Нәбижан Мұқаметханұлы: Қытай реформа жасаған қырық жылдан бергі ең ауыр сын-қатерге тап болып тұр

Уақыты: 2019-01-07 Көрлімі: 853 Сипаттама

Жебеу: Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары шетелдегі зиялы қауым өкілдері елге ор...

DSC_0712.JPG

Жебеу: Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары шетелдегі зиялы қауым өкілдері елге оралды. Солардың алдыңғы қатарында өзіңіз де келдіңіз, содан бері отандық тарих ғылымы мен қытайтану ғылымы саласына үлес  қосып келесіз. Әңгімені сол қытайтану ғылымына қалай келгендігіңізден бастасақ.

    Нәбижан Мұқаметханұлы: Менің университетте оқығаным тарих мамандығы. 1980 жылы көктемде мен ҚХР Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясының Орталық Азия зерттеу институтына ғылыми қызметкер болып қабылданып бардым. Онда мен кәсіби түрде Қытай мен Қазақстан және Орталық Азия арасындағы тарихи қарым-қатынастарды зерттей бастадым. Зерттеуімнің нәтижесі ретінде «Патшалық Ресейдің Қазақстанды аннексиялауы және қазақ халқының қарсылық күресі», «Абылай хан туралы зерттеу», «Абайдың қоғамды ойлары жөнінде» «ХVІІІ ғасырдағы Қазақ-Чиң патшалығы қатынастары», «ХІХ ғасырдағы Қазақ-Чиң патшалығы қатынастары», «ХV ғасырдан ХVІІІ ғасырдың ортасына дейінгі Қазақ-Жоңғар қатынастары», «Қазақтар мен Қоқан ханды қарым-қатынастары» деген ғылыми мақаларымды айтқым келеді. Бұл мақалаларым алдымен қытай тілінде жазылып жарияланды, одан соң қазақ тілінде басылды. Бұл барыста мен қазақ тарихына қатысты қытай жылнамалары мен жазба құжаттармен кең көлемде таныстым, оның ішіндегі маңызды деректерді сұрыптап жинап отырдым.

    Мен алғаш 1992 жылы қарашада Қазақстанға келіп, Ұлттық ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына докторантураға қабылданған құжаттарымды алып қайттым. Ол жақтан құжаттарымды бітіріп, 1993 жылдың сәуір айында Елге қайта келіп, аталған иституттың директоры, академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевтің ғылым жетекшілігінде докторантура оқуына түстім. 1995 жылы сәуірде «Қазақ-Қытай қатынастар тарихы (ХVІІІ-ХХ ғасырлар аралығы)» деген тақырыпта тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғадым. 2001 жылы «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860-1920 ж.)» атты тақырыпта Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғадым. Реті келгенде айта кетейін, менің диссертациям ЖАК тарапынан сол жылғы ең үздік докторлық диссертация болып бағаланды. Мен екі рет ғылыми дәреже қорғау арқылы қазақстандық ғылыми мектептің қайта қорытуынан өттім.

    Отандық ғылым ордасында жүріп бір байқағаным, өткен ғасырдың 90 жылдардың басында қазақстандық зиялылардың Қытай туралы таным-білімдері  өте таяз екен. Ол кезде Қазақстанда қытай тіл-жазуын білетін мамандар саусақпен санарлық еді.

    Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде әлем елдерімен терезесі тең дипломатиялық қарым-қатынас жасайды, әр елге өзінің танымы мен ұстанымын қалыптастырады. Ол үшін дұрыс, ғылыми танымның болғаны қажет, әсіресе, Қытай сияқты үлкен мемлекеттерге. Осы тұрғыдан мен Қазақстанға қытайтану ғылымының өте қажет екенін түсіндім, сондай-ақ осы ғылымның іргетасын қалауға бір кісілік үлес қосуым керек деп санадым да,  қытайтану аясында жұмыстар жасай бастадым. Мұны менің жариялаған еңбектерімнен байқайсыздар.

P1030876.JPG

    2000 жылы қыркүйекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультетінің сол кездегі деканы, профессор Мәмбет Құлжабайұлы мені факультететіне шақырды. Ол кісі: «біздің факультеттің қытай тарихы саласы әлсіз, сіз келіп қытай тарихы бойынша, қытайтанушы мамандар дайындасаңыз»,- деді. Әрине, мен қуана-қуана шақыруын қабылдадым. Мен онда Дүниежүзінің жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасында Азия-Африка елдерінің жаңа және қазіргі заман тарихын оқыттым. Бірақ бұл факультетте қытай тілі оқытылмайтындықтан, нағыз қытайтанушы мамандарды дайындау қиынға түсті. Сонымен 2007 жылы Халықаралық қатынастар факультетіне баруды өтіндім. Сол кездегі факультет деканы, профессор Құралай Байзакова жылы қабылдады. Себебі, бұл кафультетте қытай тілі екінші шет тілі ретінде оқытылатын. Мұнда мен Қытайдың сыртқы саясаты, Қытайдың халықаралық қатынастар тарихы, Қытайдың халықаралық қатынастардағы орны мен рөлі, Қазақстан-Қытай қатынастары сияқты дәрістер оқыдым. Университет қасынан қытай зерттеу институтын немесе орталығын құруды ұсындым, ректорымыз Ғалымқайыр Мұтановтың қолдауымен, 2012 жылы университеттің жаныннан «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығы» құрылып, оған мені жетекші етіп  тағайындады. Содан бері өзім қаржы демеушілерін тауып, жылына бір немес екі рет республикалық немесе Халықаралық ғылыми конференциялар өткізіп келемін, оған өзің де көмектестің. Қазірге дейін жоғары деңгейде 7 конференция өткіздік және «Қытай зерттеу сериясы» бойынша 9 кітап шығардық. Ал, Орталыққа Республикамыздан, Қытай, АҚШ, Ресей, Үндістанан және Еуропа елдерінен Қытайды зерттеуші мамандар арнайы келіп, кеңесу өткізіп, ғылыми пікір алмасып тұрады. Қытайдың жетекші оқу орындары Пекин, Нанькин, Ухань, Лияонин университеттерінің зерттеу орталықтарымен Орталықаралық ынтымақтастық келісімшарты жасалды. Олармен өзара мамандар, магистранттар, докторанттар алмасып отырмыз.

2014 жылы ойламаған жерден Шығыстану факультеті Қытайтану кафдерасына меңгеруші болып бардым. Сонымен қытай тілін оқытудан тартып, қытай тілін меңгерген қытайтанушы мамандар дайындауға жауапты болдым. Университетіміздің зерттеу университетіне айналуына байланысты, қытай тілін оқытумен қатар қытайды зерттеуге оқытушыларды да, студенттерді де бейімдеуге ойыстық. Сондай-ақ Қазақстандағы қытай тілі оқытушылары мен Қытайды зерттеушілердің арасында тығыз байланыс орнатып, қазақстандық қытайтану ғылымын қалыптастыру, сондай-ақ әлемдік қытайтану қауымдастықтарымен байланыс орнату мақтасатында 2016 жылы қытайтанушылар бірлестігін құрдық. Әдетте, белгілі бір ғылымды зерттейтін орталық құрылып, сол ғылым бойынша ғылыми бірлестік - ассоциация орнап жатса, онда бұл ғылымды қалыптасты деп санайды. Осы тұрғыдан айтқанда, Қазақстанда қытайтану ғылым қалыптасты деуге негіз бар. Ал, мені, Қазақстанның тәуелсіздігі қытайтану ғылымына алып келді, сондай-ақ осы ғылымның қалыптасуына үлес қосуға зор үмкіндік берді деп санаймын.

             Жебеу: Қазақстанда тағы қандай Қытайды зерттеу орталықтары бар?

             Нәбижан Мұқаметханұлы: Әлемдік экономика және саясат зерттеу институты қасында Қытайды зерттеу орталығы бар. Осы орталықтық зерттеушісі Әділ Қаукенов деген қытайтанушы жігітің ұйымдастыруымен  2008 жылы «Китай В ХХІ веке: Актуальные тенденции развитя ключевых сфер жини» деп аталатын екі томдық кітап шығарды.

Снимок.JPG

Жебеу: Қытайтану ғылымы демекші, Сіз өткен жазда Бейжиңге барып, «Қытайтану және қазіргі заманғы Қытай» деп аталатын халықаралық симпозимге қатысып келді деп естиміз, бұл қандай симпозим? Онда қандай тақырыптар талқыланады ?

         Нәбижан Мұқаметханұлы: Қытайтану ғылымы осыдан екі ғасыр бұрын Еуропада  шығыстану ғылымының бір саласы ретінде «синология» - «cinology» деген атаумен қалыпсатқан ғой. Содан бері бұл ғылым үздіксіз  дамып келеді. Қазір оны көбінесе «китаоведения» - «China Studies» деп атайды. Бұның өзі Қытайды зерттеудегі өзгерісті аңғартады.

Дәстүрлі синология негізінен екі үлкен салада өрістеген: біріншіден, қытайдың тілі мен әдебиетін, дәстүрлі тылсым ілімдерін зерттеді; екіншіден, қайткенде Қытайды бағындыруға болады? қайткенде Қытайдан сауда-экономикалық пайда табыуға болады, - деген мақсатта зерттеулер жүргізген еді. Қазіргі таңда Қытайды зерттеудің мақсаты өзгерді, «Қытайдың әлемдік ықпалы қандай болады?» немесе «Қытайдың күшеюі әлемге қауіп төндіреме ме? Әлде дамуға жол аша ма?» деген мәселе басты тақырыпқа айналды. Өйткені, соңғы қырық жылдан бергі ҚХР-дың әлеуметтік экономикасының қарқынды дамуы, халықаралық аренадағы орны мен рөлінің күшеюі, әлемдік қытайтану ғылымына тың тақырыпар, жаңа проблемаларды жүктеп отыр. Сонымен қатар, Қытай әлемге қадам басқандықтан, олар әлем елдерін терең танығысы келеді, өздерін әлемге жақсы жағынан танытқысы да келеді, сол арқылы әлемдік саяси-экономикалық тәртіпке, жаһандану процесесіне ықпал жасауды көздейді. Бұл үшін әлем елдерінің, әсіресе қытайтанушы ғалымдардың Қытай жөніндегі көзқарастарын білгісі келеді, зерттеу нәтижелерімен бөлісуді көздейді, олардың ғылыми ойларын пайдаланғысы келеді. Сондықтан ҚХР үкіметі Батыста қалыптасып, әлемнің әр елінде дамыған қытайтану ғылымын 2013 жылы Қытайға көшіріп әкеліп, «Қытайтану және қазіргі заманғы Қытай» («Symposium on China Studies») атты симпозим өткізіп келеді. Бұл симпозимге әлемдегі қытайтану ғылымының экспреттерінен 30-40-дай ғалымды шақырып, Қытайдан 15-20 маманды қатыстырып, халықаралық конференция ұйымдастырады. Содан бері жыл сайын өткізіп келеді. Бұл симпозим қытайтанушылардың ең жоғары деңгейдегі конференция саналады. Қазірге дейін 6 мәрте өткізілді, мен соның үш реткі конференциясына қатысып баяндама жасадым.



нә2.jpg

         


    Жебеу: Оған қалай қатысуға болады?

Нәбижан Мұқаметханұлы: Бұл симпозимді ҚХР Мәдениет және туризм министрлігі мен Қоғамдық ғылымдар академиясы бірлесіп ұйымдастырады. Қытайда «Шетел қытайтану ғылымын зерттеу» институттары мен орталықтары көп, солардан ақпар алатын болса керек, алдымен олар симпозим жөнінде ақпараттық хат жіберіп, сіздің қысқаша өмірбаяныңызды, қытай туралы зерттеген еңбектеріңіздің тізімін сұрайды, одан соң ұсынған тақырып бойынша жазған ғылыми мақалаңызды сараптайды, мақалаңыз мамандардың сараптауынан өткен соң ғана ресми шақырту жібереді. Бұл симпозимге Қытай үлкен маңыз береді, пленарлық мәжілісіне Қытайдың Мәдениет министрі, Қоғамдық ғылымдар академиясының президенті қатысып ашылу сөзін сөйлейтін, биыл ҚКП Орталық комитеті саяси бюро мүшесі, үгіт-нәсихат министрі Хуан Куньминның қатысуымен жарты күн арнайы отырыс өтті. Оған шетелдік қытайтанушылар атынан үш адамға сөз берді. Бірінші сөзді АҚШ Гарварт уинверситетінің профессоры, екінші кезекті маған берді, үшінші рет АҚШ Елий университетінен келген әйел профессор сөйледі. Сонда мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық униерстетінің аты АҚШ-тың алдыңғы қатарлы университеттері қатарында аталғанына қуанып қалдым.


    Жебеу: Сонда сіз не сөйледіңіз, бізге қызықты?

Нәбижан Мұқаметханұлы: Маған жолға шығардан бір күн бұрын  кеште хабарлады: «кеш айтқанымыз үшін айыпқа бұйырмаңыз, ұсынысымыздан бас тартпаңыз, ресми баяндамаңыздан басқа жоғар дәрежелі басшы қатысатын отырыста сөз сөйлеуге дайындалып келіңіз»,- деді. Мен қытайтану ғылымының қалыптасуы мен даму үдерісіне тоқтала келіп, қазіргі таңда қытайтану ғылымының зерттеу нысанның Қытайдың әлемдік ықпалын зерттеуге ауысуының себебтерін, «Қытай қауіпі бар немесе жоқ» деген пікірталастың өрістеуінің қалыпты құбылыс екенін айта келіп, Қазақстан-Қытай қатынастарының  дамуына байланысты Қазақстанда қытай тілін үйрену мен қытайтану ғылымының қалыптасқандығын баяндадым. Баяндамама шетелдік әріптестерім де жылы лебіздерін білдіріп жатты. Соған қарағанда тым жаман шықпаған көрінеді.

нә.jpg

    Жебеу: Қытайдың «Бір белдеу-бір жол» жобасы бойынша Қазақстанмен қол қойған 51 кәсіпорынға тоқтала кетсеңіз.

    Нәбижан Мұқаметханұлы: Қытай төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы қыркүйек айында Қазақстанғанға жасаған алғашқы сапарында Назарбаев университетінде баяндама жасап «Жібек жолы экономика белдеуін ортақ құрайық» деген бастама көтерген болатын, сол жылы қазан айында Индонезияға жасаған сапарында «ХХІ ғасыр Теңіз жібек жолын ортақ құрайық» деген ұсыныс айтты. Бұл екі ұсыныс біріктіріліп «Бір белдеу – бір жол» халықаралық жобасы деп аталды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылығы Жолдауында «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясатын жариялады. Мұнда басымдылық имфрақұрылымды дамытуға қойылды. Сонымен «Бір белдеу – бір жол» мен «Нұрлы жол» бағдарламасы өзара сәйкесіп, екі елдің өзара ынтымақтастық қатынасын жаңа деңгейге көтеруге жол ашты. Содан бастап Қазақстан мен Қытай өндіріс қуаты (қытайша «Channeng»-деп атайды) саласында ынтымақтастық жасауды қарастыра бастады. 2015 жылы 31 тамызда Елбасының Қытайға жасаған сапары барысында екі ел басшылары «ҚР мен ҚХР жан-жақты стратегиялық әріптестік қатынасының жаңа кезеңі жөнінде Бірлескен декларация» жариялады және өндіріс қуаты және инвестициялық ынтымақтастық жөнінде үкіметаралық рамкалық келісімшарт жасалды. Келісімшартың орындалуын қамтамасыз ету үшін «Қор» құрылып, 51 жобаны іске асыру анықталды. Содан бері бұл жобаның оншақтысын іске асыруды қолға алған болатын.

    Жалпы «Бір белдеу – бір жол» мен «Нұрлы жол» негізіндегі екі елдің ынтымақтастығы айтарлықай дамып келеді, бұл салаға 26-27 млрд АҚШ доллары игерілуде.  ҚР-дың ҚХР-дағы Бас елшісі Ш. Нұрышев: «Біз Қытай тарапымен өндіріс қуаты саласында ынтымақтасып, жалпы құны 26 млрд болатын 51 жобаны ортақ іске асырып жатырмыз. Бұл жобалардың сәтті түрде іске асуы Қазақстанды дамытып қана қалмастан, тұтас аймақтың дамуын да ілгерлетініне сенемін» дегені бар.

    Жебеу: Өткен жылы қарашада ҚР Парламеті үкіметтің Қытай Қазақстан өндіріс қуаттарының ынтымақтастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы келісімге қол қою туралы №340 қаулысын бекітті. Осы саланы зерттеп жүрген сіз бұған қалай қарайсыз?

    Нәбижан Мұқаметханұлы: Бұл мен күтпеген шешім болды. Өйткені, ақылға салып қарасаңыз, қазіргі таңда Қазақстан сырттан инвестиция тартуға өте мұқтаж емес, әсіресе, химия завоттарын салуға соншалықты зәру емес деп санаймын. Өткен ғасырда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізге инвестиция тарту үшін АҚШ бастаған Батыс елдеріне де, Қытайға да көптеген жеңілдіктер жасадық. Оны түсінуге болады. Ал, қазір еліміздің жағдайы басқаша, жалпы ішкі өнім 4.6 пайызбен дамып, аймақта көшбасы мелекет ретінде танылып отырмыз. Ал, Қытай тарапына талдау жасайтын болсақ, Қытайда өндіріс қуаты деген өз қажетінен әлде-қайда асып-тасып жатыр. Оны шетелдерге қайтсек экспорт етеміз деп бас қатырып отырған жайы бар. Қытай бізге өндіріс қуатын әкелуге өздері мұқтаж, бізге олар жалынышты деуге болады. Осындай жағдайда оларға жеңілдік жасау емес, қосымша шарт қоюға да болар еді.

    Ал енді «Бір белдеу – бір жол» принциптері бойынша саралап көрейік. Қытай өзінің «Бір белдеу – бір жол» жобасының басты мақсаты – Жібек жолы бойындағы мемлекеттердің әлеуметтік эконмикалық дамуына дем беріп, олармен тең дәрежеде ынтымақтасып табысқа-жеңіске бірге жету, - деп түсіндірген. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» аясындағы ынтымақтастығы – аймаққа үлгі, - деп көрсетілген. Ал, Қытай мен Қазақстанның аталмыш жоба аясындағы ынтымақтастығы дами келе Қытай инвестрлеріне табыс салығынан босату үлгісін көрсетті. Бұл Орталық Азиядағы елдер мен басқа да Жібек жолы бойындағы мемлекеттер осыдан үлгі алуы керек-дегенді білдірмей ме?! Менше, бұл Қытайдың өзіне де кері әсерін тигізетін үлгі болмақ. Оның үстіне Жібек жолындағы Қытайдың қарызын қайтара алмаған мемлекеттер жер ресустарын пайдалануға беруге мәжбұр болып отырған жайы бар. Алыстағы Африка мен Ширланканы айтпағанда, жақындағы Тәжікстан сондай жағдайға душар болып отырған жоқ па?!

    Құжат Парлеметтен өтіп кетті, енді ол заңдық күшке ие, оны он жылға атқаруға Қазақстан мәжбұр. Тек «ішінара табыс салығы» деген сөз бар, ол «ішінара» табыс салығының қанша түріне болатынын біздің чиновниктердің көңіл-күйі белгілейді.

    Жебеу: Сіз қытайтанушы ғалым ретінде қазіргі Қытайдың саяси жағдайына, Шыңжаңда қолданып отырған саясатына қандай баға бересіз?

    Нәбижан Мұқаметханұлы: Бұл өте күрделі де маңызды сұрақ, қысқаша жауап беріп көрейін. Қазір Қытай реформа жасаған қырық жылдан бергі ең күрделі сын-қатерге тап болып тұр. Мұны экономикасының құлдырауымен және халықарада қарсыластарының көбеюімен түсіндіруге болады. Кейбір қытай ғалымдарының есептеуінше ағымдағы жылы Қытайдың GDP өсімі 1.67% немес минус болатын түрі бар. Соңғы қырық жылдан бері Қытайда мұндай көрсеткіш болған емес. Ал, ҚХР мен АҚШ арасындағы «сауда соғысы», «сауда» катогориясынан шығып барады. Әлемдегі номірі 1-ші, 2-ші екі экономикалық алып елдің тай-таласы әлемдік экономикаға оң әсер етпейтіні белгілі. Бұл жағдай, әсіресе, Қытай экономикасының құлдырауының салқыны Қазақстанға да тимей қоймайды. Сондықтан ағымдағы жылда халықаралық жағдай көңіл көншітпейді.

    Ал, Қытайдың Шыңжаңдағы саясатына келсек, соңғы екі-үш жылдан бергі Шыңжаңның басшылары жүргізіп отырған саяси шаралары, ҚХР Конституциясын, Ұлттық автономиялы заңдарын аяққа басқан, абсолютты феодалдық бақылауды заманауи технологиямен іске асырған, бүкіл әлемнің айыптауына ұшыраған саясат болды. Бейжиң Шыңжаңның орнықтылығын нығайту жөнінде нұсқау берсе берген шығар, бірақ қазіргідей шектен шыққан тәсілдерді қолдану, жергілікті басшылардың өз «жасампаздығы» екені айдан анық.

    Қытайдың тарихтан бергі Шыңжаңды билеушілері қашан да Шыңжаңның саяси жағдайын күрделі, қауіпті етіп көрсетіп, сондай жерді мықты ұстап тұрғандығы үшін Орталық үкіметтен марапат мақтау күтетін әдеті бар тұғын. Демек, бұл да соның жалғасы. Аз санды ұлттарға, ислам дініндегілерге экстреместік саяси шараларды қолдану арқылы Си Цзиньпинге даңық әперген жоқ, керісінше қара күие жақты. Біле білсе, өте күрделі ұлтаралық және халықаралық мәселе тудырып, Бейжиңді қыспаққа қалдырып отыр. Оның зардабын Қытайдағы этникалық қазақтар және олардың Қазақстанмен байланысы барлары қатты тартып отырғаны жасырын емес.

    Мен Қытайды зерттеуші ретінде, Қытайдың ежелден бері аз санды ұлттарға ассимляциялау саясатын ұстанатын және аз санды ұлттардың қытайға тәбиғи түрде сіңіп кететінін заңдылығын жазғанмын, әсіресе соңғы жылдары ҚКП-ның аз санды ұлттарды ассимляциялау процесін тездететін шараларды қолданып отырғанын жазғанмын. Бұл сөзіме нақтылы мысалдар келтірейін.

Мен 2003 жылы «Қазақ елі» газетінің №16 саныда жариялаған «Жаңа ғасыр және Қазақстандағы оралмандар мәселесі» деген мақаламда: «Үшінші мың жылдықта Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Сындарлы он жыл» атты кітабында пайымдағандай, халықаралық терроризм, экстремизм және жаһандану ағымы айқындала бастады. Бұған БҰҰ беделінің төмендеуі мен халықаралық заңдарды аяққа басушылық құбылыстары қосылды. Оның үлгісін демократия мен адам құқығын аузынан тастамайтын алып держава АҚШ-тың өзі көрсетті. Ендігі жерде ондай әрекетті номері екінші, үшінші алып державалардың қайталамауына ешкім де кепілдік бере алмайды. Міне, осы тұрғыдан қарағанда, белгілі бір мемлекеттің шапқыншылыққа ұшырамауына БҰҰ ара түседі, өзарара қол қойған кепілдік келісімдер оған қалқан болады деу – тым ақкөңілдік болатын сияқты»; «Қазіргі жаһандану жағыдайында шетелдерде өмір сүріп отырған аз санды ұлт өкілдері өздерінің ұлттық қасиеттерінен оңай айырылады. Оның соңы ұлт ретінде жойылуға апарып соғады»; «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдегі қандастарымызды Отанға оралту мәселесін ұлттық саясат деңгейіне көтеріп, оны Қазақстанның болашағымен байланыстырып қарауын – әлемдік өредегі аса көрегендік пен саясаткерлік деуге тұрады. Өйткені, тек осындай саясаттың дәйекті атқарылуының арқасында ғана Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі баянды болады, қазақ халқының ұлттық тұтастануы жүзеге асады деп сенемін»; «Бірақ бір өкініштісі, біздің елдің атқарушы органдарының оралмандар саясатын жүзеге асыруы халықаралық деңгейде емес, мемлекеттік талаптарға сай келмеуінде болып отыр» - деген едім (Бұл мақаламды «Дипломатиялық қатынастар және қытайтану мәселелері» атты монографиялық зерттеу жинағымның  «Оралмандар туралы ойлар» деген төртінші бөліміне енгізгем («Тарих тағылым» баспасы, 2010, 161-175 бет).

Ал, 2006 жылы «Қазақ университеті» баспасынан шыққан «ХХ ғасырдағы Қытайдың тарихи үдерісіндегі қазақтардың әлеуметтік дамуы» атты кітабымда: «Әлемдік жаһандану жағдайында Қытай ел ішіндегі ұлттарды, аз санды ұлттарды ассимиляциялау процесін тездететін саяси шараларды қолдана бастады; ҚКП Қытайдағы ұлттарға қытай мәдениетін олардың санасына терең сіңуі нәтижесінде біртіндеп біртұтастану арқылы табиғи түрде «Джун хуа минь цзу»-ге («Қытай ұлтына»,«Китайская нация») айналады деп санаған еді. Бірақ әлеуметік тәжірибе көрсеткендей, бұл үрдіс тым ұзаққа созылатын болды, оның үстіне автономиялы провинция мәртебесін алған кейбір ұлттарда орын алған сепаратистік тенденция, ұлттар мәселесін түбегейлі шештік деген Кеңес Одағының ыдырауы мен бұрынғы республикаларда ұлттық мемлекеттердің құрылуы, Қытай билігін өз елі ішіндегі ұлттар мәселесін қайта қарауға мәжбүрледі. Сонымен, Қытай үкіметі «Ұлттардың өңірлік автономиялы заңына» өзгерістер енгізбестен, аз санды ұлттарды ассимиляциялау процессін тездететін шараларды қолдануға кірісті. Соның бір көрінісі қазақ және басқа ұлттардың балаларын орта мектептен іріктеп алып, ішкері өлкелерге апарып оқыту болып табылады. Бұған үкімет қаржыны аямай жұмсап отыр. Өйткені ұлттық болмысты өзгерту ұлттық сана-сезімді өзгертуден басталады. Ұлттық сана-сезім, ең алдымен, өз ана тілі мен ділінен айырудан басталады. Сондықтан қолға алынған «ішкі жердегі орта мектепте оқыту» саясатының нәтижесі тез байқалады. Себебі, баланы қаршадайынан отбасынан, ата-ана тәрбиесінен, ұлттық мәдени ортасынан айырып тәрбиелеп-оқыту оларды толық қытайласқан мәнгүрт қып шығаруы сөзсіз (аталған екбек 84-85 бетке қараңыз);

Ал, «Қазақ университеті» баспасынан 2013 жылы басылып шыққан «Қытайдың сыртқы саясаты және Қазақстанмен қатынасы (2000-2010 жылдар)» атты монографиямда: «ХХІ ғасырда халықаралық антитерроризм күресіне байланыстырып, Қытай үкіметі ел ішіндегі ұлттар мәселесін түбегейлі шешуді көздейді» (77 б.), – деп тұжырымдағаным бар.

2015 жылы «31каналда» белгілі журналист Қасым Аманжолмен өткізген сұхбатымда: «Қытайдағы қазақтар енді екі ұрпақ ауысқанда ұлттық болмысынан толық айырылады»,- деп айтқан едім. Бұл сөз ассимляцияның тәбиғи процессі тұрғысынан айтылған еді. Ал, қазіргі Шыңжаң үкіметінің жүргізіп отырған күштеп ассимляциялау саясаты, оған да жеткізбейтін түрі бар.

Менің Қытай жөнінде жазған іргелі еңбектерімде Шыңжаңдағы қазақтардың жағдайы тыс қалған емес. «Дипломатиялық қатынастар және қытайтану мәселелері» атты кітабымның 4-тарауы, «Ізденіс: тарих және замана» ғылыми мақалалар жинағымның үшінші тарауы оралмандар мәселесін зерттеуге арналған.

Демек, осыдан он бес жыл бұрын жасаған болжамдарының айнымай алдымыздан шыққаны, тұжырымдарымның ғылыми болғанын дәлелдейді. Бірақ біздің халқымызда ғылыми негізде таңдау жасау әдеті қалыптаспаған ғой, сондықтан көбінесе өкініште өмір өткіземіз.

 

Кең көлемде сұхбат бергеніңізге көп Рехмет!

Сұхбаттасқан Омарәлі Әділбек

 

    Алматы, 6 қаңтар 2019 жыл.

Jebeu.kz

 

 


Сенат депутаты Қытайды зерттейтін арнайы институт құруды ұсынды
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ: Бізге отандық қытайтану ғылымы орталығын ашуды уақыт өзі талап етіп отыр