. Ақбілек жеңгем екеуі құшағын жайып қарсы алды. Біз Қазақстанға көшіп келгенімізді сүйіншілеп жеткіздік. Шераға:

- Бәрекелді, үлкен ерлік. Саған бұдан да бұрын көшіп келіп ал,-деп айтайын дегем, сенің көңіліңді ауыртып алам ба деп тосылғам, естуге қарағанда Қытай елінде үлкен құрметтерге бөленіп жүрген екенсің, сонысын қимай жүр-ау,- деп ойлағам. Қалай дегенмен де қазақтың соңғы тиянағы-Қазақстан. Есі бар қазақтың елін тапқаны жөн. «Халықтар достығының үлгісі боламыз» деп жан баға алмай жүрген келімсектердің, жат жұрттықтардың бәрін қаптатып жинап алдық кезінде. Енді қазақты көбейтпесек кең-байтақ жерімізді сақтап қалуымыз қиынға соғады, осыны біздің билік ойлай ма? Күманым бар. Сондықтан өздерің секілді ел таныған азаматтарымыздың елге жеткені үлкен олжа. Баспана жағдайларың қалай болып жатыр?

- Аға, бізге биыл үй беріп қалатын сияқты, сіздің жазған хатыңыздың пәрменімен кезегіміз де келген екен. Отбасымызда жеті адам болған соң үлкенірек үй болса деп өтінішімізді тапсырдық, шешілетін болды негізінен.

- Қайрат, Жеңісгүл! Сендер балаларыңмен өздеріңе тиесілі үйлеріңді ала беріңдер, Қиза апайымыз бен Уатқанға, баласына бөлек үй аламыз. Ол кісілердің тізімін алып тастаңдар.

- Оу, аға! Айта көрмеңіз, тағы бір үй аламыз деп жүріп, берілгелі тұрған үйден айырылып қаламыз.

- Қиза апай түрмеге отырды, Уатқан мүгедек болып қалды, көп қиындық көрдіңдер, елге келгенде отанның мейірімін сезініңдер. Біліп отырмын шетелден келген қандастарымызға шеткерірек жерден советский, хурщевский деген көне үйлерді арзанға сатып алып таратады екен ғой.

- Ой-бай-ау, келе сала шалқақтайтын біз кімбіз? Баспана болса болды, соған қанағат етеміз.

- Жоқ, болмайды. Қазақстанда байлық көп, ұрылар одан да көп, шетел асып кетіп жатқан қазынамызда қисап жоқ. Қарт анаға берілген бір көне үймен Қазақстанның қоржыны ортайып қалмас. Біз қазір оқушы балалар секілді каникулдамыз, төрт күннен кейін Астанаға жиналамыз. Шетелден келген отандастарымызға арналып құрылған агенттікте Алтыншаш Жағанова деген қарындасымыз үлкен бастық, соған айтам. Өзі мықты қаламгер жақсы сыйласамыз.

            Қысқасы, Шерхан ағам шешемізге де бір баспана алып берді. Осылайша  Шерағаның мейіріміне бөленген біз, қайырымына да кенелдік.

 

                                                      ***

 

            2001 жылы 14 желтоқсанда Шерағамның шақыруы бойынша келіншегім-Жеңісгүл екеуіміз Астанаға бардық. Елордамызға қоныстанған математик Жігер Қажыбекұлы мен Нұрсәуле Мерзімқызының үйіне түсіп реттеліп алдық та Шерағаға сәлем беруге кеттік. Депутаттарға арналған ғимараттардың қатаң күзет қызметтерінен өтіп Шерхан ағаның шаңырағына келдік. Құрметті қонағы болдық. Арғы-бергі ел жайынан салихалы кеңестер айттық.

Біз қайтарда Шераға:

- Қайрат, Жеңісүл екеуің бүрсікүні таңғы тоғыздан бұрын бір келіп кетіңдерші.

- Аға, қайта-қайта шақырып әуре болмаңыз, осы сыйымыз да жетеді.

- Бұл басқаша әңгіме болып тұр, Алланың құдіретіне қараңыз, биылғы ел тәуелсіздігінің 10 жылдығы 16 желтоқсан, қасиетті ораза айт мейрамымен тұспа-тұс бір күнде қатар келгенін бақыттың нышаны деп бағалап отырмын. Қош, сонымен 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған салтанатты, мерекелік жиналыс сағат 15:00-де болады, соның алдында Нұрсұлтан Назарбаев президентіміз Қаратай Тұрысов, мен секілді сақа депутаттарға айттап, құттықтап, көңіл аулап осында келетін болыпты, жаңа ғана президент әкімшілігі хабарлады. Айтайын дегенім сол. Мәртебелі патшамызбен көрісіп қалсаң дегенім ғой.

- Онда келеміз. Мұндай орайлы сәтті мүлт жіберуге болмайды,-деп аға үйінен аттандық...

 

                                                         ***

            2002 жылы Шерағамның 70 ке толған мерей тойы Алматыдағы М. Әуезов атындағы театрда салтанатпен өтті. Ұлт зиялылыры, мемлекет және қоғам қайраткерлері жиналды. Дулат ағам (Исабеков) Шерхан Мұртазаның кісілік келбетін, шығармашылық биік деңгейін жан-жақтылы зерттеген керемет баяндама жасады. Академик Зейнолла Қабдолов сахнаға көтеріліп парасатты ойлар айтты, «Шерхан – ұлттың ұяты» деп сөзін түйіндегенде жиналған жұрт орындарынан дүрк көтеріліп қол соғып қошамет көрсетті. Мен «Жырымның алтын арқауы» деген ағама арналған өлеңімді оқып ілтипатымды білдірдім. Басқасын білмеймін, ақын інім-Ауыт Мұқибек алақайлап қуанып жүр.

                                                    ***

           

            Шерхан ағам Алматыдағы бір кездесуде «Бір кем дүние» кітабына қолтаңбасын жазып беріп еді. Ағаның қолынан алған соңғы кітабым осы болды. Шерағам кейінгі кездері Алматыда, туған жері Жуалыда алма-кезек болып көп уақытын емделумен өткізді, көп ауырды. Мен ағаны іздеп туған жеріне баруға дайындалып жүрдім. Шерхан аға туралы  қоғам қайраткері, саясаттанушы Рахым Айыпұлына осы ойымды айтып едім, Рахым:

- Шерхандай ағасы бар сен бақыттысың! Шерағаң қазіргі қазақ қоғамындағы аса ірі қайраткер, ұлтшыл тұлға. Менің білуімше, таза адам, мәртебесінен пайдаланып, балаларын, туыстарын биік орынға қоюға талпынбаған, еңбексіз мал-мүлік жинамаған кісі. Әттең! жасы өтіп барады ғой, дәл қазір Шерхан сияқты он қазақ билікте отырса біздің халық мынандай аласапыранға түспес еді-ау! деп сөзінің соңын саясиландырып жіберді.

            2018 жылдың 24 маусым күні Шерхан ағамның жағдайын біліп, көріп қайту үшін жолға шықтым.

            Менде көлік жоқ. Алматыда араласатын Ержанат Өкіметханұлы деген інім бар еді. Соған өтінішімді айттым:

- Айналайын, Ержанат! Машинаңа бензин құйып берейін, Жамбылдың Жуалы ауданына барып келсек қайтеді, уақытың бола ма?

- Не жұмыспен барасыз?

- Шерхан Мұртаза деген ағам бар еді, сол кісіге, аман-сәлем жасап.

- Біз телевизордан көріп жүретін атақты кісі Шерхан аға ма?

- Иә, сол кісі.

- Ештеңеден қиналмаңыз, бензин де құйып бермеңіз, апарып келем. Ол кісіні сізбен бірге барып көру дегеніңіз арман емес пе!

            Міне осылайша жолға шыққан бетіміз. Ержанат ініме жоғардағы әңгімелердің бәрін айтып келемін. Машинаға жол алыс па, тәйірі? Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы атындағы кентке жетіп келдік. Базарда тұрғандардан Талаптыға баратын жолдың бағытын сұрап алдық та тартып отырдық. Біз аудан орталығынан шыға бере кішкене қыз бала ерткен жасамыс әйел қол көтеріп, көлігімізді тоқтатты.

- Қайда барасыз?

-Талаптыға.

- Біз де Талаптыға бара жатырмыз, отырыңыз тәте!

- Рахмет, қарақтарым! Сендер бұл жақтың балалары емессіңдер ғой деймін.

- Оны қайдан білдіңіз?

- Бұл жақта үлкен ағаларын «тәте» дейді.

- Иә, біз Алматыдан келе жатырмыз, Шерхан ағаға сәлем беру үшін.

- Оларың жөн, балалар! Шераға қазақтың мақтанышы ғой, амал не? Жасы келіп қалды, оның үстіне көбірек ауырып жүр. Аудан мен ауылымыз арасындағы осы жолды да сол кісі жасатқан. Әкімшіліктен арнайы жер бөлдіріп, кәсіпкер азаматтардың басын қосып үлкен мешіт салдырды. Айта берсе көп қой ол кісінің еңбегі...

            Аудан орталығы мен Талапты ауылының арасы айтарға болмаса талай жер екен, сөйтсе де әңгіме көрігін қыздырған біздер тез келіп қалғандай болдық.

- Ал, балалар, Талапты деген ауылымыз осы, біздің үй мынау, кіріп шәй ішіп, шөлдеріңді басыңдар. Шерағаның үйі мешіттің жанында деп естігем. Анау тұрған інісі Батырханның үйі.

- Рахмет, сізге! Шерағаға ертерек барып жолығайық, бүгін қайтамыз, Алла жол берсе.

            Шерхан ағаның інісі Батырханның үйі бір көшенің басына ала «Спатай батыр № 10 үй» екен, аулаға кіре беріп сол үйдегі тәтемізді көрдік. Жөн сұрасып, Шерхан ағаға келе жатқанымызды айтып едік;

- Сонау алыстан келе жатыр екенсіңдер, Аға Алматыға баруға дайындалып жатқан, үлгере алар ма екенсіңдер, үйге кіріп шәй ішіңдер, күн ыстық қой шөлдеген боларысыңдар.

- Пейіліңізге рахмет, ағаның үйін көрсетіп жіберіңіз.

- Осы ауылдың шығысына қарай жүрсеңдер, мешіт бар, соның төменгі жағындағы төртінші үй.

            Талапты-кең жайылған көлемді ауыл екен. Менмұндалап тұрған мешітті тауып алған соң Шерағаның үйіне бару онша қиынға соқпады. «желтоқсан көшесі-3» Шерағамның туған ауылындағы шаңырағы.

            Айтса айтқандай Шерағам Алматыға жүргелі жатыр екен, сәлемдесіп болған біздер ақ жол тілеп, Алматыда кездесуге шынайы ниет еттік. Ол кісілер аттанған соң ауылға сәл аялдадық. Шерхан ағаның екі қабатты үйі өте қарапайым салынған екен. Қымбат құрлыс материалының жоқтығы көзге ұрып тұр. Ауласы үлкенірек демесеңіз мемлекет және қоғам қараткерінің үйі дегенге сенгің келмейді.

            Күн әлі ерте болған соң ауыл адамдарымен әңгімелеуді жөн көрдік. Несіне асығамыз, өз тізгініміз өзімізде. Шерхан туған ауылға күнде келіп жүрген жоқпыз ғой. Аға үйінің батыс тұсында бір топ азамат қора салып жатыр екен, солармен әңгімелестік. Сондағы көршілерінің айтқаны: Шерхан ағаның осы ауылға көмегі көп болыпты. Соңғы жылдары мешіт құрлысы басталған соң үйін де сол жерден салдырып, бес уақыт намазын мешітте өтеп тұрыпты, қолынан тәспиығын тастамай Аллаға құлшылық етумен уақытын өткізеді екен. Ауылдастарымен ұзақ-ұзақ әңгіме дүкенін құратын көрінеді.

            Шілде айының ортасы мөлшерінде Шераға мен Алматыдағы үйінде кездестік. Жүдеңкіреп қалған екен, бейнесінде шаршап, қалжырау бар. Асыл ағамның, есіл ағамның жадау бейнесін көргенде жүрегіміз ауырды, көңіліміз бұзылды. Азуын айға білеген қайран, Шерағам-ай! Уақыт қандай қатал, өз үкімін ешқандай ымырасыз жүргізе береді. Көнсең де сол, көнбесең де сол, не істейсің!? Әттең, дүние-ай! дейсің де қоясың. Қазақта Шерхандар көп емес қой, тағы біраз уақыт ел-жұртының арасында жүре тұрса, кемеңгерлікке толы ұстанымдарын елдің жас өркен ұрпақтары біле берсе болар еді-деп бір дәрменсіз күймен тілегеніміз шын еді.

 

                                                         ***

 

            Қазақтың адал да, даңқты перзенті туған халқын ғұмыр бойы сүйіп өткен арда азаматы – Шерхан Мұртаза өмірден өтті. Алаш жұрты қара жамылды, аза тұтты. 2018 жылдың 11 қазанында мың жылдық тарихы бар мың бояулы Алматы шаһарына төрт төңіректен азалы қауым құйылды.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық Драма Театрында Шерхан ағаны соңғы сапарға аттандыру қаралы жиналысы болды. Үлкен залға келген адамдар сыймай, үстіңгі қабаттағы орындарды лық толтырды, көбі кіре берістегі үлкен аумақта, сыртта болды. Біз де кезегіміз келгенде заманауи жоралғы бойынша Шерхан ағаның ұрпақтарына, туыстарына көңіл айттық. Қазақтың кемеңгер жазушысы – 92 жастағы Әбдіжәмил Нұрпейісов арнайы дайындалған орындыққа отырмай мұраттас інісін тікесінен тік тұрып аттандырды. Ұлт абызының осындай өнегесіне қаралы қауым таң қалып, тамсана ризашылығын білдірді. Мен де Әбдіжәмил ағама арнайы көңіл айтып біздерді таныстырған Шерхан аға екендігін есімізге бір алып өттік. Елбасымыздан бері қарайғы жаназаға келе алмаған мемлекет басшыларының қазанама хатын оқып, келген министр, облыс, аудан әкімдерінің, қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, ақын-жазушылардың...көбіне сөз беріп, үлкен шеберлікпен жүргізіп тұрды мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын – Ұлықбек Есдәулетов ағам. Мен Ұлықбек ағаның зеректігі мен есте сақтауына таң қалдым, қолында жазып алған тізімдік жоқ, қаралы жиында сөйлеуге тиісті тұлғалардың біреуін де қағыс қалдырмады, тіпті Шерхан туған өңірдің үлкенді-кішілі ел ағаларының да лебізін тыңдатып үлгерді жамағатқа.

Шерхан Мұртазаны Кеңсайдағы қабырстанға жерлеуге қорғасындай ауыр салмақпен баяу жылжыған көліктер нөпірі тым ұзаққа созылды...

Мен ауруханада емделіп жатқам, жауапты дәрігерімнен екі сағатқа сұранып келгенім осы еді. Шерағама топырақ салып, құран оқылған соң асқа баруға үлгермей ауруханаға қайттым.

Бақұл бол, Шераға!

 

 

                                                         ***

 

Әлемге, елімізге кеңінен танылған кино және театр актерлері Асқар Тоқпановты аса бір құрмет биігінен еске алып «Тоқпановтың тоқпағынан шыққанбыз» дегенді мақтанышпен айтады. Сосын классик дүлдүл жазушыларымыздың, заңғар ойлы ақындарымыздың, майталман қаламгерлеріміздің көбісі «Шерханның шекпенінен шыққанбыз» деп керемет мұғжиза сезімін әрдәйім жария етуден жалыққан емес. Бұл ұлт азаматына арналған шексіз құрметтің алып мұнарасы іспетті!

Иә, Шерхан Мұртазаның ағалық мейірімін көріп, жолдары ашылған қазақтың не бір аты аңызға айналған ірі тұлғалары қаншама? Тіпті түгелге жуығының мемлекет қайраткерлері болып, әлемдік деңгейге көтерілгенін бәріміз білеміз. Айталық: Әбіш Кекілбай, Мұхтар Шаханов, Оралхан Бөкей,Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбек, Рымғали Нұрғали... секілді кемеңгер ағаларымыз Шерханның ізбасар інілері болып еді ғой.

Туған халқының ардагер перзентіне берген бағасы бұл күндері қанатты сөздерге, мәйекті мақалға айналып кетті емес пе!? «Шерхан – ұлттың ұяты», «Шерхан – ақиқаттың алдаспаны», «Шерхан – намыс найзағайы», «Шерхан – шындық шырақшысы»... деп жалғасып кете беретін аса биік мәртебелі алқаулардың Шерхан Мұртазаның мәңгілік шыңы болып қала беретіні даусыз!

 

                                         ***

Мен Шерағаммен 1991 жылдан 2018 жылға дейін тұп-тура 27 жыл араласып өттім. Кездесуіміз өте жиі болмағанмен жылнамамыз ұзағырақ. Мына бір шағын лебізді айта кетейінші: атақты ақын ағамыз Серік Қапшықбайұлы республикалық «Балдырған» балалар журналында менің достарым: Құл-Керім Елемес, Ауыт Мұқибекұлы... бәрі бірге қызмет етті. Ол кісілерді де жұмысқа орналастырған тұп-тұнық мейірім иесі, пенденің көңілі қалмасын дейтін қазақтың аса көрнекті ақыны – Тұманбай Молағалиев ағамыз болатын. Әредік үзілісте інілеріне Серік ағам: - Біздің әлгі жынды (мені айтады) Шерхан Мұртазамен кездесіп, әңгімелеседі екен, әуелі үйіне барып қонады дейді, шынын айтқанда Шәкеңмен тұстас көптеген қазақтың маңайына баруға жүрегі дауаламайды, мен де сондаймын, Қайраттікі не деген батылдық,- деп әдемі әзілге құрылған тәп-тәтті әңгімені майын тамызып айтады екен. Шыны да солай.

Шерхан ағам былайғы жұртқа сұсты, қатал болып көрінгенімен нағыз болмысы өте кең пейілді болатын. Мешел биліктің бас терісін аямай сыпырып, келеңсіздіктерді жер жебіріне жеткізіп, ұлтсыздану ұранын көтергендермен ымырасыз күрескенімен әдетте сондай жәйлі, кездескен адамдарына ерекше құрметпен қарайтын жұмсақ мінезді кісі. Реті келгенде әзіл-қалжыңның да тиегін ағытады. Көңілді сәттерінде Қазақтың «Алқоңыр», «Ақбақай» секілді халық әндерін де нашына келтіріп шырқап-шырқап жіберетін, Қырғыздың ырларын, Татардың жырларын да майын тамыза айтатын еді.

Шерхан Мұртаза ұмытылмайтын тұлға. Көнермейтін есім. Абыз ағаның ізгілікке толы өмір жолы бірнеше буын ұрпақтардың жадында жатталып, санасында сақталып қалатынына риясыз сенейік!

Кейде менің балаларым интернет сайттарынан, әлеуметтік желілерден Шерхан ағамның биік мінберлерден сөйлеп тұрған айбынды келбетін көре қалса: «әке, Шерхан атамның мына сөзін естіген бе едіңіз?» деп жүгіріп келіп көрсетіп жатады.

Солай, елім деп еңіреген есіл ер енді мәңгілік сағынышқа айналды.

Бейіште нұрың шалқысын – Шераға!!!

 

2019 жыл 17-22 ақпан

Алматы

 

Қайрат ҚҰЛМҰХАММЕД. Ақын, ҚР мәдениет қайраткері.

1966 жылы 21 тамызда ҚХР-дың Шыңжаң өлкесіне қарасты Жеменей ауданында дүниеге келген. 1992 жылы Шыңжаң университетінің филология факультетін тәмәмдаған. 1985 жылдан бастап сахнаға шыға бастаған Қайрат Құлмұхаммедұлы 2001 жылға дейін Шыңжаңда өткен айтыстардың барлығында бас жүлделерді еншілеп отырған. Осы еңбегінің арқасында 1998 жылы «Қытайдың осы заманғы әйгілі көркем өнерпазы» атағын, 1999 жылы Қытай қазақтарының бас айтыс ақыны атағын алған. 1999 жылы АҚШ-та белгіленген «Әлемнің әйгілі адамы» деген марапатты атаққа ие болған. 2001 жылы атажұрты Қазақстанға қоныс аударды. Сона бергі уақытта елімізде және Өзбекстан, Монғолия, Ресей елдерінде өткен халықаралық ақындар айтысына қатысып жүлелі орындардан көрініп  келеді.

 

Қайрат ҚҰЛМҰХАММЕД. Ақын, ҚР мәдениет қайраткері.

28.09.2022

Дереккөз: Qazaqstan dauiri

Пікір жазу
  • Үмітпен өткен ғұмыр: Бадрисафа Байтұрсын келінінің Е.Пешковаға жазған хаттары
    «Ғалия» медресесiнiң семейлiк шәкiрттерi

    Ұқсас тақырыптар