«5-10-20» бағдарламасы жалпыға қолжетімі болу керек

Уақыты: 2020-05-13 Көрлімі: 2119 Сипаттама

Статистика бойынша Қазақстандағы қала тұрғындарының саны артып, урбандалу деңгейі 58,2...


kEpFLZyj (1).jpg

Статистика бойынша Қазақстандағы қала тұрғындарының саны артып, урбандалу деңгейі 58,2 процентке дейін өсіп, 3 қаланың саны миллионнан асты. Халық саны ең көп қала Алматыда Қазақстан халқының 10 пайызы тұрады. Бұл ең үлкен мегаполис үшін аса көп емес.  Негізінде Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында халық саны ресми статистикада көрсеткен мәліметтен анақұрлым көп. Оны осы жолғы пандемияға байланысты карантинде анық байқадық. Осы қалалардағы тұрып жатқан халықтың көпшілігі карантин жариялана салған кезде өзге өңірлерге қайтып кетті. Енді бір бөлігі қала маңындағы облысқа қарасты ауылдардан келіп-кетіп жұмыс жасап жүретіні байқалды. Осыған қарап Алматы қаласының жансаны 3 миллионнан көп болмаса аз емесін байқауға болады.

Карантин енгізілген 2 айға жуық уақыт ішінде қала халқының саны барынша азайғаны көрінді. Карантин жарияланып, кәсіпорындар жұмыстарын тоқтатқан кезде осыншама халықтың қаладан кетуінің басты себебі олардың  өз баспаналары болмағаны. Әрине олар Алматы және Нұр-Сұлтан сияқты қалаларда пәтер жалдап тұрған соң, қалада тұрақты тіркеуі де жоқ. Сондықтан олар қала халқы болып саналмайды. Сол үшін кез-келген жағдайда олардың өз тұрғылықты жеріне қайтуларына тура келеді. Міне бұдан баспана мәселесінің елдегі урбандалу үрдісіне тұсау болып тұрғанын көруге болады.

Қалаға келіп тіршілік көзін іздегендер, тұақты жұмысы барлар өз баспанасы болмаған соң пәтер жалдайды. Бірақ, жылдан-жылға жалдамалы пәтер бағасының қымбаттауы олардың базар маңындағы тұғын үйлердің жаздық бөлмелерін жалдауға әкеледі. Ондай үйлердің жағдайы баяндамасақ та түсінікті. Оның салдары өткен жылғы Ақмола обылысындағы бір үйдің 5 бүлдіршінінің өрттен мерт болуы сияқты жағдайдарға алып келеді.

Қазақстанда тұрғын үй мәселесін шешу үшін «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» қатарлы бірнеше бағдарлама бар. Бірақ, олар толықтай елдегі баспана мәселесін шешпеді. Бұл бағалардың ішінде ең тиімдісі «Нұрлы жер» бағдарламасы еді. "Нұрлы жер" бағдарламасы арқылы үй алушыларды Тұрғын үй құрлыс жинақ банкі арқылы конкурсқа қатысып, үйге онлайн өтініш береді. Жылдық өсімі 5 пайыз, алғашқы төлемі 20 пайыз. Бірақ, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласыннан өтініш беру үшін 2 жыл тұрақты тіркеуіңіз керек. Бұл бағдарламаның ең тиімсіз жері де осы. Қалада өз баспанасы жоқ адамның тұрақты тіркеуі де болмайтыны анық.  Көп балалы отбасылар мен толық емес отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы, тағы жастарға арналған бағдарлама да бар. Бұл бағдарламалардың барлығы белігілі бір топтың ғана тұрғын үй мәселесін шешеді.  Ал жалпыға арналған бағдарлама «7-20-25» бағдарламасы еді. Бұл бағдарламаның жүзеге асқанына тура 2 жыл болды. Басқа бағдарламаларға қарағанда жылдық пайызы жоғары болғандықтан ұзақ жылға алғанда үйдің бағасы бірнеше есеге артады.

«7-20-25» бағдарламасына қатысу үшін банктер 29 904 өтініш қабылдап, оның ішінен 175,3 млрд теңгеге 14 824 несие берген. Демек өтініштің жартысынан астамы қанағаттанбаған. Бұған себеп екінші деңгейлі банктер жағынан түрліше талаптар қоюы. Банктер шамадан тыс төлем қабылетін талап ететіндіктен көптеген азаматтар аталмыш бағдарлама арқылы да баспаналы бола алмады. Мысалға Центркредит банкі арқылы бұл бағдарлама арқылы бір бөлмелі үй алу үшін жалақыңыз шамамен 200 мың теңгеден артық болу керек. Елдегі тұрғын-үй жағдайын жақстартуға бағытталған Тұрғын үй құрлыс жинақ банкі "7-20-25" бағдарламасына қатыспады. Тіпті аталмыш банк қарапайым салымшылары үшін ешқандай мүмкіндік бермеді. Тұрғын үй құрлыс жинақ банкінен арнаулы санатқа жатпайтын адамдар үй алу үшін үй бағасының 50 пайызын жинауы керек. Біздегі ең көп тұрғын үйге өтініш берушілердің басым бөлігінің жалақысы 200 мың емес, 100 мыңның айналасында. Ал 100 мың теңге жалақы алатын адам ешбір банкке төлем қабылетін растай да алмайды. Тұрғын үй құрлыс жинақ банкі арқылы үйдің 50 пайыз құнын жинай да алмайды. Бұндай адамдардың саны қазіргі дағдарыс кезінде бұрынғыдан да көбейері анық. Елдегі тұрғын жағдайын жақсартуға бағытталған банк деген атқа ие банктің өзі мемлекеттің негізгі бағдарламасымен жұмыс жасамай, елдегі тұрғын үй жағдайын жақсартуға құлықсыздық танытуда. Банк атының өзі жарнамасы болып тұрғандықтан көптеген азаматтар осы банкке салымшы. Олар қазір не үйдің 50 пайызын жинай алмай, не мемлекеттің тиімді бағдарламарына қатыса алмай, өз қаржысымен банке демеуші болып ғана отыр. Тіпті бұл банк төлем қабылетін анықтауда азаматтардың жұмысына қарап түрлі тәртіп енгізеді. Жалпы жағдайда төлем қабылетін анықтауда негізінен 6 айдың жалақысын есептейтін болса, мұғалімдердің 12 айлық жалақысының есебін сұрайды. Міне бұлар мемлекет қолдау танытып отырған банктердің үкіметтің тапсырмасына немқұрайлы қарауларының бір жағы.

Сондай-ақ 7-20-25 бағдарламасы тек жаңа салынған үйлерге ғана қатысты болғандықтан еліміздің көптеген қалаларының тұрғындары бұл бағдарлама қатыса алмады. Облыстарда салынған үйлер көбінде әкімшілік жағынан салынғандықтан олар «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» бағдарламалары арқылы тек белгілі бір жеңілдіктерге ие азаматтарға ғана беріледі. Соның нәтижесінде орташа жалақы алып, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін азаматтардың  баспаналы болу мүмкіндігі азая береді. Егер бұл жағдай жалғаса берсе, елдегі аз қамтылған отбасылардың саны артып,  әлеуметтік қайшықтар ушыға түседі. Бұның бәрі үкіметте оңай салмақ салмайды. Сондықтан елімізде азаматтарды алаламайтын, жалпыға ортақ бағдарлама қажет.

Елімізде тұрғын үй мәселесін шешуге арналған тағы бір жаңа «5-10-20» деген бағдарлама қосылды. Жаңа бағдарламаны туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында айтты.

«Экономиканың өсімі мен жұмыспен қамтудың және әлеуметтік қолдаудың қуатты стимулы – қолжетімді тұрғын үй құрылысы болуы керек. Елбасы бастаған «7-20-25» бағдарламасы тұрғын үй құрылысы бойынша ипотекалық несиелеуге үлкен серпін берді. Кезекте тұрған адамдарды несиелік тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жаңа «5-10-20» бағдарламасын іске қосуды тапсырамын.  Осы мақсатта дағдарысқа қарсы қорлар аясында 390 миллиард теңге бөлеміз. Биыл елде рекордық деңгейдегі – 15 млн шаршы метр немесе 150 мың үй мен пәтер салынады. Азаматтарымыздың тұрғын үй жағдайын жақсарту жұмысын жалғастыру керек. Бұл – Үкіметтің стратегиялық бағыттарының бірі»,- деп үкіметке бағдарламаны 1 шілдеге дейін дайындауды тапсырғанын айтты.

Жоғарыда бұған дейінгі бағдарламалардың кем тұстарын айттық. Жаңа бағдарламада бұрынғы бағдарламалардың кемшіліктерін қайталамай, жалпыға ортақ бағдарлама болса деген үміт пен тілек көптің көкейінде болса керек. Сол үдеден шығу үшін бағдарламада келесі ұсыныстар ескерілуі тиіс:


-       "5-10-20" бағдарламасы қарапайым халықты ешқандай топқа, жікке бөлмейтін жалпыға ортақ бағадрлама болу;


-      Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты қалаларда  «Нұрлы жер», «Жас отбасы», «Алматы жастары» бағдарламасы сияқты 2 жылдық тұрақты тіркеуді талап етпеуі(Үйі жоқ адамның тіркеуі қалай болсын);

-       «7-20-25» бағдарламасы сияқты екінші деңгейдегі бірнеше банкті бағдарламаға қатыстыруы;

- бұл бағдарлама  "Нұрлы жер" бағдарламасының емес, "7-20-25" бағдарламасының орнын басуы;


-       Өңірлерде осы бағдарлама бойынша жаңа үйлердің салуынуын қамтамасыз етуі;


-   Бағдарламаға қатысушылардың төлем қабылетін анықтаудың ортақ ережесін бекіту. Әр банк әртүрлі талап қоймай, барлығы бір талап арқылы анықтау.  Тұрақты жұмысы бар адамның жалақысы үйдың айлық төлеміне жетсе төлем қабылетін растайтын болмаса  6 айлық және бір жылдық табысты тексермей, тұрақты жұмысы бар екенін негізге алуы;


-       Бағдарлама қатысушының төлем қабылетін анықтаған кезде пандемия кезінде жұмысынан айырылған немесе осы уақытта жұмысы тоқтаған азаматтарды ағымдағы жалақыларын есептеуі.


-       Еңбек демалысындағы және еңбек демалысынан келген азаматтардың төлем қабылетін анықтағанда еңбек демалысына дейінгі жалақының ортақ суммасын есептеуі.


-       Тек ғана жаңа салынған үйлермен ғана шектелмей белгілі бір жылдық шектеу қойып, қолданылыстағы үйлерді де бағдарлама қатырстыруы;



-       Жыл басынан бері елде тұрғын үйді сату-сатып алу 18 пайызға түскен. Жаңа бағдарламаның шығатынын естіген жұрт қазіргі қолданыстағы «7-20-25» бағдарламасы арқылы үй алуды тоқтады. Оның соңы бағдарлама қосылғанша тұрғын үй нарқының тоқырауына алып келеді. Сол үшін шілдеге дейін созбай бағларламаны кемелдендіріп, қазіргі қолданыстағы «7-20-25» бағдарламасының орна  тез арада іске қосуды қажет етеді.


Пандемия кезіндегі экономикалық дағдарысқа байланысты халықтың күн көріс деңгейі бұдан да төмендеп кетуі, жаппай жұмыссыздықта тап болайын деп тұрған қазіргі жағдайда, дағдарысқа қарсы шараның бірі болған «5-10-20» бағдарламасы жалпыға қолжетімді болуы, бұған дейінгі бағдарламардың тәжірбиелерін басты назарға алғаны жөн. Сол үшін бағдарлама шарттары мүлтіксіз болғаны абзал. Бұл қоғамның өтініш-талаптарын барынша ескеруді, үкіметтің сандық мәліметтерін емес, халықтың шынай тұрмысын зерттеуді  қажет етеді. Әлеуметтік қайшылықтар туғанда әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек жасағаннан, өз-өздерін қамтамасыз ететіндердің әлеуметтік аз қамтылған топқа айнаулының алдын алу маңызды.

Тұрдыбек Құрметхан

Jebeu.kz

 

 

 

 

 


Пікір жазу
  • Қ. Тоқаев: Карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады
    Covid-19 қашанға дейін созылады?