Коронавирустан кейін-III

Уақыты: 2020-03-30 Көрлімі: 1049 Сипаттама

Тұтас әлем соның әлегінде. Еліміз де. Келіп қалған әлемдік экономикалық-қаржылық дағда...

3vLyBZgG-580.jpg

Тұтас әлем соның әлегінде. Еліміз де. Келіп қалған әлемдік экономикалық-қаржылық дағдарыс оның тасасында қалып қойды. Негізінде әлемдік экономикалық дағдарыстың белгілері 2018-19 жылдары-ақ біліне бастаған. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі үдерестерге талдау жасаған экономистер әлем экономикасының әр 8-9 жыл межесін бір период етіп құлдырап барып көтерілетін заңдылығын баяғыда-ақ тұжырымдаған. Ал 2008 жылғы дүрбелеңнен 10 жыл  өтіп кеткен. Америка Қытайға сауда соғысын бекер ашқан жоқ-ты, ол нышандары сезіле бастаған дағдарыстың алдын алудың және елде өндірісті қайта жолға қоюдың қамы болатын. Өйткені АҚШ экономикасының, қаржы және қызмет көрсету саласына өрескел басымдық беріліп, өзегі қуыстанып кеткен еді. Жершарының өндіруші ошағына айналып әм осының арқасында әлемдегі екінші орынға көтерілген Қытай экономикасы әлемдік сұраныстың азаюынан экспорты құлдырап, экспортқа бағытталған кәсіпорындары жабыла бастап, ішкі-сыртқы сұраныстан асып кеткен өндіріс қуатынан қалай құтылудың шарасын іздеп жанталасулы еді. Экономиканың өсімі  онсыз да құлағынан тартқандай күйде-тұғын. (Онда биылғы қаңтар-ақпан айларында инвестиция былтырғы кезеңмен салыстырғанда 24.5%, тұтыну мөлшері 20.5%, экспорт-импорт 9.6%, өнеркәсіп өндірісі 13.5%-ке құлдыраған). Қарт еуропа болса, ЖІӨ-нің болмашы жылдық  өсімін сақтап қалу мен жұмыссыздық пен босқындардың алдын қалай алумен әлек-ті. Қысқасы, әлемде сұраныс жетіспеушілігінен кезекті экономикалық дағдарыстың ызғары сезіле берген.  

Тура осындай ұрымтал тұста “Сovid-19” вирусы киіп кетті де, дағдарыстың бетін күлегейлеп жіберді. Індеттен қорғану шаралары барысындағы туындаған қамдау-жеткізу желілерінің үзілуі, транспорт пен туризмнің доғарылуы сынды құбылыстар таза індет туындатқан салдарлар сықылды көрінді және солай түсіндірілуде. Алайда, осы салдарларды жою үшін қолданылған шаралар мардымды нәтиже бере қоймады. АҚШ-ның елдің қаржы нарығын құтқару үшін салған алғашқы 500млрд доллары құмға құйған судай кетті, федералдық резервтің базалық мөлшерлемені 0%-ке жуық түсіруіне нарық титтей тітіркенген жоқ. Тұтас “батыс  әлемінің салған неше триллион долларлық құтқару қаржысы қаржы нарығындағы аласапыранды саябырсата алмады”(Finance Times,). Осының өзі жағдаятқа тек індеттің ғана ілікті емес екендігін ишараласа керек. Опек пен Ресейдің мұнай өндіруді азайта тұру туралы “түсік тастаған” келіссөзінің өзі айтарға індет зардабының алдын алу болғанымен, шынтуайтында, мүдделі қос тараптың төніп келген дағдарыстың толғағын жеңілдетудің харекеті болатын. Ол да індет шуының тасасында қалып қойды. Демек, әлемдік кезекті экономикалық дағдарыс Covid-19-сіз де есік қағып тұрған-ды.

Әлем қауымдастығы мәселенің парықына енді-енді шындап үңілгендей. 19 наурызда БҰҰ бас хатшысы Antonio Guterres “біз БҰҰ-ның 75 жылдық тарихында тұңғыш рет бұрын-соңды болмаған әлемдік денсаулық дағдарысына дөп келіп отырмыз...Жершары экономикасының құлдырауы, бәлкім рекордтық дәрежеде құлдырауы, соқырға таяқ ұстатқандай анық болып отыр...Жыл ақырына дейін дүниедегі еңбек адамдары 3.4трлн долларлық табысынан қағылуы ықтимал” деп мәлімдеді. Экономистер мен сарапшылар 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейінгі кезекті экономикалық-қаржылық дағдарысының туындағанын сараптап, дабыл қаға бастады. Тіпті оның 1931 жылғы кері кетумен тең дeңгейде болатынын тұспалдап жатқандары да (Лондон саяси-экономика институты экономика профессоры Jin keyu), әлем экономикасы ендігі жерде коронавирустан бұрынғы және кейінгі дейтін кезеңмен дәуірленеді деушілер де (Америкалық көрнекті саяси шолушы Thomas Friedman) бар. Әлемдегі әң ірі экономика---АҚШ дағдарысқа қарсы 2трлн доллар жұмсайтындығын оның жұмсалатын нақтылы нысаналарына дейін көрсетіп жариялады.  Онлайн жиналыс шақырған G-20-лық аталған мақсатқа 5трлн АҚШ долларын жұмылдыратын мәмілеге келді. Әлемнің екінші алыбы Қытайда, қазірше жариялана қоймаса да, экономиканы сергіту жобасына қаржыны 2008 жылдағыдай инфрақұрылымға құю керек пе, әлде денсаулық саласы сынды әлеуметтік-көпшілік секторға құю керек пе жайы тартысты талқылануда. Халықаралық қауымдастықтың өзге субъектілері де жағдайларының ығымен ақша немесе бюджет саясаттарын пысықтап, керекті құралдарды іске қосуда.

Әлемдік интеграцияның қатысушысы ретінде еліміздің бұл дауылдан ығып қалуы мүмкін емес. Covid-19 елге жеткеннен кейінгі беттұмша дыңғыры да желдің өтінде тұрғанымызды паш еткендей. Жуық күндергі мұнай бағасының құлдырауы, теңгенің “тентіреуі”, медбұйымдар өндірісіндегі өзгеге тәуелділік, осының барлығы экономикамыздың әлжуаздығын, халықаралық тәуелділігін, құрылымдық кемістігін көзге шұқып көрсетіп берді. Мәселенің мәніне шынайы зер сала үңілер болсақ, осы келген дағдарыстың машақаты мен залалы Covid-19 індетінің салдарын он орап кететін шамада. Бұл оған мемлекет болсын, бизнес суюъектілері болсын, азаматтар да, коронавирусқа болған сақтықпен салыстырғанда мүлде басқа позициада, ашық көз, сергек сана, түбегейлі жауапкершілікпен дайын болуымызды талап етпек. Ендігары, әсіресе билік құрылымдарының іңдет іргемізге келіп қалған мезеттегі салғырттығы мен шарасыздығынан, тактикалық қолапайсыздығынан арылуы парыз. Вирустың тізгіндеуге келетіндігі, емдеуге болатындығы тыңғылықты да ілкімді әрекет еткен мемлекеттердің тәжрибесінен анық дәлелденіп отыр. Оны үкіметіміз қабылдаған шараларына үйлестіре әрбір азамат өзіміздің саналылығымызды іске қоссақ, әлі-ақ шығарып саламыз. Мынау дағдарыстың қасында ол технологиялық және техникалық сыйпатты мәселе болып қалайын деп тұр. Мысалы, мемлекет жариялаған халықтың әлсіз тобына қаржылай жәрдемдесу, несиелік төлемдерді кейінге сыйыра тұру,  ұсақ бизнесті салықтан босату, 10млрд долларлық құтқару қаржысын тағайындау сияқты шаралар құптарға тұрарлық әм өте ділгір шаралар және ол індет мезгіліндегі халық пен бизнестің жағдайының кері кетпеуіне оң ықпал ете алады да. Десе де бұл шаралар, сонымен бір уақытта, дендеп келген дағдарыстың алдын алу мен оны жеңілдетуге де пайдаға асса құп. Қазірдің өзінде жұртшылықтың аталған қаржының өз мақсатына жұмсалуына күдігі басым. Демек, оны жаратудың, діттеген мұқтаждықты қанағаттандыруының механизмін халық көре алмай отыр немесе халыққа жеткізілген жоқ. Сондықтан үкімет осы жағындағы жұмыстарды тиянақты қолға алуы ләзім. Оның үстіне, “Біз бұрын-соңды көрілмеген жағдаятпен бетекі келіп  отырмыз, мұндайда үйреншікті тәсілдер қол болмақ емес” (Antonio Gutrees). Ендеше, үкімет дағдарыстың алдын алу мен оны түбегейлі еңсерудің бизнес қауымдастық және инвестиция, халықаралық сауда, тәуекелді бағалау, маркетингтің білікті мамандарымен, шағын бизнес шеберлерімен тиянақты ұйымдасып пысықталған  жаңартылған, жасампаз тәсілдерін жарақтап, іске қосуы керек. Бұл екінші жағынан биліктің бизнеске, халыққа жақындауының, елдегі нақтылы хал-ақуалмен жақын танысуының,  ерепайсыз алшақтап кеткен билік-бұқара қатынасын туабітті үйлесімді қалпына қайта икемдеудің орасан мүмкіндігі де. Айта кету парыз, тарих  дәлелдегеніндей, аңғара білгенге, дәп басып игере білгенге, әрқандай   дағдарыстың тың саңылаулар мен жасампаздықтар жасырған жылыстары да болады. Орайды игеріп осы көздерді арши білуіміз, дағдарысты еңсеру барысын экономикамыздың құрылымдық кінараттарын түзеп алу мен оны көптараптандырудың, дені сау жүйесін сомдаудың пайдасына жеге білуіміз шарт.

 Құрмет Қабылғазыұлы

Jebeu.kz

 


Пікір жазу
  • Италия Сабағы : Сақтан Қазақстан
    Ерлан Карин: Қазақстан билігі қажетті шараларды тым ерте де, кеш те емес енгізді