Досмұхамед Кішібеков: Абай туған халықтың ұсақталуға хақысы жоқ

Уақыты: 2020-11-20 Көрлімі: 44 Сипаттама

Есімі елімізге ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де етене таныс Ұлттық ғылым академиясы...


Есімі елімізге ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де етене таныс Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Досмұхамед Кішібековке амандаса барып, бүгінгі ғылымның өрісі, ұлттық таным, ұрпақ тәрбиесі тұрғысындағы ойларын тыңдап, батасын алып қайтқан едік. Балалық шағы зұлмат соғыс пен ашаршылық нәубетіне тұспа-тұс келген оның маңдайына тосын сыйы көп тағдыр қазақ ғылымына қалтқысыз қызмет етуді жазыпты. Жасы ғасырға жуықтаса да, санасы сергек, сөзі мірдің оғындай. Қатал уақыт қарттың қайратын алса да, көңіл көгіндегі сезім сәулесіне селкеу түсіре алмапты. Ғұмырлық қағидасында ұлттық мүддені бәрінен биік қоятын тұғырлы тұлғаның әңгімесі де әсерлі.


– Досмұхамед Кішібекұлы, ең алдымен мерейлі 95 жасыңыз құтты болсын! Өзіңіз ғұмыр бойы өркендеуіне үлес қосқан философия ғылымының төркіні «даналықты сүю» деген сөзден бастау­ алады екен. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Философия адам жа­нын, ішкі халін тексерудің тетігі» де­меп пе еді? Бүгінгі сұхбатымыздың да айдары «жансарай» деп аталады. Не­гізгі әңгімеге көшпес бұрын, көңіл тере­зеңізге үңіліп, кеудеңізде қандай қуа­ныш, нендей өкініш барын білгіміз ке­леді.

– Қуаныш, сүйініш, күйініш ет пен сүйектен жаралған әрбір пенде баласы татып көретін күй емес пе... Мен де бұл сезімдерден ада емеспін. Жасым жүзге жуық­таса да көңіл дөнен әлдеқашан алыс­тап қалған бала көктемнің бал шағын аңсайды да тұрады. Сөзімді осыдан бастайын. Қызылорда облысының Шиелі ауданында дүние есігін аштым. Бебеулеп бесікте жатқан шақалағына әкем Досмұхамед деп есім беріпті. Қыш кірпіштен салынған аядай үйде менің өмір тарихым басталып кетті. Шағын ауламызға оны-мұны егіп сол кездегі жұрт секілді қоңырқай тіршілік кештік. Ол бір қиын замандар еді. Әкеммен бірге қауын егіп, ертелі кеш қасынан шықпайтынмын. Сол кездегі әңгелек қауынның дәмі әлі таңдайымда тұр. Сондай тәтті еді. Бірақ тағдыр адамға тәттісімен қатар ащысын да қоса асататынын бала көңіл біліп пе? Мен тоғыз жасқа толар тұста әкем өмірден өтті. Маған ең қатты әсер еткен алғашқы соққы осы дер едім. Әкемді мәңгілік мекеніне аттандырған жылы анам екеуміз есеңгіреп қалдық. Шешемнен «қауын егеміз бе, не істейміз?» деп сұрадым. Анам солғын үнмен «білмеймін» деп жауап берді. Қолыма өзімнен үлкен күрек ұстап әкемнің бақшасына келгенім есімде. Анама сүйеніш болуым керек деген ой мені ерте есейтті. Тірі адам тіршілігін жасайды. Ары қарай өмір сүру керек болды. Араға екі жыл салып анам колхозшы Рахмет Қуанышбаев деген кісіге тұрмысқа шықты. Бұл 1936 жыл болатын. Көп ұзамай інім Әбіш дүниеге келді. Қуанышымыз тағы да ұзаққа созылған жоқ. 1942 жылы анам ауырып қайтыс болды. Ұлы Отан соғысының қайнап жатқан кезі. «Бір айналдырса, шыр айналдырады» дегендей, өгей әкеміз де нақ сол жылы әскерге шақырылып, майдан даласына аттанды. Бес жасар Әбішімді құшақтап жалғыз қалдым. Міне осы эпизодтар жансарайымның төрінде әлі күнге дейін қатталып тұр. Қуанышым да, өкінішім де осы тұстан басталады.

– Болашақ ғалымның өмір жолы осы­­л­ай басталған екен ғой. Одан кейін­­­­­­гі тіршілік ағысы қалай өрбіді?

– 1943 жылы Ленин атындағы Ташкент жаяу әскер училищесіне оқуға қа­был­дандым. Тірек тұтар туысымыз да жоқ еді. Ел іші емес пе. Қаршадай Әбішті көршілеріміз қарауына алды, үйдегі жалғыз сиыр мен әке-шешеден қалған азын-аулақ дүние-мүлікке де сол кісілер ие болды. Көп ұзамай Самарқандағы №368-ші запастағы атқыштар полкіне ауыстырып жіберді. Бір айдан кейін комиссия келіп, арамыздағы жарамды деген жігіттерді училищеге қайта қабылдады. Әне-міне командир болуға дайын тұрған сайдың тасындай саңлақтарды әскери эшелонға салып, соғысқа жіберді. Май­дан даласына жетпей жатып жау әскері тұтас эшелонға бомба қойып, күл тал­қа­нын шығарды. Өндірдей өскін­дер­дің өмірі қиылып түсті, ешкім тірі қалған жоқ. Ең өкініштісі, солардың ішін­де өзімнің тұстастарым, достарым болды. Құдай қаққан болуы керек, егер сол әскери топқа ілігіп кетсем менің де тағдырым тынар еді. Мына құ­ді­рет­ке қараңыз. Сол оқиға орын алмас­тан бұрын бір топ жігіттер вокзал маңында үйіріліп тұрғанымызда қасы­мызға сыған әйел келді. Маған қарап «дай ручку, погадаю!» деді. Мен қо­лым­ды ұсындым. Жүзіме телміре қарап тұ­рып: «На фронте не будешь, живым вернешься и профессором будешь» деп тіл қатты. Қасымдағы бірге оқыған до­сым Тұрсынбек Мәлібеков те әлгі әйелге алақанын ұсынды. Балшы әйел «на фронте не будешь, но офицером станешь» деді. Қызығып кетіп қолын ұсынған тағы бір серігімізге сыған әйел «На фронте будешь, домой не вернешься» дегенде қаумалап тұрған жігіттер қолын ұсынуға жүрексініп қалды. Таңғалмай көріңіз. Бәрі де әлгі әйелдің айтқанындай болды. Алдыңда отырған атаң профессор атанды. Досым Тұрсынбектің өмірі әскери салада өрбіді, ал тағы бір серігіміз, айтқандай-ақ со­ғыс­­қа аттанып бара жатқан эшелон ішінде мерт болды. Қапыда қаза тапқан әлгі жарықтық, Ұлттық ғылым академия­сын басқарған Шахмардан Есеновтің туған ағасы еді. Айта берсек, әңгіме көп қой. Кеңес армиясы қатарында болып, Батайск қаласындағы А.Серов атын­да­ғы ұшқыштар даярлайтын әскери-авиациялық училищеде әскери ұшқыш мамандығын игердім. Қорыта келгенде, маңдайдағы жазу осы күнге жетелеп әкелді. Кейіннен ауылға келіп аз уақыт мұғалім болдым. Қызылордадағы педагогикалық институттың тарих фа­куль­­тетін тәмамдағаннан кейін сонда ұс­таз­дыққа алып қалды. Кейіннен институт басшылығының ұсынысымен философиядан дәріс беруіме тура келді. Оқу ордасының басшысы «сіз ұшқыштар училищесін бітірдіңіз, таным көкжиегіңіз кең, сондықтан философия пәнін қолға алыңыз» деп қанаттандырып жіберді. Алғашқыда оңай болған жоқ. Себебі философия ғылымын танытатын бірде-бір оқулық жоқ еді. Кітапханаларды аралап жүріп Мәскеу жоғары мектебінің дәрістері жазылған брошюралар қолыма ілінді. Солардың көмегіне жүгіндім. Ол кезде философияның не екенін мен қайдан білейін. Сөйтсем, біздің өміріміз, тұрмыс-салтымыз тұнып тұрған философия екен ғой. Күндердің күні қазір­гі «Егемен Қазақстан», сол кездегі «Социа­лис­тік Қазақстан» газетінен философия бойынша аспирантураға бір орын бар екені туралы хабарды оқыдым. Астына Сәт­баевтың қолы қойылыпты. Үш үміт­кер­дің ішінде менің асығым алшысынан түсіп, Қаныш Сәтбаевтың жолдамасымен Мәскеуге аспирантураға оқуға түс­тім. Алғашқы философия оқулығын құ­растыру ісі де біздің мойнымызға жүк­тел­ді. Сол оқулықтар күні бүгінге дейін елі­міздің барлық жоғары оқу орындарында шәкірттер кәдесіне жарап жүр.

1964 жылы қыркүйекте Орталық Партия комитетінің нұсқауымен қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық Политехникалық университетінің философия кафедрасына басшылыққа жіберді. Табаны күректей 56 жылым сонда өтіпті. Оқу орнының өткені мен бүгіні тұтас көз алдымда. Талай іргелі істің басында бол­дық, қоғамдық жұмыстарға белсене ара­ласып, университет қабыр­ға­сынан шығатын басылымның редакторы мін­де­тін атқарған кезім де бол­ды. Осы тұста рухани-мә­дени шара­лар­дың өркен жаюына көп күш салдық. Әйгілі «Дос-Мұқасан» ан­самблінің құрылуына да тікелей мұ­рын­дық болып едім. Чехославакиядан ор­кестр бұйымдарына тапсырыс беріп, Мәс­кеудегі министрліктен рұқсат алдым. Қазір бұл өнер ұжымының аты қа­з­ақ даласын тегіс шарлады. Бұл – өз ал­дына же­ке тақырыпқа арқау болатын әң­гіме.

– Халқымыздың философиялық дү­ниетанымын зерттеп-зерделеп, оның қасиет-қалыбынан ажырамауды өскелең ұрпақтың жадына сіңіріп келе­сіз. Жаңа бір сөзіңізде «қазақтың өмірі тұнып тұрған философия» деп қал­дыңыз. Осы ойыңызды тарқатып өт­сеңіз.

– Қазақ – дархан даланы жайлап мал бақ­қан халық. Өзіңіз білетіндей, көшпелі мал шаруашылығы аса бір ауыр бейнетті қа­жет етпейді. Егін шаруашылығы сияқ­ты көктемде тұқым егіп, оны суарып, күтіп баптап, ала жаздай қорып, түсімін қайта жинап әуреленіп жатудың қажеті жоқ. Мұндағы айтпағым, қазақ еркін­дік­ті сүйді. Қыр басына шығып қазы кертіп отырып, кең дүниеге терең көзбен үңілді. Олай болмаса өне бойыңды шымырлататын алуан-алуан қисса дастандар, аңыз-әңгімелер, жыр толғаулар, бір кітапқа жүк боларлық мәйекті мәтел­дер қайдан шықты. Яғни қазақтың шығар­машылық ойлау деңгейі жоғары болды. Дүниеге басқа көзбен қарады. Еркін­дікті, кеңдікті, кемелдікті сүйді. Қызы­ның арын, ұлының намысын биік қойды. «Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын» дегендей, екінің бірі ойын өлеңмен өретін жағдайға көтерілді. Жоғарыда айтқан дастандар ауыздан ауызға тарап, жігі бұзылмай бізге жетті. Оқу-білімге, адам жанына үңілуге, ғалам жайлы толғануға, жақсылық жасауға бейіл болдық. Төмендеткенім емес, мұндай қасиет көп халықта жоқ. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп жырлаған Абай – филосо­ф. Ендеше Абайды тудырған қазақ та ойшыл халық. Бірақ кейде Абай сынаған жал­қау­лығымыздың кесірінен артта қал­ған тұсымыз да жетерлік. Біз осы­дан сабақ алуымыз керек. Түп тамы­рымыз дүниені дүр сілкіндірген түркі­лер­ден тарай­ды. Өркениеттің өзегі, мә­дениеттің мә­йегі бізде жатыр. Біз­дің салт-санамыз, әдеп-ғұрпымыз дү­ние­ні тануға, айналамызға шуақ шашуға үй­ретеді. Осыдан ажырап қалмасақ екен. Қасиетті Қаратау қойнауы ға­сырлар тарихынан, адамзаттың бастау-бұ­лағынан сыр шертіп тұр. Бұл әлемдегі ең кәрі тау. Тоғыз метрлік үңгірдің ішінен граниттен, кремнийден жасалған тоғыз мың жыл бұрынғы қарулар табылғанын білеміз. Екі дыбыстан атау құрап, ең алғаш жүйрік баптаған да біздің бабаларымыз. Орал тауы мен Алтай тауының арасы өркениеттің отаны. Мұны ақиқи тарих дәлелдеп келеді. 

Бүгінде ұлт ұранына айналған «Ру­ха­ни жаңғыру» бағдарламасының да өзегі осында жатыр. Кешегі кесапатты кеңес заманында бізді біреулер надан деп, жабайы халық деп төмендеткісі кел­ді. Бас көтерген қаймақтарымызды қал­қып алып, рухымызды жаншуға күш салды. Қолдан жасалған ашаршылықтан хал­­қымыздың жартысына жуығы қыры­лып кетті. Бұл үлкен қасірет. Тарихтағы орнымызды тану, өткеннен сабақ алу, рухымызды жану бізге ауадай қажет. Абай туған халықтың ұсақталуға хақы­сы жоқ.

– Бар қажыр-қайратыңызды ұс­таз­­дық жолға арнаған адамсыз. Мың­да­ған шәкіртке дәріс оқып, бірта­лай оқу­лық жаздыңыз. Болашақ ма­ман­дар­дың білігін арттырып, таным көк­жие­гін кеңейтудегі басты принцип деп нені атар едіңіз?

– Білімнің қайнар көзі – оқулықта һәм дәрісте. Міне, маман даярлауда бас­­ты принцип осы болуға тиіс. Бұл екеуі­нің арасында тығыз байланыс бар. Қай оқу орнында болсын, проблеманы түсі­нікті, тартымды, аз сөзбен ашып беретін оқулық болуы қажет. Бұл – білім беру негізі. Оқулық сапасына мемлекеттік органдар жауап береді. Өмір қозғалыста, талап өсуде. Оқулық та жаңартылып, қайта басылып отырады. Оған тәжіри­бе­лі, білімді мамандар қатысады. Ал лекцияны кімдер оқиды? Әрине білімді, тәжірибелі мамандар. Екеуі сай қосылса алға қойған мақсат орындалады. Жақсы оқулық, талантты лектор – жо­ға­ры оқу орнының көрсеткіші. Мәселе, университеттің атында, басшы­лы­ғында ғана емес, кімдердің сабақ беруінде де. Өйткені беделді профессорлар са­бақ­ты да жүргізеді, ғылыммен де үздік­сіз айналысады, оқулық та жазады. Жақсы профессордың лекция­­­сы тыңдаушы жастардың реакциясы арқы­лы шыңдалады. Бұл – теория мен тәжірибе бірлігі.

Бір кезде жоғары оқу орнына түс­кенде қай профессорлар дәріс оқиды деп сұраушы еді. Мәселен, Мұхтар Әуе­зовтің лекциясын іздеп барып тың­дай­тындар болғаны ақиқат. Студенттер баяндауға емес, логикаға негізделген ғылыми лекцияны тыңдайды. Әр лекция – сын, мол дайындықты талап етеді. Жақсы лекция оқи­тын әрі оқулық авторы болған білімді про­фессорды студенттер мақтан етеді, сыйлайды, бағалайды. Атағы ісіне сай еместер де кездеседі. Бұл ащы шындық. Кей лектор сабақ кезінде «студенттер, тынышталыңдар» десе, онда лекцияның мәні төмен болғаны. Бұл лектор мен студент арасында байланыс үзілді деген жағдай. Өйткені лектордың сөзі бір бөлек, студенттер өзімен өзі бола бастаса аудитория да гуілдеп кетеді. Мұның екі себебі бар. Біріншісі, лектор оқулықты қайталайды. Екіншісі, профес­сор лекцияға да­­­­йындалмай ке­ле­ді. Берілген минутты толтыру үшін әр нәрсені қаужап, уақытты өлтіреді. Ал студент лекторға «лекцияңыз ұнамайды» деп айта алмайды. Бұл шындық. Не істеу керек? Ұдайы бақылап отыру керек. Кеңес жылдарында министрлік жиі комиссия жіберіп, қадағалап отыратын.  Бүгінде бұл тексеру комиссиясы жоқ. Әр оқытушы, профессор өз беделін өзі сақтайды. Бірақ олай бола бермейді. Өйткені ғылыми еңбек жүргізу, оқулық жазу, лекция оқу – бәрін бірдей қолда ұстау оңай емес. Жалпы, оқу орнында беделді лекторлар бар ма? Әрине, бар! Оларды кім біледі, кім іріктейді? Әрине, студенттер. Әркімге баға беретін ректорат емес, студенттер. Профессорлар мен оқытушылар студенттерге қызмет етеді.

Біз кейде ғалымдарды Нобель сый­лы­ғын алған деп мақтап жатамыз. Бұл дұрыс. Мұндай жоғары атаққа ғы­лым­ға енгізген жаңалығы мен қоғамға келтірген табыстары үшін ілеуде біреу жетеді. Бірақ көзге көрінбейтіндер де бар. Олар еңбек жазады, тыңғылықты сабақ жүргізеді, бір орыннан бір орынға жүгірмейді, ақша, атақ қумайды. Барына риза. Көптің бірі болып қызмет атқарады, жанды материал – жастарды қоғамға маман етіп даярлайды. Оларды кім көріп, бағалап жатыр? Олар білікті маман, пат­­­риот, қоғам қайраткерін дайындайды. Ұдайы талпыныс болмаса тоқырау бас­талады. Сондай-ақ оқулықтарды кім­дер жазып жүр? Оған да мән беретін оқы­тушылар қауымы. Өйткені оқулық мем­лекеттік ортақ рухани құрал, жеке біреулердің оңаша кәсібі емес.

– Өте өзекті жайдың тамырын қоз­ғап отырсыз. Бұл тұрғыда көңі­лі­ңіз­ді мазалайтын тағы қандай мәселе бар?

– Бүгінде елдің бәрі жаппай сауатты. Есепсіз кітап жазатындар қаулап барады. Бұл дұрыс-ақ дейік. Бірақ олар не жазып жүр? Онда ешкімнің жұмысы жоқ. Іліп алар өзіндік ойы, қоғамға қосар үлесі жоқ, текке шығындалған, қампиған кітаптар кімге керек? Екіншіден, адам өзін қалай тізгіндеп, тәрбиелейді? Бұл ішкі күрес. Әйтпесе «алтын көрсе, періште жолдан таяды» немесе кешегі кеңес дәуірінде байлық тізгіні қолында болса да айлықпен тұрған, қазіргі за­манда тез байып жатқандар арасында адалдар мен құлқынның құлы болған­дар­ды ашып көрсету керек. Бұл ауруды емдейтін дәрігерлер сияқты – қоғам психологиясын жазушылар ашып жазса, міне бұл тәрбие кілті. Бір ғажабы – жаны таза адамның тәні де таза. Баю керек. Бірақ мәселе қандай жолмен баюда. Бұған АҚШ сияқты елдерде мән береді, жөнсіз байып көр, не болар екен?.. Осының бәрі – тәрбие мен білімнен бастау алады. Бізге логикалық білімді дамытуға мән беру керек. Сол арқылы жастарымыздың санасын серпілтуге тиіспіз. Бұрынғы қоғам «ойланбаған халықты басқару оңай» деген принципті алға ұстады. Ал қазір, нағыз ойланатын, оянатын, ғылымға жаңалық әкелетін кез. Зерделі ұрпақ осыны зердесіне берік тоқуға тиіс.

– Бүгінгі Қазақстан ғылымының өрі­­сі қай деңгейде? Неден оздық, неден кейін қалдық?

– Кеңес заманы Қазақстан ғылы­мы­ның ең бір дәуірлеген тұсы. Тек біздің емес, сол кездегі кеңес елдерінің ғылыми әлеуе­ті қазіргімен салыстырғанда өте жоғары болды. Өйткені ол кезде ғы­лым­ды қолдауға айрықша көңіл бөлінді. Қысқа уақытта жаппай сауатты болдық. Қазақ тілінде кітаптар шықты. Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов сияқты шоқтығы биік тұлғалар қазақ ғылымына құбылыс болып келді. Соның нәтижесінде үлкен табыстарға жеттік. Кеңес үкіметі құлағаннан ке­йін ғылым дамудың орнына, шөгіп қал­ды. Бұрынғы институттар жұмыс істе­ге­ні­мен, шығармашылық даму тұралады. Көп дүниеден кейін қалдық. Оны мойын­да­уымыз керек. Ғылымға бөлінетін қар­жы көлемін ұлғайтпай алға жылжу мүмкін емес. Ғалымдардың еңбегі ба­ға­лануы керек. 

Биыл әлемді коронавирус дейтін індет шарпыды. Ақпарат құралдары сағат сайын індеттен сақтан, үйде отыр деп айтатын болды. Егер Абай бүгін тірі болса, еңбектеніңдер, егініңді күт, малға қара, тағам дайында, біліміңді көтер деген болар еді. Індеттен сақтан деген сөз еңбек етпей, үйде тығылып отыр деген сөз емес. Абайды бекер айтып отырғаным жоқ. Сол заманның өзінде данышпан «ғылым іздеп, өнер тап» деді.

– Әңгімеңізге қарап тамсанып отыр­мыз. Бұл жасқа келу, сіз ба­ғын­дыр­ған биікке шығу екінің бірі­­не бұйы­­ратын бақ емес. Әдемі қар­таю­дың құ­пиясы неде?

– Оның пәлендей құпиясы бар деп ойламаймын, қарғам. Өз өмірімнен мысал келтірсем, тіршілікте ешкімнің ала жібін аттамауға, қия баспауға тырыс­тым. Қызғаныштың қызыл итін жаныма жолатқаным жоқ. Мүмкіндігімше денсаулығымды күттім. Орынсыз нәрсеге бас қатырып, қол жетпеске құ­лаш соз­бадым. Қаншама жылды артқа тастап өздеріңдей жастармен әң­гіме-дүкен құрып отырмын. Бұл да өзің айтқандай, Құдайдың берген бағы шығар.

– Құдайсыз қурай сынбайтыны рас қой. Әңгіме барысында жара­ту­шы­ның есімін жиі ауызға алдыңыз. Әдет­те философтар материалист кел­мей ме. Аллаға деген сеніміңіз қандай?

– Аллаға сенем, ұлы құдіреттің барын мойындаймын. «Қашқанның да, қуғанның да сиынары бір Құдай» деген рас екен. Әкем атымды Досмұхамед деп жайдан-жай қоймаған болар, бір нәрсеге сенгендіктен, үміт еткендіктен қойды. Ес білген шағымда ол: «балам саған үлкен ат қойдық, осы атқа кір келтірмей алып жүр» деп еді. Сол үміттің үдесінен шыға алдым ба, әке арманын жалғап, ел сенімін ақтай алдым ба деген сауал өмір бойы көкірегімде тұр. Және сол сұрақ мені алға сүйреп келе жатыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Арман ОКТЯБРЬ,

Дереккөз: «Egemen Qazaqstan»

 




Пікір жазу
  • Вячеслав Локшин: Ресми статистикамыз шынайы жағдайдан 20-30 есеге аз көрсетіп отыр
    Сайлауда қазақ тілі жеңіске жетуі керек!