Нәбижан Мұхаметханұлы: Шетелдегі қазақтар үшін тәуелсіздік құны тіпті жоғары

Уақыты: 2018-12-11 Көрлімі: 352 Сипаттама

«Қазақ үшін тәуелсіздіктен артық мереке жоқ. Ұлттың тәуелсіздігі – ең қасиетті ұғым. Тә...

861575_1400582681.jpg

«Қазақ үшін тәуелсіздіктен артық мереке жоқ. Ұлттың тәуелсіздігі – ең қасиетті ұғым. Тәуелсіз мемлекетте өмір сүрудің өзі – үлкен бақыт», - дейді Қытайда туып-өсіп, ал бүгінде Отаны – Қазақстан үшін еңбек сіңірген ғалым Нәбижан Мұхаметханұлы. Қытайда жүріп Қазақстан тарихына қатысты талай құнды деректердің көзін ашқан тарихшы әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультеті студенттерімен кездесуде тәуелсіздіктің тұғыры биікте, ал мағынасы тым тереңде екенін түсіндірді. Расында, тәуелсіздік ұғымы адамзат үшін қадірлі. Алайда біз тәуелсіз елдің ұрпақтары оның қадіріне жете алдық па? Нәбижан Мұхаметханұлы жетті. Қытайда жүрген кезінде-ақ тәуелсіз Отанын аңсаған жан үшін Қазақстанның әр топырағы, шөбі, ағашы, тіпті ауасына дейін қадірлі, қасиетті. Тіпті Қазақстан тәуелсіздік алмай жатып, бүгінгі күннің туарына ол сенген. Қытайда жүріп Қазақстанды аңсаған ғалым елге келгенге дейінгі өмірін былай баяндайды.

Қытайдағы Нәбижанның күні

Қытайдағы Құлжа қаласында туып-өстім, сонда оқыдым. Тәуелсіздік кімге болса да қымбат қой. Әсіресе, шетелдегі қазақтар үшін тәуелсіздік құны тіпті жоғары. Өз өмірімнен мысалдар айтайын. 1966 жылы 6-сыныпқа барғанда Қытайда 10 жылға созылған «мәдениет төңкерісі» басталды. Орта мектептегі күніміз Қытайдың сол кездегі басшысы Мао Цзэдуннің қанатты сөздерін жаттаумен өтетін. Алғашында математиканы өте жақсы оқыған мен орта мектептен кейін есеп-қисаптан жаңыла бастадым, не керек математикадан сауатсыз болдым. Шынын айтайын, қазірдің өзінде төрт амалдан басқаны білмеймін. Сол кезеңдерде отбасымыз саяси репрессияға ұшырады. Әкем айдалды. Ал бір үйде 6 баламыз. Әжем де бар. Тіршілік жасап, ақша табуым керек болды. "Қытайда ауылда кедей төмен ортаның тәрбиесін алу керек" деген заңдылық болды. Сол кезде ғана университетке қабылданасың, түсе аласың. Сөйтіп жүріп, университетке қабылданып кеттім.

Елде «қаладағы зиялыларды көктен жерге түсіру, мұрындарын шүйіртпеу, жазалау» деген заң шықты. Үрімшіден, ішкі өлкелерден келген 16-18 жастағы балалар біздің ауылда Мәдениет үйінде жататын, ішіп-жерге асы жоқ, аш жүруші еді. Жастары менімен қатар болғандықтан, халдарын сұрап, жиі баратын болдым. Дос болып, үйге шақыратынмын. Ол кезде үйіміздің жағдайы мәз емес, тамақ аз. Бірақ бір қабағын шытып, ренжіген анамды көрмедім. Олар тіпті біздің үйде қонып қалатын. Есесіне мен қытай тілін жетік меңгеріп алдым. Соның арқасында Гуанжоудағы мемлекеттік университетке түсіп кеттім. Алғашқы жылдары қиын болды, 3 жылдан бастап қытай тілінде мақала жаза бастадым.

Қазақ тарихына назарым 3 курстан бастап ауды

«Отаным – Қазақстан. "Өз Отанымның тарихын білу керекпін" деген ой күні-түні мазалайтын. Ол кезде Совет тарихы деген бар. Оған бір-ақ сағат бөлінгендіктен не оқып, не қойғанымызды да түсінбей қалатын едік. Саған керек деректі айтып беретін ешкім жоқ. Университет бітірген соң, Іле облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөліміне жұмысқа орналастым. 1979 жылы Қытай  ғылыми қызметкер қабылдауға байқау жарияланды, еш сүрінбей одан да өттім. Сол жылдары Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясына кірдім. Ғылым академиясына бару, онда жұмыс істеу, өзге ғалымдармен араласу – мен үшін керемет сезім еді. «Ғылыми қызметкермін» деген сөздің өзі тебірентетін. Сонда жүріп, 1982 жылы бірінші рет «Патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлауы, қазақ халқына қарсы күресі» атты көлемді мақала жаздым. Кейін «Абылай хан туралы зерттеу», «Абайдың әлеуметтік идеясы» сынды тақырыптарды қаузап жүрдім. Бұл еңбектерді қытайлықтар әлі күнге дейін пайдаланды. Әйтеуір қытайлық жастар арасында ерекше көзге түсіп жүрдім. «Шыңжаң жастар ассоциациясының» тұрақты мүшесі болдым. Арада 5 жылдай өткен соң, Бейжің университетіне магистратураға тапсырдым, оқыдым. Бітірген соң институт директорының орынбасары болдым. Кейін мемлекеттік жастар құрылтайының VII кезеңінің депутаты болдым. 1991 жылы Қытайдағы ең үздік 10 жастың қатарына ендім. Қытай жастар сыйлығын алдым. 1989 жылы институт директорының ғылымға жауапты орынбасары болдым. Сонда жастар жиналып, әлемде болып жатқан саяси құбылыстарды талқылаймыз. Совет одағы ыдырауы жайын талқыға салғанымыз бар еді. «Одақ ыдырап кетсе, Қазақстан тәуелсіздік алса, біз не істейміз?». Сонда қытайлықтардың былай дегені есімде: «Қазақстан тәуелсіздік алса, ел ішінде міндетті түрде ұлтаралық соғыс болады». Бұған күйінген мен ішімнен «Аузыңа қара жылан жұмыртқалағыр! Сен не айтып тұрсың?» дедім де, сырттай «Соғыс болмайды!» дедім. Менен дәлел сұрады. Үш түрлі негіз бар дедім.

Соғыс болмайды. Себебі:

-соғыс орта ғасырлық мемлекеттерді орын алады. Қазақстан орта ғасырлық емес. Орта Азияда, Совет одағында білім деңгейі ең жоғары мемлекет;

-Қақтығыс кедей мемлекеттерде болады. Қазақстанның экономикалық деңгейі жоғары;


-Қазақ халқы кең пейіл, басқаларды қабылдай біледі. Басқаларымен біте қайнасып кеткен, әсіресе орыс халқымен. Сондықтан ұлттар арасында қақтығыс болмайды;

«Егер Қазақстанда қақтығыс болса, босқындардың бәрі дерлік Қытай шекарасынан өтеді. Оларға қандай саясат қолдануымыз керек?» деген мәселелер де талқыланды. Алайда одақтың ыдырап, Қазақстан дәуірі туарына мен сенімді болдым, соны тіледім. Расында, ыдырап кетті. Кеудені қуаныш кернеді. «Мен қателестім. Осы мәселені зерттеймін» деп кешірім сұрап, Одақтың ыдырауын тойлағанымыз бар.

Ал енді не істеу керек? Тәуелсіздік үшін қызмет ету керек. Қалай? Елге бару керек.

Сөйтіп 1992 жылы Қазақстанға Қытай ғылым академиясының делигациясы барды. Академия атынан екі орысты жіберіп едік, қазақстандық тарап қазақ азаматын жіберуін сұрайды. Сөйтіп аудармашы болып мен бардым. Елдегі кей ғалымдар оралуымды сұрады. А мен бір жағдайда ғана орала алатын едім – ол үшін маған Қазақстанға оқуға келу керек. Бұл мәселе де шешілді. Профессор Манаш Қозыбаев докторантураға шақырту жіберді. 1993 жылдың сәуірінде елге келдім. Қазақстанда білім алып жүргенімде, Қытай ғылым академиясының президенті қайтуымды сұрап, вице-министрлікке ұсынғанын айтты. Алайда Отанынан асыға жеткен мен оған қалай келіседі екем? «Ғылымға қызығамын, оқимын» деген сылтаумен Қазақстанда қалдым.

Сенесіздер ме, Отанға оралған интеллигенттер саналы түрде «Ұлт үшін қызмет етсем» деп келеді және солай істейді. Тіпті жан-жақтан студенттер ағыла бастады. Соның арқасында елімізде бүгінде 1 миллионнан астам оралман бар.

Білесіздер ме, Қытайда мен үшін ең қиыны не болды?

Онда адами қасиет болмайды. Қара күшің еңбекке кетеді. Қытайлықтар тәуелсіздік деген ұғымның қасиетіне бойламайды, шынында оған уақыты жоқ. Ең жақсы өмір – өз Отаныңызда. Тәуелсіздігіміз бар, біз бақытты елміз. Қазір Қытайда жүрген отандастарымыздың көбі «қазақтың қорасын тазаласам да, елге қайтсам екен» деп армандайды. Міне, мемлекет болу мен болмаудың айырмашылығы осында. Мемлекетті жақсарту – біздің міндетіміз. Жұдырыққа жұмылсақ, бәрін де бағындыра аламыз. Қаншама елмен жұмыс жасадым, қазаққа жететін интелектуал, парасатты халық жоқ. Тек соны дұрыс жағынан пайдаланайық.


Нәбижан Мұхаметханұлымен кездесу


Гүлім Жақан

Дереккөз: "Қамшы"

Jebeu.kz

文章评论

    共有条评论来说两句吧...

    用户名:

    验证码:

Бізде самурайлар дәуірі келмеске кетсе де, самурай рухы сақталып қалды…
Желтоқсан көтерілісі әлемге "жерден Мәді шығып, көктен Ғайса түскендей" әсер етті

Ұқсас тақырыптар