Сағаділдә Үсібәлі: Мұрат Әуезов ағамыз Қытайдың не ойластырып жатқанын баяғыдан-ақ айтып бақты

Уақыты: 2019-02-06 Көрлімі: 1595 Сипаттама

Өзіміз куә болып жатқан соңғы оқиғалар күннен-күнге күрделеніп барады. Осы оқиғаларды...

20170708235041338_big.jpg

Өзіміз куә болып жатқан соңғы оқиғалар күннен-күнге күрделеніп барады. Осы оқиғаларды көріп-біліп отырып өз пайымымды ортаға салуға толық құқым бар. Ресейдің темір бұғауы кезеңінде де бұл Қазақ қырғыннан сүйретіліп тірі шықты. Тек кеудесінде жаны бар. Соның өзі үлкен олжа еді.

Сол қиын заманда жанын күйттегендердің ішінен анда-санда сырттан туылып елдің есін жиғызып еңсесін көтертіп тұратын. Отарлаушы ел ондай сырттандарды еш аяған емес. Орыс саясатының ең жұмсарған кезеңінің өзінде қандай болғанын «желтоқсан» көтерілісінен білеміз. Қазір ғой, «менің ауылдасым атып шығып бұлай депті. КСРО-ның басшысы қорқып кетіпті» деген мифтердің шығып жүргені. Мифтің аты миф. Шындық әлдеқайда басқаша. Еліріп кетіп «мен бүйтіп жіберер едім» дейтін батырлар шығып жатыр. Тіпті күннен-күнге көбейіп келеді. Өкініштісі олар да өздері жазған аңыздың кейіпкерлері. Айтушы да өзі, кейіпкері де өзі. Қазақ аспанындағы түнекті жарқ дегізіп жанған тұлғамыздың бірі Мұхтар Шаханов болды. Қылышқа желкесін, найзаға кеудесін тосып жүріп қаншама Қазақ жастарын арашалады. Ол кісі ұлт алдындағы азаматтық миссиясын орындаған адам. Қазақ қоғамындығы құрметті орны бар. Енді елеусіздігіне ашынған популистер Шахановты аяусыз тілдепті. Оқып отырып ұяласың. Осы қойылымның авторы «Қазақстандағы қазақ аудиториясынан көңілі қалып, батысқа ғана сенемін» деп жүрген Серікжан Біләш. Оның айтып жүрген сөздерін көпшілік жақсы біледі. Бар айырма Серікжан жаңа форматта айтып жүр.

Мұрат Әуезов ағамыз Қытайдың не ойластырып жатқанын баяғыдан-ақ айтып бақты. Қытайдан қарыз алынып, солардың ақшасына жолдар салынып, кен орындары сатылып, мұнай құбырлары тартылып қойғаннан кейінгі әңгіме кеш. Қытайға керек нәрсенің бәрі бізден табылды. Табылмай тұрған бір ғана нәрсе бар. Ол – соғыс ашуға себеп! Қытайға шамамыз жетпейтінін жақсы білеміз. Сорақысы сол, Қытай да оны біледі. Шекараны нақтылап қойғанымызға қарамастан Қазақтың жартысына жуық жерді өздеріне таңып жүр. Ол бекер емес. Орыс ара түседі ме? Олай ойласаңыздар қателесесіздер. Олар ешқашан ара түскен емес. Кезінде де қытайдағы қазақ жерін орыс берген. Орыс қытаймен бөлісіп алады жерімізді. Бар пайдасы сол болмақ. Батыс ара түсе ме? Олай ойласаңыздар мүлде жаңылдыңыздар. Батыс та, АҚШ та ара түспейді. 1931-33жж орыс қазаққа геноцид жасады. Түркі жұртының ішіндегі ең көп халықтан екі-ақ миллион қалды. Сол кезде батыс қайда қалған? 1941 жылдары қырымдықтарды қырған орыс дәл осы күндері тағы қырып жатыр. Олар да әлем назарын аударуға барын салуда. Қане нәтижесі? Ары бармай-ақ осы күндері қаншама мемлекет жойылды. Сәбилер мен аналар құрбан болды. Қаншама шаңырақ ортасына түсті. Батыс ара түсті ме? АҚШ ара түсті ме? Керісінше, солар қыруға белсене қатысқан жоқ па? Батыс назар аударып нәтиже шығарса Тибет аман қалар еді ғой? Тіпті АҚШ тибет тақырыбына қаншама кино түсірді? Сол Тибет не болды? Қазір Шыңжаңды концлагерге айналдырған қазіргі басшы Ши Шан Го (Чень Чуан Го) Тибетті қанға бөктіріп келген жендет болатын. Енді сол Тибеттен алған мол тәжірибесін Шыңжаңға қолданып жатыр. Мемлекеттің жоспарлы қадамы. Қытай қазір мейманасы тасып ешкімнен қорқып отырған жоқ. Ресейге де, АҚШ-қа да өктем сөйлей бастады.

Украинаны топалаң еткен Луганск, Донецк сепаратистері де батыстың назарын аударуға тырысады екен. Тырысқанда былай, олар зымыран мен зеңбіректерін балабақша, аурухана, мектеп сияқты нысандарға жақын орналастырып Украина тарапын атқылап қаша жөнеледі. Украиндар да кезегінде зеңбіректер орналасқан шаршыны атқылайды. Сол шаршыдағы балабақша сөзсіз оққа ілінеді. Сепаратистерге керегі сол. Фото, видео жасап батыс сайттарына жөнелтеді. Басты мақсат «Ойбай не дейсің, украиндер балабақшаны бомбалады» деп, Украинаның имиджін құлату. Бұрын қытайдағы қазақтарға қызмет еткен теле-радиолар мен баспасөздерді, сайттарды қарап жүретінмін. Қыдырып бара қалсам ермегім сол еді. Кейін сол сайттарға үздіксіз «жарқын жеті» бүркеншік атымен жүрген Серікжанның аудиолары шығуына байланысты жабылып тынды. Жарайды ол «менсіз де жабылатын еді ғой» деп Серіжанның өзі айтпақшы, қытай бәрібір жабар еді. Себебін тауып берген Серікжан. Ұлтшыл да жанып тұрған жастарды Серікжан вичат желісінен топ ашып жинады. Сол топта жастар қытайда, Серікжан Қазақстанда жүріп қытайға қарсы ұрандар тастаумен болған. Нәтижесінде жалынды жастар түгел ұсталды. «Менсіз де ұсталар еді ғой ол жастар» деп Серікжан Қазақстанда аман жүр. Жәй жүрген жоқ, көп істі дипломатиялық жолмен шешуге тырысып, біразын шешіп те жүрген білімді ағаларды «сатқын» деп айдар тағуда. Бір қызығы Қазақстандағы қазақ ұлты бұрынғыдай үш жүзге де емес, қырық руға да емес, Серікжанды қолдаушылар және «сатқындар» болып екіге жарылды. Серікжанның тобынан көрінбесең болды. Сен сатқынсың! Үкім осы. Кімге нені сатып жатқаныңды кейін айтады. Ұлтты ірітіп, тұлғаларымызды талатуда. Қазақстан Қытай арасына от тасталуда. Соғыс себебін іздеп жатқан біз емес қытай ғана.

Қытаймен қатынас Шыңжаңдағы Қазақ үшін ғана керек еді. Енді қазаққа осынша қысастық жасағаннан кейін Қытаймен қатынастың қажеті шамалы. Бірақ көптеген еларалық келісімдер жасалып қойды. Енді қытайға не керегін айттық. Популистер мен сыртқы күштердің ылаңына ілеспейік ағайын! Қазаққа - жаратушы Алла мен қазақ қана ара түсе алады. Бірігіп қана қарсы тұра аламыз. Осы қойылымдардың бас режиссерін тұлға санай бермейік. Бетперденің арғы жағына үңілген дұрыс болар.


Сағаділдә Үсібәлінің фейзбук парақшасынан

Jebeu.kz

 


Пікір жазу
  • ЕРБОЛАТ МҰХАМЕДЖАН: Бізде дағдарыс келсе де, болғызбайды
    Тоқаев: Жастарға бизнеспен айналысу үшін тиісті жағдай жасамай отырған шығармыз?