Дикторлар дұрыс сөйлесін десек…

Уақыты: 2018-08-08 Көрлімі: 3518 Сипаттама

Тіл туралы мәселе көтере қалсақ, өз ана тілінде сөйлей алмайтындарға назар аударамыз. М...

h-58.jpg

Тіл туралы мәселе көтере қалсақ, өз ана тілінде сөйлей алмайтындарға назар аударамыз. Мемлекеттік бағдарламалар да тілді үйренуге, ары қарай сөйлеп кетуге негізделген. Ал сөйлеп жүргендеріміз қаншалықты сауаттымыз? Иә, орфографиядағы заңдылықтар секілді сөйлеудің де өз ережелері бар. Алысқа бармай-ақ, ХХ ғасырдың басындағы зиялылармен тілдесе қалсақ, біз бір-бірімізді онша түсіне бермес едік. Себебі ол заманда қазақ сөзі қаріпке енді түсе бастап еді. Тілдің табиғи болмысы сақталған-тын. Ал қазір ше?

Дәл осы дәуірде біз кірме сөздерді өз дыбыс шығару заңдылығымызға сәйкес турап, бойы­мызға қазақы қалыппен сіңіруден қалып барамыз. Құдды бір қазақ тілінің болмысы өзгеріп, иммунитеті әлсіреп кеткендей. Иә, ақыл айтып отырған менің өзім иммунитет деген осы бір сөзді қазақ тілінің заңдылығына салып айтар ма едім?! Анығында өмірді қабылдауы басқа мәдениеттердің тартысына түспеген таза қазақ қана бөтен, жат сөздерді өзінің үн шығару тәсіліне сала алады. Ал ақпаратты қос тілде оқып, қос тілде ойланып жүрген менің мәдени қақтығыстарға түспеуім мүмкін бе? Мәселен, менің Рәзия Кенжебекова деген 80 жастағы әжем теледидардың пультін «бөлт» дейді. Бөлтіңіз не деп күлгендерге анау арналардың арасын осы бөліп тұрады ғой, бөлт демегенде немене деп өз шындығын дәлелдейді. Газ плитасын «кәз ошақ» деп қазақы танымға сала алатын әжем секілді қазақтар азайып бара жатыр. Сондықтан болар, біздің эфирдегі сөзіміз де тым жасанды, жансыз, қысқасын айтқанда, біз қазақша сөйлеп тұрамыз. Бірақ қазақ тілінде сауатты сөйлеуден қалып барамыз. Бұған не себеп? Бұл қай уақытқа дейін жалғасады? Басқаны қойғанда жаңа графикаға көшкендегі қазақшамыз қалай болмақ? Ел алдына шығып сөйлейтін дикторлар сөйлеу кезінде неге үнемі қате жіберіп алады? Осы сұрақтар төңірегінде аталмыш мәселеге қатысы бар мамандардан пікір сұраған едік.

Сауық ЖАҚАНОВА, ардагер радиожурналист, ұстаз, ҚР еңбек сіңірген әртісі:

ЖАҢАЛЫҚТЫ ЕМЕС, ӨЗІН КӨРСЕТУГЕ ҰМТЫЛАТЫН МАМАНДАРДЫ ТҮСІНБЕЙМІН

– Мамандық адамның өмір бойғы серігі ғой. Сіз даусыңыз арқылы мұқым қазаққа танымал болған дикторсыз. Артыңыздан ерген, сосын мамандықты таңдап, ел алдына шығып жүргендер жайлы не дер едіңіз?
– Қазіргі жас мамандар ақпаратты сауатты жеткізуге емес, өзін көрсетуге көп көңіл бөлетін сияқты. Бірақ осы әдеттің кесірінен ұлттың үніне айтарлықтай нұқсан келіп жатыр. Бұл жай менің жаныма сондай батады. Дыбыс шығару аппараттарымен қалай жұмыс жасауды білмей, міндетсіп сөйлеу, ұрысып тұрғандай екпін түсіріп сөйлеу әдетке айналды. Ал қазақтың сөзі мен үні қандай керемет, қоңыр ғой. Үн тура ұлттың мінезі секілді жайдары, дархан болуы керек. Оның үстіне біздің заманымыздағыдай арнайы дайындалған дикторларды емес, ортақ журналистиканы бітірген мамандарды жұмысқа алады. Олар қазақтың үн шығару заңдылықтарынан бейхабар күйінде эфирге шығып жатады. Телеарналар мен радио басшылары қазаққа шындап жаны ашыса, осы мәселені қолға алуы тиіс. Әр ұлттың өз мінезі, соған сай дыбыстарды шығару ерекшелігі бар. Өзге, дамыған елдердің эфир тізгіншілеріне ұқсап, жұлқынып, сөздерді қатаңдандырып айтуға болмайды.
– Қазір эфирге шығып жүрген дикторлардың қайсысына іштей риза болып отырасыз? Барлығы тегіс нашар сөйлемейтін болар. Ілуде біреуі бар шығар.
– Журналистерден Дана Нұржігіттің кәсібилігі ұнайды. Ол өзін көрсетуге тырыспайды. Жүргізіп отырған бағдарламасына жаны ашиды. Жоба жұртшылыққа жетіп, діттеген үдеден шықсам деп ойлайтыны көрініп тұрады. Қайсыбіреулер секілді тістеніп, қатқыл сөйлеп аузынан шыққан сөзді үркітіп, қазақтың құлағының етін қажап жатқан жоқ. Байсалды дауыспен жүргізеді. Енді қалыптасып келе жатқан жас мамандар Данаға еліктесе болады. Біз қазір эфирде жүрген жоқпыз. Алтын қордағы дауыстарды жастар тыңдамайтын шығар.

Гауһар КӨШЕРБАЙҚЫЗЫ, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА колледж мұғалімі, өнертану магистрі:

АЛДЫМЕН ДЫБЫСТАРДЫ ОҚУҒА  МАШЫҚТАН­ДЫРАМЫЗ

 – Дикторлардың сахна тілінен сауаты болуы тиіс деп жатамыз. Эфирге, халық алдына шығып түрлі кештердің тізгінін ұстайтын мамандарды дайындауда қандай әдістеме пайдаланасыз­дар?
– Мен Мұрат Тастайұлы Әбзелбаевтің әдістемесін пайдаланамын. Бұл еңбек дұрыс сөйлеймін, нәпақамды қазақ сөзі арқылы табамын деген әрбір маманның үстел кітабы, тіпті бойтұмарына айналуы тиіс. Әбзелбаев – Петербор мектебін көрген, сол жақта жоғары оқу орнын аяқтаған әдіскер. Деммен жұмыс жасау жаттығулары өте жақсы жасалған.
– Петербор мектебін көрген деп қалдыңыз, әдістемеде қазақ тілінің орфоэпиялық заңдылықтары ескерілген бе? Дем шығару, тыныс тарту бөлек те, үн шығару мүлдем басқа ғой.
– Әрине! Дыбыс үндестігіндегі үш ықпалға ерекше мән береміз. Әр баламен жұмыс жасаймыз. Ықпалдарды игермеген бала сахнада дұрыс сөйлей алмайды. Сондықтан алдымен дыбыс­тарды, одан кейін тіркестерді дұрыс айтуды үйретеміз де, екінші курста поэзия оқуды бастаймыз.
– Поэзиядан кімдерді оқытасыз­дар. Мұқағали Мақатаев деп жауап беретін шығарсыз.
– Несі бар, маған Мақатаев ұнайды. Бірақ балалар оқитын өлеңді өздері таңдайды. Көбіне Қалқаман Саринның жырларын жаттауды құп көріп жатады.
– Телеарналар мен үлкен концерттерде тістеніп, тепсініп сөйлейтіндерді көріп жүрміз. Бұл кадрлар қайдан шықты?
– Біз дайындаған балалар театрға барады. Меніңше, журналистерді дайындау кезінде де сахна тіліне айрықша мән беру керек шығар.

Съезд АҚЫМБЕК, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі:

ТРАНСКРИПЦИЯ ТҮЗЕЛМЕЙ, СӨЙЛЕУ МӘДЕНИЕТІ ҚАЛЫПТАСПАЙДЫ

– Осыдан бір ғасыр бұрын қазақ тілі қандай болды?
– Қазақ тілі дыбыстық жүйе­сі, өзіндік табиғаты, заңдылығы бар тілдердің қатарына жатады. Ілкім заманнан бері үндестік заңы, дыбыстардың бір-бірімен жымдасып, қиындасып, Байтұрсыновша айтар болсақ, «екшеліп, текшеліп, атадан бұра болып жеткен қазынамыз». Бір ғасыр бұрын бабамыздың қара тілі табиғаты қаймағын бұзбаған қалпында сақталып тұр еді. Мәселен, сол заманда сауда-саттықтың дамуына байланысты орыс тілінен самовар, кровать, ботинка, конфета деген сияқты толып жатқан сөздерді қазақ жаншып, дыбыстық жамылығысын өзінің ана тілінің ерекшеліктеріне сәйкес өзгертіп самаурын, бәтеңке, кереует, кәмпит деп қабылдады. Бұл құбылыс тілдің табиғатын көрсетеді. Біз осы саланы зерттеп, атамұрамызды болашаққа аманат етуге тиістіміз. Сондықтан дыбыстық жүйенің табиғатын әр сабақта түсіндіріп, әбден дағдыға айналдыруға тырысамыз.
– БАҚ, оның ішінде теледидар мен радио дикторларының сөйлеу мәнері жөнінде не айтасыз?
– Дикторлардың сөйлеу машығына қарап отырып, «әттеген-ай» дейтін кездеріміз жоқ емес, бар. Бірақ олар сол әттеген-айларға әдейі, саналы түрде бармайды. Себебі сөйлеу заңдылығының ғылыми-теориялық негізі қаланғанымен, насихат жағында, мамандарға түсіндіру кезінде кемшіліктер кетіп жатады. Әдетте қазақ тілі мен әдебиеті және қазақ филологиясы мамандығына оқуға түскен студенттер әрбір курс­та тілдің салаларын жеке-жеке оқып шығады. Ал 2012 жылдан бері жаңа білім беру стандарттарына байланысты журналистика факультетін бітіретін студенттердің мамандығында бірде-бір тілдік пән жоқ. Журналистика факультетін бітіре тұрып сөйлеу мәнері мен машығын, сөз сазына байланысты пәндер оқымайды. Енді бұл олқылықты толтыру үшін жұмыс берушілер, әсіресе, телеарна басшылары алдына келген жас маманның тілдік құзыретін тексеріп, арнайы сертификат талап етуі тиіс. Сонда жоғары оқу орны жұмыс берушінің талабына сай кадр дайындауға кірісер еді. Алысқа бармай-ақ, 1 қыркүйек білім күнінде радионы мұқият тыңдаңызшы. Дикторлар қалай жазылады, дәл солай оқып тұрады, тіпті қыркек дей салатындар да бар. Анығында, бірінші ғыргүйөк- білім гүнү болады емес пе? Мақатаевтың туған күнінде де өрескел қате кетеді. Ағиық деп айтылуға тиісті сөз, жазылғаны күйінде ақиық деп айтылып жатады. Меніңше, мұндай қате жіберу телерадионың рейтингісін түсіреді. Қазақтілді аудиторияның саны азайып кетеді. Себебі тыңдарман ақпарат жеткізіп отырған адамға сенуі керек. Содан кейін тіл жанашыр­ларының да ол БАҚ-қа деген көзқарасы дұрыс болмайды.
– Мұндай қателіктерді байқаған кезде оларға хабарласып, ескертіп отырмайсыздар ма?
– Бұрын ұстаздарымыз эфирді тыңдап, байқаған қателіктерін хабарлап отыратын. Ал менің бірінші кезектегі мақсатым – алдымдағы шәкірттерді тәрбиелеу деп есептеймін. Шәкірттің өзі айтқандарымызды 100 пайыз іске асырады дегенге де сенбейміз. Себебі әлемдік тәжірибе бойынша студенттер жоғары оқу орнында алған дағдылардың үштен бірін пайдаланатын болса, соның өзі жақсы нәтиже деп есептеледі.
– Жазу – емле жүйемізді латын графикасына көшіргелі отырмыз. Ол кездегі жағдайы­мыз қалай болмақ? Үндестік заңымызға одан сайын нұқсан келмей ме?
– Ана тіліміз жаңа бір жауапты кезеңнің алдында тұр. Бұл шешім әлемдік коммуникация мен жаһандану жағдайына байланысты қабылданды. Халел Досмұхамедұлының «Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы» деп аталатын шағын ғана мақаласы бар. Мақала шағын болғанмен, арқалаған жүгі – зор еңбек. Сонда автор: «Мәдениетке ұмтылған ел-жұрттың тілі өзгермекші. Топан судай қаптаған жат сөздер заманында қазақ тілі өз табиғатын қалай сақтап қалмақ керек» деген мәселе көтереді. Орыстың дыбыстық жүйесі арқылы мұрты бұзылмай енген сөздердің нобайы 12 мыңға дейін жетіпті. Әлі күнге дейін сөздер еніп жатыр. Мысалы: фьючер, майнинг, биткойн, фрилансер деген секілді сөздерді естіп жүрген боларсыздар. Бұлардың барлығы орыс тілінің емлелік заңдылығымен жазылып жатыр. Латын графикасына көшер кезде осы сөздерді дыбыспа дыбыс қабылдай салсақ, тілге деген жанашырлықтың жоқтығы деп есептейміз. Бұл сөздер дыбыстық жағынан өзгеріп, қазақ тіліне бағынуға тиісті. Мысалы, майнинг деген сөзді мәйниң деп айтуға болады. Тіпті компьютер деген сөздің өзін бастапқы ағылшын тіліндегі орфоэпия­лық бейнесіне сәйкестендіріп те айтуымызға болады емес пе?
– Кісі есімдері мен жер-су атауларын да қазақ тіліне сәйкестендіру мүмкіндігін латын графикасына көшкен тұста ескеру керек секілді.
– Әрине! Германияны – Алмания, Испания дегенді Испан деп төркін тілдегі мүмкіндігімен қалдырсақ, Египетті біржола Мысыр десек, бізге кім кедергі? Американы тура орыс тіліндегі сөйлеу нұсқасымен айтып жүрміз, оны қазақша сөйлегенімде Әмірен, немесе Әмірке деуге болады. Тек қана айтып қоймай, дәл осылай жазсақ, біздің ана тіліміздің шаруасына кім араласады?
– Дұрыс айтасыз. Тілдің өз табиғатын сақтауына біз ғана ықпал ете аламыз. Дегенмен жоғарыда жаһандану мәселесіне сәл тоқталдық. Сауатты сөйлеу жайында айтып отырмыз ғой. Орфоэпиялық сөздік деген бар. Сол сөздікті ашып қарауда енжарлық танытатын секілдіміз. Әйтпегенде дикторлар да, ел алдында сөйлейтін шешендер де бұлайша қате жібермес пе еді.
– Мысалға 10 дана орфоэпия­лық сөздік шықты делік. Соның бір данасын біреу ашып, мына сөз қалай айтылады екен деп сөздіктен қарауы мүмкін. Қалған 9 сөздікті ешкім қолына ұстамайды. Кітапхана сөрелерінде шаң басып жатады. Ал әлемдік тәжірибеде алдымен орфографиялық сөздік шығады, қасына сөздің орфоэпиясы тік жақшаға алынып жазылады. Кембридж сөздігін алайық. Онда алдымен ағылшын сөзі жазылады да, қасына британ диалектісінде қалай, АҚШ диалектісінде қалай айтылатыны тік жақшада (транскрипцияда) міндетті түрде көрсетіледі. Бұл сөздіктің интернеттегі нұсқасын да тыңдау мүмкіндігі бар. Жазылған сөзді британ, немесе АҚШ диалектісінде ести аласыз. Бұл деген – тіл үйренушіге үлкен мүмкіндік. Ағмоланы Ақмала, Талдығорғанды-Талдықорған деп айтпайтын болады. Егер осындай сөздік жасап шықсақ, тілді диктор бұзды, жүргізуші бұзды деп ешкім дау­ласып жатпайды да. Сауатсыз сөйлеген адамға әлгі сөздікті ашып, тыңдау тетігін басып келіп қаласыз. Қазақ тілін латын графикасына көшіріп, лексикографиялық мәселелерін қарастыра бастаған кезде сөздің жазылуының қасына әлемдік стандартқа, халықаралық фонетикалық алфавитке (жер бетіндегі бүкіл дыбыстарға жасалған әліпби) сәйкес транскрипциясын және айтылым заңдылығын қосарлауға тиіс. Бұл екі тілдік аударма сөздіктері үшін өте-мөте қажет. Осы арқылы сөйлеу мәдениетінің бір кілтін табамыз. Сондықтан латын қарпіне көшкен кезде орфографиялық сөздік пен орфоэпиялық сөздікті бөлек шығарсақ, бұрынғы қателіктерге қайта айналып келетінімізді түсінуіміз керек.

 P.S:  Сауатты сөйлеуге қатысты мақсатты түрде үш маманмен сұхбат құрдық. Байқағандарыңыздай, оның бірі – ел алдына шығып сөйлеп жүрген, ұлттың үнжариясына айналған маман болса, енді бірі жас ұрпаққа сөйлеуді үйретіп жүрген ұстаз. Ал түйінсөзді сөйлеу заңдылығын зерттеп жүрген, олқылықтарымыз бен әттеген-айлардың қайдан пайда болатынын анықтайтын ғалымға қалдырдық.

Айнұр ТӨЛЕУ

Дереккөз: "Астана Ақшамы"

Jebeu.kz



Пікір жазу
  • Қытай Сайрагүл оқиғасынан соң қандай реакциясы танытуы мүмкін?
    Ирина Хакамаданың Көшбасшы болуға ықпал ететін 10 ережесі