Тоқаев: «Жеті түрлі ілім білетін» ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты міндеті

Уақыты: 2019-08-16 Көрлімі: 1918 Сипаттама

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Bіlіm jáne Ǵylym!» атты тамыз конференциясында «Ж...

67956331_2245303345593085_8476072900154097664_n.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Bіlіm jáne Ǵylym!» атты тамыз конференциясында  «Жеті түрлі ілім білетін» ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты міндеті деді. Бұл туралы Президенттің конференциядағы сөзінің үзіндісін Баспасөз хатшысы Берік Уәли фейзбуктегі парақшасында жариялады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қадірлі ұстаздар!
Құрметті әріптестер!
Дәстүрге айналған Тамыз конференциясы – ұстаздар қауымы бас қосатын ауқымды әрі маңызды жиын. Әр адам қандай жетістікке жетсе де, білім берген ұстаздарын ерекше қадірлейді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мәртебелі мамандық иелеріне деген ықыласы ерекше екенін өздеріңіз жақсы білесіздер.

Мен де бүгін Сіздермен кездесу үшін осы жиынға арнайы келдім. Ең алдымен, білім және ғылым саласының барлық қызметкерлеріне шынайы ықыласымды білдіремін. Сіздер еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етіп келесіздер.

«Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез», – деп ұлы Абай айтқандай, Ұстаз – әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет. Сіздердің арқаларыңызда тұтас бір буынның құндылықтары мен қасиеттері қалыптасады.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген халқымыз. Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалімнің тәлімін алып, білімін үйрендік.  Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет. 

Тарихы терең дәстүр сабақтастығы ұлттық тәрбие арқылы беріледі. Мағжан Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде: «Әрбір тәрбиеші баланы ұлт дәстүрімен тәрбиелеуге міндетті» дейді. Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады.

Ата-бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау, ең алдымен, жас буынға артылатын зор үміт. Кейінгі ұрпақ тәуелсіздігіміздің туын әрқашан жоғары ұстауы тиіс.
Қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуы өмірімізге түбегейлі өзгерістер әкелді. Адам капиталына, білім саласына қойылатын талаптар мүлдем өзгеше. Сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналды.
Ұлы Абай үнемі сынға алған масылдық қоғамға ешқашан жақсылық әкелген емес. Соны түсінетін жастарымыз тек біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеуі тиіс. Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек. Бұл үшін бір орында тұрып қалмай, ілгері жылжу басты мақсат болуы тиіс.
Сондықтан, білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Сіздердің бүгінгі шәкірттеріңіз – Қазақстанның жарқын болашағы.  Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы.
Jebeu.kz

Пікір жазу
  • Серікжан Білаш дауының нүктесі қашан қойылады?
    Әміржан ҚОСАНОВ. Бұл кадрлық тағайындаудың астары біршама терең