Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ: Қаржыны үнемдеуді емес, адам игілігіне тиімді жұмсауды ойлау қажет

Уақыты: 2019-07-16 Көрлімі: 936 Сипаттама

«Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, саяси ғылымдар кандидаты Берік...

201901250457536.png

«Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, саяси ғылымдар кандидаты Берік Әбдіғалиұлы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жергілікті әкімдерге берген нұсқауы маңызды екенін айтады, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз. 

Ғалым Мемлекет басшысы сайлау кезінде берген уәдесін іске асыруға нақты кірісе бастады деген пікірде. 

«Сол кезде айтылып, елдің көңіліне қонған мәселелер кешегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында көрініс тапты. Оның ішінде маған бюджеттік қаражатты тиімді жұмсау бойынша берген нұсқаулары ұнады. Қазақстанда қаражат бар. Әр түрлі жобаларға миллиард-миллиард ақша кетіп жатыр. Қаражатты жұмсаудағы негізгі өлшем адам болуы керек. Мемлекет басшысы осыны талап етіп отыр. Мысалы жолды жол үшін емес, қаражатты игеру үшін емес, адамдар жүру үшін салады. Міне жұмысқа, қаражат игеруге деген қатынас осы тұрғыда өзгеруі керек. Президент өз сөзінде милиардтаған қаржы жұмсап жатқан өңірлерді мысалға алды. Сол жобаларды бастамас бұрын халықпен кеңесу керектігін айтты», - дейді ол. 

Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, ауылдардың қаңырап бос қалуы – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналып отыр. 

«Бүгінде су жоқ ауылдар бар. Ауылдардан халықтың кетуі - үлкен проблема. Негізгі себеп жұмыссыздық десек, онда зейнеткерлер неге үдере көшіп жатыр? Себебі, қаладағыдай жайлы тұрмыс жоқ. Қазір ондай жағдайды шағын қазандықтар арқылы ауылда да жасауға болады. Оған технология мүмкіндік береді. Ақсақалы көшкен соң ауыл да ұзаққа бармай құриды. Бюджет үнемдеу үшін 2-3 ауылды бір ауылға көшіре салу керек дейтіндер бар. Осының салдарынан жеріміз бос, иесіз қалуы мүмкін. Мемлекет басшысы соны тоқтату үшін өңірлерді дамытудың жаңа бағдарламасын қолға алуды тапсырып отыр. Адам мүддесін бірінші қою осы жерде де алдымыздан шығады. Қаржыны үнемдеуді емес, адам игілігіне тиімді жұмсауды ойлау қажет», - деді саяси ғылымдар кандидаты.

 Сарапшы кешегі Үкімет мәжілісінде бюджеттің бір бөлігін халықтың қатысуы арқылы игеру сөз болғанын айтады.

 «Бұл әлемде бар тәжірибе. Бюджеттің белгілі бір бөлігін қайда жұмсау керектігін тұрғындар өздері ақылдасып шешеді. Бір жағынан осының арқасында халық та бюджеттің не екенін көзімен көріп, түсінеді. Әкімнің негізгі жұмысының бірі – кәсіпкерге қолдау көрсету екенін айтылды. Бұрын бұл бізде шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсету тұрғысында, жоспарлы түрде жүрді. Былай қарасаң, әкімге ол тек есеп беру үшін ғана керек еді. Ал бұл жолы кәсіпкерден түскен салық жергілікті әкімдік бюджетіне қалады деп отыр. Кәсіпкердің бизнесі дамыған сайын оның салығы артады. Салық артқан сайын өңірдің бюджеті көбейеді. Яғни әкімді бұл істе ынталандыратын фактор пайда болмақ», - дейді маман.

 Ол сондай-ақ, өңірлерге қатысты теңгерімсіз саясат қалыптасқанын айтады. 

«Әр өңірге қаражат әр түрлі бөлінеді. Бұл жерде әкімнің ықпалдылығы, біліктілігі, құжатқа тиянақтылығы сияқты дүниелер көп мәселені шешіп жүр. Мемлекет осының бәрін ондағы халықтың саны мен табиғи ерекшелігіне, экономикасының табысына сай реттеп отыру қажет. Үкімет мүшелері өңірлерде жиі жүруі керек. Көптеген министрлер ауыл түгіл, аудандарға аяқ баспайды. Ешқашан өңірлерде жұмыс істеп көрмеген. Ал әкімдер бүгінде облыс орталықтарын әсемдеп, одан қалса аудан орталықтарын жылтыратуға құмар. Шалғай ауылдарға аяқ баспайтын облыс әкімдері де бар. Ауылға барса да тікұшақпен келіп, тікұшақпен кететіндерді көріп жүрміз. Сол әкім сол жолмен жүріп көрсе ғой деген қыжыл бар ел ішінде. Расымен де, 5-6 сағат ел құсап жол азабын көрсе, бірінші кезекте тозығы жеткен жолдарды жөндеткізер еді. Әкімдерге «халыққа жақын болыңдар» дегенде осыны меңзеді деп ойлаймын. Өз көзіммен көрген Жезқазған-Қызылорда, Ұлытау-Арқалық, Арқалық-Державинск жолдарын мысалға келтіруге болады. Сол жолдар жөнделсе, өңірлердің бір-бірімен байланысы нығаяр еді. Қазір жол жөндеу жұмыстарында жүйе жоқ. Басталады да, аяғы сұйылып кетеді», - дейді Берік Әбдіғалиұлы.

 Әкімдердің елдің мұң-мұқтажына құлақ түре білуі - басты талаптың бірі болмақ. Сарапшының пікірінше, уақыттың өзі өңірдегі басшылардан осыны талап етіп отыр. 

«Президент ел үніне құлақ түре білетін мемлекет қалыптастыру туралы айтты. Жер-жердегі әкімдер - мемлекеттің өкілі. Солар әр азаматтың көкейінде жүрген мәселені білуі керек. Ол үшін әлеуметтік желіде белсенді жұмыс жасалып, әрбір әкімдік жанында арнайы кеңестер нақты іспен айналысуы керек. Бұған дейін халық басшыға бағынады деген түсінік болса, Президент мәселені басқаша қойып жатыр. Әкімдерге бағаны халық беруі керек. Ендігіде халықтан оң баға алмаған әкімнің мәселесі қаралатыны да айтылды», - деп түйіндеді ол.

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • М. МЫРЗАХМЕТҰЛЫ: АБАЙТАНУ ҒЫЛЫМЫНА ЖАҢА ТАНЫМ ҚАЖЕТ
    БІЗДЕ СИТУАЦИЯЛЫҚ ЛИДЕРЛЕР КӨП – ЕРЛАН ҚАРИН