Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта баса мән беретін 10 бағытты атады

Уақыты: 2019-06-12 Көрлімі: 2947 Сипаттама

АҚ Ордада өткен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімінде, мемлеке...

2019_06_12_c3f7756c-9394-4304-9477-1391c59ffada.jpg

АҚ Ордада өткен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау  рәсімінде, мемлекет басшысы елдегі экономикалық, әлеуметтік, саяси мәселелерді шешу үшін келесі бағыттарға баса мән берілетінін айтты. 


Бірінші бағыт. 

Халықтың табысын арттыру

Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Ең алдымен, өсім бізге не үшін қажет екенін терең түсінуіміз керек. 

Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін Экономикалық өсім болуы тиіс. Таяу арада Үкіметтің кеңейтілген отырысында біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттерді айқындаймыз. 


Екінші бағыт.

 Сыбайлас жемқорлықты жою. 

Бірінші қыркүйекке дейін  жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады. Жемқорлық - мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз. 


Үшінші бағыт. 

Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау.

 Сот - заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан судьялар жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы - бұл үлкен міндет.   Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек. Сот - әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті - халықтың сеніміне ие болу.  


Төртінші бағыт. 

Жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту. 

Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі бұл - стратегиялық маңызды дүние. Мемлекеттік бюджеттің қаражатын, ең алдымен келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға  бөлу қажет. 


Бесінші бағыт.

 Тұрғын үй мәселесін шешу. 

Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударамын.    

Біздің алдымызда Бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндеті тұр.  Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдайды. 


Алтыншы бағыт. 

Әділетті әлеуметтік саясат. 

Біз адам капиталын дамыту саясатын жалғастырамыз. Бұл бағытта, ең алдымен, не істеуіміз қажет?   

Жаппай білім беруді қолдау.   Барлық тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету.   Бұл мәселелер бойынша біздің тұтас бағыт-бағдарымыз бар. Біз мұғалімдердің және дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылдаймыз. Олардың құқығын қорғап, материалдық жағдайын жақсарту үшін тиісті жағдай жасаймыз. 

  

Жетінші бағыт. 

Өңірлерді дамытудың жаңа бағдары. 

Біздің қағидамыз баршаңызға мәлім: Қуатты аймақтар - Қуатты Қазақстан. Азаматтарымызды толғандырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. 

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге халық белсене араласатын болады. 


Сегізінші бағыт. 

«Рухани жаңғыру» құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. 

Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс - мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады.    

 Қазақстанды болашаққа бастайтын -  жастар.  Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет. 


Тоғызыншы бағыт.

Cыртқы саясат. 

Қазақстан әлемдік аренада үлкен абырой жинады. Өзін бейбітшілікті сүйетін, ашық, сенімді мемлекет ретінде бекітті. Халықаралық істерде сенімді әрі жауапты серіктес екенін бекемдеді.

Біз конструктивті, үйлесімді, көпвекторлы бағытты жалғастырамыз. Әлемдік аренада ұлттық мүддені қорғайтын боламыз. Елдің сыртқы саясатының жұмысы елге, ұлттық бизнеске, әрбір азаматқа пайда әкелетін болады.


Оныншы бағыт. 

Жастарға көбірек көңіл бөлу 

Сіздер Қазақстанның дамуында маңызды рөл атқарып, прогрестің қозғаушы күші болуға тиіссіз. 

Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. «Жастар - Ел тірегі» арнайы жобасы жұмыс істей бастады.

 Біз «Жас кәсіпкер»  жастардың бизнес-бастамаларын дамыту бағдарламасын іске асырудамыз, жастар стартаптарын қолдаймыз. Жастарды жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асырамыз.

 Менің міндетім - сіздердің ең үлкен арманыңызды іске асыруға және жеке «табысқа жету тарихын» жасау үшін барлық мүмкіндіктерді жасау. Мемлекеттік қызметтің барлық деңгейлерінде жас талантты менеджерлерді насихаттау үшін Президенттің кадрлар резервы құрылады. 

Біздің жастар мақсатты, еңбекқор, жігерлі, сондықтан Қазақстанның болашағы жастардың қолында.

Jebeu.kz

Пікір жазу
  • Тоқаев та, Қосанов та көшбасшы болуға лайық екендігін дәлелдеді
    Айдос Сарым Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуына қатысты пікір білдірді