МЕН НЕ АЙТТЫМ, ШАМАҚАЙҰЛЫ НЕДЕН ШАТАСТЫ?

Уақыты: 2020-03-14 Көрлімі: 2713 Сипаттама

Атам қазақ "Сөзде қаңқу жаман, ауруда шаншу жаман" - деуші еді. Мен Астанадан Алматыға же...

3e8f2001-3ec0-43b5-b787-a773871d805b.jpg

 

Атам қазақ "Сөзде қаңқу жаман, ауруда шаншу жаман" - деуші еді. Мен Астанадан Алматыға жеткенше жазушы Қуандық Шамақайұлы мен туралы біраз қаңқу сөз жазып , мені өзінше келемеждеп,  әлеуметтік желіні шулатып үлгеріпті. Өз басым ерікті ауызға бөрікті бас сиятын мына заманда көлденең көк атты тобырлардың не айтып, не жазғанына көп көңіл аудармаймын. Себебі, өзімді олардың деңгейіне төмендеткім келмейді. Бірақ, Қуандық Шамақайұлының жөні басқа. Ол кісі жазушы және ғалым атанып жүрген адам. "Отандастар" қоры жанынан құрылған қоғамдық кеңесте бірге қызмет атқарамыз. Ол кісінің мені күстаналап, пікірімді бұрмалап, ел-жұртқа ақымақ етіп жарнамалауына себепкер болған да сол кеңестің 12-наурыздағы отырысындағы менің ол кісіге қарсы уәж айтқаным себеп болыпты. Енді соған тоқталайын. Шамақайұлының не айтқаны өз жазбасында тұр, оны қайталап отырмай-ақ сол пікірге аз-кем талдау жасап көрелік.

Сөздің басын ашып алайық. Солтүстік өңірді қазақыландыру – ұлттық қауіпсіздікке саятын үлкен ұлттық стратегия. Бірақ, Шамақайұлы осы стратегиялық бағдарламаны Қазақстан билігі сол өңірдің жағдайынан бейхабар елге оралған қандастарды оның өз сөзі бойынша айтқанда «совхоздар тараған соң, тас талқан болған, әбден тоналған, қираған елді-мекендер, ол жерлер қазір иен, инфрақұрылым атымен жоқ, су, жол, электр желісі дейсің бе, ешбірі жоқ», «қазір біздің үкімет болашағы жоқ елді мекендер деп атайын ауылдарға» қоныс аударушыларды өздерінің еркінен тыс бейберекет төге салады деп ойлайды екен. Бұл жерде Қуандық Шамақайұлы тәуелсіз Қазақстан билігін өткен ғасырдың басында өз ата бабаларын қанға бөктірген «жалама айдаған жылдардағы» қарақшы қалмақ Да Лама Дамбийжанцан сияқты елестететін көрінеді. Тіпті, бүгінгі қазақ елінің милициясы Шамақайұлының төл сөзімен айтқанда «ағайынның малын жергілікті участковый ұрылармен бірге   тонамаса, қорғауы екіталай, оған сенім де кепілдік те жоқ» екен. Осындайда ойлайды екенсің, онда біз несіне мемлекет құрып жүрміз?! Одан да отарлық жүйеге қайтып бармадық па?! Егер айналамыздың бәрі Шамақайұлы ойлағандай мүлде қара түнек дүние болса... Құқық қорғау саласындағы кемшіліктерді мен де жасырып жабайын деп отырған жоқпын. Бірақ, дәл Шамақайұлындай өз елінің болашағынан мүлде күдер үзіп кеткен адам емеспін. Бұл кісі ойлайтын сияқты, Рақым Айыпұлы өз туған халқының обал-сауабына қарамастан, сол өңірге көзсіз көшіріп баруды қолдайды-мыс. Мен өз сөзімде, Қуандық мырзаның үкімет алдымен ол жерге зауыт, фабрика салу керек, оларға жұмыс тауып беру керек дегенге саятын бір кездері өзінің Моңғол коммунистерінен үйренген социалистік жоспар шаруашылық теориясының аясындағы ескі идеясымен келіспейтінімді, зауыт, фабриканы мемлекет емес, инвесторлар салатындығын, ал оған мемлекет инфрақұрылымдарды жасақтап, қамқорлық  көрсету керек екендігі сияқты нарықтық қатынастардағы әліппелік сауатты Шамақайұлына таусыла түсіндіруге тура келді. Және бұл өңірдің қысы ұзақ, табиғат қаталдығы болмаса, түгін тартса, майы шығатын құт мекен екендігін дәлелдеуге тырыстым. Сіздер ойлап көріңіздер, өз кезінде барлық артықшылықтарды иеленген отарлаушы елдің өкілдері осы өңірге ит байласа тұрғысыз болғандықтан қоныстанған жоқ, және сол себепті де өз тарихи Отандарына қайта көшіп кеткен жоқ. Біле білсек, бұл бізге берілген Алланың сыйы. Өз ата қонысын қазаққа толтырудың орайы келген жұлдызды сәт. Мен бұл уәждерімді Қуандық Шамақайұлы сияқты жазушының қиял қанатына мініп айтып отырған жоқпын. Бір кездері Жеңіс Түркия бауырым екеуіміз Павлодардан Өскеменге дейінгі елді-мекендерді көлікпен аралап, өз көзіммен көрген соң айтып отырмын. Мен өз сөзімде осыған ұқсас Ертістің бастауындағы бүгінде Қытайдың қол астына қарайтын Көктоғай, Шіңгіл сияқты елді-мекендерде өз қазақтарымыздың бақуатты тірлік кешіп жатқанын айттым. Әрине, бүгінгі ол жақтағы өз қандастарымыздың басындағы қан құйлы саяси қысым мүлде бөлек әңгіме...

 Бұған қоса, солтүстік өңірлерде қала мен даланың бәрінде орта шағын бизнеске қолайлы мүмкіндіктердің бар екендігін, ресторан, кафе, шаштараз сияқты қызмет көрсету саласының мүлде кенжелеп қалғандығын тілге тиек еттім. Егер солтүсікке бағыттаған қазақ көшін әлеуметтік жағынан дұрыс қолдау білдіре алсақ, ол өңірді қазақиландырудың мүмкіндігі мол екендігін шама шарқымша дәлелдедім. Егер Шамақайұлы естіп отырған болса, ол өңірге қоныстанушылардың алдынан шығатын ең басты сұрақ жер қатынастары мәселесі екендігін, яғни, қоныстанушыларға егістік жер мен өріс қонысты ең алдымен айқындау керектігін айттым. 

89774566_2747928051951150_8076627257860292608_n.jpg

Бұл жерде мына бір пікірдің де бетін ашып алғанымыз дұрыс. Қазақтың қамын тек Шамақайұлы сияқты өзін ұлтшыл санайтын ұраншылдар ғана ойлап жүрген жоқ. Билікте отырғандар да түп-түгел ақымақтар емес. Және солтүстікті қазақыландыру бағдарламасы шеттен келетін қандастарға ғана байланысты емес. Ол ішкі және сыртқы көші-қонмен қатар толығып отыратын ұзақ процесс. Осы ұлы мақсатты ойдағыдай орындау үшін құқықтық және саяси шараларды үздіксіз жетілдіруді қажет етеді.

 Қуандық Шамақайұлы менен жақсы біледі, ол туып өскен елдің табиғаты аталған аймақтардан әлдеқайда қатал. Және ол кісі арман еткендей жөнді зауыт, фабрика күні бүгінге дейін салынған жоқ. Инфрақұрылым атымен жоқ десе де болады. Соған қарамастан, Моңғолия халқы аштан өліп, көштен қалған жоқ. Өз әлінше тірлік кешіп жатыр. Тарихқа көз жіберсек, 1860 жылдары мал мен бас қатар өсіп, Алтайдың күнгей бетіне сыймаған керей ұлысының бір бөлім рулары (оның ішінде Шамақайұлының аталары да бар) Алтайдың теріскей бетіндегі Қобда, Баянөлгей аймақтарына қоныс аударғанда ешкім оларды зауыт, фабрика салып қарсы алған жоқ болатын. Менің таң қалатыным, жазушы Қуандық Шамақайұлы біздің арамызға ғарыштан келген жоқ, тіпті өркениетті Европадан келсе, түсінуге болатын еді. Ол да мен сияқты қарапайым қазақтардың ортасынан өсіп шықты ғой. Соған қарамастан, қиял қанатына мініп, қара аспанды төндіріп, өз ортамыздан жау іздеп, шатаса беретініне таң қаламын. 

Рақым АЙЫПҰЛЫ

 

 

 

 


Пікір жазу
  • Коронавирус балалар мен сәбилерге қалай әсер етеді?
    Дәстүрлі медицина және COVID-19 коронавирусы

    Ұқсас тақырыптар