«Қазақтың жаны» деген қазақ тілін ғылымның тіліне айналдыру керек

Уақыты: 2019-05-29 Көрлімі: 3195 Сипаттама

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы 14 желтоқсанындағы Қазақстан халықына жолдауында «...

2018_11_13_061439386800.jpg 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы 14 желтоқсанындағы Қазақстан халықына жолдауында «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз.  Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» деген болатын.  Араға бес жыл салып, 2017 жылды «Болашаққа бағдар – рухани жаңару» мақаласында 2025 жылған бастап қазақ тілінің латын әлпбиіндегі нұсқасы қолданысқа енетінін жазды. Сол жылың соңында қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды.

Қазақ тілінін латын графикасына көшіру туралы бастаманы көпшілік белсенді талқылады. Көптеген ғалымдар мен тіл ғылымын зерттеу орталықтары өз нұсқаларын ұсынды. Сонымен бірге, қазақ қоғамы бұл бастаманы қазақ тілінің мемлекеттік тілі ретіндегі мәртебесін нығайта түседі деп бағалады. Қазақ қоғамының айырықша қолдауына ие болған бұл бастама кейбір қазақ тілі қазақ елінің бірлігі мен тұтастығының тұғыры болғанын қаламайтындарды біраз әбігерге де салды. Елдің ішінен де, жақын көршілерімізден де қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіруі туралы бастамаға ел арасына ірткі саларар, ғылыми дәйексіз пікірлерді білдіргендер де аз болмады. Өйткені, қазақ қоғамын қуантқаны да, өзгелерді састырғаны да мемлекетімізде латын графикасына тек қазақ тілінің көшетіні және 2025 жылдан бастап іс-қағаздардан бастап барлық ақпараттың тек латын әліпбиінде шыға бастайтыны еді. Бұл дегеніңіз сол уақытта барлық іс-қағаздарды тек ғана қазақ тілінде жүріп, қолданылыста негізінен қазақ тілі басымдылыққа ие болады дегенді білдіреді.

d4b66b8cb59e9d7c.jpg

Осы тұста мемлекеттік тілдің мәртебесі атқарушы билікте де біртабан көтерілді деуге болады. Бұрынғы премьер Бақытжан Сағынтаев Үкіметке келгеннен бастап үкімет отырыстары мемлекеттік тілде өтті. Парламент отырысында да спикерлер қазақ тілінде жиналысты басқаруға тырысты. Жоғары билікте осындай бетбұрыстар болғанмен мемлекеттік органдар мен жеке кәсіпорындардың іс-қағаздарында мемлекеттік тіл басымдылыққа шықпай,  әлі 2025 жылды күтіп жатқандай. Қазақ тілі тұрмыс пен базарда, отбасында (оның өзінде қалада толық орындала бермейді) қолданылысқа ие болғанмен ірі және орта бизнесті, ғылым мен техниканы әлі де жағалай алмауда.

Осы жерде көңілге медет болар ұтымды тұсымыз Қазақстан халқының жан санының артуына байланысты жылдан жылға мектеп табалдырығын аттайтын балалардың саны артуда. Олардың ішінде басым бөлігі қазақ тілді сыныптарға баруда. Осыған сәйкес қазақ тілінде мектеп бітіретін түлектердің де көрсеткіші артып, 80 %-ға жетіп қалды. Мемлекет те мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіруді бала бақша мен мектептен бастауды алға қойып, тіл мәселесін халықтың санының табиғыи өсуі арқылы шешуді жөн көргендей.  Бұл жөнінде 2019 жылдың 9 маусымында өтетін ҚР Президенттік сайлауында президенттікке үміткер, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алды бағдарламасына «Мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту жұмыстарын жалғастырамыз. Бұл ретте мектепке дейінгі білім беру мен орта білім беру жүйесі маңызды рөлге ие» деп кіргізген.

5cac46ff49a5b.png

«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бү­гін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөй­леп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықы­ласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет. Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үз­діксіз жалғастыра береміз» - бұл да Қасым-Жомарт Тоқаев сөзі.  Мемлекет басшысының республикалық Egemen Qazaqstan және Aıqyn газеттеріне берген сұхбатында айтқаны.

Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сөздерінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мектептен бастау алатыны анық айтылып тұр. Елдің ертеңі де, мемлекеттің болашағы да білімді ұрпақ екеніне дау жоқ. Сонымен бірге біз қазірден бастап білім саласымен бірге, қазақ тілін ғылымның да тіліне айналдырудың қадамдарын жасағанымыз жөн. Ол үшін, әуелі сөз мектептен басталғандықтан, түлек қай тілдегі мектепті бітірсе де мемлекеттік білім грантына ие болу үшін қазақ тілінен емтихан тапсыруы міндеттеуіміз керек; 

Екіншінден, Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін ғылымға келетін үміткерлерге де, атап айтқанда магистратура мен докторантура дәрежесін алуға үміткерлер шетел тілі мен бірге мемлекеттік тіл – қазақ тілінен емтихан тапсыруды міндеттеуі тиіс;

Үшіншіден, ғалымдарымызға шетелдік басылымдарға ғылыми мақала жазуды талап етумен бірге, жылында бірнеше ғылыми мақаласын қазақ тілінде жазуды міндеттеген жөн.

Егер осы қарапайым шарттардың өзі болашақта жүзеге асып жатса, қазақ тілін "қазақтың жаны" деген адам мемлекеттік тілді ғылымның тіліне айналдырар еді. Сонда әркім өзі үшін  еңбектеніп, өз болашағы мен қызметі үшін мемлекеттік тілдің мәртебесінің көтерілуіне әрекет етеді. Білім мен ғылым саласында мемлекеттік тілдің мерейі үстем болса, экономика мен техника саласын да өзімен бірге ала жүреді. Қазақтың жаны –  Қазақтың тілі  отбасы мен тұрмыстың, базардың жанында ған емес қазақ жүрген жердің бәрінде ырықты орында болуға тиіс.  

 

Тұрдыбек ҚҰРМЕТХАН

Jebeu.kz

 

 


Пікір жазу
  • Әміржан ҚОСАНОВТЫҢ САЙЛАУАЛДЫ ТҰҒЫРНАМАСЫ
    Мемлекетіміз бен тіліміздің алдынағы жауапкершілікті сезінейік