Қасым-Жомарт Тоқаев: Азаматтарымыздың жарқын болашағын өз жауапкершілігіме аламын

Уақыты: 2019-05-21 Көрлімі: 3486 Сипаттама

2019 жылдың 9 маусымында өтетін ҚР президент сайлауында президенттікке кандидаттардың ү...

59904144_1954329801339406_2398477366364995584_n.jpg

2019 жылдың 9 маусымында өтетін ҚР президент сайлауында президенттікке кандидаттардың үгіт-нәсихат жұмыстары 12 сәуірден бері  қызу жүріп жатыр. Ел болашағына жасайтын маңызды таңдау үшін де  үміткерлердің өткен саяси жолдарымен бірге қазіргі сайлауалды бағдарламаларының да маңызы зор. Бүгінгі қазақ қоғамының өзекті мәселелерінің тамырын дөп басып, халық көкейіндегі сұрақтар мен мәселелердің шешімін табуға жасаған көкейге қонымды жоспары нақты таңдауды айқындай түспек.

Бүгінгі қазақ қоғамы үшін елдің тыныштығы мен баянды дамуы, мемлекеттің тұтастығы мен тәуелсіздіктің сақталуы бәрінен де қымбат. Мемлекеттің барлық саясаты да осы талаптарды сақтай отырызп өрбиді. Сонымен бірге, халықтың экономикалық әл-ауқатының көтерілуі мен әлеуметтік мәселелердің шешім табуы басты орында. Білім беру, денсулық сақтау саласының дамуы мен елдегі жемқорлықпен күрес мәселесі де күн тәртібінде. Біздің елде тағы мемлекеттік тілге байланысты мәселе де бар, шетелде 5 миллионға жуық қандасымыз бар. Сол үшін халық алдымен кандидаттардың сайлау алды бағдарламасынан осы мазмұндарды іздейді.

Елде тәуелсіздік алғаннан бері 28 жылдай жоғарғы биліктің ауыспағанына алаңдаушылық бар болатын. Әсіресе, көрші елдерде билік президенттің қайтыс болуымен немесе төңкеріс арқылы ауысып жатқанын  көргенде «біздегі билік ауысу процесі қалай жүреді?» деген сұрақ көптің көңілінде болды. Сол күдіктердің бәрінің күл-талқанын шығарып, 2019 жылдың 19 наурызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтатты. Осыдан кейін қазіргі президент, алдағы сайлауда «Нұр Отан» партиясы атынан қатысатын үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың да сайлауалды бағдарламасы «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» деп аталып, қоғамымыздың бірлігін сақтап, еліміздегі әрбір азаматтың өмір сүру сапасын жақсартып, табысын арттыруды мақсат етті.

Сайлауалды бағдарламасында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев барлық әлем құрметтейтін қуатты мемлекетімізді құрды. Заманауи ұлт қалыптастырды. Жаңа астанамыз бой көтерді. Біз әлемдік дағдарыстар сынынан өттік. Бұл жылдар ауқымды өзгерістер мен ұлы жеңістер кезеңі болды» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасының тарих сынынан өткен стратегиялық бағытының сабақтастығын қамтамасыз ететінін білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау алды бағдарламасында «Мен әрбір қазақстандықтың лайықты жұмысы болып, еңбегіне қарай әділ жалақы алғанын қалаймын. Әрбір азамат сапалы мемлекеттік қызметті пайдаланғанын қалаймын. Заманауи медицинаның қолжетімді болғанын қалаймын. Әрбір азаматтың үздік білім алып, заңмен толық қорғалғанын, болашаққа нық сеніммен қарағанын қалаймын» деп мемлекеттің басты іргетасы әділдік болатынын айтты.

Жемқорлық қоғам дамуының үлкен дерті. Қазіргі кезде қайбір саланы болсын, етектен тартып тұрған індеттің бірі – жемқорлық. Қоғам жемқорлықпен күресіп келеді. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев «Жемқорлық мемлекет пен қоғамның іргесін сөгіп, ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді, мемлекеттің дамуына тосқауыл қояды» деп жемқорлық түп-тамырымен жойылғанша күресетінін атап өтті.

Жыл басынан бері елімізде көп балалы аналар мемлекеттен тиісті әлеуметтік көмек көрсетуін талап етуде. Билік те қарап қалмады. 1 сәуірден бастап, әлеуметтік аз қамтылған көп балалы отбасылардағы әр балалға 20789 теңгеден әлеуметтік көмек тағайындады. ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі бір айдың ішінде осы көмек 84287 отбасына берілгенін хабарлады. Міне бұның өзі билік партиясының осы реткі сайлауға деген үлкен дайындығының бірі болса керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында «Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, барлық санаттағы мұқтаж адамдарға берілетін әлеуметтік көмектің ауқымын кеңейтемін» деп әлеуметтік саланы дамытуға қосымша 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлетіндігі қамтылған.

Сонымен бірге көп балалы аналардың басты талаптарының бірі мемлекеттің тұрғын-үймен қамтамсыз етуі. Тұрғын үй мәселесі елімізде көп балалы аналар үшін ғана емес, бүкіл ел азаматтары үшін маңызды тақырып. Елімізде «Нұрлы жер», «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламалары жасалғанмен тұрғындардың баспанаға қолы оңайлықпен жетпеуде. Президент сайлауалды бағдарламасында «Аз қамтылған, көпбалалы отбасылар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынуын қамтамасыз етеміз» десе, «халықтың барлық топтары үшін тұрғын үй мәселесін түбегейлі шешеміз. Барлық тұрғын үй бағдарламалары бірегей тұрғын үй құрылысы саясатына біріктіріледі. Бұл саясаттың аясында ұстаздар мен дәрігерлерді баспанамен қамтамасыз етудің арнайы бағдарламасын іске қосамыз. Аз қамтылған әлеуметтік санаттағы азаматтарға, жастарға жалға берілетін және қолжетімді тұрғын үй ұсынылады, оның ішінде жеке инвестиция мен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмі де қарастырылады. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға жыл сайын 1 мыңнан кем емес жалға берілетін пәтер саламыз. Мемлекеттік бағдарламалардың аясында 2025 жылға дейін 650 мың отбасын немесе 2 миллионнан астам азаматты жаңа баспанамен қамтамасыз етеміз» деп тұрғын үй мәселесін шешудің нақты жоспарын жасапты.

Сонымен бірге ҚР президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алды бағдарламасында білім беру мен денсалық сақтау саласын, ауыл-шаруашылығын дамыту, дәрігерлер мен ұстарздарға қолдау көрсетілетінін, аулдың инфрақұрлымдары жасалатыны, отандық бизнесті қолдап, шағын-орта бизнесті қолдау қамтылған. Сондай-ақ алдағы бес жылда жастарға ерекше көңіл бөлінетіндігі айтылған.

Мемлекеттік тілдің мәртебесі мен қандастар туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы бұған дейін де отандық ақпарат құралдарында берген сұхбаты мен өңірлерге сапары барысында да пікірін білдірген болатын. Сайлау алды бағдарламасында да ««Оралмандар» деп аталып жүрген тұрғындарымызбен жұмыс істейміз, оларды біздің қоғамымызға бейімделіп, жақын тарту үшін қандастар деп атауды ұсынамын» деп атап өткен. Мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту жұмыстары жалғасатыны қамтылған.

«Қазақстан әлемде өзін бейбітсүйгіш, ашық, сенімді мемлекет ретінде үлкен беделге ие болды және халықаралық істерде жауапты серіктес болып танылды. Халықаралық аренада өзіміздің ұлттық мүддемізді қатаң сақтаймыз және қорғаймыз. Елімізге инвестициялар тартуда, барлық қызығушылық танытқан елдермен азаматтардың мүддесі үшін ынтымақтастықты арттыруда Қазақстанның осы уақытқа дейінгі халықаралық сенімін тиімді пайдаланамыз», деп прагматикалық, конструктивті, көпвекторлы сыртқы саяси бағытытың жалғасатыны айтылған.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әкім болсаң, халқыңа жақын бол» деп әкімдерге, министрлерге халыққа барынша жақын болуға, ашықтыққа шақырған еді. Тіпті атқарушы биліктегілерді әлеуметтік желіге тіркелуге шақырған. «Біздің қоғамымызда биліктің ашықтығына, мемлекет пен қоғамның диалогына деген мұқтаждық бар екенін білемін. Мемлекет әділдікке қарай қадам жасауға дайын» деп бұл жөнінде де сайлауалды бағдарламасына енгізіпті.

Міне бұл «азаматтарымыздың жарқын болашағын өз жауапкершілігіме аламын. Мақсатым – әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын арттыру. Біз Қазақстан Республикасының әр азаматына тең мүмкіндік туғызатын әділетті, дамыған қоғам құрамыз. Біздің ісіміз оң, сондықтан мақсатымызға жетеміз» деп түйіндеген Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлау алды бағдарламасына жасалған шолу.

Сабақтастық пен жалғастыру бар жерде, жалғастырушының да қолтаңбасы болары анық. Қолтаңбаның қалай болары, алғашқы қадамдардар мен жоспарлардан айқындала түсер. Қазақстан халқы өзге кандидаттардың да сайлау алды бағдарламасымен танысып, өз таңдауын жасар. Біздің де басты ұранымыз сабақтастық, әділдік, өрлеу.  

Т. ҚҰРМЕТҰЛЫ

Jebeu.kz

Пікір жазу
  • Ерлан Карин: Биылғы сайлау науқанының басты ерекшілігі пікірталастардың қазақ тіліне ауысуында
    А. Мұхамедиұлы: Ұлттық фильм атағын иеленуге ниетті киножобаларға қаржылай қолдау көрсетіледі