ТАҒАТСЫЗДАНА КҮТКЕН КӨКТЕМНІҢ КӨРІСУ АМАЛЫ

Уақыты: 2023-03-16 Көрлімі: 312 Сипаттама

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұжымы, студенттері мен қонақтары 14-наурыз күні оқу орнының Жастар алаңында көптен күткен Көрісу мерекесін атап өтті....

5.JPG

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұжымы, студенттері мен қонақтары  14-наурыз күні оқу орнының Жастар алаңында көптен күткен Көрісу мерекесін атап өтті. Мерекеге осында білім алып жатқан Қытай, Түркия, Моңғолия, Пәкістан, Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Үндістан және т.б. мемлекеттер студенттері мен магистранттары да қатысты. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеп, көктем мерекесінің мазмұнын байытуды тапсырғаны белгілі.

Сол себепті Үкімет шешімімен Қазақстанда Наурызды жаңа форматта 10 күн тойлау үрдісі пайда болды. Әр күннің өз атауы, өз міндеті бар.  Солардың алғашқысы, көктемгі мерекені бастап беретін Көрісу амалы – еліміздің  батыс аймақтарында тойланатын ежелгі мейрамдардың бірі және елімізбен шекаралас аймақтардағы қазақтар арасында сақталған ежелгі дәстүр. Қыстан аман шыққан қуанышымен бөлісіп, есендік сұрасып, жақсылық тілеу ғана емес, сонымен қатар, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді білдіретін іс-шара.

Жадыраған көктеммен жарыса келген көрісу күні жұмыр жердің бетіндегі барлық тіршілік иелеріне қуаныш алып келеді. Университет басшылығы келген қонақтарға дастархан жайып, мерекелік концерт ұйымдастырды. Дәстүр бойынша концерттік бағдарламаны ҚазҰУ-нің өнерлі студенттері әсем әндерімен ашты.

4.JPG

ҚазҰУде жылда тойланатын бұл мереке болашақ өсіп келе жатқан ұрпаққа салт-дәстүрді жалғастыру мақсатында аталып өтіледі.

Салтанатты бөлімнен кейін жиылған жұрт арнайы дайындалған ақ дастарханнан дәм татты. Оған ұлтымыздың дәстүрлі тағамдарынан бауырсақ, ет, қазы-қарта, ал сусындарынан қымыз, шұбат, шай қойылыпты. Аға буын өкілдері – қадірлі қариялар мен әл” де қызмет жасап жүрген еңбек ардагерлері – жастарға баталарын беріп, шежіреден біраз сыр шертті.

Университет әкімшілігі мен іс-шараның құрметті қонақтары бірігіп, еліміз бен өзге мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынас ұлғая берсін деген ниетпен арнайы ұйымдастырылған ұлттық ойындарды тамашалап, белсенділік танытты.

Салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды болашаққа апаратын, бірлік пен татулықты, мейірімділік пен инабаттылықты паш ететін, ұлттық болмысымызды дәріптейтін жарқын мереке – Көрісу күні құтты болсын! Бүкіл қазақ еліне  жаңа жасының табысты болуын тілейміз.

Болат Әбенов,

Ақпараттық жүйелер кафедрасының аға-оқытушысы

Қазақстан журналистер одағының мүшесі;

Шона Шинасылов,

Ақпараттық технологиялар факультетінің 1 курс докторанты 


Пікір жазу
  • Алматыда соңғы 30 жылдағы Наурыз тойы жайлы онлайн көрме өтіп жатыр
    Кері қайту

    Ұқсас тақырыптар