Азаттық жолында қыршын кеткен боздақтар

Уақыты: 2022-12-17 Көрлімі: 310 Сипаттама

Кеңес одағын, соның ішінде Қазақстанды да жайпап өтіп, ұлттың сүт бетіне шыққан қаймағ...




 Кеңес одағын, соның ішінде Қазақстанды да жайпап өтіп, ұлттың сүт бетіне шыққан қаймағын қалқып алған 1937-1938 жылғы зұлмат репрессияның өткені күні кеше ғана еді. «Халық жауларын», «ұлтшылдарды» түп-тамырымен құртып, НКВД жендеттері қан сасыған жеңін жаңа құрғата бастаған. Кенет... 1941 жылы Орал педагогикалық институтының 17 жастағы студенті Ғұбайдолла Әнесов бастаған өндірдей 14 жас тарих сахнасына шықты. Олардың мақсаты – ұйымның аты айтып тұрғандай, қазақ халқын қорғау болатын.

1941 жылы желтоқсан айында Батыс Қазақстан облысында кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастырып, Қазақстанды одан бөліп алуды жоспарлаған антикеңестік ұйым мүшелері әшкереле­ніп, қамауға алынды. Тергеу құжаттарына қарағанда, Екінші дүниежүзілік соғыс басталардан сәл ғана бұрын Батыс Қазақстан облысының Фурманов (Жалпақтал) ауданында «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» деген атпен құрылған жасырын ұйым жеті ай өмір сүрген. 17 мен 23 жас аралығындағы өрімдей жастардың арасында Орал педагогикалық институтының 6 студенті бар еді.

Ұйым басшысы Ғұбайдолла Әнесов небәрі 17 жаста еді. Ол 1943 жылы 19 жасында Орал қаласындағы НКВД түрмесінде атылған. Қалған 13 адам да сотталып, түрлі мерзімге түрмеге қамалды. Бірқатары сол қуғында жүріп қайтыс болды.

Қылышынан қан тамған қызыл империяға қарсы көзсіз ерлікке барған оғландардың есімін елі, ұрпағы ұмытпауға тиіс. Олар: Ғұбайдолла (Ғұбаш) Әнесов, Сейітқали Бажекенов, Сәтқали Молдағалиев, Ғұмар Тұрымов, Сайдолла Шорабаев, Мұхамбетжан Нұралин, Иғали Мұхамбетқалиев, Мәззап Әлиев, Мәннап Ахметов, Қамал Мақұлбаев, Сүндетқали Қаражанов, Өтеген Аманов, Қайырғали Сапаралин, Иманғали Насыров.

 

Ұйым қалай құрылды?

Тергеу құжаттарына қарағанда, «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» 1941 жылғы қыркүйек айының соңына таман Фурманов поселкесінде құрылған. Ғұбайдолла Әнесовтің жауабында одақты негіздеу үшін ұйымға қатысатындардың жалпы жиналысын өткізбей, әуелі Сатқали Молдағалиев екеуі ақыл­дасқаны, оған «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» деген ат беруді ұйғарғаны айтылады. Бұл шешімді Сейітқали Бажекеновке, Ғұмар Тұрымовқа, Мәззап Әлиевке айтқан, олар ұсынысты толық қолдаған.

Алайда Ғұбайдолла Әнесовтің өмірбаянына, тағдырына көз жіберсек, кеңес өкіметіне деген нара­зылық, күрес тарихы тереңде жатқанын байқаймыз. Арнаулы органдардың архивінде сақтаулы жатқан осы іспен толық танысып, сараптама еңбек жазған оралдық тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев осы жайтқа тоқталған.

«1936 жылы Фурманов (қазіргі Жалпақтал) поселкесінде 14 жастағы Әнесов Ғұбайдолланың отбасымен бірге сол кездегі Фурманов аудандық атқару комитетінің іс жүргізушісі болып қызмет атқарған 25 жастағы Сатымов деген туысқаны тұрған. Жасөспірім Ғұбайдолланың саяси көзқарасының жетілуіне осы азаматтың әсері болғандығын айыпталушы Әнесовтің жауаптау хаттамаларынан аңғаруға болады. Алайда Сатымов құрт ауруына шалдығып, көп ұзамай сол 1936 жылы дүниеден өткен. Ауруы әбден асқынған ол бақи өмірге аттанар алдында Ғұбайдолланы өзіне шақырып алып, саналы ғұмырын қазақ халқын орыстың бұғауынан босату жолына арнағандығын айтып, мектеп оқушысы – Ғұбашты кеңестік билікке қарсы ұйымдасқан күреске бағыштап, Қазақстанды КСРО-дан бөлуге әрекет жасау керектігін өсиет еткен. Сатымовтың бұл өсиетін жаттап қалған зерек бала ержете келе, айтылған әңгіменің саяси астарын жете түсіне бас­тайды. Бұл жерде азамат Сатымов сол жылдардағы кеңес өкіметіне қарсы ұйымның мүшесінің бірі болды ма екен деген де ой келеді. Бірақ мұрағат құжаттарымен толық танысқан біз Сатымов туралы басқа ешқандай мәлімет таба алмадық» деп жазады Жаңабек Жақсығалиев.

Ғұбайдолла Фурманов орта мектебінде оқып жүргенде 1940 жылға дейін кеңес өкіметіне қарсы пиғыл көрсетпеген. Бірақ 1940 жылдың орта шенінен бастап өз көзқарасын кілт өзгерткен. «Қазақстан КСРО құрамынан бөлініп, оның Түркия, Иран, Ауғанстан, т.б. елдер сияқты дербес мемлекетке айналуы үшін, кеңес үкіметіне қарсы күрес жүргізу керек» деген ой қалыптаса бастаған. Осы көзқарасын ол алғаш рет Сейітқали Бажекеновпен бөліскен. Өзімен бір мектепте оқитын 8-сынып оқушысы Иманғали Насыров та осы пікірге келеді. Сөйтіп, олар партия мен өкіметтің ұлт саясаты ұлтты жоюға бағытталған деп шешеді. Ғ.Әнесов былай дейді: «Біздің пікірімізше Қазақстанда дербес мемлекет болған жоқ, бәріне орыстар билік жүргізіп келеді. Осындай тұжырымға келген соң біз КСРО-дан бөлініп, қазақтың дербес мемлекетін құру үшін кеңес өкіметіне қарсы қарулы күрес жүргізу керек деген шешімге келдік. Кешікпей оқу жылы аяқталып, Насыров «Талдықұдық» кеңшарындағы ата-анасына жазғы демалысқа кетті (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №3789, т.2, 156- парақ).

1940 жылғы тамыз айының басында Насыров каникулдан келген соң үш дос бір мезгілде Оралдағы мұ­ғалімдер институтына түсуге сөз байласады. Сөйтіп, олар 1940 жылғы 19 тамызда Оралға келіп, Әне­сов физика-математика, Насыров пен Бажекенов тарих факультетіне студент болып қабылданған. Осы кезде Ғұбаштың жақсы танысы Қамал Мақұлбаев та Фурмановтан келіп, Оралдың гидротехникумына оқуға түскен.

Көп ұзамай үкіметтің ақылы оқуды енгізген жар­лығына сәйкес Насыров пен Бажекенов 1940 жылы 6 қазанда ауылға қайтатын болып, оларды Әне­сов пен Мақұлбаев вокзалдан шығарып салған. Жол­дастарының көзқарасын мақұлдаған Қамал анти­кеңестік жұмысқа өзінің де белсенді атсалы­са­ты­нын білдірген. Бірақ ол да сол жылғы қарашада ги­дро­техникумдағы оқуын тастап, ауданға кетіп қалған.

Өз мүдделестерінен оқшауланып қалған Ғұбаш жаңа пікірлестер тауып, жұмысын одан әрі жал­ғастыруды көздейді. Осыған байланысты мұға­лімдер институтының тарих факультетінде үздік оқитын Сайдолла Шорабаевпен 1941 жылы сәуірдің бас кезінде жақын әңгімелесе бастайды. Бастапқыда сабақ төңірегінде басталған әңгіме кейін партияның ұлт мәселесі жөніндегі бағытын сынауға ұласады. «Мұнан әрі біз Қазақстан экономикасын кеңес өкіметінен бөліп алу жағын ашықтан-ашық қарастыра бастадық. Қазақ халқы, оның тілі мен мәдениеті өркендемейді, қазақтар ұлт ретінде дамымайды, керісінше жойыла береді деп тұжырымдап, Қазақстанның КСРО-дан бөлінуіне бағытталған кеңес өкіметіне қарсы ұйымдасқан белсенді күрес жүргізуді қажет деп шештік»,  деп жауап берген саяси ұйымның жетекшісі Ғ.Әнесов.

Дәл осы кезде Ғұбайдолланың әрекеті НКВД-ның назарына түсе бастайды. Сөйтіп, құпия ұйымның ішіне «жансыздар» кіріп кетеді.

Бірақ бұл кезде Ғұбайдолла Әнесов өз идеясына бекем тоқтаған болатын. Сатқали Молдағалиев Ғұбайдолланың мына сөздерін есіне алған: «Маған айтатыны, қазақтардың тұрмысы нашар, көбі жұмыссыз, салықтарды көп тө­лейді, тіпті үйлері жоқ, жер үй­лерде тышқандар сияқты өмір сүреді. КСРО Конституциясында барлық адамның құқығы тең, іс жүзінде көп адамның, соның ішінде – қазақтың құқығы сақталмайды. Үкімет ешқандай кінәсі жоқ сенің атаңды – Молдағалиді қамауға алып, соттап жіберді. Мына үкіметтен не жақсылық көріп жатырсың, жұмысың жоқ, тұрмысың нашар» деген.

Ғұбайдолла осындай әңгімені Иманғали Насыровқа да айтқан: «Есімде, 1940 жылы қаңтар айының аяғында екеуара әңгімеде кеңес өкіметі кезінде қазақ халқының жағдайы тым ауыр, адам төзгісіз қалыпта, тіпті өмір сүруге қаражат табу қиын екенін дәлелдеуге тырысты. Тіпті патша заманында да дәл бұлай болмағынын айта келе, қазақ халқының мәдениеті мен тілі бұрмаланып жатыр, қазақтар ең соңғы, ең төмен ұлт болып саналады, яғни олар адамға саналмайды дегенді айтты. Дәлел ретінде басқарушы және жауапкершілігі жоғары орындарда тек қана орыстар отырғанын, ал қазақтар қара жұмыс істеп жүргенін мысал қылды. Осыдан кейін Әнесов: қазақ халқы бізге сенеді, бізді зиялылар деп есептейді, сондықтан болашақта біз қазақ халқының мүддесін қорғауымыз керек, ал ол үшін ұйым құрып, КСРО-дан Қазақстанды бөліп алу бағытында ұйымдасқан түрде күрес жүргізіп, дербес қазақ мемлекетін құру қажет» деген екен.

 

«Дербес қазақ мемлекеті болсын!»

Өз пікірлестері мен жақтастарын көбейткен Ғұбайдолла Әнесов бастаған топ енді нақты іс-әрекетке кірісе бастайды. Тергеу құжаттарына қарағанда «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» контрреволюциялық ұлтшыл ұйымының алғашқы отырысы 1941 жылы қыркүйектің алғашқы күндерінде аудандық емханада өткен. Құпия жиналысқа Ғ.Әнесов, С.Бажекенов, Ғ.Тұрымов, М.Әлиев, И.Мұхамбетқалиев қатысқан. Терезені әртүрлі киіммен қымтап, жиналысты С.Бажекенов ашып, сөзді Ғ.Әнесовке берген. Жиналыста қарулы көтерілісті қалай ұйымдастыру жайы сөз болған. Ұйым мүшелері, Мәннап Ахметов пен Қайырғали Сапаралин, т.б әскерге аттанатын күні, шақыру қағазына ие болған 150-дей жігітті қарулы көтеріліске жұмылдыру жоспарын талқылаған. Әскери комиссариат әскерге шақырылғандарды Александров Гай стансасына дейін шығарып салатынын білген олар, жалпы жағдайды талдай келе әскерге шақырылғандарды аудан орталығын басып алуға пайдаланбақшы болып ұйғарады. Жиынға қатысушы ұйым мүшелері әскерге аттанғандарды «Красный партизан» кеңшары тұсында салт атпен қуып жетіп, жоспарын қарулы жолмен жүзеге асырмақшы болып келіседі. Бір сағатқа созылған жиналыста осындай мәселелер жоспарланады. Алайда әскерге аттанушылардың күні өзгергендіктен, көтеріліс жасау мәселесі аяқсыз қалған.

1941 жылғы қыркүйек айының екінші жартысында Ғұбаш ұйым мүшелері Молдағалиевке, Бажекеновке және Тұрымовқа қазақ халқына үндеу жасайтын контрреволюциялық үнпарақ жасап шығарудың қажеттігін айтады. Үнпарақтың жобасын жазып, оны ауыл сыртындағы иесіз жер үйде талқылайды. Оған Молдағалиев, Бажекенов, Әлиев және Әнесов қатысқан. Талқылау бірнеше күнге созылған.

Ұйымның тағы бір жиналысы 1941 жылғы қараша айында Сәтқали Молдағалиевтың сарайында болған. Бұл жиналысқа Әнесов, Бажекенов, Молдағалиев, Құлбасов және Әлиев қатысқан. Ғұбаш Оралдан келген Құлбасовқа (бұл адам ұйым ішіне кірген сатқын тыңшы болатын) Бажекеновті, Молдағалиевті және Әлиевті таныстырып, ұйым мүшелерінің рухын көтеру үшін Құлбасовты жақсы қызметкер ретінде мадақтаған. Сол күнгі жиналыста тәртіп, мүшелік билеттерді басу, ұйымның мүшелік жарнасы және Молдағалиевті казначей етіп сайлау мәселелері қаралды. Бір сағатқа созылған жиналыста аталған шаралар жүзеге асып, әуелі Әнесов, сосын басқалары сөз сөйлеген.

1941 жылы ұйым мүшелері Қазақстан өкіметінің басшыларына антикеңестік мазмұнда хат жазу туралы бір шешімге келеді. Кейін хатты көбейту мәселесі туады. Бұл мақсат үшін баспаханалық қаріптер мен бояуды ерте дайындап, жәшік ішінде жасырып, қазақ зиратында сақталған. Жасырын баспаханада «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымының мүшелік билеттері де басылып шыққан. Баспаханаға қажетті жабдықтарды, мәселен, қаріп­тің кірін жууға қажетті керосинді Тұрымов пен Бажеке­нов беріп отырса, бояуды Әлиев аудандық баспаханадан алып отырған.

Алғашқы үнпарақтар терілген соң Әнесов партия мен кеңес өкіметінің жекелеген басшыларына хат жазу жолын ойлай бастайды. Бұл жөнінде әуелі Мол­дағалиевпен, сосын Бажекенов және Тұры­мовтармен ақылдасады. Шамамен 1941 жылдың 9-10 қарашасында Сәтқали Молдағалиев екеуі Ғұбаштың үйінде хат жазуға кіріседі. Сонымен КСРО Жоғары Кеңесі президиумының төрағасына, КСРО Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасына және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі президиумының төрағасына үш хат жазылады. Алғашқы екі хатты Молдағалиев жазса, соңғы хатты Әнесов қазақ тілінде жазған. Хаттың жазылған уақыты 9-10 қараша болса да, олар саяси жағынан тиімді болады деген есеппен 7 қараша, яғни Қазан төңкерісінің 24 жылдығы күні жазылды деп белгілеп, Қазақстанды бөлу жөніндегі талаптарын осы күнге сәйкестіреді.

Хаттың мәтіні:

«КСР Одағы Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы М.И.Калинин жолдасқа қазақ халқынан достық сәлем.

Біз «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымының мүшелері қазақ халқының атынан осы хатты жолдай отырып, мынадай талап-тілектерімізді білдіреміз. Қазақ халқы КСРО Конституциясына сәйкесті дербес қазақ мемлекеті болып бөлінгісі келеді.

Оның себебі, орыстандыру саясатына байланысты қазақ тілі, қазақ халқының мәдениеті мен халықтың құқығы аяққа басылды. Қазақтар қазір құл сияқты тұрып жатыр. Күні-түні жұмыс жасайды. Өнімді аз алады. Оны да мемлекетке береді. Киінуге түк қалмайды.

Қазақ халқының орыстардан бөлінуін сұраймыз. Егер бұл талаптарымыз орындалмаса, халық отан­ның дербестігін амалсыздан қолына мылтық алып қорғауға шығады. Жауапты осы жылдың 1 жел­тоқсаны күні «Правда» газеті мен радиодан күтеміз.

ГАКСИМ 7/11-41 жыл.»

«ГАКСИМ» деген қол Ғұбаш Әнесұлы Көше­ков, Сәтқали Иманғалиұлы Молдағалиев деген ұғымдарды беретін еді. Қалған екі хатта олар есімдерін әдейі түсініксіз етіп жазған.

Бұл хаттар тиісті мекенжай жазылып, пошта арқылы жіберілген.

Ұйым өз жұмысын нығайта беру үшін ұйым мүшелерін жекелеген аудандарға бөлген: Әнесов – Фурманов ауданына, Бажекенов – Жәнібек ауданына, Құлбасов – Жымпиты, Нұралин – Жаңақала ауданы­на баруға тиіс болған. Қазталов ауданына бару Қамал Мақұлбаевқа жүктелді. Адамдарды аудандарға бөлу шамамен 1941 жылғы қараша айының соңына таман жүргізілген. Мақсат – 1942 жылы сәуірдің басында Батыс Қазақстан облысының бірқатар ауданында әскери көтеріліс ұйымдастыру. Осыған қажетті Батыс Қазақстан облысының жағрафиялық картасын Байтұрған Әбілхайыров есімді азаматтан алған. Барлық ауданда көтерілісті бір мезгілде бастау үшін шартты түрде хабар беруге келіскен. Мы­салы, Ғұбайдолла Әнесов көтерілісті 1942 жыл­дың 5 сәуірінде бастайтын болса, «Менің үйлену тойым 5.IV.42 жылы болады» деген жедел хат жолдауға келіскен. Ғұбайдолла Әнесов Фурма­нов, Жәнібек және Жымпиты аудандарында көтері­ліс­ті бір мезгілде бастауға тырысқан. Көтеріліс уақы­тын 1 сәуір деп белгіледі. «Бұл кезде жер өте лай­саң, машина жүре алмайды, ал көтерілісшілер салт атпен шығады» деп жоспарлаған. Ұйымды қаржыландырудың төте жолы ретінде банкіні тонау да ойластырылған еді.

Бірақ балғын боздақтар әзірлеген барлық жоспар сәтсіз аяқталды. 1941 жылы 21 желтоқсанда НКВД ұйым мүшелерінің бәрін тұтқындады. Ұйымның ішіндегі жансыз арқылы барлық жоспарды алдын ала біліп отырған НКВД облыстық әскери комиссариатпен келісіп, жалпақталдық жастарды соғысқа алуға әдейі асықпайды. Әбден іздерін аңдып, қолға түсіреді.

 *  *  *

Бір жылдай тергеп-тексеруден кейін Ғұбайдолла Әнесов КСРО НКВД жанындағы айрықша кеңестің шешімі бойынша ату жазасына кесілді. Үкім 1943 жылы қаңтар айында орындалған. РСФСР Қылмыстық кодексінің тиісті баптары бойынша ұйым мүшелері С.Бажекенов, С.Молдағалиев, Ғ.Тұрымовтар – 10 жылға, С.Шорабаев, М.Нұрәлин, И.Мұхамбетқалиев – 8 жылға, қалғаны 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Қ.Сапаралин 1942 жылдың 7 желтоқсанында НКВД қызметкерлерінің соққысынан қаза тауып, ісі тоқтатылады. Соған қарамастан оны да бес жылға соттап жіберген.

Бұл азаматтардың кейбіреулері айдауда жүріп қайтыс болды. Олар Сібірде Карлаг пен Колымада азап шекті. Жазасын өтеген соң да ұйым мүшелерін қайтадан Қиыр Шығысқа жер аударып жіберді. Кеңес өкіметі оларды ғұмыр бойы саяси тұтқында ұстады. Тек еліміз егемендік алғаннан кейін ғана 14 боздақ ақталды. Қазақстан Республикасының бас прокуратурасы 1993 жылдың 26 ақпанында аталған қылмыстық іс бойынша арнайы қорытынды жасап, «Қазақ халқын қорғаушылар одағының» барлық мүшесін толық ақтады.

 *  *  *

Өртеңге шыққан гүлдей жарқ етіп шығып, аз күн жайқалған «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» мүшелерінің тағдыры осындай болды. КСРО кезін­де жабулы жатқан бұл тарихты алғаш қозғаған – жур­налист Амангелді Шахин «Сол бір сүргін», «Қор­ғаймын деп қазақты» атты тарихи-деректі кітап жазды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұнайдар Балмолданың «Он төрт» атты тарихи романы жарық көрді. Оқиғаны ғылыми тұрғыдан сараптаған ғалым Жаңабек Жақсығалиевтің еңбегін осы мақаламызда кеңінен баяндадық. Батыс Қазақстан облысында Жалпақталдағы жасырын жастар ұйымы туралы насихат жұмысы жеткілікті дәрежеде деп айта аламыз. Алайда ел басына күн туған қиын кезде халқын қорғауға ұмтылған жалынды жастардың тарихын күллі қазақ білуі тиіс. Тәуелсіздік күні қарсаңында осы тақырыпты жаңғыртқан мақсатымыз да сол еді.

 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

Батыс Қазақстан облысы

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Пікір жазу
  • Құсбегі болу үшін құстың тілін меңгеру керек
    Қарашаңырақ және көш

    Ұқсас тақырыптар