Сәуле Әбілдахан: Ақпарат құралдарында оралмандарға қатысты 2 тақырыпта үздіксіз жарнама беру керек

Уақыты: 2019-01-24 Көрлімі: 1354 Сипаттама

22 қараша 2018 жылы қандастар мәселесіне байланысты Астанада өткен жабық жиында өз тарапы...

38257336_2108082922780079_4021730487469867008_n.jpg

22 қараша 2018 жылы қандастар мәселесіне байланысты Астанада өткен жабық жиында өз тарапымнан мынадай ұсыныстар айтқан едім:

1.   Мұндай жиындарға оралмандар мәселесімен нақты әрі тереңірек айналысып жүрген «Жебеу», тіпті тіркелмеген болса да «Атажұрт» сияқты ұйымдардың өкілдерін де шақыру керек еді деп есептеймін. Олардың қолдарында нақты деректер бізге қарағанда көбірек. 

2.   Оралмандарды тіркеп, құжат мәселесімен айналысып отырған жергілікті және республикалық Көші-қон комитеті ай сайын (немесе квартал сайын) нақты статистикалық есеп жүргізсін: ай сайын (немесе 1 тоқсанда) оралмандардан қанша арыз түсті, олардың нешеуі оралман куәлігі бойынша, нешеуі ықтиярхат бойынша, нешеуі құжат алды, қаншасы азаматтық алды, қаншасының құжат мерзімі өтіп кеткен, қаншасының тіркеуі бар, қаншасында тіркеу жоқ, баспанасы бар ма, жұмыспен қамтылған ба, балалары балабақша, мектепке бара ма, т.с.с. барлық әлеуметтік мәселелері қатталып, құжатталып отырсын.

3.    Барлық құжатсыз жүрген қандастарға (құжат мерзімі қанша уақыт өтіп кетсе де!) Олардың құжатсыз жүргендеріне немесе құжат мерзімдерінің өтіп кеткеніне олардан гөрі біздің билік – дәлірек айтқанда жергілікті атқару органдары, жергілікті мамандар көбірек кінәлі. Кириллицаны танымайтын қандастарымыздан тек пара алу үшін олардың арыздарына дер кезінде жауап қатпаған, жылдар бойы соңдарынан салпақтатып қойған, олар ортадағы делдалдарға бір жем болып, көші-қон инспекторына екі жем болып, не ақша жоқ, не құжат жоқ – далада қаңғып қалғандары мыңдап саналады. Ендігі жерде оралмандарға 1 жыл мұрсат және жеңілдіктер мен оңтайлы мүмкіндіктер беру жолдарын қарастыру керек. Яғни қандастар құжаттарын жасап алғанша бұрынғы тиімсіз және шалажансар заңдарға 1 жыл мораторий ме, легализация дейсіздер ме, меморандум деп атайсыздар ма – атауын өздеріңіз білесіздер – бұрынғы аяқты тұсайтын заңдарды тоқтата тұрып, басқа ережелер мен актілер қабылдап, сол құжаттар арқылы қандастардың көптеген, әсіресе құжаттық мәселелерін шешіп беруіміз керек. 

4.    Оралмандар да жергілікті халықпен тең құқылы болуы тиіс. Бір ғана мысал: egov не үшін? Тек жергілікті халық үшін бе? Неге оралмандардың құжаттық мәселесін жергілікті әкімшілік немесе инспектор шешуі керек? Неге оралмандар egov - электронды үкімет арқылы өз мәселелерін шешпеске? Яғни, egov бойынша ашық жұмысты жолға қоятын кез жетті. Әрбір аудандық, ауылдық ХҚК (ЦОН) орталықтарында тек оралмандарға қатысты «бір терезе» қағидасы іске қосылуы тиіс. Яғни мораторий жарияланған 1 жыл бойы әр орталықта 1-2 терезе – 1-2 оператор тек оралмандарды құжаттандыру мәселесімен айналысуы тиіс.

5.    еgov-пен жұмыс істеуді оқытып-үйрету курстарын оралмандар үшін де, жергілікті халық үшін де ұйымдастырса артық болмас еді. Халық бұл бағдарламамен жұмыс істеуді білмейді, ЭЦП – электронды-цифрлі қолтаңба дегеннің не екенін білмейді, ХҚК орталықтарының «Өз-өзіне қызмет көрсету» бұрышында 1-2 оператордың маңында қай кезде де ажиотаж боп жатқаны...

6.    ҚР Сыртқы істер министрлігі араласса, халықаралық нормативтері алға тарта отырып, екіге айырылған отбасылардың Қытайдағы ет жақындарын (ата-анасын, бала-шағасын, аға-іні-қарындастарын) визамен алдыру мәселесін шешу жолдарын қарастыру, ол жақта құжаттары тартып алынған қазақтарға құжаттарын қайтару мәселесін халықаралық дипломатия жолдарымен шешуге біздің үкімет мүдделі болуы тиіс.

7.   БАҚ-та, телевидениеде, әлеуметтік желілерде, оралмандарға қатысты 2 тақырыпта үздіксіз жарнама беру:

-  1 тақырып: оралмандарды тұйыққа тіреген қандай мәселелер бар, билік қандай мәселелерді шешіп беруі тиіс деп халыққа сауал тастау арқылы, халықтан келген өтініш-арыз-шағым-ұсыныстар арқылы қордаланып қалған мәселелер категориясын анықтап, олардың шешу жолдарын қарастыру.

- 2 тақырып: құжаттық мәселені шешуге 1 жыл легализация мерзімі жарияланғанын үздіксіз хабарлау. Құжаттарыңызды қалыпқа келтіруге асығыңыздар деп, халықты шақыру керек.

8. Оралмандар мәселесіне байланысты (оң шешілген және шешімін таппай жатқан өзекті мәселер туралы) әлеуметтік роликтер түсіруді қолға алсақ, сол арқылы қандастардың заңдық-құқықтық сауатын ашуға болады...

9. Қытайдағы қазақтар мәселесін зерттейтін, жалпы, Қытайды зерттейтін институт керек...

 

    Сәуле Әбілдаханқызы

   Фейзбуктегі парақшасынан алынды

    Jebeu.kz

Пікір жазу
  • Аида Балаева: Мемлекеттік қызметкерлердің көбі - өз ісіне адал, жөні түзу азаматтар
    Қытайдан келген зиялылар «Қытайдың шпионы» ма?