ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВІ ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ: ҒЫЛЫМ САЛАСЫН ДАМЫТУҒА ҮЛЕС ҚОСҚЫМ КЕЛЕДІ

Уақыты: 2020-01-22 Көрлімі: 979 Сипаттама

Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында Президенттік жастар кадрлық резервін құр...

photo5276129004446919911.jpg

Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында Президенттік жастар кадрлық резервін құру туралы тапсырма берген еді. Сөйтіп өткен жылы байқау жарияланып, қатысуға 13 мың жас қазақстандық өтініш берді. Нәтижесінде еліміздегі талантты деген 300 жас таңдалып алынған болатын. Сондай жастың бірі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан құрылған Биомедицина ғылыми-зерттеу орталығының директоры - Әлібек Ыдырыс. Президенттік жастар кадрлық резерві жобасының жеңімпазы іріктеудің өту барысы, ұсынған жобалары мен болашақтағы жоспарлары  туралы Strategy2050.kz тілшісіне айтып берді. 

Қытай Халық Республикасында дүниеге келген Әлібек мектепті бітіре сала атамекені Қазақстанға оралған. Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға қабылданып, аталмыш жоғары оқу орнында магистратура, докторантураны тәмәмдап, бүгінде университет жанынан құрылған Биомедицина ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметін атқарып отыр. Өзінің айтуынша, Қазақстандағы ғылым саласының дамуына үлес қосу үшін осы қызметті таңдаған.

"Мен Іле Қазақ автономиялық облысы Күнес ауданы Телқара деген ауылда дүниеге келгенмін. Мектепті сол туған жерімде тәмәмдап, 2005 жылы атажұртқа оралдым. Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дайындық курсына түсіп, оны ойдағыдай аяқтадым. Осы аталған жоғары оқу орнының биология факультетіне оқуға түстім. Кейін осында геоботаника мамандығы бойынша магистратурада оқып, ғылыми жұмысымды докторантурада жалғастырдым. Содан бері ғылыми және оқытушылық қызметтемін. Іріктеуге дейін ҚазҰУ-дің биология факультеті биофизика және биомедицина кафедрасы меңгерушісінің ғылым және халықаралық қатынастар бойынша орынбасары қызметін атқардым", - деді Әлібек. 

Өзінің айтуынша, Президенттік жастар кадрлық резерві жобасының жеңімпазы атану оңайға соқпаған. Емтиханның бірнеше этаптарынан сәтті өткен ол қатысушылар көшбасшылық, ұйымдастырушылық, экономика, математика секілді салалардан хабары болуы керек екендігін атап өтті.

photo5276129004446919912.jpg

"Іріктеуге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында жастар кадрлық резервін қалыптастыруға тапсырма берген болатын. Байқау алты кезеңнен тұрды. Онда қатысушылардың көшбасшылық қасиеті, сараптама жасау қабілеті, іскерлік, ұйымдастыру, шешім шығару және де басқару қабілеттері сарапқа салынды. Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық саласын көтеруге бағытталған. Тестте экономикалық, логикалық сұрақтар болды. Кішкене қиындау болды. Эссе жазу, жеке жоба жасау, оны қорғау, жобаны нақты бір саланы зерттеп, ондағы мәселелерді атап көрсетіп, шешу жолдарын ұсындық", - деп атап өтті.

Әлібектің өзінің айтуынша, ол ауыл шаруашылығына қатысты жобасын қорғаған. Елдегі тұралап қалған осы саланы дамыту басты мақсаттарының бірі екенін тілге тиек етті.  

"Іріктеу кезінде мен ұсынып қорғаған жобам ауыл шаруашылығымен байланысты. Ол - "Қазақстанның болашақ фермерлері" деп аталады. Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласына ғылыми техниканы енгізу, халыққа ауыл шаруашылық саласы бойынша ағарту жұмыстарын жүргізу, осы сала бойынша теле-радио кешенін ашу секілді идеяларымды атап көрсеткен болатынмын.  Сондай-ақ солтүстік өңірді қазақыландыру, дамыту бойынша жобаны жасап, ұсыну ойымда бар. Болашақта осы жобамен жұмыс істегім келеді", - деді кейіпкеріміз.

Сонымен бірге оның айтуынша, іріктеуден өткеннен кейін бірнеше жерден ұсыныс келіп түскен. Алайда жоғарыда атап өткендей, еліміздегі ғылымды дамытуға, жетілдіруге ат салысқысы келетінін айтты.

"Іріткеуден өту одан әрі жұмыс істеуге, мақсаттарымды іске асыруға шабыт сыйлады. Үлкен мүмкіндік деп білемін. Іріктеуден өткеннен кейін бірқатар қызметтер ұсынылды. Атап айтсам, Жамбыл облысы, елордада, Қостанай облысынан және де Алматы қаласынан бірнеше ұсыныс келді. Алайда мен өзім жүрген салады қалуды таңдадым. Себебі университет жанынан құрылған Биомедицина ғылыми зерттеу орталығы жаңадан ашылды. Осы орталықтың жұмысын нақты жүйелеп, бір жолға қою қазіргі мақсатым", - деп атап өтті.

photo5273819604826828087.jpg

Сондай-ақ өзінің айтуынша, Президенттік жастар кадрлық резерві жобасының жеңімпазы тек ғылыммен ғана айналыспайды, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Мемлкеттік, университет деңгейіндегі бірқатар шараның ұйымдастырушысы. 

"Мен 2012 жылдан бастап Қамшы ақпараттық порталы өткізген "Қазақ хандығы 550",  "Қазақ дауысы",  "100 студентке стипендия" тағы басқа сол секілді іс-шараларға ат салысып келемін. Сондай-ақ 2016 жылы "Үшбурыл" экспедициясын ұйымдастырдық. Кейін "Қызай ана" Қоғамдық қорының көмекшісі ретінде жыл сайын отбасында әлеуметтік мәселелері бар және үздік студенттерге шәкіртақы тағайындап,  көпбалалы отбасыларға қаржылай көмек береміз. Жыл сайын  Талғар ауданы Өстемір ауданында Наурыз мейрамын, онда ұлттық ойындар ұйымдастырып келеміз. Басқа да мектеп оқушылары мен студенттерге ғылыми зерттеу жұмысмен айналысуға жағдай жасаймыз. Сонымен бірге жыл сайын шетелден келген көптеген жастардың оқуға түсуіне құжаттық көмек беріп жүрмін", - деді Әлібек.

Сонымен бірге ол болашақта бұнымен шектелмей, университет өміріне белсене араласып, түрлі ғылыми шаралар өткізу жоспарында барын жеткізді.

"Биыл өз қалтамнан жылдағыдай оқуда үздік 5 студентке бір жолғы шәкіртақы беру,  шетелден келген студент жастардың оқу (грант,  жатақхана)  мәселесі мен солтүстікке көші-қон жұмыстарына белсене ат салысу,  әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай жас студенттер арасында "әл-Фараби және тәрбие" тәрбиелік іс-шара,  Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын орай "Ғылым таппай  баптанба" атты факультет деңгейіндегі Абай оқуларын ұйымдастыру жоспарымда бар", - деді ол.

Сөз соңында Президенттік жастар кадрлық резерві жобасының жеңімпазы конкурстан сүрінбеу өту үшін қатысушының бойында қандай қасиет болуы керек әрі неге дайын болуы қажет деген сұрағымызға былай деп жауап берді: "Іріктеуге қатысу үшін жастар барлық саладан хабардар болуы керек деп санаймын. Әсіресе, экономика, математика саласын жақсы білу керек. Сондай-ақ жастар мемлекеттік тіліміз қазақ тілін жетік меңгеруі қажет. Себебі халықтың 70 пайызынан астамы қазақ ұлтынан. Халықпен тығыз жұмыс істеуі үшін қазақ тілін білу шарт, себебі халықтың әлеуметтік жағдайы төмен бөлігі ана тілінде сөйлейді. Сол себепті қазақ тілін жоғары деңгейде меңгерсе екен деген тілегім бар. "Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден" деп Әлихан Бөкейханов айтпақшы, жастардың бойында ұлттық мінез болуы керек деп есептеймін".

Назерке Сүйіндік

Дереккөз: strategy2050.kz

Пікір жазу
  • Ақтоты Райымқұлова: Жаңа қоғам мен жаңа адамды қалыптастыру идеясы да Абайдан басталады
    Мағауин мифі

    Ұқсас тақырыптар