Коронавирустан кейін не болады

Уақыты: 2020-03-10 Көрлімі: 1032 Сипаттама

Covid-19 вирусының әлемдік экономикалық, жаһандану, геосаяси үдерістеріне, дәуір бөлгішті...

3vLyBZgG-580.jpg

 Covid-19 вирусының әлемдік экономикалық, жаһандану, геосаяси үдерістеріне, дәуір бөлгіштік болмаса да, орасан әсерін тигізетін түрі бар. Ол бәле алғашқы жабысқан Қытай елінің экономикасы екі айдан астам тұралап тұр. Тоқтаған зауыт, қаңтарылған көлік, үйге байланған тұрғын, жабулы мектеп..... 2019 жылы соңғы 30 жылдан бергі ең төменгі көрсеткішке 6.1% түскен ЖІӨ өсімі биыл қандай болары беймағлұм күйде. Әлемдік өндірудің ошағына айналып үлгерген Қытайдағы індет халықаралық тұтыну нарықына кері әсерін көрсете бастасымен-ақ жершарымыздың шалғайларына ұшқындады да кетті. Әлемдік қаржы нарықы солқ етті, акциялар пакеті құнсыздануда. Туризм тоқырауға жақын. Сауда екпінсіз. Мұнай бағасы құлдырау үстінде. Тасымал саласы, өте-мөте, жолаушылар тасымалы тоқыраудың аз-ақ алдында. Еуропаның ішкі тасымалымен айналысатын рейстердің алды жабыла бастады.

Covid-19 адамзатты үмітсіздіктің құшағына тығып тастады. Әлемнің сарапшы мекемелері тышқан жылғы экономикалық өсімнің кері кететінін бірауыздан жорамалдауда. Экономикалық ынтымақтастық ұйымы 2020 жылғы өсімді бұрынғы межелеген 2.9%-тен 2.4%-ке түсетіндігін, егер індет тізгін бермей кетсе, тіпті 1.5%-ке қанағат етуге тура келетіндігін айтып отыр. Әйгілі Goldman Sachs, нақтылы атамаса да, ЖІӨ-нің өсімінің төмендейтіндігін атайды. Халықаралық әуетасымалдаушылары қауымдастығы әуеқатынасы кірісінің 63-113млрд доллар көлемінде азаятындығын межелейді. Мұнай айырбасын ұйымдастырушы алыптар  Vitol, Trafigura, Gunvor биылғы мұнайға сұраныстың былтырғы деңгейде қалатынын, індеттің беті жазға дейін қайтпаса, тіпті кемитінін болжайды.      

Жағдайдың күрделілігіне және жылдам асқынғандығына қарай, әрқайсы мемлекет болсын, халықаралық қауымдастық болсын, әр деңгейде шаралар қабылдауға тырысып бағуда. Қытай ақылмандары тығырықтан шығудың 2008 жылғы қаржы дағдарысы қарсаңындағыдай инфрақұрылымды инвестициялау жолына жүгіну керек пе, жоқ, басқа шара қабылдау жөнбе мәселесін талқылауға көшті. АҚШ федералды резерв жүйесі банктің іргелік инструменттік өсімін 0.5 пунктке түсіруге шұғыл шешім шығарды. Іле-шала Австралия, Малайзия елдері де осындай шараға барды. Еуропа банкі ECB “кез келген уақытта лайықты құралдарды іске қосу арқылы инфлияцианың мақсатты бағытта жылжуына ықпал ететіндігін” мәлімдеді. G7 бюджеттік қолдауларға қол артатындығын аңғартты. OPEC болса, Ресеймен арадағы өнімді азайтуға байланысты келісім ақталмағаннан кейін, баға қандай құлдыраса да нарықтық үлесті сақтау үшін өнім көлемін арттыра беруге баратынын мәлімдеді. IMF және World Bank індет ауыр тараған елдерге “шұғыл қаржылай көмек” жасауға тас-түйін таяр екендіктерін, алдыңғысы уәдесіндегідей 50млрд$ қаржы бөліп те қойғанын жариялады. Осы мақсатқа Сингапор 4.6млрд$, Малайзия 4.7 млрд$, Италия 3.5 млрд еуро бөлетіндігін білдірді......

Қазір бүкіл әлемнің назары коронавирустың ықтимал қаупінде. Ал коронавирусты ауыздықтағаннан кейінгі өмір жайлы бас қатыруға мұршасы келмей жатқандай. Тарихтағы жаһанға таралған індеттердің беріп кеткен сабақтары сияқты, Covid-19-дың да адамзатқа, қазірдің өзінде, ой тастап үлгерген тұстары бар. Соның бірі әлем экономикасының Қытайға иек сүйегіштігі, тәуелділігі. Індеттің таралуына тосқауыл қою мақсатында Қытайдағы өндірістердің уақытша жабылуынан Корея(Hyundai) мен Жапонияның(Nissan) автомобил зауыттары, Въетнамның ойын аппапаттары(Nintendo) өндірісі тоқтай бастады. Индия (Қытайға тәуелділігі 60%), Жапония(60%), АҚШ(50%), Индонезия(40%), Малайзия, Корея, Тайванның электрондық өнімдері өндірісі жоспарларын қысқартуға мәжбүр болды. Apple, Microsoft, AB InBev, Pfizer сынды алыптар ішінара бөлшексіз қалды. Қытайдың мұнай-газ бен азық-түліктің, автомабилдер мен смартфонның, әуесқой бұйымдардың, сондай-ақ шикізаттың өлшеусіз базары екені бар. Бұл өз кезегінде осыларды Қытайға экспорттайтын елдерді дағдартып тастады. Бұл тауар тасымалына да қатысты соғып отыр. Қытайға немесе Қытайдан жеткізілетін тауарлардың теңіздегі тасымал ақысы күрт төмендеп, теңіз тасымалдаушыларын шығынға бір батырса, Еуропадан Қытайға жеткізілетін теңіз тасымалының қымбаттауынан (40# контейнердің тасу ақысы 821$-дан 1189$-ға көтерілген) шығынға екі батырған. Өйткені, Еуропадан барған контейнерлер Азияда қалып кетіп, Еуропадағы жетімсіздікті туындатқан. Қытайдағы өндірістің тоқтауы мен елішілік сұраныстың артуы АҚШ да тұңғыш рет дәрі-дәрмектің жетіспеушілігіне ұрындырып отыр. АҚШ Joint Chiefs of Staff басшысы General Mark Milley 26 ақпанда “мен 97%-пе, 98%-пе, жоқ әлде 80%-пе білмеймін, әйтеуір еліміз дәрілерінің ауқымды бөлігі Қытайдан келеді. Бұл енді тұтас елге, азматтық қоғам мен армияға әсер етеді, бұл қатерлі” деп мәлімдейді. Қытай, сондай-ақ көптеген елдердің туристік табысының маңызды қайнары. Қытай саяхатшылары жылына 260 млрд ақша жұмсайтындығын ескерсек, коронавирустың қаншама елді табыстан қағатындығы өз-өзіне белгілі болса керек.  Финландиялық энергетика және таза ауа зерттеу орталығы (Centre for Research on Energy and Clean Air )  Қытайдың 1наурызға дейінгі бір айдың көлемінде, тоқ шығару станциалары мен мұнай өңдеу зауыттарының көмірге сұранысының азаюына байланысты, ауаға жіберетін көмір қышқыл газін тиісті межеден 200млн тоннаға, яғни Англияның 6 айлық немесе Украйна мен  Нидерландтың жылдық нормасына тең шамада аз бөлгенін есептеп шығарған. Есесіне індет ошағы У ханды қамтыған біраз қалалардың тұрғындары “күн көзін көріп” жырғап қалған. Осының өзі-ақ бір қырынан Қытай экономикасының әлемнің экономикасына ғана емес, оның экологиясына қандайлық ықпал көрсететіндігін аңғартуы тиіс.

Коронавирус апаты қарқынды жүріп келе жатқан ғаламдасу үдерісіне де сұрақ тастап отыр. Аталмыш індеттің жылдам таралуы мен  оның әлемдік шаруашылық тіркесінің үзілуіне сайған салдары, ішекше шатысып кеткен тұтас жершары саудасы мен қаржы нарығының, туризм мен ғаламтор байланысының, транспорт пен логистиканың онан ары ықпалдасуынң пайдалылығына күмәнді сұрақ тудырып отыр. Қазідің өзінде бірсыпыра мемлекеттер өзінің шикізат қайнары мен экспорт нарығын қайта бағамдауға қам жасай бастады. АҚШ өзінің трансұлттық компанияларын Қытайды тастап, өндірісті елге көшіруге бұйырса, Еуропаның айтулы трансұлттық компаниялары Қытайдағы базаларын оңт.-шығыс азияның басқа өңірлеріне көшіруді жалғастыруда. Коронавирус кесірінен үзіліп қалған сауда байланыстары, әлемде шекараны бекітіп тастау ұранымен дауыс жинауға ұмтылған әсіре оңшыл партиялардың бас көтеруі мен жеке елдерлдің мүдделерін күйттейтін популизмнің күш алуына таптырмас сылтау болып жолығуда. Бұл онсызда белең алып келе жатқан сауда қорғанымпаздығы мен оқшаулануға дем беріп, геосаяси-экономикалық зардаптарға ұрындыруы, әлемдік интеграция мен ғаламдасуға тосалғы жасауы ықтимал.

Коронавирусқа байланысты отбасылық оқшаулану, үйде қалып жұмыс жасау, қашықтан білім беру сықылды шектемелер ғаламтор мүмкіндігін жеріне жеткізе пайдалануды ұштаумен қатар, адамдардың интернетке тәуелділігін анағұрлым күшейтті де. Бұл адамзаттың тұрмыс дағдысы мен жүріс-тұрыс салтына арықарай ойламаған өзгерістер енгізуі мүмкін. Қысқасы, коронавирус індеті әлемдік үдерістерге адамзат ойлағаннан артық, тіпті, ойламаған өзгерістер әкелуі кәдік.

Covid-19 вирусының Қазақстан экономикасына тигізер зардабын Азия даму банкі былай бағалапты. Жеңіл жағдайда, ол ҚР ЖІӨ өсімін 0.017%-ке, орташа жағдайда 0.032%-ке (57млн $шығынға), ең нашар жағдайда 0.086%-ке (154.2млрд$ шығынға) кемітуі мүмкін екен. Онсызда ол елмен барыс-келіс тоқтап тұр, еліміздің қонақ үй нарығы сарапшылары әзірдің өзінде осы сала  кірісінің тиісті деңгейден 10-15%-ке кемігенін бағамдап отыр. Қытайдан тауар әкеліп сатушылар тауар қорларының сарқылып, киім-кешектің маусымдық жаңаланған үлгісін жеткізе алмай отырғандарына шағымдануда. Қытай бұйымдарымен жұмыс жүргізетін шағын өндірушілер, мысалы сыртқы жарнама саласы, Қытайдан жеткізілетін бөлшектердің үзіліп қалуынан уақытша және мерзімсіз демалыс жариялап жатыр. Медқұралдардың, мысалы масканың Қытайға экспортталып кетуінен ішкі нарық мазасыздануда. Демек, біздің мемлекеттің алдында да, әрқайсымыздың алдымызда да коронавирусты қалай жұқтырмаумен қатар, оның лаңы біткеннен кейінгі жоғарыда шолынған ғаламдық үдерістерге қалай дайындалу, бейімделу міндеті тұр. Бұл ең әуелі, шикізатқа тәуелсіз, өңдеуші-өндірушілік нұсқадағы, “өз қолың өз аузыңа жететін” шаруашылық құрылымын жасақтау. Шулап жүрген “маскі мәселесі” біздің “артымызды ашып кетті”, экономикалық тұрғыда әлі тәуелсіз мемлекет емес екенімізді паш етті. Сондықтан, бәрімізді коронавирустан кейін не болады мәселесі толғандыруы тиіс.

 Құрмет Қабылғазыұлы

Jebeu.kz

 

 

 

 


Пікір жазу
  • Латын негізді әліпбиге көшуде әр қаріптің, әр дыбыстың сақталуы ерекше маңызды
    Мәскінің мәні

    Ұқсас тақырыптар